Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 4558 0 пікір 8 Қараша, 2016 сағат 12:39

ОҚУ ОРНЫНА БАРЛЫБЕК СЫРТАНОВ АТЫ БЕРІЛСЕ...

Алматы облысы Талғар қаласындағы Талғар политехникалық колледжіне Барлыбек Сыртановтың аты берілуі керек. Бұдан екі жыл бұрын аталған оқу орны облыстық ономастикалық комиссиясына осындай ұсыныс түсірген. Қазір бұл бастаманы тиісті органдар қарап жатқан көрінеді.

Жұмағали Кибекбаев, Талғар политехникалық колледжінің директоры:

– Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күрескен Барлыбек Сыртановтың есімін ұрпақ санасына сіңіру үшін бірқатар іс-шаралар өткізіп келеміз. Мәселен, біздің бастамамызбен, яғни колледжіміздің күшімен бұрынғы Емельев көшесі Барлыбек Сыртанов көшесі болып өзгертілді. Осы жақында ғана біздің оқу орнына Алаш арысының туыстары қонаққа келіп, студенттермен кездесті. Біз осылай шама-шарқымызша Барлыбек Сыртановтың 150 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Осы 150 жылдықтың құрметіне колледжге аты өзгеріп қалар деген үмітіміз бар.

Редакциядан. Сыртанов Барлыбек – 1866 жылы бұрынғы Жетісу облысы, Қапал уезі, Арасан болысында дүниеге келген. Верныйдағы ер балалар гимназиясында орта білім алып, 1886 жылы Санк-Петербург университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі. Ол студенттік шағында сондағы жоғары оқу орындарында оқып жүрген М.Сералин, Б.Қаратаев, А.Теміров, Б.Құлманов секілді қазақ жастарымен бірлесіп, «Жерлестер» атты үйірме құруға атсалысты. Бұл үйірме мүшелері студент жастарға көмек көрсетуді ұйымдастырумен бірге саяси-әлсумсттік мәселелерді қызу талқыға салды. Университетті аяқтағаннан кейін Б.Сыртанов 1891-1894 жылдары Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторының қазыналық палатасында қызмет етті.

1894 жылы 29 кыркүйекте Жетісу әскери губернаторының бұйрығымен облыстық басқарманың іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Мұның артынша ерекше тапсырмалардың кіші шенеунігі қызметін атқарды. Ол Жетісу облыстық басқармасында қызмет ете жүріп, Ресей шенеуніктерінен жәбір көрген қазақ халқының өкілдеріне көмек көрсетуді өз борышы санады.

1903-1907 жылдары Б.Сыртанов Ресей мен Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне атсалысты. Патша өкіметінің орыс шаруаларының Жетісу өңіріне қоныс аударып, жергілікті халықтың мал бағуға, егін егуге жарамды жерлерін тартып алуына наразылық танытты. «Айқап» журналында қазақ халқының әлеуметтік-саяси мәселелеріне қатысты мақалалар жариялады. Сол тұстағы жергілікті халықтың мұң-мұқтажын айқындау, әрі оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында жалпықазақ сьезін шақыру мәселесін көтерді. Оның мұндай ұсынысы С.Лапин, Р.Мәрсеков, Ж.Сейдалин және Б.Қаратаев секілді қазақ зиялылары тарапынан қолдау тапты.

1910-1913 жылдар аралығында Б.Сыртанов өз тарапынан құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің отары қатарынан шығаруды көздеген Жарғы әзірледі. Бұл Жарғыда қазақ жері Ресей отары емес, доминионы (достастық құрамына енген мемлекет, мысалы, Австралия одағы, (Жаңа Зеландия) болу керектігі көрсетілді.

1914 жылы 26 қазанда ол ауыр науқастан қайтыс болды.

(деректер kk.wikipedia.org сайтынан алынды)

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір