Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 7262 1 пікір 1 Қыркүйек, 2016 сағат 15:27

РЕСЕЙДІҢ АЙЫҚПАС ДЕРТІ - ШОВИНИЗМ

Дәл солай! Өйткені, бұл – Ресейдің небір көзі ашық деген адамдарының да қанына әртүрлі жолмен әбден сіңген кесел, дерт. Тіпті, жазушылар Э.Лимонов, А. Солженицын, академик Лихачевтерден бастап, кейбір жәй мемлекеттік қызметкерлер мен «Россия только для русских», «что за бредовое слово россияне есть лишь русские» деп Кремльдің қарсы алдында Қызыл алаңды шуылдатып жүрген орыс қыз-жігіттеріне шейін шовинизм дертіне шалдыққандар деуге толық негіз бар.

Әнебір жылдары Сібір өзендерін тартылып бара жатқан Арал теңізіне бұру жөнінде әлемнің белгілі-белгілі ғалымдары мен қоғам қайраткерлері ұсыныс жасағанда В.Распутин бастаған орыс жазушылары мен толып жатқан өнер қайраткерлері «бұл орыс өзендері, оны бұруға болмайды, Сібірдегі әр ағаш та орыстікі» деп бұған өре түрегеліп қарсы шықты. Ақыры Кремль солардың айтқанына көніп, әлемде мөлдірлігі жөнінен 2-ші орын алатын көгілдір сұлу айдын Аралдың тоз-тоз болуына, сол арқылы оның жағалауын жайлаған қалың қазақтың басы ауған жаққа жөңкіле көшуіне, көшпегендерінің бала-шағасы адам естімеген ауру-сырқауға душар болуына жол ашып берді. Шындығына келгенде Сібір де, Сібір өзендері де ешқашан орыстың жер-суы болған емес. Өзі қанды қырғынмен басып алған жердің бәрін беті бүлк етпестен «Ресейдікі» деп атайтын бұл ауру сонау патшалы Ресей басшыларының да, кешегі кеңестік Ресей мен бүгінгі Ресей басшыларының да қанына сіңген кесел. Қазақстаннан бастап басқа да тәуелсіз республикалардан неосоветтік (жаңа кеңестік) империя – жаңа КСРО құру ниетін ашық аңғартып отырған Путин бастаған бүгінгі Ресей де бұл шовинизм, империализм дертінен арылмақ түгіл ол дерті, яғни ауруы асқынып баратқан сияқты. Мысалы, Ресей басшысы Путин жоғарыда біз айтқан «Россия только для русских» деп ұрандатып жүрген шуылдақтарды көрмей-білмей отырған жоқ. Бұлай айғайлап жүргендердің де бірде-бірі, тіпті, Ресейде оқып жүрген қазақ, өзбек, қырғыз сияқты түркітектес жастарды ұрып-соғып, өлтіріп тастағандардың ешбірі сотталған да емес. Олардың Кремльде немесе Ресейдің әртүрлі құпия қызмет орындарында, соттары мен полициясында қолдаушылары, арқасүйерлері бар деген күдік те жоқ емес ел ішінде.

Бір таңғаларлығы ресейлік белгілі шовинистерге тигізіп баспасөзде де, интернет сайттарында да ескерту, сын пікір аз айтылып жатпағанын біле тұра солардың бірде-бірі жоқ біз «ұлыорысшыл» емеспіз «колонизаторлық пиғылдағы» немесе «шовинист» емеспіз деп ақталмайды да. Соған қарағанда олар өздерінің осы кеселін «нағызорыстық» деп мақтан тұтатын да сияқты. Солардың бірі еуразияшылдық қозғалыстың көшбасшыларының бірі неоевразияшылдықтың негізін салушы Александр Дугин деген. Өзін орыстың, Ресейдің қамын ойлаушы ретінде қанша жерден айқай-ұйқаймен дәлелдеуге жанын салып жүрсе де В.Жириновский өзінің еврей екенін жасырмайды. Ал Дугин өзін орыспын дейді, бірақ оның шын ұлты кім екені туралы әртүрлі әңгіме бар. Онда тұрған ешнәрсе жоқ та шығар, бірақ бүкіл Еуразияның көпшілігін оның ішінде Қазақ жерін орыстың, яғни, Ресейдің жері деп еліруіне қарағанда оның да шовинизм, империализм кеселдеріне ұшырағанын және бұл кеселдер оның ағзасында өршіп тұрғанын бұдан біраз бұрын телеарна журналисіне берген сұхбатынан, сұхбат дегеннен гөрі шовинистік невроз деуге келіңкірейтін мына сөздерінен аңғаруға болатын шығар деп ойлаймыз. Ал қараңыз:

В.Познер: ...Ал сіз Қырымды Ресейге қосып алуды орыс жерлерін жинай бастаудың, қайтадан үлкен Ресейді қалпына келтірудің бастамасы дейсіз. Сұрақ мынадай: Өз басым жан-жағындағы елді мекендерді қосып есептеп үлкен Мәскеу немесе үлкен Лондон деп атайтындардан хабардармын. Ал үлкен Ресей дегенге түсінбеймін. Бұны Ресей және оған қосылған не деп түсінеміз?

