Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7109 0 пікір 2 Тамыз, 2016 сағат 11:48

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ. КЕШЕГІ ҚАТЕЛІК ТҮЗЕЛЕ МЕ?

Ел тілегін орындау қажеттігін Жер комиссиясындағы агрессивті-үкіметшіл көпшілік түйсіне бастаған секілді. Маған солай көрінеді. Ұлтшыл-мемлекетшіл азшылықтың уәждері комиссия отырысына қатысқан жер-жердегі халық өкілдерінің пікірлерімен үндесіп жатқаны, қанша дегенмен, оларды да ойландырса керек. Бұдан мүшелден астам уақыт бұрын, дәлірек айтқанда, қазіргі күшінде тұрған Жер кодексінің жобасы талқыланған айларда, бүгінгі тілге тиек етулі жағдаяттың бәрі сөз болған еді, бірақ билік тармақтарының қай-қайсысы да  оларды елең қылмай, парламент Кодексті 2003 жылдың жазында қабылдап тынған. Халықтың шешімін тауып бітпеген ұлттық мәселесінен туындаған тілегін ескермей шығарған заң, баршамызға белгілі,  түптің түбінде халық мүддесіне  қайшы екенін көрсетті. Енді соны түзеуде батылдық, шешімталдық, әділеттілік танытылса дұрыс болар еді. Көңілге Жер кодексінің жобасы ұялатқан күдік Кодекс бекіп, күшіне еніп, жұмыс істеп тұрған бүгінгі күні де сейілмей, бұрынғысынша өзекті боп тұрғандықтан, сондағы мақаланы назарға қайта ұсынғанды жөн көріп отырмын...


«ШАЛА ДА ҚАТЕРЛІ ҚҰЖАТ ЖОБАСЫНА ҚАРСЫЛЫҚ. Халық пен билікті Тілек бірлігі біріктіреді. Өкінішке қарай, жер мәселесінде бұлар екіге жарылып тұр. Өйткені Тілектері бір емес. Биліктің жерді сату пиғылы көпке ұнаған жоқ. Бірақ жер-суды саудаға салуға бекінген өкімет қарашаның онысын жақтырмағанын елегісі келмеді.  «Ит үреді, керуен көшедінің» керімен, өз бағытынан тайған жоқ. Алайда оның өз бағытын заңдастырмақ ниеті халық тарапынан кері қағылғалы қай заман. Жер кодексінің жобасын жариялауынан көп бұрын. Соған қарамастан, халық қабылдамаған жоспарын басқарушыларымыз қилы тәтті қулықпен орап-әдемілеп,  болашағымызды құратын құжат ретінде алға тартқалы да айдан асты. Қанша сынға ұшыраса да, халық тілегіне қаншама кереғар болса да, алған бетінен қайтар емес.

Қазір нақты шешім жасаудың (әрине, парламентте қабылдатудың) шешуші шараларының бірін (тұрақты демократиялық кеңес атты құрылымның ұсынысын әзірлету саласын) іске қосып қойды. Енді «жерді базар (рынок) айналымына түсірудің пайдалылығын» ғалымдар, «демократтар» бірлесіп дәйектеп, халық қалаулылары ордасында парламенттік көпшіліктің тиісті заңды қабылдауына маңызды жәрдемін береді деп тосу ғана қалғандай.

Дегенмен, сол тұрақты кеңес те, мәжілісшілер де, жобаны ұсынушы үкімет те тағы бір рет сәл-пәл ойланып қалар деген үмітпен, осы жолдарды назарға ұсынуды жөн көріп отырмын. Себебі, болашақ өмір үшін (тәуелсіздік үшін!) аса қауіпті заң қабылданғалы тұр. Ал бұл ешкімді жайбарақат қалдырмаса керек.

Әркім-ақ көз жеткізе алады, Жер кодексі жобасының бабтары арасында қазақтың ұлттық мемлекеттілігін жоюға жол ашатын саңылаулар жеткілікті. Мәселен, жер пайдалану құқығының субъектілері (30-баб) қатарында шетелдік заңды тұлғалардың болмағы ап-ашық жазылғаны өз алдына, шетелдіктердің қазақ жерінен жеке меншік пұшпақ (қандай көлемде екенін ниеттеріне заңды оңтайластырып пайдалануға шеберлердің өздері ғана білер) иеленуіне осы бабта тізбеленген қазақстандық жекешелердің де, заңды тұлғалардың да, «бастапқы» жер пайдаланушымен иін тіресе тұрған «кейінгі» жер пайдаланушылық та – әрқайсысы өзіндік тәсілмен «жасыл шам» жағып қоймасына кім кепіл.

Еске алып қойыңыз – халқымыздың үштен бірі бүйіріміздегі алып көршіміздің бауырлары, сондағы айқайшыл саясаткерлердің қамқорлық аясына кірер әрі үміт артар «бесінші колоннасы». Жатсынды деп бізге кінә арта алмас, отандастарымыздың бүйрегі солай қарай бұратыны анық. Айыптау қате – тарихи отаны. Ана жылы бір саясатшысының айтқанындай, әлгі үштен бірдің миллионының қолында ресейлік паспорт бар. Тап сол себепті қазір шекараға тақау белгілі ауыл Ресей құрамына өтпек. Кейбір өнеркәсіпті қала тұрғындары да сондай ұмтылыс танытуда. Тура осы Алматыда – туғалы Ресейді көрмеген, кәмелетке енді толған балалардың қолында Ресей паспорты жүр. Бұған сонау патша заманы бастап, кеңестік дәуір қостап, ең шұрайлы қазақ жерлеріне сол ағайындарды түбегейлі орнықтырғанын косыңыз. Соны ойлағанда – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде тауарлы астық өндіру, орман өсіру (24-баб) тізгіні қандай жекеменшікшілдердің қолына түспегін шамалау қиын емес.

Ал қалтасы тесік кедей қазақ, мықтағанда соларға жалданады. Шынтуайтында, ол да екіталай. Иә, оны жұмысқа ала қоюларының өзі күдікті, қисындырағы – аталған шаруаларды атқарту үшін меншік иелері «өз жерлеріне» өз қандастарын қоныстандыруға тырысады, бұл өз-өзінен түсінікті.

Сонда ел иесі аталатын халыққа резервацияларында күнкөріс қамымен азып-тоза беру қалады. Үйдің ішін сыртта жүрген үй иесі емес, ішінде отырған нақты тұрғын жақсы және қалауынша жайғастырады... Айналып келгенде, бұндай ахуал 20-ғасырдың басындағы езгі мен қыспақ, құлдық салдарынан орын алған «аграрлық төртіпсіздіктер» деп аталған халық наразылығынан жүз жылдан кейін, үстіміздегі осынау жаңа ғасыр басында қайта бой көтеруіне жол ашады.

Тарихқа көз салып отыру ләзім. Әрбір халық қалаулысы, билік буындарын ұстап отырған мемлекеттік қызметші өзін тарихпен тәрбиелеуге тиіс. Ал тарихта үлгі аларлық сәт жетеді. Әлгінде ауызға алған «аграрлық тәртіпсіздіктер» (жер алпауыттары пайдасына жер өңдеп құлдық өмір кешкен тіршілік бұрқ еткізген наразылық) бір ұшымен қазақ жерін де қамтыған-ды. (1891 жылғы Дала низамы бойынша қазақ жері Ресей мемлекетінің меншігі деп жарияланған. Мемлекет өз меншігінен астанадағы аксүйектерге сыйға жер кесіп бере бастаған. Сөйтіп, өмірінде Қазақ Елін көрмеген князьдердің бірқатары сырттай-ақ оның ішінен, шұрайлы атамекенінен айрылған қазақ есебінен, меншікті жерге ие болып, жалшысына жалшы, байлығына байлық қосып масайрап қалған).

Бірінші орыс революциясы дауылдатқанда, әділет туралы айқын түсінігі бар адал мемлекеттік шенеуніктердің арасында «аграрлық тәртіпсіздіктердің» түп-тамырына үңіле білгендер, сөйтіп үкіметке әділ шешім жолын көрсеткендер болды. Жер жөніндегі бас басқарушы князь Кутлер алпауыттардан жер-суды ешқандай өтеусіз тартып алып, белгілі бір үлеспен шаруаларға үлестіру жоспарын ұсынды. Алғашқы екі Мемлекеттік Дума да жер хақында әділ заң шығаруға міндеттенді.

Ал әділетті ниеттерге патшаның қандай әрекетпен жауап бергені баршаға мәлім. Патша қош көрген қоныс аударушылар легі қазақты тақырға қуып шықты. Кейін оны революциялық өкімет жөндеймін деп, халықты өтірік уәдесімен алдаусыратты, іс жүзінде қилы саяси науқанымен көшпенді елдің тоз-тозын шығарды.

Бүгінгі Тәуелсіз Елдің жаңа Жер кодексінің жобасы сондағы қылмысты қателіктер мен бұрмалауларды түзетудің орнына, тереңдете түсетін түрі бар. Қабылданған жағдайда ол жаңа алпауыттардың пайда болуына заңды жол ашады. Тиісінше – жаңа әділетсіздік, қанаушылық, оған қарсы тууы ықтимал (жоқ, міндетті түрде туатын!) қарсылық, (жаңа «аграрлық тәртіпсіздіктер!) негізін қалайды. Ал алпауыттар мен жер иеленушілер шетелдік болған жағдайда (күні бүгін қазақстандық отандасымыз дейтін орыс ағайындардың Ресей шекарасына тақау тұратындары өз төл отанына қосылу әрекетінде жүргені – Огнеупорныйды, Жетіғараны алыңыз – қанша жасырсаң да, ертең аныққа шығатын нәрсе) – елдік нышанды жоғалтар кезімізді тақалта түседі.

Сонымен, бұл құжат жобасы – елбұзарлық шаруаны заң жолымен атқаруға жол ашатын жоба. Құжаттың тап соған қызмет ететініне, Кодекс жобасының, әсіресе, 13–15-бабтарымен танысқанда көзің жете түседі. Мұнда Үкімет құзыретіне жерді қорғау мен пайдаланудың негізгі бағыттарын әзірлеу, мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингін жүргізу тәртібін белгілеу, т.т., жер ресурстарын басқару органына осы орайдағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу, т.т. нақты практикалық іс-шараларын жүзеге асыруды жүктеу көзделген.

Демек, жер сатқысы келетін шенеуніктердің қолында әзірге заңмен бекітілген бірыңғай мемлекеттік саясат жоқ, оны жасау тек жобалануда. Және ол іс-дағдымен (жерді бөліске салумен, дұрысында, осыған дейін бөліп беріп қойғандарын заңдастырумен) қатар жүретін сияқты. Ендеше, жер іс жүзінде баяғыда-ақ бөлініп кеткен деген жаны бар қауесеттерді есепке алсақ, мемлекеттік саясатты жасап-бекіту – мәселенің соңына, атқарылған істі растай салуға қалдырылған. Яғни бұл жәйт Қазақстан Республикасының Жер кодексі жобасы қазақ халқының ұлттық-мемлекеттік мүддесіне жауап бермейтін залалды құжат болғалы тұрғанын дәлелдей түседі.

Қазір халық жер сатуға жаппай қарсы (жекелеген билікке қызмет етушілер мен жер иеленушілердің бұл шараның «пайдалылығына» екпін қойып, жанталаса үгіттегеніне қарамастан). Ал талқылауда жүрген Жоба жерді сату түгіл, ұзақ мерзімге пайдалануға бергеннің өзі қазақ халқына қарсы жасалған қиянатты түзетпейтінін, қайта оны терендете түсетінін көрсетіп отыр. Жоба шикі.

Оның қабылдануына халықтың келіспейтіндігі «Бар мен жоқ» телехабары («Қазақстан» ұлттық телеарнасы, 28. 02. 2003) жүргізген сұрау салуда айқын көрінді: хабарласқандардың 73 пайызы Жер кодексі жобасын қабылдамау жағында екен. Жоба оны жасаушылардың жер қатынасы сынды күрделі мәселеге басынан емес, аяғынан келгенін, керуен соңына ілесуші болып қана кірісіп отырғанын көрсетіп отыр.

