ЕЛБАСЫҒА КИІМ ТІГЕТІН КӘСІПОРЫН
«Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» кәсіпорны ел нарығында 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Бұл кәсіпорынның аз уақыттың ішінде үлкен танымалдыққа ие болуының сыры неде? Бұл сұраққа "Айқын" газетінің тілшісі жауап іздепті. Біз отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету мақсатында осы мақаланы оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.
Отандық KLP бренді өнімдерін кімдер тұтынады? Кәсіпорын өнімінің сұранысқа сай болуына не себеп? Міне, біз бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көргіміз келеді. Бірден айта кетейік, компанияның тұрақты тұтынушысының бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Иә, бұл рас. Елбасы соңғы жылдары костюм, көйлектен бастап аяқкиімге дейін осы кәсіпорынға арнайы тапсырыс беріп келеді. Мемлекет басшысы отандық кәсіпорын тіккен костюм мен көйлек, 42-өлшемдегі «Оксфорд» және «Лоферы» үлгісіндегі аяқкиімімен талай мәртебелі меймандармен кездесіп, мемлекеттік маңызды мәселелерді шешкеніне дау жоқ. Made in Kazakhstan деген белгісі бар KLP бренді өнімдеріне қазір Үкімет мүшелері, депутаттар, саясаткерлер, министрліктегі өкілдер арнайы тапсырыс бере бастаған.
– Мемлекеттің бірінші басшысына арнап киім тігу – өте жауапты жұмыс. Біздің кәсіпорын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап бірнеше рет тапсырыс орындады. Бұл біздің жауапкершілігімізді бірнеше есе арттыра түсті десек болады. Өніміміздің сапалы болуына бұрынғыдан да мұқият қарауға барымызды салып келеміз, – дейді «Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ЖШС директоры Айбек Бектұрғанов мырза.
Бұл кәсіпорын алғашында Қарулы Күштер құрылымдарына, өнеркәсіптік компаниялардың жұмысшыларына, медицина қызметкерлеріне сырт киім мен аяқкиім тігуге мамандандырылған. Өнімнің негізгі түрі де осы болды. Бүгінде компанияның жеке өз жобасы бойынша өндірістік цехтары, әкімшілік және қойма орындары бар. Әлемдік жетекші өндірушілердің жоғары технологиялық қондырғысын жөндеп іске қосу, монтаждау жұмыстары жүргізілді. Қызметкерлердің саны толықтырылды. Қазіргі таңда отандық кәсіпорында 400-ден астам маман жұмыс істейді. Олардың бәрі өз ісінің нағыз білгір маманы. Реті келіп тұрғанда айта кету керек, кәсіпорын басшылары келешекте фабрикада тұрақты жұмыс істейтін жастарды еңбекке тартуға аса мән береді. Әсіресе, білім алып жүрген жастардың ішінде салаға бейімі бар, ертеңгі күні жұмысты алып кете алатындарға ерекше көңіл бөлініп, оларды мүмкіндігінше өз қатарларына қосып алып, білмегенін үйретіп, тәрбиелеп келеді. Жастайынан осы кәсіпке ден қойып, білікті мамандардан тәрбие алған олар ертеңгі күні осы кәсіпорынды алға жетелейтініне сенім зор. Кадрларды таңдау мәселесі үнемі басты назарда. Бүгінде фабрикада білікті технологтар, сәнгер-конструкторлар, тігіншілер, киім пішушілер, аяқкиім тігушілер, басқа да көптеген мамандар жұмыс істейді. Компания өз қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жақсартуға үнемі атсалысып отырады. Жаңадан келген мамандарды оқытып, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кызметкерлердің біліктілігін арттыру дәстүрге айналған. Бір қуанарлығы, кәсіпорын өздеріне қажет мамандарды даярлауды қазірден қолға алған. «Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ЖШС жанында «Шебер» оқу орталығы жұмыс істейді. Бұл оқу орнында тігін және аяқкиім өндірісі саласына қажет мамандарды оқыту және қайта даярлықтан өткізу жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі таңда үнемі ізденісте болмасаң тұтынушының сұранысына сай өнім шығару мүмкін емес. Тұтынушы сұранысын дер кезінде және сапалы орындау – кәсіби мамандардың біріккен тобының іскерлігінің нәтижесі. Бұл – компанияның мақтанышы.
– Біздің кәсіпорын жылына 1,5 миллион тігін өнімдері мен 500 мың жұп аяқкиім шығарып отыр, – дейді компания басшысы Айбек Бектұрғанұлы. – Әртүрлі көлемдегі жұмысты дер кезінде орындауымызға бізде барлық мүмкіндік бар. Өндіріс цехтары, әкімшілік және қоймалық бөлмелер, еліміз бойынша ешбір кәсіпорында жоқ Германия, АҚШ, Жапония, Италия мен Қытайдың заманауи, автоматтандырылған құрал-жабдықтары, сапалы материалдар тұтынушыға тоқыма бұйымдарынан бастап аяқкиімге дейін өндіріп беруге жағдай туғызып отыр. Тұтынушы өзіне керекті киім-кешек пен аяқкиімнің бәрін бір жерден алып кете алады. Қазір бұрынғы арнайы және әскери киімдерге қосымша ерлер мен әйелдердің кеңселік костюмдерін, жейделер, оқушылардың мектеп формасы, аяқкиімнің түр-түрін, атап айтқанда, етік, туфли, бәтеңке, әскери қонышты бәтеңкеден үй ішінде киетін жеңіл аяқкиімдерге дейін шығарамыз. Өндіріс ауқымы үлкен. Бұл сәйкесінше, тауар бағасының құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Өнімдеріміз сапалы, сондықтан да бәсекеге қабілетті дей аламыз. Жасыратыны жоқ, ел нарығында импорт тауарлардың салмағы басым болып тұр. Мақсатымыз – импорттың орнын басу. Біз орташа және жоғары топқа арнап киім шығарамыз.
Кәсіпорын орналасқан Алматы шаһары бүгінде еліміздегі ең ірі бизнес орталығы. Бұл жерде бәсеке жоғары. Дегенмен кәсіпорынның Қазақстанның ең ірі мегаполисінде қоныс тебуі өнімді өткізуде тиімділік тудырып отырғаны жасырын емес. Алматы қаласынан еліміздің кез келген аумағына авто, әуе, темір жол арқылы тауар тасымалдау тұрақты жүзеге асырылады. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде, өнімді ең қысқа мерзімде жеткізіп беруге мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда кәсіпорын Алматыдағы ең ірі салық төлеуші және жұмыс берушілердің қатарында.
Компания өз жұмысын бастағалы бері шикізатпен жабдықтаушылар мен өнімді сатып алушылардың арасында сенімді серіктес бола білді. Айбек Бектұрғанұлының айтуына қарағанда, компания өз әріптестерімен тығыз және ұзақ мерзімді қарым-қатынасты жолға қойған. Бұл компанияның нарықта өз орнын ойып тұрып еншілеп, одан әрі дамуына байланысты көптеген жоспарлардың жүзеге асуына мүмкіндік тудырады. Бір айта кетерлік жайт, кәсіпорынның бірден аяққа тұрып, жұмысты бастап кетуіне себеп болған мемлекеттік мекемелерден арнайы киімге тапсырыс болуында. Өйткені тұрақты тұтынушының болуы өнім өндіруші үшін ең маңызды мәселе.
«Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ЖШС өз жұмысын бастаған аз уақыттың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай біраз жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді.
Кәсіпорын Астана қаласындағы көрме-форум қорытындысы бойынша «NADLoC жергілікті құрамды дамыту бойынша Ұлттық агенттігі» АҚ берген «Қазақстанда жасалған» сертификатының иегері; «Қазақстанның үздік тауары – 2015» аймақтық көрме-конкурсының жеңімпазы; «Қазақстанның үздік тауары – 2015» республикалық көрме-конкурсының жеңімпазы; Тігін және аяқкиім фабрикасының директоры Айбек Бектұрғанов «Нұрлы жол» номинациясының және «Жыл патриоты – 2015» конкурсының жеңімпазы деп танылған. ЖШС-ның стратегиялық мақсаты – қазақстандық жеңіл өнеркәсіп нарығын бәсекеге қабілетті отандық өніммен қамтамасыз ету. Осыған байланысты тұтынушылар сұранысы мен қанағаттану деңгейін бағалау бойынша маркетингтік зерттеулер жүргізілуде.
Әлемдік нарықтағы қиын ахуалға қарамай еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласы біртіндеп қарқын алып келеді. Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында жыл сайын өсім байқалды. 2015-2019 жылдарға арналған Жеңіл өнеркәсіп саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Мемлекет тарапынан осындай қолдаудың болуы өндірісшілерге дем беріп, жұмыстарының алға жылжуына сеп болып отыр.
Жыл басында Алматы қаласында тамақ, химия, ағаш өңдеу, жеңіл және құрылыс секторында бес жаңа жоба индустрияландыру картасына енгізілген. Соның бірі – «Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ЖШС-ы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласына инвестиция, әсіресе, шетелдік инвестиция тарту жайлы тапсырмасы бар. Бұл жобалар осы тапсырманы ойдағыдай орындауға негіз болады деген сенімдеміз.
Іскер басшы Айбек Бектұрғанов Алматы қаласы мен республикалық көлемде қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады. Фабрика ұжымы ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының, ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары одағының, «Қазақстанда жасалған» тауар өндірушілері мен кәсіпкерлері қауымдастығының мүшесі. Кәсіпорында шығарылатын өнім түгелдей СТ-KZ сертификатын иеленген.
Негізі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық өндірушілерді қолдау қажеттігін үнемі айтып келеді. Мұны нақты өз іс-әрекетімен де дәлелдеп отыр. Сондықтан табиғи таза өнімнен жасалған, бағасы да көңілге қонымды өз өнімдерімізді алуға асығайық. «Көп түкірсе көл» демекші, әрқайсысымыздың қолдауымыз арқылы отандық өндірістің жандануына үлес қоссақ, бұл экономикамыздың дамуына үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Гүлнар Жұмабайқызы
Abai.kz