«Тілдарын» республикалық олимпиадасының ЕРЕЖЕСІ
«Тілдарын»
республикалық олимпиадасының
ЕРЕЖЕСІ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті (бұдан әрі – Комитет) үш тілді жетік білетін жастар арасында «Тілдарын» республикалық олимпиадасын (бұдан әрі - Олимпиада) жариялайды.
Олимпиаданың мақсаты: үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу.
Олимпиаданың міндеттері: Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру, тілді меңгеруге деген қызығушылықты ынталандыру, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу.
Олимпиаданың шарты: Олимпиадаға 18 мен 22 жас аралығындағы кез келген азамат қатыса алады. Олимпиада екі кезеңде өтеді: бірінші кезең – облыстық олимпиада; екінші кезең – республикалық олимпиада.
Олимпиадаға қатысушыларға мынадай тапсырмалар беріледі:
1) Берілген тақырыптың мазмұнын толық ашу;
2) Берілген тақырып бойынша эссе жазу;
3) Мәтінге ілеспе аударма жасау.
Олимпиадаға қатысушылар үш кезеңнен өтуі тиіс: бірінші кезең – қазақ тілін білу; екінші кезең – ағылшын тілін білу; үшінші кезең – орыс тілін білу.
Олимпиаданың міндетті шарты – алдыңғы деңгейден (кезеңнен) өткен қатысушы ғана келесі деңгейге қатыса алады. Олимпиаданың қорытындысы үш деңгейден өткен қатысушылар арасында жүргізіледі. Өңірлердің бас жүлде иегері республикалық кезеңге жолдама алады.
Олимпиаданың қорытындысын шығару. Қорытынды шығару кезінде: тілдерді меңгеру деңгейі; жазу сауаттылығы мен дыбыстардың дұрыс дыбысталуы; жауаптың оралымдылығы мен сапасы; жауаптың мазмұндылығы мен ерекшелігі; өзін-өзі ұстауы, берілген уақытын дұрыс пайдалануы ескеріледі.
Байқау қатысушыларының жұмысын бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамын Комитет анықтайды. Қазылар алқасының құрамы тіл мен әдебиет, педагогика салаларының ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнердің беделді қайраткерлерінен тұрады. Сандық құрамы 5 адамнан аспауы тиіс. Қазылар алқасының құрамы төрағадан және мүшелерінен тұрады. Қазылар алқасының жұмысына төраға басшылық жасайды, шешім шығарады және қазылар алқасының шығарған шешімі үшін жауапты болады. Хатшы қазылар алқасының шешімі бойынша хаттаманы рәсімдейді.
Олимпиада жеңімпаздары қазылар алқасының шешіміне сәйкес дипломдармен, алғысхаттармен және басқа да сыйлықтармен марапатталады.
Мекенжайымыз: Астана қаласы, Орынбор көшесі 8-үй, 15-кіреберіс, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті. Байланыс телефондары: 8(7172) 74-04-56, 74-05-10, 74-05-09 (тел/факс).
Абай ақпарат