– Сіз Премьер-Министрдің орынбасары лауазымына тағайындалған күннен бері бір жылға жуық уақыт өтті. Бұл сізді не нәрсеге үйретті, қандай елестерден арылтты?
– Елестің күл-талқаны шығу деген болған жоқ. Өйткені, олар менде әуелден болмаған. Үкіметке де мен студент орындығынан келген жоқпын ғой. Көп нәрсе бастан өтті, басқарушылық тәжірибе бар дегендей. Парламенттегі жұмыс мені биліктің атқарушы органында жұмыс істеуге дайындады. Біз депутаттармен әлеуметтік саланың проблемаларын жақсы зерттедік және Үкіметке көптеген нақты ұсынымдамалар жібердік. Енді менде сол ұсынымдамаларды іс жүзіне асыруға мүмкіндік пайда болды.
Өткен жыл мені ақпарат теңізінің тереңіне батырды, қызықты адамдармен таныстырды, талқылаулар мен шешімдер қабылдаудың тетігін көрсетті, мемлекеттік органдар жұмысының қағидаттарын түсінуге мүмкіндік берді. Осы орасан жұмыстардың барлығын көптеген өз ісінің кәсіби шеберлерімен, атан түйеге жүк болар күрделі қызметті ынта-шынтасымен беріліп, адал атқаратын қарапайым адамдармен бірлесіп жүзеге асырдық.
Сондай-ақ, бұл жыл мені төзімділікке үйретті – алға тым болмаса жарты қадам жасау үшін де үлкен күш-жігер жұмсау қажет. Көптеген кеңестер, талқылаулар ұйымдастыруға, сан қырлы жұмыстарды үйлестіруге тура келеді. Төзімділік қай кезде де жетістіктерге бастайды…
– Байқаушылар мен комментаторлардың өзіңізге қатысты айтылған өткір ілік сөздері жаныңызға тимей ме?
– Белгілі бір деңгейде. Мен де тірі пендемін ғой. Екінші жағынан, бұл арада эмоцияға берілу де орынсыз. Мен мемлекеттік қызметтемін және әркім өзін сарапшы сезінетін әрі бұл ішінара шындыққа да жанасады, азаматтардың көңіл-күйіне тікелей әсер ететін салаға жауап беремін. Орынды сын мен қызықты идеялар үшін қашанда ризамын. Алғашқысына да, кейінгісіне де бірден қайырылып, ведомстволарға тиісті тапсырмалар жүктеймін.
«Өзгерістер қашанда ыңғайсыздық туғызады»
– Сіздің жауапкершілігіңіздің аясына кіретін сегменттердің бірі – әлеуметтік алаң: білім беру, денсаулық сақтау. Бұл мемлекеттік ауқымдағы басқарушы үшін аса күрделі сала саналады. Бұл саладағы адамның билік-беделіне нұқсан келетін кездер де аз емес. Осы жайт сізді қымсындырмай ма?
– Жоқ, қымсындырмайды. Әсіресе, әңгіме қайта жаңғыртулар, кей шақтарда аса ауыр тиетін жаңғыртулар туралы болып отырғанда абырой-беделге нұқсан келмейтін кез аз. Дәрігер адамды тәнін ауыртпай емдей ала ма? Өзгерістер қашанда қолайсыздықтар туғызады: әдетке айналған бір нәрсеңнен қол үзуге, өз өміріңдегі бір нәрсені өзгертуге тура келеді.
Жаңалықтар, қандай оң жаңалық болмасын, қашанда секеммен қарауға мәжбүрлейді. Шын мәнінде, осындай шетін саланы реформалауда өзіңе жауапкершілік алу үшін белгілі бір деңгейде батылдық та қажет шығар. Торғайдан қорыққан егін екпес деген бар емес пе.
