Енді босануына байланысты төлемдерді ресімдеу жеңілдеді
Жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылу жағдайына әлеуметтік төлемдерді есептеуге қажетті құжаттар топтамасы қысқартылды. Бұл Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болып отыр. Енді, өтініш берген кезде әйелдерге соңғы 12 айға жұмыс орынан табыстары туралы анықтама ұсыну қажет емес. Жеке куәлігін, еңбекке жарамсыздық парағы мен банктік шотын ұсыну жеткілікті. Жеке кәсіпкер куәлігі бар әйелдерге сондай-ақ ЖК тіркеу туралы куәлік пен салықтары бойынша салыстырып тексеру акті қажет болады.
«Бұрын мемлекеттік корпорацияның жұмыскерлері автоматтандырылған ақпараттық жүйеге нақты аударылған әлеуметтік аударымдарды жұмыс орнынан берілген анықтамада көрсетілген сомалармен салыстырып тексеру жүргізетін және сәйкес болмаған жағдайда өтініш берушіге нақтылау үшін құжаттар қайтарылатын», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ЗТМО дирекциясы директорының орынбасары Серікқан Сабыржанов. «Қазір, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлемдер мөлшерлерін тағайындау қағидасына енгізілген өзгерістердің арқасында жүктілігіне және босануына байланысты төлемдерді тағайындау автоматтандырылған ақпараттық жүйеде қамтылған нақты аударылған аударымдар бойынша жүзеге асырылатын болады. Жүктілігіне және босануына байланысты төлемдердің мөлшері есептелген және аударылған әлеуметтік аударымдардың дұрыстығына жауапкершілік көтеретін жұмыс берушіге тікелей байланысты екендігін есте сақтау қажет», - деп түсіндірді Сабыржанов.
Сонымен қатар, жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылу жағдайына әлеуметтік төлемдердің мөлшері соңғы 12 айға орташа айлық табысын еңбекке жарамсыздық күнінің санын отыз күнтізбелік күнге бөлу арқылы алуға болатын еңбекке жарамсыздық (науқастанған) күнінің саны коэффициентіне көбейтумен айқындалады.
Мысалы, әйел орташа айлық табысы 95 000 теңгемен 12 ай ұйымда жұмыс істеді. Еңбекке жарамсыздық парағы 126 күн болса, еңбекке жарамсыздық күні санының коэффициенті 4,2 тең. Демек, жүктілігіне және босануына байланысты біржолғы төлем зейнетақы аударымдарын шегерусіз 399 000 теңгені құрайды.
Зейнетақы мен жәрдемақы есептеу жөніндегі кез келген мәселе бойынша консультацияны қазақстандықтар 1411 тегін нөміріне қоңырау шалып алуына болады және сұрақтарын қоя алады.
Барлығы мемлекеттік корпорация арқылы жылдың басынан бері 97,5 мың жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындалды.
Оңтүстік Қазақстан облысы
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясы»
коммерциялық емес акционерлік
қоғамының баспасөз қызметі
Abai.kz