ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ"РУХАНИ ҚҰЛДЫҚҚА" ҚАЛАЙ ТҮСТІ?
Жазу (графика) қай елдің әліпбиіне (алфавитіне) негізделсе, сол елдің ғылым сөзі (термин) азды-көпті жұғысты келетіні – шындық. Қай ұлт, мейлі, кімнің әліпбиін қабылдаса да, өзінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тілдік зандылықтары бойынша төл дыбыстарын, дыбыс тіркесімдерін (сөздерін) таңбалау, жазу, оқу, айту үшін алады. Бұл – заңдылық. Осыны дер көзінде пайымдаған А. Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, «Дұрыс еміле (графика мағынасында – Б.Ж.И.) мен қате емілені айыруға менің ойымша былай қарау керек шығар: тіл табиғатына қарай емілені ыңғайлау ма? Жоқ еміле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, еміле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып емілеге ыңғайлау емес, емілені тілге ыңғайлау керек, тілдің табиғатына қарамай зорлап, емілеге таңып байласа, қытай қатындарының аяғы болып шығады» (Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы. Ана тілі, 1992 жыл. 395-бет). Бұрын қытай әйелдерінде аяғым кішкентай болса, ақсүйектілікті білдіреді деген түсінік болған. Соған байланысты қытайдың қыздары сәби шақтан бастап тар аяқ киім киіп, өзін-өзі ұзақ жүре алмайтын кемтарлыққа ұшыратады екен. А. Байтұрсынұлы соны мегзеген.
Әдетте, қандай тілге болсын жат дыбыстар өз бетімен жеке-жеке кіре алмайды. Олар тек бөтен сөздер арқылы сол сөздердің түпкі иесі қалай айтып-жазса, сол қалпында екінші тілде де солай болуы талап етілген жағдайда ғана орныға алады. Осыны әріден ойлаған орыс «оқымыстылары» қазақ қоғамына сан ғасырлар бойы мүлтіксіз қызмет еткен, кейінгі ғасырда А. Байтұрсынұлының қолымен жетілдірілген, қазақ тілінің төл дыбыстарын ғана қамтыған араб әріптері негізіндегі жазуымызды алдап-сулап латыншаға ауыстыруға мәжбүр етті. Орыс әліпбиіне ұқсайтын латынша әріптерге қазақтардың көзі үйренді-ау, енді әліпби ауыстырсақ, қатты бұлқына қоймас (қарсы шығып, бұлқынатындардың барлығы – А.Байтұрсынұлынан бастап ол уақытта репрессияға ұшырап, атылып та кеткен еді) деген қорытындыға келген кездерінде «Кеңестер Одағындағы мемлекеттік тіл – орыс тілі» дегенді желеу етіп, бірден оны кириллицаға ауыстыра салды.
Жазуымыз латыншаға негізделген уақытта (1938-1939 жж) там-тұмдап өз дыбыс-әріптерін енгізіп, тілімізді бұзудың алғы шартын жасап, тіпті өзімізге жасатып алған олар тек қазақ тілі дыбыстарын (әліпбиін) кириллицаға көшіріп қана қоймай, орыс тілінен және сол арқылы басқа тілдерден енген сөздерді де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай болуы керек деген талап қойып, өз тіліне тән, ал біздің тілдің табиғи бітім-болмысына мүлдем жат дыбыстарды және олардың таңбалық әріптерін тілімізге тоғытты да жіберді.
Біреу айтар, «Олар бізге жамандық ойлаймыз деп «халықаралық термин» сөздерді тілімізге өзгертпей енгізіп, еуропалық мәдениетке бір қадам болсын жақындаттып, жақсылық жасады. Сөйтіп, тілімізді өзгеше дыбыс, тосын дыбыс тіркесімдерімен байытты. Соның арқасында қазір біздің тіліміз шетелдік небір қиын сөздерді айтуға икемделді, біздің тілдік дыбыстарды жасап шығару мүшелеріміз (акустика-артикуляционный аппарат) жетіліп, орыс, ағылшын, неміс т.б. тілдерді оңай үйреніп алуға зор мүмкіншілік алдық» деп. Бір қарағанда бұл дұрыс пайымдау секілді көрінетіні рас. Бірақ соның бәріне өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді (базамызды) сақтай отырып та жетуге әбден болатын еді.