Сонымен қатар, бұл сектордың әйелдің қолында болуы тиіс екендігіне сенімдімін. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау – бұл балалар, оқушылар, студенттер, зейнеткерлер – тікелей әйел адамға жақын әлем болып табылады. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі аралықтағы барша адамды тіршіліктің тіні саналатын әлеуметтік сала қарсы алып, өмір бойы бірге болып, кейін шығарып салады. Бұл – адам айтқысыз күрделі, сонымен бірге, өте қызықты жұмыс. Тіпті, оның «рахметі жоқ» деп есептелетініне қарамастан…
– Денсаулық сақтау мен білім берудің кеңестік моделі адамдардың жадында айтарлықтай сапалы деп сақталып қалғанына келісетін шығарсыз. Өйткені, өзіңіз де кезінде кеңестік мектепте, кеңестік ЖОО-да оқып, кеңестік ауруханаларда емделдіңіз емес пе…
– Айқын нәрсемен келіспеудің өзі қиын. Не лицей, не гимназия болмаған, тек онжылдық мектептер ғана болған уақыт менің жақсы есімде. Мен сондай мектептердің бірінде оқып, орта білім туралы аттестат алдым. Үлгі тұтар мұғалімдер еді, олардың бәрі есімде, Мәскеу мен Алматыдағы университеттерде дәріс берген тәлімгер оқытушылар да күні бүгінгідей жадымда. Және балаларым өмірге келген перзентханаларды да ризашылықпен еске аламын. Өткенмен эмоциялық байланыс кез келген адамға тән, оны өткенді аңсау, сағыну деп атайды.
Бірақ мәселе лирикалық көңіл күй ауанында ғана емес. Сол кездің дәрігерлері мен мұғалімдері кеңестік интеллигенция армиясының ең қалың сапын құраса, олардың ортасында арқаулық құндылықтар: кәсібилік, адалдық, парасат, парыз сезімі, риясыздық қалыптасты. Біршама идеалдандырылғанына қарамастан, сол жылдардың фильмдері де санамызда жарқын образдар қалдырды. Владимир Устименконың «Қымбатты менің адамым» («Дорогой мой человек») картинасындағы дәрігерді немесе «Дүйсенбіге дейін тіріміз» («Доживем до понедельника») фильміндегі мұғалім Мельниковті ұмыту мүмкін бе? Бірақ адамдардың осындай типтері түбегейлі идеологиялық жоба, уақыт көрсеткеніндей, утопия жағдайында ғана өмір сүре алатынын да ұмытпаған жөн. Ал ол өзгеріп отырады.
Бүгін бәрі де басқаша реңк алды. Нарыққа телу адамдарды өзгертпей қоймады. Мен қазір осы телудің қиындықтары, ауыр салдарлары туралы айтып отырған жоқпын. Алайда, біздің буынымыз емес, утопиялық догмалардан тыс туған бүгінгі ұрпақ – бұлар қазір басқа адамдар. Олар белсенді, өмірге ғашық, өз беттерінше өмір сүре алады, жеке бәсекелестікке икемді, оларға табыстың қандай түрі болса да аса қымбат, олар тіпті өздерін тек елінің азаматы ғана емес, сондай-ақ, адамзаттың бөлшегі ретінде сезінгілері келеді. Және олар өздерін заманауи және қажетті ететін еркін конверттелетін
білім алуға құқылы деуіміз керек. Бұл, әрине, адамды парасаттылықтан және басқа да арқаулық адами құндылықтардан ажырауға мәжбүрлей алмаса керек.
Кеңестік мектеп өз дәуірі үшін эталон еді. Бірақ одан бері ғылым, технология, әрине, тұтастай адамзат алға қарай сапалы секіріс жасады. Ақпараттық технологиялардың, Интернеттің дамуы бүкіл әлемді үстеліміздің үстіндегі компьютерге сыйғызып қойды. Кеңестік білім беру жүйесі қандай озық үлгіде болғанымен, оны реформалау қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп беріп отыр. Бірақ оның елесі әлі де болса жоғала қойған жоқ, ол шын мәнінде әркез көңілдегідей нәтиже бере бермейтін бүгінгі реформаларға ту сыртынан қызғанышпен сұқ көзін қадап тұр.
