Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Әдебиет 5002 0 пікір 4 Тамыз, 2016 сағат 10:55

ЕКІ АҚЫН, ЕКІ ТАҒДЫР. ОРТАҚ ҚАСІРЕТ

Мағжанды тұңғыш тануым

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң Қазақстанда ерекше бір дүрбелең басталды. Азаттықты аңсап алаңға шығып ұсталып қалған жастардың бәрі аяусыз жазаланып, азаматтар қара тізімге ілігіп, жауапқа тартылып, қызметтерінен алынып, жұмыстарынан босатылып жатты.

Бір күні әкем үйге жұмысынан көңілсіз оралды. Әшейінде көзі күлімдеп, ақша бұлттай жарқырап жүретін әкемнің жүзі тұнжырап, қабағы түсіп кетіпті. Жүрегінде көңіл-күйін құлазытқан бір түйткілдің бар екенін үйге кірген бетте сездім. Інім Мағжан ойнап кеткен, шешем әлі жұмыстан келе қоймаған еді. Екеуміз ас бөлмеге кіріп, үнсіз отырып шәйімізді іштік. Сүт пісірім уақыттан соң көңіл-күйінің неге алғаржақтанып тұрғанын сездіргісі келгендей әкем екеумізге де ұнамаған үнсіздікті өзі бұзды:

– Олжастың жағдайы қиын. Дінмұхамед Қонаев туралы фильм түсірген соң, соның сүйікті адамдарының бірі болғансың деп, әркім бір тиісіп жатыр, – деді көңілінің неліктен құлазып қалғанын білдіріп.

– Олжас кім көрінгенге жалынан ұстата қояр ма екен? – дедім мен.

– Жалғыз ғой, – деді әкем әңгімесін әрі қарай жалғастырып. – Мұқағали айтпақшы – ұлы ақындардың бәрі жалғыз. Абай, Мағжан, Олжас, Мұқағали, Төлеген, Жұмекен – бәрі-бәрі…

– Мағжан деген кім? – дедім, бұрын-соңды әдебиеттен мұндай есімді кездестірмеген мен аң-таң қалып.

– Амангелді, сенің ақылың бар ғой. Ешкімге айтып қойма, Мағжан Жұмабаев деген қазақтың ұлы ақыны болған. Ұлым Мағжанның атын сол ақынның есімінен еншілеп қойғанмын. Кезінде досым Жарасқан Әбдірашевқа көптеген лирикалық өлеңдеріне бола «Мағжанның құйыршығы» деген айдар тағылып, оның басын дау-дамайдан әзер құтқарып қалғанбыз.

Мен сол күні шығармаларын оқуға тыйым салынған ақындардың да болатынын өмірімде бірінші рет естіп, таңғалдым….

Әкем Алаш арыстары, қазақ әдебиетінің сом діңгектері Ахмет, Міржақып, Жүсіпбектердің, әсіресе, поэзия патшасы – Мағжан Жұмабаев­тың ақталуын аңсап күтті. Әскерде жүрген маған жазған соңғы хатында: «Биылғы жылдың ең үлкен жаңалығы – Шәкәрім Құдайбердиев деген үлкен ақын ақталды. Абайдың шәкірті, Абай ауылында туған. Мен Семейдегі тойы­на барып қайттым. Алдағы үлкен үміт – Мағ­­жан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов (тор­ғайлық, «Ақкөл» совхозынан шыққан, отец мировой тюркологии болған), Жүсіпбек Ай­мауытов – драматург, осы үшеуі ақтала ма де­ген үміттеміз. Правительственная комиссия құрылып, мәселелері қаралып жатыр», – деген қуанышты хабарды жүрегі жарыла жаздап жеткізген еді.

Өкінішке қарай, әкем Мағжанның ресми түрде ақталғанын көре алмай кетті. Алайда, ол үкімет қаулысын күтпей-ақ Мағжан, Ахмет, Жүсіпбектер туралы «Олар халқына қайтып оралды» деген мақала жазып, оны өзі жұмыс істейтін «Парасат» журналына жариялап жіберді.

ӨЛІМНІҢ БӘРІ БІРДЕЙ МЕ?

Мағжан мен Кеңшілік ақынның тағдыры мен өнердегі мінезінде ұқсастықтар мен үндестіктер жетіп артылады. Кеңшілік те өлең өлкесіне Мағжан секілді салғаннан өз қолтаңбасын танытып келген ақын. Мағжанның өлеңдері қазақ халқының әйгілі қамқоршысы, жазушы Ғалымжан Ибрагимовті қатты толғантады. Әйгілі жазушы 1911 жылы шыққан «Қазақ қызы» романының бірінші бетіне 16 жасар Мағжанның «Айға» деген өлеңінің бір шумағын эпиграф етіп келтіреді:

«Кең дала көресің ғой мынау жатқан,

Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.

Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,

Әне сол анам еді мені тапқан.

Кеңшілік Мырзабеков те қазақ поэзиясына құбылыс болып келді. Жазушы Болат Бодаубаев 1971 жылы шыққан кітабына Кеңшіліктің 16 жасында жазған бір өлеңінің сегіз шумағын эпиграф етіп алған еді.

Өліара мезгіл… он алты жаста едік біз,

Өліара өтсе өруге жүрген елікпіз.

Сансыз табандар сарсылған дүние, сені біз,

Тауыса алмаспыз, армансыз кезсек дедік біз.

Жалғыз да жарым жорытпай жайық жапанға,

Тұяғы барлар туған соң тыныш жатар ма?

Қырық құбылып Құралай ертең өткен соң,

Құлындай ойнап шығамыз біз де сапарға.

Бұл екі ақынның тағдырындағы ұқсастық. Ал Мағжан мен Кеңшіліктің өнердегі мінездерінде де бірін-бірі толықтыратын үндестіктер мол. Соның бірі өлеңдегі мінез. Мағжан – ауыз­дығымен алысқан асау ақын. Ол көктегі Тәңір­ден басқа ешкімді мойындамайды, дүние-жалғанға асқақ қарайды.

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте – бұлт, жерде – желмін гулеген,

Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар?

Мағжан ақынның табиғатындағы осы мінезді Кеңшіліктен де көреміз. Дүние-сарайының кең екеніне кәміл сенген оның бойында да жұрттың бәрі секілді болуға көнгісі келмейтін тарпаңдық бар.

Табаным талай шоқ басып,

Қып-қызыл отқа күйді ерін.

Тарпаң ем тағдыр ноқтасын.

Салғызбай басқа сүйредім.

Кеңшіліктің жыр кестесіндегі ою-өрнектерге назар аударыңыз. Мағжанның интимдік ли­рикасындағы өлімді мойындағысы келмейтін тәкәппар мінез Кеңшілік поэзиясына да тән. Егер де жыр шайыры Мағжан:

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,

Надан адам өлім жоғын білмейді.

Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,

Қандай ессіз не қылдың деп тергейді, – деп жырласа, Кеңшілік ақын:

Өлімнің бәрі бірдей ме?

Жо-жо-жоқ, оған қарсымын.

Мен өлсем ертең гүлдейді

Тамырым мен менің талшығым – деп, тән өлгенмен, жан өлмейтінін айтып, бұл ойды толықтырып, одан әрі тереңдете түседі.

Сүйе беремін

Екі ақынның махаббат тақырыбын жырлауында да, әйел затына жан-тәнімен ғашық болатын жастыққа тән албырт мінездерінде де ғажайып үндестік бар. Мағжан да, Кеңшілік те бұл нәзік сезімді енесін аңсаған құлындай соншалықты беріліп, бар жан-тәнімен шынайы жырлайды. Мағжан әйелмен сүйіскен сәтінің бір минутына дүниенің бүкіл малын айырбастағысы келмей, ғашығының балдай тәтті құшағында тұншығып өлгісі келеді.

Әйел сүйем, бірақ емес сендерше,

Мен сүйемін жан-денесін бергенше,

Жан-денесін бірдей алам, улаймын,

Қысып сүйем құшағымда өлгенше.

Кеңшіліктегі махаббат тақырыбын жырлау­дағы қысылып-қымтырылуды білмейтін, бірақ әдепсіздікке бой алдырмайтын еркіндік те – Мағжан поэзиясынан жұққан қасиет. Оның сүйегі қурап қалғанша әйел затын сүюден танбайтынын жырлап, махаббатына маңдайын сүйеп өлгенді қош көретіні де сондықтан. Кеңшіліктің махаббат майданындағы күйге­лектігі де Мағжаннан аумайды: …

Сондықтан сүйем, сол үшін сүйем сонша көп,

Мұңнан да рахат, удан да уыз тамса деп.

Сүйе алмай, налып болғаным да бар

сонша әлек,

Сүйіп те қалып, күйіп те қалдым қанша рет.

