Сенбі, 23 Қараша 2024
Уақ-түйек... 4330 0 пікір 16 Тамыз, 2016 сағат 14:26

ӘРТІСТЕР ҚАЛАЙ ДЕМАЛАДЫ?

Кезекті еңбек демалысынан оралған артистердің жазда қайда барып, қалай демалғандығы туралы ақпарат елді елең еткізері сөзсіз. Мұндайда өнер адамдарының бірі шет ел асып, шет жерде тыныққанды жөн көрсе, екіншісі туған жердің топырағынан нәр алып, көгіне аунап, көліне шомылады. Уақытын жан рахатынан гөрі шығармашылық дамуға арнап, кино, фильмдерге түсетін, ән жазып, бейнеклиптер түсіретін артистер де аз емес. Бүгінде М.Әуезов театрының актерлері 91-маусымда тұсауы кесілетін спектакльдің премьерасына дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Осы орайда жаңа маусымдағы қарбалас жұмыстың алдында актерлерді сөзге тартып, өнер сүйер қауымды жаңалықтарымен хабардар еткенді жөн көрдік.


Шынар Асқарова, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты:

Мен биыл өткен жылдарға қарағанда әлдеқайда көбірек демалып, тынығып қайттым. Олай дейтінім, жыл сайын демалысым кино саласынан, телебағдарламалардан түскен ұсыныстармен, белгілі бір жобалармен жұмыс істеумен өтетін. Сондықтан осы жылы алдыма қандай ұсыныс болса да, қанша үлкен қаржы төленсе де, мен биыл ауылыма барып демалуым керек деп мақсат қойдым. Себебі, өмірден қайтқан үлкен кісілер түсіме кіре бастады. Ауылға барып аруақты әке-шешелерімізге арнап ас бергіміз келді. Сөйтіп, туған жерім Семей облысы Ақсуат ауданына бардым. Бір түсінгенім, ауыл деген - сенің кіндік қамың тамған жер, сол жерден ғана шынайы қуат алып қайтады екенсің. Ал ауылдан қайтып келгеннен кейін кішкентай қызымның көңілін қимай Қырғызстанға Ыстық көлге барып демалып қайттық. Сол екі ортада телефонымды сөндірім қойсам да, мені тауып алғандықтан "Үйленгендер" телехикаясына эпизодтық кейіпкер болып түстім.

Бауыржан Манжігітов, актер:

90-маусымның жабылуынан кейін ел қатарлы демалысқа шығып, туып-өскен елім Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы,  Жетісай қаласына жол тартып кеттім. Туған жердің топырағы ыстық болады екен, жақын жер болмаған соң бір жылда бір, тіпті араға екі, үш жылдап уақыт салып ат ізін салатындықтан, осы жолы әйел, бала-шағымды алып бардым. Десе де, театр басшылығы труппа меңгерушілігі қызметін ұсынғаны себепті өзге әріптестеріме қарағанда жұмысқа ерте шығуыма тура келді.

Гүлнұр Шыңғысова, актриса:

91-маусымға декреттік демалыстан кейін аяқ бастым. Осы уақыт аралығында театрды, киелі сахнаны, ойнаған рольдерімді қатты сағындым. Шынымды айтсам, жолдасым екеуіміздің де аналарымыз қайтыс болған, сондықтан баланы үйге тастап, театрға келу қиындау болды. Алайда, орын алған себептерге қарамастан жұмысқа шығуға бел будым.  Қазір балама қайын атам мен қайын сіңілім қарап отыр. Түсіністік танытып, қолдау білдірген сол кісілерге алғыс айтқым келеді. Күйеуім Дәулет Ерекешев те өнер адамы, бүгінгі күні екеуіміз құрған дуэтімізде жаңа ән жазып, бейнебаян түсіруге дайындалып жүрміз.

Жанат Тинбаев, актер:

90-маусымның жабылуына шамалы уақыт қалғанда қарашаңырақ театрдағы еңбек жолымды жалғастыруға қайта келдім. Жұмыс басталғанда кино мен театр саласын бірге алып жүру ауырлау. Сондықтан бұрын түскен "Іңкәр жүрек" телехикаясының екінші маусымының түсірілім жұмыстарын жазғы демалысқа туралап қойғызуға мәжбүр болдым. Түсіріліммен Қазақстанның біраз өңірлерін аралап шықтым. Алайда, жұмыс бабымен жүргендіктен демала алмадым. Десе де, бұл жұмысқа деген қарқын, ынта, талпынысымды бәсеңдете алмайды. Оған қоса "Сабақты ине сәтімен" дегендей, 91-маусымда тұсауы кесілетін М.Омарованың «Ақтастағы Ахико-сан» драмасынан 1-тергеушінің ролін алдым.  

Дайындаған - Мөлдір Бекжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529