Алайда, бұған да түсіністікпен қарау керек – реформалар тыныш кабинеттерде жасалады, сондықтан оларға мүмкін практикалық база жетіспейтін шығар. Және де проблема таяуға дейін олардың жеткілікті деңгейде кең көлемді талқылауларға шығарыла қоймағанында жатыр. Ал табысқа жету үшін жүйенің ішінен де, сондай-ақ, сыртынан да қарапайым ғана объективті және кәсіби көзқарас қажет. Біз қазір осы бағытта ілгерілеп барамыз.
«Басқа түссе баспақшыл, көну парыз»
– Қалай ойлайсыз, реформаторлар үшін неліктен дәл осы «халық ағарту алаңы» осыншалықты тартымды, бірақ нәтижелері бойынша соншалықты қарама-қайшы болып қалып отыр?
– Еске түсіре кетейікші, осы 1983 жылғы орта мектеп реформасы «қайта құрудың» алғашқы ізашары бола жаздаған жоқ па! Сонау алыс кеңестік заманда да осы сала мутацияға жиі ұшырағанын ұмытпаған жөн шығар: ерлер мен әйелдерге арналған мектептер болды, кейін оларды біріктірді. Біресе он жылдық, біресе он бір жылдыққа айналдырылды. Күміс және алтын медаль деген де болды, кейін тек алтыны ғана қалды. Мен, тіпті, мектеп формалары мен «жаулардың» портретін қара сиямен бояп үлгермеген оқулықтар туралы айтып отырғаным жоқ. Бәрі де болды.
Осы бір әлеуметтік феномен әрдайым көз алдымызда алақандағыдай көрініп тұрады, өйткені, бәрімізде «аздап оқыдық», баршамызда дерлік оқып жатқан немесе оқуға баратын бала-шаға, немере бар. Яғни, қалай болғанда да, бұл мәселенің барлығымызға да қатысы бар. Саланың барлық кемшіліктері баршаға аян. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы реформаторлар да жедел әрі жарқын жеңістің арбауына шыдап тұра алмады. Оларға кейбір мектептерді «лицей», ал техникумдарды «колледж» атаса болды, бәрі ғайыптан өзгеріп шыға келетіндей көрінді. Облыстық пединституттардың барлығы «университеттерге» айналды, қаншама «академия» пайда болды…
Жұрттың жақсы білім алуға деген табиғи ұмтылысы білім беруді диплом сатумен алмастырып жіберген қара ниетті кәсіпкерлерге кезікті. Ол уақыттарда адал әрі шынайы реформа жасауға деген талпыныстар да болды, бірақ алаяқтық та жетіп-артылды. Әсіресе, оқулықтарға қатысты. Түсінесіз ғой, физика, математика, биология, химия – идеологиялық ықпалдан тыс. Ал тарих, әдебиет, тіпті география базалық мифтерге қатты тәуелді. Кеңестік идеология күйрегеннен кейін жандәрмен қылып жатқан мифтің қалдықтары мен қирандылары негізінде гуманитарлық оқу жүйесін құру қисынсыз екеніне келісесіз ғой. Жаңа сапалы идеологема қажет, ал ол ашытқымен өсе салмайды, тапсырыспен піспейді. Оған уақыт, күш-жігер керек, ол – азапты өсім. Біздің барлығымыз осы үдерістің ішіндеміз, қояр сауалымыз алар жауабымыздан көп. Осылай болды, басқа амал жоқ. Бұл тек білім беруге қатысты емес…
0 + 11
– Ал жақсы. Жаз бітіп келеді, алда 1 қыркүйек. Оқушыларды не күтіп тұр, оларға қандай өзгерістер көлденең тартылмақ?
– Айрықша дейтіндей, «тағдыршешті» ештеңе жоқ. Биылғы 1 қыркүйекте бірінші сыныпқа келетін балалар аптасына бес күн оқып, оқу жылын 2017 жылы 30 мамырда аяқтайды. Тек солар ғана! Оқушылар мен мұғалімдерге қосымша 34 демалыс күні беріледі. Бұл мұғалімдердің еңбекақысына әсер етпейді. Келесі оқу жылында бескүндікке бірінші, екінші, бесінші және жетінші сынып оқушылары көшеді. 2018 жылы 1-сыныптан 10-сыныпқа дейінгі оқушылар осы тәртіппен оқиды. Тек 2019 жылы ғана осындай жұмыс кестесіне барлығы көшетін болады.