Басқа жұрт солай етті (армиян, грузин т.б. тілдер), әлі де сол ұстанымдарынан (позиция) таймай, дамып, өркендеп келе жатыр. Tiпті орыс тілінің өзі де сонау М. Ломоносовтың заманынан бері осы үрдістен әсте жаңылған жоқ. Себебі орыс ғылымының атасы саналатын ол, кез келген шетелдік сөзге орысша балама табуымыз керек, егер ондай мүкіншілік тілімізде болмай жатса, онда оларды, демек кірме сөздерді орыс тілінің дыбыстық (фонетикалық), кұрылымдық (грамматикалық) жағына барынша икемдеп қабылдауымыз керек (Ефимов А.И. М.В.Ломоносов и русский язык. М., 1961 год, 160-бет) деген еді. Осыны олар күні бүгінге дейін басшылыққа алып, қатаң қағида етіп ұстанып келеді. Сенбесеңіз, орыс тілінің кез келген оқулығына немесе орыс тіліне енген барлық кірме сөздердің түпнұсқасына қараңыз. Латынша, грекше, ағылшынша, немісше, тіпті қазақша түпнұсқасынан (очак – ошақ, отец – от иесі, солдат – салт атты, кинжал – қанжар, арык – арық, туман – тұман, камыш – қамыс, денги – теңге, кумс – қымыз, саксаул – сексеуіл, тоболга – тобылғы т.б.) орысшасы өзгеше. Себебі олар түпнұсқадағыдай етіп айтып-жазуды қажет етпегендіктен, бөтен тілдің дыбыстарын өз тілдеріне жолатқан жоқ. Сөйтіп, ұлы орыс тілінің табиғи қалпын сақтап қалды.
Демек, оларда тіл арқылы көрінетін ұлттық ерекшелік, ұлттық тұтастық, ұлттық ой-сана, ұлттық рухани тәуелсіздік т.б. бізге қарағанда әлдеқайда берігірек деуге әбден болады. Олар өздерінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, басқа тілдердің сөздері есебінен (орысша өң беріліп) байып, жетіліп келе жатқан тілі тұрғанда тілінің табиғатын бұзатын басқа жұрттың тілдік ерекшеліктерін қабылдап ақымақ болып па? Ал кейбір жат тілдік элементтер тілдің дамуы үшін қажет болса, табиғи жолмен-ақ, өз ретімен орысшаланып енеді, сіңісіп кетеді. Міне, осыны олар терең түсінген.
Ал бізде ше? Бар-жоғы 70-80 жылдың ішінде жасалған шұғыл өзгерістер (реформалар) тілімізді әбден бүлдіріп бітті. Енді бүгін сол реформалар «Тіліміз бұрын қандай еді, қазір ше, ол байыды ма, әлде кері кетті ме?» – деген дау-дамайға қалдырып отыр. Тіпті, көпшілігіміздің санамыздың әбден уланып қалғаны соншалық – еш өзгеріссіз енген «халықаралық» деген жалған атауды жамылған терминдерге мүлдем бауыр басып кеттік. Қазір оларға: «Ондай сөздердің ыңғайға келіп тұрғандарын қазақшалап, ал енді біразына қазақша балама іздемей-ақ, тіліміздегі төл дыбыстарымызбен қазақшалап жазып-оқиық, қазақша айтылыммен (ақцентпен) айтайық» десеңіз бітті, тек өзінің таным-түсінігінің безбеніне салып өлшеп, төрелік айтып: «Бұл дегеніңіз кері кету ғой, қазір бүкіл қазақ ол сөздерді еш мүдіріссіз, қатесіз дәл орыстардай жазып-айта алады, күллі қазаққа шетел сөздері құрамындағы ц, ч,ё (йо), ю, я, в, ф, х, һ, щ, ь, ъ дыбыс-әріптері мен кл, ск, сп, пр, ст, пл, тр сияқты т.б толып жатқан дыбыс тіркесімдері бөтен емес» деп, көрсетілген дыбыс-әріптер мен дыбыс тіркесімдер қазақ әліпбиінің құрамында болмаса, қазақ өркениеті кері кететіндей-ақ, аса бір қарсылық көрсетіп бағады.