А.Дугин: Үлкен Ресей дегеніміз бұл – орыс әлемі, орыс өркениеті. Менің пайымдауымша үлкен Ресей дегеніміз қосылғыштары мен азайтқыштары аралас Ресей империясының территориясымен, яғни кешегі Кеңестер Одағының территориясымен шамалас империя деуге болады. Бұлар әубаста «великоросс жерлері», «великоросс территориясы» деп аталмаған, бірақ осы кеңістікте тұратын бүкіл этностар ғасырлар бойы сол «великоросс территориясын» жасаған, құраған.

В.Познер: Мынадай сұрақ қойсам бола ма? Сонда ол территорияға Закавказье де кіреді ме? Мысалы Грузия, Армения, Әзірбайжан бәрі великоросс па?

А.Дугин: Сөзсіз! Әрине солай. Олардың бәрі үлкен Ресейдің бір бөлшегі ғана. Бірақ солай екен деп...

В.Познер: Ал, Орта Азия ше? Ол да великоросс па?

А.Дугин: Сөзсіз! Әрине, сөзсіз солай?

В.Познер: Прибалтика ше?

А.Дугин: Олай емес-ау сияқты. Меніңше Прибалтика да, батыс Украина да мүмкін... иә, әлдебір негіздерге сүйенсек... Олар да аздап болса да великоросс деуге келіңкірейтін, яғни...

Бұл көшеде тәлтіректеп аузынан самогон мен махорка исі бұрқырап, үш әріп пен бес әріптен тұратын былапыт сөзін айтып тұрған мас орыстың емес ғалым, саясаткер деген әжептәуір атағы бар Дугин, яғни Доғаұлының ойланып, әр ойын таразыға тартып тұрып-ақ айтқан сөздері. Ғалымдары, саясаткерлері мен жазушыларына дейін осылай аумалы-төкпелі, ілгерілі-кейінді ауытқып сөйлеп жүргенде, жәй қаратабан орысты кім деуге болады? Осы Дугин, Жириновский, Просвирин дегендер осының алдында ғана бүкіл Қазақстанды Ресейдің бір бөлшегі деп атаған. Сондықтан В. Познер оған Қазақстан туралы ойың айтпасаң да белгілі ғой деп Қазақстанға қатысты сауал қойған жоқ. Кімнің, кімдердің арандату саясаты екенін кім білсін, әйтеуір осы күні «біз еуразияшыл болуымыз керек, тіпті қазақ деген жартылай еуропалық, яғни, еуразиялық ұлт» дейтіндер жоғарғы жақта көбейіп кетті. Соларды тыңдап отырып, Құдай сақтасын, ел басына әлдеқалай күн туса, мұндайлар Дугин–Доғаұлы сияқтылардың көктен іздеп, жерден тапқан олжасына айналып өзімізге қарсы шығып жүрсе қайттік деген үрей билейді екен, денеңді. Алла кешірсін, бір қыршаңқы: «Құдай аямағанды, әулие асасымен түртеді» деген екен, сол айтқандай Ресейдің шовинистік, империалистік ауруы тұлабойын құрыстырып, қазақ еліне қарап үй іргесінен үйірлі қасқырдай ұлып тістерін сақылдатып, аузынан ақ көбік атып тұрғанда өз ішіңнен шыққан сондай басшылардың қазақ жерін саудаға салып, қазақтың көзін енді ашқан сәбилерін үш тілде былдырлатып, сумиландыру саясатын жүргізуі, біресе «митингіге шықсандар аяушылық болмайды» деп, біресе «орысқа қазақша сөйлесеңдер жауапқа тартылып, жұмыстан қуыласыңдар» деп қазақты табанына таптап, басынуы да, зіркілдеуі де, ал Дариға ханымның «үш тілді көпсінсеңдер, төртінші тіл қытай тілін оқытуға кірісеміз» деп тағы да басынуы жаныңа батқанда еңіреп жылағың келеді екен. Не істеу керек?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

ҚР Мәдениет қайраткері 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320