«Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы салтанатты түрде ашылды
Оңтүстік қазақстан облысында Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай әйгілі сазгер атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауының ашылу салтанаты өтті. Ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков дәстүрлі ән фестивалі алғаш рет композитордың туған жері Отырар ауданында өтіп жатқанын айтып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың 1-2 кезеңдерінен өтіп, ақтық сынға жолдама алған 20 үміткер бүгін бақ сынауда. Ал бас жүлде және бірінші орын иегерлері Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән фестиваліне қатысуға жолдама алады.
Ән фестивалінде композитор, шәмшітанушы, қазылар алқасының төрағасы Қалдыбек Құрманәлі, мәдениет қайраткерлері Хадиша Шалабаева, Нұрлан Әділханов, «Өркен» ансамблінің көркемдік жетекшісі Өркен Рысдәулетов және халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Мәдіхан Дүйсеев қазылық етуде.
Айта кетейік, байқаудың 1-2 кезеңдері 29 маусым мен 5 тамыз аралығында Шымкенттегі «Көрме» орталығында өтіп, оған облысымыздың аудан, қалалары мен оқу орындарынан 17-29 жас аралығындағы 100-ге жуық үміткер қатысқан. Өнерсүйер қауым аудандық мәдениет сарайында ұйымдастырылған «Сағыныш сазын самғатқан — Шәмші» көрмесін тамашалады.
Ал байқаудың марапаттау рәсімі мен Гала-концерті туған топырақты тебірентіп, аспанын әнге бөлеу мақсатында тұңғыш рет Қазаққа ғасырлар өтсе де өнердің өлмес туындыларын сыйлап кеткен дара тұлғаның өскен ауылы — Шәмші Қалдаяқов ауылында өткелі отыр.
Гала-концертке Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен облыстық опера және балет театрының әншілері, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, облыстық әзіл-сықақ және сатира театры, «Оңтүстік-Цирк», Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдері және балет тобы қатысады.
Abai.kz