ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОРЛАҒАН " ЦЕНТРКРЕДИТТІ" СОТҚА БЕРУ КЕРЕК
Еліміздің нарығында еркін қызмет етіп жүрген бірсыпыра банк мемлекеттік тілге жүрдім-бардым қарайтыны осыған дейін талай рет айтылды, жазылды. Тіл жанашырлары сауатсыз банктерді сотқа да сүйреді. Десе де банктердің қазақ тілін қорлау процессі әлі күнге тоқтамай тұр. Жақында «kaz.365info.kz» Қазақстан нарығында қызмет көрсетуші «Centercredit» банкінің тұтынушы түбіртегіндегі қазақ тілінің сала құлаш хәлде екенін айтып, банктің мемлекеттің ана тіліне деген құрметсіздігі ашық жазды.
Аталған банктің тұтынушы түбіртегінде «Чекті сақтаңыз!» деген сөз қазақ тілінде – «Чекті сиктиңыз!» деп жазылған.
Сондай-ақ, аталған түбіртекте «күні» деген сөз – «күші» деп көрсетілген. Сонымен, «Centercredit-тің» тілін тәпсірлеп көрейік. «уақыты» - «уиқыты», «Алматы» - «Илимиты», «киши шөміші», «илуға шолитыш кишижит», «кишжы шилишсы» - бұл әріптер тізбегінен дені дұрыс сөз құрау мүмкін болмады.
Ал «Өтінеміз, чекті сақтаңыз!» дегеннің орнына – «Өтішеміз чекті сиктиңыз!» деп жазылған. Ал 14 сөздің түйінін «рақмет» деудің орнына – «шихмет!» деп түйіндеген. Аталған банктің тұтынушы түбіртегінде нобайы қазақ тілінде жазылған 14 сөздің 13-і қате болып шықты. Тіпті түбіртектегі тілді – қазақ тілі деп айтуға ауыз бармайды.
Мемлекеттік тілді мұнша қорлаған банктің бассыздығы шектен шыққаны рас.
«kaz.365info.kz» порталының жариялап отырған түбіртегі кеше ғана шығарылған. Аталған түбіртектің уақыты деген тұсында 24.08.2016 деп жазылған.
Айта кетейік, расында көлбеңдеген көп жарнаманың ішінде дәл осы банктің баннерінде – «банк дәстүрлі құндылықтарды қастерлейді» деп жазылыпты.
Сонда дәстүрлі құндылықтардың санатына мемлекеттік тіл кірмейтін болғаны ма?
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ел нарығында еркін қызмет етіп жүрген бірқатар банктерде дәл осындай жағдайлар орын алған. Онда қазақ тілді қаріптердің орнына латын таңбалары мен кириллица жазуы енгізілгендіктен, қазақ тіліндегі кейбір сөздер түсініксіз таңбаланған. Тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі мемлекеттік тілді мұқатып, әлі жеткенше әжуалаған «Цесна банкті» сотқа берген. Ал блогер Аңсаған Мұстафаның есім сойын сауатсыз жазған «Казкоммерцбанк» жұрттан кешірім сұрап, олқылықты түзетуге уәде берген еді.
(сурет "Азаттық радиосы" сайтынан алынды)
Айтпақшы, дәл осы «Centercredit-тің» тұтынушы түбіртегіндегі тілге деген құрметсіздік әм өрескел қателіктер туралы бірнеше рет БАҚ-та айтылды, жазылды. Алайда бұған былқ етпеген банк басшылығы мемлекеттік тілді мұқатуын тыяр емес.
Осы мәселеге қатысты біз «Сentercredit» банкіне хабарласып едік, онда сұрау тек жазбаша жіберілетінін және белгілі уақыттан соң жауап берілетінін айтты.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары қазақ тілін қорлаған "Центркредитті" сотқа беру керектігін айтуда.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz