АҚТӨБЕНІҢ КӨШЕЛЕРІНДЕ "АЛЛАХУ АКБАР" ДЕГЕН СӨЗ ТАРАП ЖАТЫР
"Ақтөбенің көшелерінде «Аллаху Акбар» деген жазулар қаптап кетті. Оған қоса суық қарудың салынған суретімен бірге "Алла ұлық", "Алла бізбен бірге" деген сөздер әр үйдің қабырғаларына жазылған. Халықпен бірге бұл жағдайға имамдар да алаңдап отыр", - деп хабарлайды 31-арна.
Ақтөбеде "Аллаху Акбар" деген ұранмен жазулар пайда бола бастады. Әсіресе қаланың "Шанхай" атанып кеткен ауданындағы әр үйдің бұрышынан "Алла ұлық", "Алла бар" және "Алла қашанда бізбен бірге" деген жазуларды көруге болады. Жазулардың қасына мылтықтың суреттері де салынған. Солардың бірі жоғарыдағы суреттен көрініс тапқан.
Бірнеше терактті бастан өткерген ақтөбелік тұрғындар да: "Үй маңындағы жазуларды көргенде зәреміз қалмайды, тіпті ойын алаңдарына бала жіберуден қорқамыз", - дейді.
- Неше түрлі адамдар бар ғой қазір, бүркенгені бар, бүркенбей ашық жүретіні бар, солардан қорқамыз, - дейді ақтөбеліктер.
"Бұл жазуларды кім, не үшін жазғаны әзірше жұмбақ. Жағдай имамдарды да алаңдатып отыр. "Аллаху Акбар" деген жазуда тұрған ештеңе жоқ, ал суық қарудан қорқуға болады, бұл жақсы нышан емес", - дейді дін танушылар.
Abai.kz