– 12 жылдық оқыту жүйесі не нәрсеге негізделіп отыр? Он жылдық, он бір жылдық болды, ал он екі жылдыққа не себеп?
– 11 саны орта білім үшін жоғары шек болып қала береді. Тек алты жасар бала үшін нөлдік сынып енгізіледі. Ал бірінші сыныпта алты жасар бала да, жеті жасар бала да болуы мүмкін, бұл енді ата-ананың қалауына қарай. Сонда 0 + 11 болады. Бұл – өміршеңдігін дәлелдеген халықаралық тәжірибе. Нөлдік сынып – бүлдіршінді қамсыз-қайғысыз балалық шақтан естиярлыққа өткеретін өзіндік бір декомпрессиялық камера. 12 жыл ұзақ екеніне келісемін, бірақ артықшылықтары мынада: 12 жылда біз баланы кәсіпкерлік машықтарға, ақпараттық тасқында бағдарын болжауға және басқа да өмірде қажетті нәрселерге үйретіп үлгереміз.
Көптілділік – табыс кілті
– Енді тілдер турасында. Бұл – аса ауыр тақырып. Балаларды бір мезгілде қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне үйрету міндеті қойылды. Бұл қаншалық мүмкін нәрсе?
– Мұның несі мүмкін емес? Көптілділік әлемнің көптеген елінде қалыпты нәрсе. Туризмді дамытуға және инвестиция тартуға бағдар ұстаған мемлекеттер баяғыда-ақ көптілділікке көшіп қойған. Олар үшін бұл – тіршілік етудің, өркендеудің, табысты болудың кілті. Яғни, жұрттар шынайы жағдайға қарайды.
Біз өзге ешбір елге ұқсамаймыз және көптілділікке өз басымыздағы жағдайға байланысты келіп отырмыз. Қордаланып қалған барлық өкпе мен үрейді лақтырып тастап, осыны қабылдауымыз қажет. Адамдарды тіл үйренуге күштеп мәжбүрлеуге болмайды. Оларды тек ынталандыруға болады. Ең қуатты, табиғи ынта тіл иесі – қазақтардың өзінде. Олар тілді сақтап, сұранысқа ие, жеңіл игерілетін жасауы тиіс. Осы дұрыс, бұл аналық түйсікке бара-бар. Сондықтан мен отандастарымның бұл мәселедегі алаңдаушылығын түсінемін.
Басты міндет – қазақ тілін ұлтына қарамастан барлық оқушыларға жылдам әрі сапалы меңгерту әдістемесін әзірлеу және 2017 жылдан бастап енгізу. Қазақ тілін үйретуге және қазақ тілінде оқытуға бұрынғыға қарағанда көбірек уақыт бөлінетін болады.
Бірақ біз орыс тілін жоғалтпауымыз керек. Біріншіден, бұл тіпті қисынсыз. Билингвизм – біз сақтауға тиіс шындық. Екіншіден, біз солтүстіктегі көршімен берік саяси және экономикалық байланыстамыз. Бұл ел қазақстандық өндірушілер үшін тиімді серіктес, тауарлар мен қызметтердің тұтынушысы. Үшіншіден, ірі қалалардың, елорда мен облыс орталықтарының лингвистикалық ортасы, әлбетте, аралас болып келеді, бірақ орыс тілінің айтарлықтай үлесі байқалады.
Идеалдық тұрғыдан елдің барлық азаматы орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне оп-оңай көше алатын болуы тиіс, бары сол ғана. Алайда, лингвистикалық үдеріс те екіжақты болуы тиіс. Яғни, орыстілділер қазақ тілін білмейтіндігіне байланысты өз қорқыныштарынан арылуы керек. Ал одан арылудың ең жақсы амалы – тілді үйреніп алу. Бес жүз сөз бен жиырма шақты сөйлем құрылымын үйреніп алуға болады! Бастапқыда осы да жеткілікті. Егер осыған қол жеткізсек, онда елімізді танымай қаламыз. Түріктер, татарлар, өзбектер, әзербайжандар, балқарлар мен басқа да елімізде тұрып жатқан түркі халықтары бір жылғадан аттап өткендей-ақ қазақша сөйлеп кетеді! Өйткені, тіл туыс қой. Ал орыстілді тұрғындарымыз өз қорқыныштары мен қысылып-қымтырылу сезімін жеңіп, қатемен, акцентпен болса да қазақша сөйлеп кеткен кезде біз көптен бері ұмтылып келе жатқан, ел Конституциясының бірінші сөйлемінде жазылған «Біз, Қазақстан халқы…» деген ұғым да пайда болады.
Байқасаңыз, осы айтып отырғанымның бәрі өткен заманның сынық кірпіштері толған қоржын арқалаған қазіргі үлкен кісілер туралы. Ал бірер аптадан кейін партаға отыратын балдырғандар 11 жылдан кейін мектептен ақылды, ашық, орыс тілінен қазақ тіліне, қазақшадан ағылшыншаға оп-оңай көше беретін дамыған адамдар болып шығады. Бұл – уақыт талабы.
Не десең де, ағылшын тілінсіз күн жоқ…
– Қазақ және орыс тіліне қатысты түсінікті делік. Бірақ ағылшынды оқудың қажеті қанша? Соншалық қажеттілік бар ма?
– Көптілділік – Үлкен жоспардың, Ұлт Жоспарының, Қазақстан-2050 жоспарының ажырамас бөлігі.
Жер қойнауының байлығынан бөлек, жаңа Ойкумена ашылады, ол – еліміздің транзиттік әлеуеті. Ғасырлар қойнауына сіңіп кеткендей көрінген, бізге жылнамалар мен археологиялық ескерткіштер арқылы жеткен Жібек жолы жаңа жағдайда жаңғырып, біз үшін ғана емес, жарты әлем үшін де өмір жолына айналып келеді. «Қазақстан – Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір» деген сәнге айналған сөз тіркесі геосаяси ғана емес, тұшымды экономикалық мазмұнмен толығып жатыр. Президенттің осы жаһандық жобасы арқылы мүмкіндіктер мұхиты ашылады. Қазіргі заманғы мемлекетті бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін ақпараттандырусыз, ұсынылатын мемлекеттік қызметтерсіз, шағын және үлкен бизнессіз қисынға сыйдыру қиын. Ақпараттандыру қалалар мен ауылдардың арасындағы қашықтықты қысқартады, азаматтардың өмірін айтарлықтай жеңілдетеді. Біз ауылдағы білім беру ісі қаладағыдан, ауылдағы өмір қызығы қаладағыдан кем болмайтын жағдайға қол жеткіземіз. Медицинада, ауыл шаруашылығында және басқа көптеген салаларда ашылып жатқан бүгінгі жаңалықтардың басым бөлігі ағылшын тілінде ғой.
Бүгінде Интернет онлайн-режімде ұсынатын оқыту курстары қаншама! Үйден шықпастан-ақ аз ғана ақшаға әлемнің жетекші оқу орындарынан білім алуға болады. Әрбір сабақты қызғылықты ету үшін мұғалімдер шығармашылығына беріліп отырған мүмкіндіктер қандай!
Жаппай компьютерлендіру мен ақпараттандыру мектептің бет-бейнесін өзгертуде. Балалардың ойын және көзбен көру түрінде білім алуларына болады. Біз оларды робот техникасымен, бағдарламалау ісімен жеңіл тіл табысуға, шығармашылықпен ойлауға және өз білімдерін өмірде қолдана білуге үйреткіміз келеді. Тілдерді білу элиталы құбылыс болудан қалып барады. Өйткені, қалай айтқанда да, ағылшын тілінсіз күн жоқ…
Үнемі артқа жалтақтай қараумен өмір сүруге болмайды. Болар іс болды…
Онда көптеген жақсы істер де, жаман істер де болды. Оған берген сабағы үшін рахмет айтып, сеніммен алға жылжу қажет. Біз өткеннің ештеңесін өзгерте алмаймыз. Бірақ біздің бүгінгі күнді өз қалауымыз бойынша құрарлық қауқарымыз бар.