Арамызда осындай пікірдегілердің тым көптігі де шындық. Олардың өздері, ең құрығанда, қазақша мәтін жазып, сол сөздерді сол қалпында пайдаланып, ел құлағына сіңісті етіп жүрсе, бір сірә ғой. Өйтіп те жүрген жоқ. Дегенмен бірен-саран қазақ ғалымдары тілімізге зиянды қағиданың шылауында қаншалықты болса да, өз ұлтына ғылым ұрығын сепкісі келген игі ниетпен олардың, яғни орыс ғалымдарының орысша жазғандарын қазақшалап, сол еңбектерінде сол жат тілдік сөздерді еріксізден-еріксіз еш өзгеріссіз қолданып, күллі елге кең таралуына себепкер болып жүр. Басқадай таралу өрісі жоқ.
Ал қазақ ғалымдарының басым көпшілігі өз еңбектерін (мөлшері 80 пайыздай) орыс тілінде жазып, орыс тілінің ғылыми стилін дамытуға зор үлес қосып жүр. Керісінше, қазақша ғылыми еңбектер жазып, тіліміздің ғылыми стилін дамытуға ат салысып жүргендер шамалы. Сондықтан олардың, демек кірме сөздердің (бұл сөз шартты түрде алынып отыр, кірме сөз болуы үшін «бөтелке, бөрене, сіріңке, орыс, ағылшын, неміс, кәріс, үндіс, жөйіт» т.б. сөздер сияқты қазақша айтылып-жазылуы қажет) тілімізде орнығып, оны байытып жатпағандығы мәлім. Осындай жағдайдан кейін олардың бары не, жоғы не деген ойға қаласыз.
Мәселен, әріге бармай-ақ ғылыми терминдер емес сөздерден құралған мына сөйлемге көңіл аударайықшы: «Медицина университетінің фармацевтика факультетінің үшінші курс студентімін». Жеті сөзінің біреуі (үшінші) ғана қазақша. Қалғандарының қосымшалары «сиырға ер салғандай» ерсі көрініп тұр. Осы сөйлемнің өзі-ақ, еш өзгеріссіз енген «кірме сөздердің» тілімізге қаншалықты көрік беріп, байытып тұрғандығын керсетіп тұр емес пе!?
Әрине, осындай сөйлемдері мол қазақша, көпшілігі аударма ғылыми мәтіндерді оқыған кез келген адамның қазақ тілінің сөздік қоры мен құрамы туралы әртүрлі ойға келіп, тілімізге менсінбеушілік немесе кемсітушілік ниетпен қарайтыны анық. Яғни, «Он сөзден тұратын сөйлемінің бес сөзі орыс тілінікі, демек қазақ тілінде ғылыми еңбек жазбақ түгілі, саяси, ресми тақырыпта қарым-қатынас жасап, пікірлесу де мүмкін емес. Қалайша, осындай тіл мемлекеттік тіл бола алады» («Мегаполис» газеті, «Лошадка русского языка и телега казахской цивилизаций» №48, 05.ХІІ. 2001 жыл), – деп жаман ойға тек өзге тілді ұлттарды ғана емес, орыстанып кеткен өз қандастарымызды да сендіріп бағады.
Ал біз болсақ, орыс тілінің сөздік қорындағы сөздерді қарадай өзіміздікіне санап, байдың қорасындағы малды өзімдікі деп иемденіп жүретін байқұс кедей құсап күні-бүгінге шейін малданып келеміз. Тіліміздің ендігі өркендеп дамуы тек ауызекі тіл мен көркем әдебиет, баспасөз, ресми іс қағаздар тілі арқылы ғана емес, ғылым тілі арқылы да болатынына жіті мән бермей жүрміз. Бұрын, ғылым мен техника әлі қарыштап дамымай тұрған заманда тіліміз табиғи қажеттілік жолымен тұрмыстық сөздер есебінен толығып, толысып отырған шығар, қазір де сол қалыппен даму үстінде болар, бірақ бүгінгі заман басқа, қазіргі дамыған ғылым мен техника және тұрмыс-тіршіліктің қажеттілігі, сондай-ақ бүкіләлемдік қарым-қатынас тілімізге күніне жүздеген сөздер енгізіп жатыр. Демек, тіліміздің болашағы ғылым мен техника сөздерінің тілімізге қазақша өң алып енуімен өте тығыз байланысты.
