ӨРТЕНГЕН КІТАП ЖАЙЛЫ ABAI.KZ-ТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Құрметті оқырман қауым! Құрметті Заңғар Кәрімхан!
Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған "ОҚЫРМАНДАР ОТАРБАЕВТЫҢ КІТАБЫН ӨРТЕДІ" деген мақала порталдың электронды почтасына adaskak.tortai@gmail.com мекен-жайынан келгенін хабарлаймыз (суреттен қараңыз).
Бұл белгісіз хаттың артында кімдердің тұрғаны әзірге белгісіз.
Сондықтан да порталдың атына сын жазып, осы жайды ұйымдастырушы ретінде атауға негіз жоқ. Неге?
Біріншіден, қазір бұл мақала қазақ сайттарының бірнешесіне жіберілгені анықталды. Егер портал арзан сенсация жасағысы келсе, бұл материалды өзге басылымдарға ұсынбас еді.
Екіншіден, порталымызда негізінен әдебиеттің айналасында жүрген жігіттер қызмет етеді. Олар ешқашан да мұндай қадамға бармайтыны айтпаса да түсінікті.
Үшіншіден, тасада тұрып, тас ататындай ығатын ешкіміміз жоқ. Егер де, Мағауиннің, Кекілбаевтің, я Отарбаевтің шығармашылығына қатысты айтарымыз болса, өз атымыздан-ақ айтуға дайынбыз. Бізге тығылмақ ойнау абырой бермейтінін жақсы түсінеміз.
Әзірге осы да жеткілікті шығар. Ендігі мәселе "бұл мақаланы неге жариялайсыңдар?" деген сұраққа келіп тіреліп тұр.
Біз "Әдебиет" порталына жарияланған Р.Отарбаевтің сұхбатын сайттың жетекшісі Бауыржан Қарағызұлынан өтініп сұрап, көшіріп басқан болатынбыз. Кітап өртеу туралы мақала соған жауап берген екінші тараптың көзқарасын білдіреді. Оны оқырманға жеткізбей қоюға біздің құқығымыз жоқ.
Біреулер "сенсация арқылы оқырман тартқыларыңыз келеді" деуі де мүмкін. Біздің портал өзге сайттар секілді "белден төмен" тақырыптарға бармайтынын бәріңіз білесіздер. Сондықтан да оқырман көбейту үшін ондай арам айла жасамайтынымыз бесенеден белгілі дүние.
Әуезов, Кекілбаев, Мағауин секілді тұлғаларымызға айтылған сын Рақымжан Отарбаевтің жеке пікірі. Кітап өртеген азаматтар да жеке тұлғалар! Сондықтан да бұл мәселені руаралық дүрдараздыққа жеткізу, бір-бірімізді айыптап, аймақтық жанжал деңгейіне көтеру дұрыс емес. Бұл біздің мәдениетіміздің қай деңгейде екенін анық көрсетеді.
Кітапты өртеп, тығылып қалу да жақсылықтың нышаны емес. Бұл істі біз де айыптайтынымызды ескертеміз.
Егер де осы жайды ұйымдастырған азамат істеген ісін мойнына алса да, біз оған ештеңе дей алмаймыз. Ол да Рахымжан Отарбаев сынды өз ойын білдірген азамат болып шыға келеді.
Сондықтан да әдеби пікірталасты пайдаланып, бір-бірімізді қаралағаннан гөрі ағайын арасын жақындастыруды ойлағанымыз жөн.
Abai.kz порталының шеф-редакторы Қанат Әбілқайыр
Abai.kz