Демек, Жер кодексінің жобасы Мәжіліс талқылауынан кері шақырып алынуға тиіс. Егер біздің Үкімет тарапынан ондай арлы батылдық көрсетілмесе, онда Парламент оны қабылдаудан бастарту керек. Әйтпесе Елбасы араласқаны жөн. Жәй ғана кері қағу аз, жерді пайдаланудың базалық параметрлері ашып айтылатын, Жер кодексін дұрыс жасауға негіз боларлық құжат қабылдау қажет.

Шартты түрде оны «Қазақстан Республикасының жер саясаты» деп атайық. Міне сол құжатта ұлттық мемлекеттіліктің іргетасын нығайту көзделетініні басты парыз ретінде атап айтылып, үлкен әріппен жазылатын Қазақ Мемлекетінің жер жөніндегі негізгі мақсат-мүддесін тұжырымдау ләзім. Айқын, нақты саяси тұғырнамасы болмай тұрып, әйтеуір «жеріңді кепілдікке қойып, банктен ақша аласың» деген, қазіргі таңда күмәнділігі басым экономикалық желеумен, ел ерекшеліктерін ескермей, түбінде елдіктен айрылуға апаратын заң қабылдауға жол беруге болмайтыны кім-кімге де түсінікті болса керек.

Ал қазақтың әрең қолы жеткен ұлттық мемлекетін нығайтудың қиын да дұрыс жолы, мемлекеттік жер саясатында ерекше қадап айтылуға тиіс жәйт – өз елінде құнарсыз шалғайларға шығып қалған, кеңестік бұрмалаулар кезінде шетел асып кеткен халықты ең алдымен жерге орналастыру болмақ керек.

Қазақстан Кеңестерінің 1925 жылғы Бірінші (бесінші) Ақмешіт съезі қазақтарды жерге бірінші кезекте жайғастыру хақында тарихи қарар шығарған-ды, оны орындауға орталықтағы әсіре большевиктердің жергілікті шолақ белсенділерге сүйене отырып мүмкіндік бермегені белгілі.

Енді, мемлекеттік тәуелсіздік жағдайында, тәуелсіз ел өз халқын қорғай алмайды дегенге кім сенбек? Онда тәуелсіздікті несіне алдық деген орынды сұрақ тумай ма ел-жұртта. Егемендікке лайық болу шарт. Бұл істі қазақстандықтардың ешқайсысын ренжітпей, құқын шектемей жүргізуге болады, соның қисынын құжатта таратып баяндау ләзім. «ҚР жер саясаты» елде осы уақытқа дейін орын алған жер бөлістің жалғастырылуына шұғыл тыйым салуға тиіс. Бұрын бөлініп-сатылып кеткен жерлерді пайдалану Жер кодексі қабылданғанға дейін жалға берілу құқымен жүре беретіні ескертіліп, жерге меншік құқының жаңаша, заңды нормамен қайта қаралатыны дәлелдену керек. Сөйтіп, жер қатынастарын ескіше дамытуға мораторий жариялау жөн.

Халыққа таратылған шартты жер үлесін мораторий кезінде мұқият тексеріп, ешкім (елдегі, шеттегі) қағажу қалмайтындай әділдікпен рәсімдеуді аяғына жеткізу дұрыс. Мәселе тек әркімге шартты үлесін қағаз жүзінде үлестіріп беруде емес, сол шартты үлесімен әркімді нақты жерге бекітуде екенін ашып айтып, жүзеге асыруды көздеуде жатыр. Тауарлы астық өндіру алқаптарын, орман-тоғайды беймәлім заңды тұлғалар емес, шартты жер үлестерін біріктірулері арқылы өз бірліктерін дүниеге әкелетін халық иеленуге тиіс. Ондай жерлерде жұмысты ұйымдастырып-басқаратын заңды тұлғаны солар құруға керек. Бұл істе жариялылық болсын. Сонда халықта реніш тумайды. Есесіне, халықтың өз қалаулыларына, Үкіметіне деген сенімі артады. Тілек бірлігі орын алады. Ал оның ел тәуелсіздігін нығайтуға бекем кепіл болары хақ.

2 наурыз 2003 ж».                                                                                                         

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371