Орыстарға тәуелді болғанға дейін бізге ғылым-білімге қатысты сөздер, негізінен, араб-парсы тілдерінен енді. Олардың сөздері қазақ тілінің табиғи бітім-болмысына, заңына сәйкес қабылданып, сөздік қорымызға бөтендігі мүлдем білінбей сіңісіп кетті. Оған қазір біз қазақтың төл сөздері деп жүрген ғалым, ғылым, ілім, қағаз, қалам, кітап, дәптер, мұғалім, ұстаз, шәкірт сияқты т.б. сан мыңдаған кірме сөздерді (міне, нағыз кірме сөздер – осындайлар) дәлел ретінде мысалға келтіруге болады.
Ал қазір ше? Олай емес. Бұның екі түрлі себебі бар. Біріншісі – біз біраз сөз еткен түрлі ғылым саласы сөздерінің тілімізге орысшаланып енуі болса, екіншісі – тіл-әдебиет, тарих, философиядан басқа ғылымдар бойынша ғылыми еңбектердің қазақша жазылмауы немесе өте аз жазылуы себеп болды. Әсіресе дүниежүзіне ортақ ғылым деген жалған атты жамылған медицина, математика, физика, химия, биология т.б. ғылымдар бойынша қазақ тілінде жазылған ғылыми мақалалар, диссертациялар, монографиялар, оқулық, оқу құралдары, тіпті, қазақ тіліне аударылған дүниелердің тым мардымсыздығы қырсығын тигізді.
Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін осы бағыттағы ғылыми еңбектердің дені орыс тілінде жазылып келеді, яғни қазақтан шыққан ғалымдар өз бойындағы білімі мен біліктілігін, небір ғылыми ой-тұжырымдарын ең әуелі өз тілінде өз қандастарына берудің орнына өзге тілде жазып, кейбір қазақ ақын-жазушыларымыз сияқты орыс тілін, әдебиетін, ғылымын, мәдениетін, өркениетін дамытуға арнап жүр.
Әлбетте, бұны жақсы түсінетін олар (орыстар) тегін еңбек қылатын «рухани құлдарынан» оңайлықпен қалайша айырылсын. Барынша «бүкіл әлемдік ортақ ғылым» деп уағыз айтып немесе өз тіліне өзгеріп (орысшаланып) енген өзге тілдік (грек, латын, ағылшын т.б.) сөздерді «халықаралық термин сөздер» деген жалған пікір қалыптастырып, орыстанып бара жатқан олардың (орыстілді қазақтардың) саналарын одан сайын улап, орысша оқытуға, тіпті болмаса, тілімізге ендіріп жіберген өз сөздері арқылы орысша ойлантуға, өз тілінен біртіндеп жеріндіруге, сөйтіп, өз ана тілінде ғылыми ойды шорқақ айтқызуға, жазғызуға тырысып бағады. Осы мақсатты көздеп, бүкіл ғылыми терминдердің барынша орысша болуын қалайды.
Сондықтан біз осы бір құйтырқы саясаттың мәнісін терең түсініп, оған аса мән беріп, бүкіл ғылыми терминдердің барлығына ( 2011 жылы жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігінде» 92 300 сөз, 57 856 сөз тіркесі – барлығы 150 156 лексикалық бірлік қамтылса, соның біршамасы ё, ф, х, ц, ч, щ, э, ю, я әріптеріне басталатын орыс сөздері. Ал қазіргі біз сөйлеп-жазып жүрген тіліміздің сөздік құрамында 200 мыңнан аса еш өзгеріссіз қолданыста жүрген ғылыми терминдер мен басқа да сөздер бар) қазақша балама сөздер таппасақ та (тіпті іздеп, ойдан сөз жасап қиналудың қажеті жоқ-ау, оған уақыт та, тіліміздің мүмкіншілігі де, олардың, яғни жаңа сөздердің барлығын жас ұрпаққа оқып-үйренетін елдің шамасы да жоқ), соларды – қазіргі жазуымызды қазақшаландыру, тіпті болмаса, қазақтың төл дыбыстарын ғана қамтитын жаңа әліпбиге (алфавит) көшу арқылы қазақшалап жазып, пайдалансақ, халықаралық, орыстікі деп жүрген сөздердің барлығы өзіміздікі болып шыға келер еді-ау!
