Жұма, 22 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 6350 0 пікір 8 Қараша, 2016 сағат 10:23

ТӨЛЕШЕВ ТӨТЕНШЕ ІСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖАЗАЛАНДЫ

«Шымкенттің салқын сырасын» сапырып пайда тауып жүрген кәсіпкер Тоқтар Төлешов 21 жылға бас бостандығынан айрылды.  Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық əскери соты Төлешовтың «төтенше іс-әрекеттеріне» байланысты оған әлгіндей жаза кесті. Осы арада айта кетейік, Төлешовтың  төтенше іс-әрекетттерін тырнақшаға алып отыруымызда бір гәп бар. Гәп мынада: биылғы жылдың басында, яғни, қаңтар айында қамауға алынған Төлешов көктемде, көкек айында  басталып, мамыр айында аяқталған Жер реформасына қатысты толқуларды тергеу абақтысында отырып алып қаржыландырған көрінеді. Тергеу барысында өз ісіне қатты өкініп қапаланған Төлешов ҰҚК басшысына үшбу хат жазып былай депті:

«Халық мені қолдау үшін биліктің беделін түсіру керектігін білдім. Ол үшін әлеуметтік жарылыс жасау керек еді. Мұндай іс өз қолымнан келмейтінін түсіндім. Сол үшін Атыраудағы ерік-жігері мол Талғат Аянды іздеп-таптым. Ол өзінің соңынан халықты ерте алатынына сендім. Сондықтан ақшалай демеушілік жасап, «халық батырының» бейнесін сомдауды тапсырдым. Мен БАҚ-тарда ұзақ уақыт талқыға түскен жер реформасының болатынын білдім. Қазақтардың туған жерін қорғау үшін ештеңеден тайынбайтынын ескеріп, осы мүмкіндікті пайдаланғым келді. Сол үшін қызба мінезді тұрғындары көп Атырауды таңдадым. Және ол жердегі бүлікке қатысымның барын ешкім сезбейді деп түйдім. Сөйтіп, өз қызметкерлеріме Талғат Аянға 100 000 доллар жіберіп, «жер мәселесімен» айналысуға және қазақ жерін шетелдіктерге сату туралы өсек таратуға нұсқау бердім. Мұндай әрекет жұртты дүрліктіріп, халық туған жерді қорғау үшін көтерілетінін білдім».