Алғашқы қадам – мейлінше күрделі және маңызды
– Дейтұрғанмен, білімді лингвистикалық жағынан кеңейтуге қарсы көптеген дәйектер келтірілуде, олардың негізгілері білікті мамандар тапшылығы мен жақсы оқу бағдарламаларының жоқтығына келіп саяды. Қазіргідей жағдайда мұндай міндетті шешу елімізге оңайға түсе ме?
– Егер алдыға міндет қойылмаса, өздігінен ештеңе пайда болмайды. Біз әлі де жүз жыл бойы дайындалып, соның өзінде дайын болмауымыз мүмкін. Ешкім де табан астында келетін табысты күтіп отырған жоқ. Баршаға да тер төгуге тура келеді. Біз үдерістің уақыт жағынан ұзаққа созылатынын түсінеміз. Бірақ әйтеуір бірдеңеден бастау керек. Біз тек алғашқы мейлінше күрделі де маңызды қадамды жасап отырмыз. Провинциалдық қуыстанушылықтан арылып, халыққа, мұғалімдерге, өз балаларымызға сенетін уақыт келді. Біздің біршама көнерген таптаурын көзқарастарымызды, үрей мен қуыстанушылықты күштеп таңа отырып, олардың жаңа мүмкіндіктерге деген жолын жабуға құқымыз жоқ. Білім арқылы біз бүкіл әлемді олардың табанының астына салып береміз. Ал тілдер – ол осы мақсатқа жетудің қажетті құралдарының бірі.
Білімге, жаһандық пайымдау мен стратегиялық ойлау әлеуетіне ие жастар ғана біздің елімізді өркендетуге қабілетті. Мен оған сенемін. Осыдан аз ғана уақыт бұрын біз Интернетсіз, ұялы телефонсыз, электронды гаджеттерсіз, Гуглсыз және әлеуметтік желілерсіз өмір сүрдік. Содан бері көп уақыт өте қойған жоқ, ал жаңағы жаңашылдықтар, мәселен, электр энергиясы сияқты өмірдің дағдылы бөлігіне айналды.
– Өткен күзде Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, үш тілді білім беруге көшу жолдары белгіленді. Бірақ мектептердің өздері осындай жаңашылдықтарға дайын ба?
– Біз мұғалімдерді даярлауға және мектептерде материалдық-техникалық жағдай жасауға байланысты мәселелердің бәрін де ойластырдық. Колледждер мен ЖОО-лардағы бүкіл оқыту жүйесін тілдік компоненттерді күшейте отырып, қайта құру қажет. Ол үшін бізде уақыт жеткілікті: физика, химия, информатика, биология пәндерін ағылшын тілінде оқыту 2019 жылы жоғары мектептердің 10-11 сыныптарында басталады. Дегенмен, қазірдің өзінде бірқатар мектептер осы оқу жылында аталған пәндерді жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға көшуге тілек білдіруде. Сол сияқты, 2019 жылды күтпестен ата-аналар балаларын өз қалаулары бойынша беретін мектептерде ағылшын тілді сыныптар ашу да қолдау табатын болады.
Бес мыңнан астам мұғалім тілдік курстардан өтуді бастады: курстардың ұзақтығы еңбекақыны сақтай отырып және оқуға баратын жолақыны төлей отырып, 4 айдан 9 айға дейін созылады.
Жақсы жаңалықтар бізде әлі алда
– Мұндай реформалар таяу уақыттардың өзінде-ақ пәндерді үш тілде оқытатын мұғалімдердің бүтіндей бір армиясын қажет ететін болады. Бұл проблеманы қалай шешу керек? Педагогтарды қосымша екі тілді үйренуге күштеп мәжбүрлей алмайсың ғой…
– Бәрінің түбірі мотивацияда жатыр. Білім және ғылым министрлігі үш тілді терең білетін, пәнді жүргізуге қабілетті мұғалімдерді ынталандырудың қосымша әдістемесін әзірлеуде. Біздегі жақсы жаңалықтар әлі алда.
