Қуаныш Айтаханов Шардараға келді
ҚР Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов Шардара ауданына арнайы іссапармен келді. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен халықпен жүздесу кезінде сенатор Парламентте атқарылып жатқан жұмыстармен көпшілікті хабардар етті.
-Шардараға келмегеніме екі жыл болыпты. Екі жылдың ішінде елімізде де, осы ауданда да көптеген өзгерістер, игі жаңалықтар орын алып жатыр. Әлемді шарпыған дағдарыстың салқыны ел бюджетіне салқынын тигізбей қоймады. Алайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында түрлі қиындықтарды еңсеріп келеміз, - деген Қуаныш Айтаханов Парламент қабырғасында қабылданып жатқан заң жобаларымен де таныстырып өтті. –Осы кезең ішінде 159 заң қабылдаған болсақ, соның 59-ы «100 нақты қадамды» іске асыру жайлы болғанын айтуымыз керек. Биылғы жылы қаралып жатқан ең басты мәселе – Жер реформасы туралы екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Құрамында қарапайым шаруадан бастап, заңгер, саясаткер, зиялы қауым өкілдерінен құралған барлығы 75 адамнан тұратын комиссия бірнеше уақыт бойы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жер туралы комисияның алғашқы отырысы үзіліссіз 7,5 сағатқа созылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Халықтың 90 пайызы жерді сатуға, шетелдіктерге 25 жылға жалға беруге қарсы екендіктерін білдірді. Бір сөзбен айтқанда Жер Кодексінде көптеген кемшіліктер бары анықталып отыр. Комиссия осының бәрін жинап Елбасыға ұсынды. Нәтижесінде, тағы да 5 жылға дейін жерді жалға беруге тоқтам жасалынды. Бұл дегеніміз, үлкен күш халықта екенін көрсетеді...
Жер реформасы туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, халыққа жақсы хабар жеткізген сенаторға аудан тұрғындары алғыстарын білдірісті. Сонымен бірге, біраз азаматтар өздерін толғандырып жүрген мәселелерін де айтып қалысты. Ауыл ақсақалдары Болат Құрбаев, Мүсәлім Базарбаев, Тасболат Юсупов, Түгелбай Пашаров, Шәкір Әбдірайымов, ардагер ұстаз Жамал Төлешова ауыз су, ағын су, мал жайылымы және білім саласындағы оқулықтар туралы мәселе көтерді. Ал, аудандық мәслихат депутаты Тоқсанбай Бердібеков мәслихаттардың 20 жылдығына орай шығарылған «Халық таңдаған қалаулылар» кітабын Қуаныш Айтахановқа салтанатты түрде табыс етті.
Жиынды жүргізіп отырған аудан әкімі Арман Абдуллаев кездесу соңында Елбасы саясатын халыққа кеңінен түсіндіріп өткен халық қалаулысы Қуаныш Айтахановқа көптің атынан алғыс сезімін жеткізді.
Abai.kz