ОРТАҚ ҚАСІРЕТ

Екі түрлі заманда өмір сүрсе де Мағжан мен Кеңшіліктің жүректерін жаншып, азап шеккізген ортақ қасірет болды. Ол – құлдық сана мен отаршылдықтың бұғауы. Мағжанның түбіне жеткен бір қауым бар. Ол – құлдық санадан арыла алмаған қара тобыр. Мағжан жұрттың бәрін бір шыбықпен айдап, бір ғана жолмен жүргізгісі келген мысықтілеулес қара тобырдың айтқанына көнгісі келмеді. Өйткені, Мағжан – елінің азаттығын аңсап айға атылған арыстан. 1923 жылдан бастап шайырға қарсы шабуыл қатты үдеп, шарықтау шегіне жетті. Пролетар сыншылары тарапынан оған қарсы жүргізілген күрес те қатал болды. Белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы ақынды ақтап алғысы келіп жасаған баяндамасы да аш қасқырдай алақтаған қара тобырдың екпінін баса алмады. Түйсіксіз надан қара тобыр қай кезде кімді тыңдап еді? Дәл Мағжандай болмаса да, Кеңшілік ақынға да құлдық санадан арыла алмаған қара тобырдың көрсеткен азабы мен шеккізген шері шаш етектен. Көзі тірісінде «Қыз», «Ерте келген күз», «Қара тақыр», «Қашардың өлімі», «Жапырақ» секілді толып жатқан төрт құбыласы түгел өлеңдерін жария­лата алмаған Кеңшілік ақынның нәзік жанын нала кемірді. Ақынды рухани мүгедек қылудың бұдан артық қандай амалы бар еді?

«Бүгіндері азды көпті творчестволық өмір­баянымызға көз тастасақ, әдебиетке тоқырау кезеңінде келген сол кездің сызы мен салқыны бойымыздан енді-енді біліне бастағандай. Сол кезеңде талай-талай өлең, балла­даларымның кездейсоқ баспа редак­торларының қолымен өңделіп-жөнделіп, қысқарып-ұстарып шық­қанын айтпағанда осыдан жиырма жыл бұрын жазған кішігірім бір кітаптық өлеңдерім жи­нақтан-жинаққа енбей, жолы болмай келеді», – деп шынайы поэзияның не екенін түсінбейтін қара тобырдың мәңгүрттігінен қапаланған Кеңшілік ақын амалы таусылып, өлерінің алдында ақ қағазға мұңын шақты.

БОЗ БИЕ

Қазақтың мойнындағы отаршылдықтың қамыты Мағжанның сорын қайнатып, жүрегін қан жылатты. Кеңес өкіметінің «жетістіктерін» жырлаудың орнына ақын тәуелсіздік таңының атпағанына қапаланды. «Мұңдылармен мұң­дасып, адасса ел деп адасқан» Мағжан ақын­ның жаны қазақтың қамын ойлап ышқына шыңғырды.

– Қанды жас жалау кімдікі?

– Кімнің ұлы құл болса,

Тұлымдысы тұл болса,

Қанды жас жалау соныкі,

Ендеше, қазақ сенікі!

Мағжан поэзиясынан сусындаған Кеңшілік ақында да отансүйгіштік рухтың айбыны басым. Отанын шексіз сүйетін ақын отаршылдықтың зардабынан Қазақстанның көделі ойы мен жусанды қырының ту-талақайы шығып, жыртылып тасталғанына қапаланып, боз бие болып боздады.

Нағашы ауылымның арасы бізден бір-ақ қыр,

Қозы-лағымыз қосылған шүйгін қырат бұл.

Тың көтерген жыл төбенің түбіт көдесін

Тарап әкетті тарақ табанды трактор.

Тың игеру науқанының қазақ даласына алып келген қайғы-қасіретін жырлаған ақын «Боз бие» балладасын он сегіз жыл бойы жариялата алмады. Бұл туралы Кеңшілік ақынның өмірінің соңғы сәтінде жазылған естелігінде мынандай жолдар бар: «Мен бесіктен белім жаңа ғана шығып, әдебиетке әлі толық келіп үлгермеген кезімде «Тың жыртқан жыл немесе боз бие» деген дүние жаздым. Осы өлең­ді он сегіз жыл жариялата алмай жүріп-жүріп 1985 жылы ақын Иранбек Оразбаев «Жазушы» баспасында менің жинағыма редактор болған кезде әрең шығардым. Ал қазір тыңның экологиясы туралы айтып жатырмыз. Мәселе көтеріп жатырмыз. Шыбын жанымыз шырқырауда. Ал мен, мақтанғаным емес, сол проблеманы жиыр­ма жыл бұрын, бала ақын кезімде жазыппын. Бірақ, дер кезінде бастыра алмадым».

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320