Оның сыртында мектептерге олардың қадағалау кеңестерінің бақылауында мұғалімдердің, ата-аналардың, жұртшылықтың қатысуымен бюджеттен тыс табыстар табуына, демеушілер тартуына, ақылы қызметтер көрсетуіне жағдай туғызатын қаржы-шаруашылық дербестік беру туралы мәселе ойластырылуда. Мектеп өзінің үш жылға арналған даму жоспарын дербес әзірлейді, сондай-ақ, осы жоспар аясында және еңбекақы қоры шеңберінде еңбекке ақы төлеу жүйесін белгілейтін болады.
Министрлікке барлық заманауи талаптарға жауап беретін «мінсіз мектеп» моделін әзірлеу тапсырылды. Қарқынды ілгерілеу барысында мақсатты көзге айқын елестету үшін бізге оны көріп отыру қажет.
– Олардың бәрі балаларға қалай әсер етеді? Оқушылардың денсаулығын сақтау мәселесі қалай шешім таппақ?
– Қазіргі балаларға шынымен де жеңіл болмасы анық. Балалар игеруге тиіс білімдер мен ақпараттар көлемі ұрпақтан-ұрпаққа еселеп артуда. Бірақ, екінші жағынан алғанда, олар тіпті ол білімдерге ересектерден гөрі анағұрлым жақсы дайындалған. Олар уақыттарын Интернетте өткізеді, теледидар қарайды, сол арқылы қазіргі әлем туралы ақпараттарды қабылдап, оның үстіне түйсікпен қабылдап үйренеді, бұл орайда тілдерді білу көбіне-көп екінші кезекке шығады. Олар тілдерді икемді әрі жеңіл қабылдайды. Оның үстіне қазақстандық балалардың көпшілігі қазақша да, орысша да белгілі бір дәрежеде түсінетін және сөйлейтін билингвистер. Сондықтан үш тілде оқу оларға қиынға түспейді деп ойлаймын.
Бірақ бұл бала денсаулығын сақтау мәселесін бетімен жіберуге болады деген сөз емес. Мектеп дәрігерлері учаскелік дәрігерлермен өзара тығыз байланыста болуы тиіс. Таяуда бүкіл азаматтар үшін электронды денсаулық паспорттары енгізілетін болады, оларда адамдардың бүкіл медициналық тарихы көрініс таппақ. Және мектеп медпункттерін ДСӘДМ-нің құзырына беру мектеп дәрігерлерінің оқушылардың денсаулық жағдайы туралы ақпараттарға сол сәтте қол жеткізуіне жағдай жасайды.
Сөзімнің қорытындысында білім беру реформасын талқылауға белсенді атсалысқандары үшін барлық қазақстандықтарға алғыс айтқым келеді. Ол біздің алда тұрған өзгерістерге мұғалімдердің, ата-аналардың, жұртшылықтың көздерімен қарауымызға көмектесті – оның өзі игілікті іс. Бұл әлемде толық жетілген ештеңе жоқ, біз шапшаң және жаһандық өзгерістер ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Демек, біз икемді болып, осы үдерістердің соңында қалып қоймай, әркезде де алда жүруіміз керек. Мұның өзі, әңгіменің онсыз әлеуметтік-экономикалық салада алға озу мүмкін емес, адам ресурстарының жоғары сапасы туралы болып отырғандықтан, біздің білім беру мәселелеріне әлі талай рет қайта айналып соғатынымызды білдіреді.
Біздің Президентіміздің көптілділікті енгізу туралы идеясы оның біздің тәуелсіздігіміздің туын одан әрі сенімді және лайықты алып баруға тура келетін балаларға, қазақстандықтардың келешек ұрпағына деген қамқорлығынан туындап отыр. Президентте сирек кездесетін қасиет – алдын ала көре білу дарыны бар. Қазақстанның ең жаңа тарихы оны талай рет дәлелдеп берді. Біз өзімізге, өзіміздің шын мағынасындағы шексіз мүмкіндіктерімізге сеніп үйренуіміз керек және өте көп еңбектену қажет. Бізде одан өзге таңдау жоқ.
Әңгімелескен
Владимир РЕРИХ
АЛМАТЫ
Дереккөз: "Егемен Қазақстан" газеті