«МӘҢГІЛІК ЕЛ» идеясы мыңжылдықтарды қамтиды
Бүгінде буыны бекіп, қабырғасы қатайған Қазақстанның келешегі кемел. Іссапарларға шыққанда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының сарабдал саясатын сөз етеді. Әсіресе, мемлекет басшысының мына сөзіне ерекше тоқталады. «Біз үйренуші елден үйретуші елге айналамыз». Қалай? Тәуелсіздік алғанымызға – 25 жыл. Ширек ғасырда кімге қандай жол көрсете аламыз? Тарихтың уақыт айналымына салсаң, бұл көп уақыт емес. Бірақ біздің аяқтағы «тұсауды» ағытып, бостандық ауасын жұтқанымызға жиырма бес жыл болғанымен, тарихымыз тым тереңде. Сонау сақ, ғұн, үйсін тайпаларынан бастау алатын Қазақ елі Түрік қағанаты уағында қытайларды уысында ұстаған. Көрші елдегілер жібек матаны сый ретінде біздің қағандарға керуен-керуен етіп жіберіп отырған. Ал Алтын Орданың жөні бөлек. Рухы биік Бату хан орыстардың өзіне сөзін жүргізіп отырды. Қат-қабат кітаптарды парақтасаң, қазақтардың қашанда өршіл, біреудің табанында езгіленгенді тәуір көрмейтін ел екенін бірден байқауға болады. Түрлі құнды мәліметтеріміз тасқа қашалып қалдырылғаны да белгілі. Орхон-Енисей ескерткішін еске түсірсеңіз болады. Бүкіл түркі қауымы тағзым ететін Қорқыт Атаның өзі неге тұрады? Қайбір жылы баба ескерткішінің басына келген немістердің өзі Қорқыт Ата құдіретіне бас иіп кеткен. Себебі жоғарыдан төмен орнатылған түтікшелер арқылы желдің уілімен қобыз үні естіледі. Мұндай деректер айта берсең көп. Соның бәрін санасына сыйдырған Елбасы өткен жылы өзінің «Мәңгілік ел» идеясын ұсынды. Бұл идея көз алартып, бір саусағын ішіне бүккен сыртқы жаулардың да ішкі ызасына берілген жауап болды. Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойғы арманына айналған, сонау Алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат дүние болатын. Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі - Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Бұл сөздерді Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтты. Идеяның басты мақсаты еліміздің ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы екендігін де қаперге ілді. Білсеңіздер, әлемді идея билейді. Қоғамдағы жұмысшы тап өкілдері болсын, саясаткерлер болсын, өздерінің не үшін, кім үшін жұмыс істеп жатқандықтарын жақсы білуі тиіс. Сондықтан оларды ортақ іске жұмылдыратын негіз керек. Сұранып тұрған сәтте, мемлекет басшысы «Мәңгілік ел» идеясын ортаға тастады. Тәуелсіздікті одан әрі баянды ету, дағдарыстың дауылына құламау сынды қағидаларды да атап өтті. Осыдан 13 ғасыр бұрынғы Тоныкөк абыздың өсиетін тегіс елдің есіне салды. «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел». Жалпыұлттық идеяның өзегі де осы. Біз сөз барысында неге тарихқа тоқтала береміз? Себебі «Мәңгілік ел» идеясының өзі тұнып тұрған тарих. Біздің қайсарлығымызды, ержүректілігімізді, ешкімнен кем түспейтіндігімізді Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясымен бір таныссаңыз, суға сүңгіп шыққандай күш аласыз. Өйткені адам қуатты ертеңгі күнімен ғана емес, өткен күнімен де алады. «Біздің ата-бабаларымыз мықты болған екен, неге біз осал болуымыз тиіс?» деген сауал сана саңылауынан еріксіз ытқып шығуы да заңдылық. Біз өткен тарихымыздан үлкен күш алуымыз керек. Қорқасоқтауға негіз де жоқ. Бабаларымыздың батырлығы жыр-дастан. Олардың жүрек жұтқандығын жыршыларымыз таңды таңға ұрып жырлайды. Біз білекті сыпырып жіберіп, жауға ғана шабатын халық емеспіз. Біз, сондай-ақ, өзге ұлттың алдында білімділік бойынша именбейтін халықпыз. Осы ретте Алаш зиялыларын айтпай кетсек ұят. Өткен ғасырда қазақ интеллигенциясы бас біріктірді. Олар түрлі салалар бойынша жетістікке жетіп, отаршыл Патша үкіметінің таңдайын қақтырған кездер болды. Мамандығы орманшы болса да баспасөзге етене араласып, Қазақ даласына жасалатын экспедициясының түпкі мақсатына жету үшін Әлихан Бөкейханов басын бәйгеге тікті. Қазақ даласын зерттеуде орыстардың нені ойға алғанын білуді мақсат тұтты. Өзі отар елдің оғланы болса да, қолда күші бар билікке шарттарын қоя білді. Ресейдің Мемлекеттік Думасынан қазақтардың да қара көрсетуі керек деді. Оқыған азамат заңмен жақсы таныс еді. Тіреп тұрған әкесі, арқа сүйер көкесі болмаса да қазақтардың зіл батпан мәселелерін арқалап, талай есікті тоздырды. Сол жылдары сауатты қазақтардың үлесі он пайыз ғана болатын. Соған қарамастан, Бөкейханов секілді елжанды азаматтар халықтың қамын жеді. Осындай азаматтардың өмір жолы «Мәңгілік ел» идеясын одан әрі жүзеге асыруға құлшынысты арттыра ма? Арттырады. Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейтін жастарымыз бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздіктің туын жықпай, желбірете білуі тиіс. Өйткені, бабаларымыздың ұлан-байтақ жерін қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап-қадірлегенін білеміз. Жастар сондай текті ұрпақтың ұрпағы екендіктерін сезініп, осы «тәуелсіздік», «мәңгілік ел» ұғымдарын саналарына сіңіріп, қастерлеуге міндетті. Жаңарудың, өміршеңдіктің негізі жастарда. Бұл үшін азаматтар тәлім-тәрбие мен ғылымға баса мән беріп, біліммен мықтап қарулануы қажет. Елдің экономикалық, рухани жағдайының дамып, өркендеуі, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру елдің білім деңгейімен де тығыз байланысты. Қазіргі кезде бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылып та жатыр. Жастар «Болашақ» бағдарламасының аясында шетелдерде білім алып, шетел тәжірибесінің артықшылықтары мен кемшін тұстарына көз жеткізіп, санасына тоқып келіп, еліміздегі маңызды қызмет салаларында сол тәжірибелерін қолданып еңбек атқаруда. Біз жаңа ғасырда мотивация деген сөзді жиі қозғаймыз. Бұл – ғасыр межесі. Бой емес, ой салыстыратын заманда жастардың білімді болуы ғана мемлекетті «қаруландырады». Озық ойлы жастар көп нәрсенің байыбына барады. Ненің ақ, ненің қара екендігін ажыратады. Ал көкірек көзі әлі ояна қоймаған жастар түрлі теріс ағымның жетегіне еріп кете барады. Сананы улап, айтақтаған әңгімесімен жүреді. Сөйтіп елдің ішіне іріткі салады. Ал мұндай толқынның бетін қайтаратын, ол біздің – салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, рухани құндылықтарымыз. Осылармен өмір сүрсек, біздің «Мәңгілік ел» идеямыз «Ұлы дала елімен» ұштасады. Бірақ идеямыз бар болуы жұмыс өзінен-өзі жүреді деген сөз емес. Оны жүзеге асыратын – біздер. Әрқайсысымыз. Тал түске дейін жастықпен жолдас болсаң, іс насырға шабады. Талмай еңбек етсең ғана, ісің алға басады. Алысқа бармай, көршіден үлгі алатын болсақ, бізге қытай мен өзбектен асқан ешкім жоқ. Біз қазір олардан үлгі алуды ойлап отырмыз, «Мәңгілік ел» идеясын орындау үшін олар бізден үлгі алуы тиіс. Сондықтан да Елбасының жалпыға ортақ арналған мына сөздерін түртіп алудың еш сөкеттігі жоқ. Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік! Мен халқыма сенемін. Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбіресін! Белгілі ақын Мұхтар Шахановтың: Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда, Үлкен бақыт табу үшін ғаламда, Үлкен болып қалу үшін ғаламда Мәңгі арман керек екен адамға, - деген өлең жолдары бар. Бұл тұрғыдан алғанда, біздің бағытымыз оң. Гауһарай ЕСІМОВА Abai.kz |