Сосын бүгінгі тілдері қатып, қаламдары тек орысша жазуға ғана төселіп кеткен ғалымдарымыз енді өздері қазақша жаза алмай жатса, онда ғалымдыққа тәрбиелеп жатқан шәкірттерін қазақша жазуға баулып, қазақ ғылымының тілін дамытуға бағыттаса, оң қадам болар еді. Әйтпесе, тілімізді дамытамыз деп неше түрлі қаулы-қарарлар қабылдап, бұйрықтар, заңдар шығарсақ та, ісіміздің алға басар түрі жоқ.
Осы мәселені қаперде ұстап, дұрыс жолға салмасақ, ондаған жылдардан соң тіліміздің бүгінгі жай-күйінің өзіне де зар боп қалуымыз ықтимал-ау! Сондықтан тілімізді байыту мен өркендету – тек ғылыми терминдерді қазақшалау арқылы ғана емес, соларды (терминдерді) ғылыми мәтінде қолданып, ғылыми айналысқа түсіріп, тың қолданыстар мен жаңа сөз тұлғалар (словаформа), жаңа сөз тіркестер мен өзгеше құрылған сөйлемдер және күрделі ғылыми ой-тұжырымдар, оралымдар ендірумен де болатынын мықтап есте ұстау керек сияқты. Соны жүзеге асырамыз десек, бүкіл қазақ ғалымдары өз еңбектерін қолдан келсе, тек қазақ тілінде жазуға бет бұрулары жөн шығар.
Қазақ тілінде жазсам, менің еңбегімді ешкім оқымайды, бүкіл әлемге танылмай қаламын деген бейұлттық немесе даңғойлық ниеттен де арылғандығымыз абзал болар. Егер сол қазақша жазылған еңбектеріміз, ең әуелі, өзімізге қызмет етіп, игілігімізге жарап жатса, сөйтіп, біз де бір ұшпаққа жетіп, бақ пен абройға кенеліп, қуанып жатсақ, «ау! мына қазақты мәз-мәйрам етіп, қарық қылған бұл неткен керемет дүние» деп, ең алдымен орыстардың өздері-ақ әдемілеп өз тіліне аударып алары сөзсіз. Абай атамыз айтқандай «Ақымақ өзін мақтап былжырайды, Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрыйды, Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді, Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайдының» кебін келтірмей, барлық ұлттық мүмкіншілігіміз бен әлеуетімізді (потенциал) алдымен өзімізге арнайық, сосын барып басқа жұртқа қарасайық. Сондай-ақ көркем өлеңсөзіміз (прозамыз) бен қарасөзіміздің (поэзиямыздың) озық үлгілерін орыс қажетсіне ме, жоқ па, соған қарамастан, жалпаңдап, бүкіл әлемге орыс тілі арқылы әйгілі болуға соншалықты қатты құмартып, өзіміз аударып беруді де тоқтатқан жөн сияқты. Мәселен, біздің қажетімізге жарасын, осыларды оқып, ой-өрісін кеңейіп, білімді адам болсын деп өздерінің қай асыл дүниесін кім бізге қашан аударып беріпті!! Ұлтқа қажеттілігін біліп, Пушкин мен Лермонтовтың, Толстой мен Достоевскийдің т.б. әлемдік классиктердің құнды дүниелерін ұлы Абай бастаған өз қандастарымыз қазақшалады емес пе? Сондықтан соңғы жылдары бұрқыратып дайындаған екі тілдік сөздіктерімізді іске жаратып, әрі солардағы «аса қиналып тудырған» жаңа сөздерімізді игеріп, толық айналысқа түсіріп, игілігімізге айналдырғымыз келсе, ғылыми, қоғамдық-саяси әдебиеттер мен көркем шығармаларды басқа тілдерден, әсіресе орыс тілінен көптеп аударуды дұрыс жолға қою керек-ақ.
Бейбіт Жәлелұлы
Abai.kz