Алып-қосып отырған ештеңеміз жоқ, бұл – Төлешовты тергеу ісіне тіркелген құжаттағы сөз. Бір таң қаларлығы: қамаудағы күдіктінің әлгі сөзі әлеуметтік желілерде желдей есіп, желпілдей жөнелді. Иә, таң қалмасқа амал кем, әншейінгі уақытта желі қолданатын әрбір адамның жазған дүниесін қалт жібермейтін, қажет деп тапса, авторға мінәйі өтініш жасап, жазбаны алдыртып тастайтын  қырағы көздер Төлешовтің  қапастағы хатын қалайша әлемжеліге жіберіп қойып қарап отырған?..  Дұрысы: жіберіп қойып қарап отырған.  Себебі, Талғат Аяннан «халық батырын» жасағысы келген Төлешовтың өзі сияқты күштік құрылымдарға да Төлешовтан «халық жауын» жасау қажет болғанға ұқсайды. Сондықтан да «сыра серісінің» «сандырағын» әлемжеліге салған да қоя берген.  Желінің Желдібайдан жынды екенінін (Б. Майлиннің Желдібай Жындыбаев дейтін кейіпкері н есіңізге алыңыз) балапан блогерлерден бастап осы күні бәріміз білеміз. Бірақ, желіде желдеп кететін сөзге жұрттың бәрі сене береді  десеңіз қателесесіз. Мысалы, сырашының  «сандырағына» салқын ақылмен ойлана білетін орта сенген жоқ. Өйткені, Төлешовтың жоғарыда жазған мойындау хатындағы екі сөздің бірі – өтірік.  Қараңыз: «Мен БАҚ-тарда ұзақ уақыт талқыға түскен жер реформасының болатынын білдім» дейді ол. Ұзақ уақыт талқыға түскен дәнеңесі де жоқ, жер мәселесіне қатысты қазақ қоғамының наразылығы 2003 жылы бір көтерілді де басылды. Одан қайтып жерге қатысты әңгіме қозғала қоймаған-ды.  Ал, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық акциясын тудырған материалдар өткен көктемде, оның өзінде сол көкек айында ғана баспасөз бен ғаламтор беттерінен көріне бастады. Бұл кезде сырашымыз тергеуде,  қамақта отырған еді.  Қамақтағы адам жоғарыдағы үшбу хатында: «Талғат Аянға 100 000 доллар жіберіп, «жер мәселесімен» айналысуға және қазақ жерін шетелдіктерге сату туралы өсек таратуға нұсқау бердім» дегенді және жазады. Мынадан кейін: «Құдай сақтасын, Төлешов қамалғандықтан ғана  жанымыз аман қалыпты ғой...» демеске амал кем.  Ол «сойқан» дер кезінде құзырлы орындардың құрығына түспегенде, Алла-ай, әлеуметтік жарылыс жасап, берекеге ұйыған еліміздің өмір-салтын «саяси мерекеге» ұластырып, «асыр салғандай» екен.  «Халық мені қолдау үшін, - деп жазады ол аталмыш хатында, - биліктің беделін түсіру керектігін білдім. Ол үшін әлеуметтік жарылыс жасау керек еді. Мұндай іс өз қолымнан келмейтінін түсіндім. Сол үшін Атыраудағы ерік-жігері мол Талғат Аянды іздеп-таптым».  Құрметті оқырман, енді асықпай, байыппен осы жолдарды сараптап көрейік. Алдымен сұрақ. Төлешов деген кім? Білмейді екенбіз. Кәсіпкер шығар. Сырашы шығар. Күшеніп тышатын күпіншек көп байшыкештің бірі шығар. Онда шаруамыз жоқ. Бірақ,  Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық əскери соты оны қылмыскер деп танып, ұзақ жылға бас бостандығынан айырды. Адам ұрлаған, азаптап өлтірген, есірткі саудасымен айналысқан, үйінде заңсыз қару сақтаған, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған, Конституциямызды күштеп өзгертпекке әрекет еткен, сөйтіп өзі вице-президент болуды көздеген. Былайынша, жасаған қылмысы бір басына жетіп-артылатын сияқты...және осының бәрі оны 21 жылға бас бостандығынан айыруға да жетіп-артылатын-ды. Бірақ, сот үкімін үстей түсу үшін байқұстың «біліп-білмей істеген қылмыстарының» үстіне әкеліп күштік органдар жерді жамады. Күштік органдардың қисынына салсақ: Халықтың қолдауы мен биліктің беделін түсіру үшін әм әлеуметтік жарылыс жасау үшін қылмыскер Атыраудағы Талғат Аянды іздеп тапқан да жер дауын қоздырған. Тоқтай тұрыңыз.

Жер – қазақ үшін құндылықтардың құндылығы, мәңгіліктің мәңгілігі. Елбасының сөзіне жүгінсек, «Жер – ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы – халықтың меншігі» (ҚХА-ның XXIV сессиясында ҚР Президенті осылай деген болатын). Ал, даласын қорғау, ұлы меншігін қорғау – әрбір қазақ азаматының парызы емес, міндеті. Сондықтан да Төлешов ісіне тергеу мен сот Жер мәселесін тіркемеу керек еді. Қасиетті Жердің талқыға түсіп тұрған тағдырын Төлешовтың мойнына артпау керек еді. Жердің шетелдіктерге жалға берілуі мен жекеменшікке сатылуына қарсылық тантықан акцияларды қаржыландырды деген істі бас бостандығынан айрылған адамның қылмыстарына қосу арқылы сот «қарақшыдан» қаһарман жасап шығарғанын білмей қалды.  Әлемжеліңіз бен аноним комменттер тасқыны кешелі бері солай деп жатыр. «Төлешов бүгін қылмыскер атанғанымен ертең ер атанады» дейді олар. Міне, көрдіңіз бе, қазақ жанының ең нәзік нүктесін басып жіберген билік соты кезекті рет жаңылысты.  Билік соты жаңылыса береді ғой, бірақ, осы жолы тарихта қалатын қара таңбалы қателікке жол берді. Сөздің турасына көшсек, сот қылмыскер Төлешовты ғана емес, «жат қолына мені бере көрме» деп үнсіз жатқан қазақ жерін соттады!  «Ағайынға ризамын. Лайым жерге деген көңіл осындай болса, халқымыз қасық қаны қалғанша оны қорғайды деп сенемін» деген Елбасының сөзін тәрк ете отырып, қасық қаны қалғанша жерін қорғайтын азамат ерлердің рухын соттады. Бұдан, әрине, рух сөніп, жер жасып қалмайды. Ол қайта көтеріледі. Міне, үлкен сот сол кезде... болады. Ал, ол сот күндердің бір күні келеді. Қарсы алыңыздар, мырзалар, сот келе жатыр! Үлкен сот!

Сайын Бөлек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270