ОҚО-ға Оңтүстік Корея мемлекетінен инвестиция тартылмақ
Оңтүстік Қазақстан облысына Корея мемлекетінен инвестиция тартылмақ. Оңтүстік Қазақстан облысы өңір басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды Корея мемлекеті «KISCO» компаниясының президенті Чой Джун Хван мырзамен кездесті.
Бұл туралы «Абай ақпарат» Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Бұл бас қосуда облыс әкімінің орынбасары Дархан Сатыбалды мырза өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі жетістіктері мен облыстағы ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласындағы даму көрсеткіштеріне тоқталып, шетелдік инвесторларды облыстағы бірқатар инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Өз кезінде Кореядан келген Чой Джун Хван, ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыруда сенім білдіріп отырғаны үшін билік өкілдеріне алғысын жеткізді және бүгінгі қабылданған келісімдер алдағы уақытта өз жемісін беретініне үлкен сенім білдірді.
Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Дархан Сатыбалды мырза мәртебелі мейманды 6-7 қазан күндері Шымкент қаласында өтетін халықаралық «Ontustik Tourism 2016» туристік форумына қатысуға шақырды. Баспасөздегі хабарламаларға қарағанда, соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы мен Оңтүстік Корея елі арасындағы осындай әріптестік байланыс қарқын алып келе жатқанға ұқсайды.
Дереккөзі: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Abai.kz