МӘСІМОВТІҢ ҮСТІНЕН ІІМ-ГЕ ШАҒЫМ ТҮСІРДІ
Жақында «Азаматтық патруль» белсендісі Премьер-министрдің үстінен ІІМ-ға шағым түсірді,-деп жазады motor.kz сайты.
Аталған сайттың жазуынша, белсенділер ҚР Үкімет басшысының жол ережесін өрескел бұзғандығы үшін, әкімшілік жазаға тартылуын талап еткен.
Шағым иесінің талабында ҚР Премьер-министрі Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов Халықаралық автомагистральда велосипедпен жүрген.
«Екі күн бұрын Премьер-министрдің «Instagram» желісіндегі жеке парақшасында автомагистраль үстінде велосипед теуіп жүрген суреті жарияланды. Ал суреттің төменгі жағында «велосеруен» деп жазылған. ҚР Жол жүру ережесінің 16.1.1 тармағында автомагистральдерде велосипедпен жүруге тыйым салынған. Сондықтан Қазақтан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабына сәйкес 5 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салынуы керек»,-делінген шағымда.
Портал мәліметіне сүйенсек, «Азаматтық патруль» белсендісінің шағымын ҚР ІІМ-і электронды үкіметтің порталына тіркеп қойған.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын «Abai.kz» порталы Премьер-министрдің велосеруенге шығып, автомагистральде түскен суретін сынаған мақала жазған болатын.
Қоғам әм мемлекет әрқашан тәртіпке негізделіп тіршілік етеді. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни, мемлекеттің де келешегі болмайды. Ал сол тәртіп, қағидаттарды жоғарғы лауазымды шенеуніктердің өздері елемесе не болады? Әлде кодексте көрсетілген ереженің күші Мәсімовке жүрмей ме?
Елбасымыздың өзі қоғамдық құқық бұзушылықпен күресті күшейтуді тапсырғанда Мәсімовтің мұнысы несі? Белсенді шағымынан кейін ІІМ Премьер-министрге қатысты шара қолдана ма?
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz