Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 15512 4 пікір 7 Қараша, 2016 сағат 13:26

ТАУФИХ ШЕҒИРОВ – СӘУКЕТАЕВ. МЕН – ЖЫНДЫМЫН (cоңы)

Abai.kz ақпараттық порталы соңғы екі ай көлемінде Тауфих Шеғиров - Сәукетаевтің "Мен жындымын" атты романын толық жариялап, оқырман назарына ұсынды. Қазір мұндай көлемді дүниені ешбір сайт, ешқандай ақпарат құралдары түгелімен жариялай бермейтіні шындық. Біз сол үрдісті бұзып,  халық кәдесіне жарайтын кез келген туындыны көлеміне қарамай ел назарына ұсынуға дайын екенімізді аңғарттық. Биыл ғана, яғни 2016 жылы жазылып біткен осы бір үлкен роман тұңғыш рет порталымызда жарық көріп, оқырманның ықыласына бөленгені үшін авторға алғыс айтамыз. "Қоғамның ащы шындығын ашып, қазақтың бүгінгі мүшкіл күйін жырлаған осындай туындылар көп болсын" деген ниетпен романның соңын жариялап отырмыз!

Аbai.kz порталы

(Жалғасы. Басы мына сілтемелелерде! Бірінші сілтемеЕкінші сілтемеҮшінші сілтеме,Төртінші сілтеме, Бесінші сілтемеАлтыншы сілтемеЖетінші сілтемеСегізінші сілтеме, Тоғызыншы сілтеме).

(Әжуа аралас мұңлы роман)

 

Жындылар "фабрикасы"

   Астанада жындыхана жоқ екен. Мұнда тек дені дұрыс, ақылды адамдар тұратын болса керек. Ағат қылық, оғаш ойдан аулақ, момақан. Осындай әлемде жоқ әсем қалада тұрып, жаман бірдеңелерді ойлау ұят емес пе. Жоғал, жындылар жоламасын бұл қалаға! Аттандап, ағаш басына өрмелеп жүрсін өздерінің бұзық Аматысында. Хаттап-шоттап бір күндей камерада ұстады да ертеңінде әспеттеп ұшақпен Алматыға жөнелтті.

   Екі айдауыл бізді іркіп, өзге жолаушылар түсіп болған соң ғана сыртқа шығарды. Ұшарбасын мұнар шалған ақ шыңдар апайтөсін айқара ашып келдің бе деп қарсы алдымнан шыға-шыға келді. Тұлдыр кеңістіктен тиянақ таппай запы болған көзіме айналайын Алатау оттай басылды. "Ассалаумағалейкум, Алатауым!" дедім таңғы ауаны дауысым жаңғырықтыра басымды иіп.

   Траптың түбінде кресі ырсиған , терезесі торлаулы көк машина құйрығын айқара ашып тұр екен. Үстіндегі ақ халатқа әзер сыйып тырсиып тұрған сом иықты дәрігер жігіт:

   – Іштерінде "буйныйлар" бар ма? – деді қолындағы темір қобдишасын ырғап. Айдауылдардың шені үлкені басын шайқады:

   – Бұл – "Z" тобындағы пациенттер.

   – А-а!..

   Көк машина зымырап отырып, Каблуковтағы әйгілі жындыханаға алып келді. Биік темір қақпа, бетон дуал үстіне үш қатар тікенек сым тартылған. Ақ, көк халат кигендердің бәрі зіңгіттей еркектер. Бұйырып, ақырып сөйлейді. Айтқанын лып етіп сол бойда орындауың керек, әйтпесе сөз шығындамай желкеңнен бір-ақ түйеді. Шашымызды сыпырып, моншаға бір тоғытып алда да бір келкі шұбар дамбал, шұбар халат кигізді. Шұбардың үйіріндей кең дәлізде шұбырып жүрміз. Дәліз бойындағы қаз-қатар есіктерге бір-бір сүңгіп шығып, тұйықтағы ем-дом кабинетінің алдына топырладық. Төрт-төрттен кіргізіп, укол соғуда. Именіп кіргендер жамбастарын сипалап ыңырсып шығып жатыр. Кезегім келгенде қорқасоқтап мен де кіргенмін. Шприцтерін сайлап, қарсы алдымызда жалаңдап тұрған мейірбикелердің шеткісіне көзім түскен бойда селк ете түстім. Роза! Бадырақ көз, кертік танау, иегінің ұшында бұршақтай меңіне дейін соныкі. Сонда да сеніңкіремей мойнындағы бейджіне қарадым: "Роза Тәкенова". Нақ өзі. Үміттің сыныптас құрбысы. Екі-үш рет паркте бірге болғанбыз. Қыз да танып абдырап  қалды. Амандасайын деп ұмсына беріп едім, түсін суытып ала қойды. Қабағын түйіп, басын шайқағандай болды. Түсіне қойдым да сыр білдірмеуге тырыстым. Бір жағынан мендей жындыны танимын деуге намыстанып тұр ма деп те ойлап қоям.

   – Жүріңіз!

Басқа медбике алдын орап кетпесін дегендей лып етіп жеңімнен ұстады да қоңыр шкафтың қалқасына қарай жетеледі. Оңашаланған соң бетіме елжірей мейірлене қарап, бар ықыласын үнсіз білдірді де сұқсаусағын ерніне басты – сыр білдірмейік дегені. Қағазға "аға, кейін сөйлесеміз" деп жазды да жыртып, қалтасына салып алды. Алдынала дайындап қойған шприцтің ішіндегісін қолжуғышқа төгіп, басқа бір ампула сорғызды. Бірге кірген үшеу үш жақта ойбайлап жатыр. Маған салған укол ешқандай әсер еткен жоқ. Роза сіз де аналар сияқты айғайлап қойыңыз дегендей ым жасады.

   – Ой-ой, ауырып кетті!.. – деп аналардан асырып айғай салдым.

   – Шыдаңыз!..

Үш жолдасымның түрлеріне қарап, солар не істесе, соны істеп, есіктен шығып кеткенше ролімді жалғастыра бердім.

   Розаның ишарасынан сұм жүрегім әлденені түйсінгендей, қасымдағылардың бет-жүзін көз қиығыммен бағып келемін. Бәрінің қабағы кіржюлі, укол соққан аяқтарын ауырсынып, сүйреп басады. Мен де қосыла ақсаңдап, бетімді тыржиттым.

   Сырттан айналдырып әкеліп, бір қанаттағы үлкен казармаға кіргізді. Босағаның қайрылысындағы қос ярусты бос тұрған темір кереуеттерге жайғастық. Кісілер сыртта серуенде жүрсе керек, казарма іші бос. Жолдастарым біртүрлі дел-сал болып қалғандай, қимылы сылбыр, үн-түнсіз төсектеріне қисая кетті. Мен де жантайдым. Бір көзімді жартылай жұмып, бір көзімді жартылай ашып, айналамды байқастап жатырмын. Сәлден кейін жұрттың алды келе бастады. Бұл жердің адамдары біртүрлі қызық, бізден де өткен жынды ма деп қалдым. Бір-бірімен жақындасып, тіл қатысу дегенді білмейтін сияқты. Әрқайсысы өзімен-өзі. Айдалада жападан-жалғыз жүргендей, бадырайып бетіңе қарағанмен тұманданған ойсыз жанары ештеңені көрмейтіндей, бар-жоқты сезбейтіндей. Бәрі ала киімді, тақыр бас. Бірінен бірін айыру қиын. Бір адамның қаз-қатар қойылған көп айнадағы суреті сияқты бір қарағанда. Мөлиген мүләйім көз, қимылдары сылбыр, бәрін бір қалыптан шыққандай зәбірсіз, жуас қып қойған қандай құдірет екен? Біраз көз үйренгеннен кейін кейбірін шырамытқанда шошып кеттім. Мәссаған, мыналар әлгі кешегі саяси алаңдағы серкелер ғой, оппозиция жетекшілері. Газет, теледидар арқылы жүздері таныс, жазса қаламынан у тамып, сөйлесе  сөздің түбін түсіріп, мүлгіген марғау көкіректі дүр сілкіп жай оғын ойнатқан жампоздар еді. Ара-кідік кезінде депутат, министр болып, түсіп қалғаннан кейін теріс-қағыс сөйлеп, үкіметті сынап-мінегендер де жүр. Ешқайсында бұрынғы от-жалынның ұшқыны да жоқ. Ойсыз көзде шаптап қойған суреттей меңірейген ессіз жымиыс. Жүрсе де, тұрса да селт етпес бейғам қалпынан айнымайды. Ешқайсының бір-бірімен шаруасы жоқ, қарадан-қарап өз бетімен сөйлеп, күбірлеп, арлы-берлі ойқастаған біреулер. Шала жұмылған көзімнің сызатынан қалт жібермей бәрін бақылап жатырмын. Сықылықтаған дауысқа жалт қарасам, жаңа ғана жанымнан емпеңдей өткен ұзын сары – бір кездері "Мінбердің" бетінен түспейтін сайыпқыран публицист төсегінің үстінде тыр жалаңаш шешініп тастап, бұтының арасын жаңа көргендей өз-өзінен мәз-майрам болып отыр:

   – Мама, үлкен болғым келмейді. Мен – лялечкамын. Міне, қарашы, куп-куп!.. – деп, денесін бүрістіріп бүкшиген сайын сәбидей боп шөгіп , кішірейіп бара жатқандай, көк көрпенің бетін су сияқты қос уысымен көсіп алып төбесіне төңкереді. Жынды болсам да жағамды ұстадым. Жаңа машинкамен сыпырып тастамағанда төбе шашым тебен инедей тік тұрар еді. Күлер-күлмесімді білмей тосылып тұрсам, бұл мен көрер тамашаның беташары ғана екен. Кереуеттердің арасында үн-түнсіз теңселіп жүрген қушық иық, бадырақ көз жігіт кенет кеудесін жұдырығымен түйіп-түйіп жіберіп:

   – Я  – Путин! – деп тумбочкаға секіріп шықты. –Пора, товарищи, собирать камни. Мы к семнадцатому году восстановим постсоветское пространстство, кроме Прибалтики. Конец войны близок. Врагам не будет никакой пощады, мы их будем мочить, хоть где, даже в сортире! Хороший чеченец – мертвый чеченец. Пух-пух!.. – деп сұқсаусағын кезеп айналасын "атқылай" бастағанда, қан құмартқан жендеттей жіңішке еріні жымқырылып, көзі шүңірейіп шынында да ВВ-дан айнымай қалды.

   Мұндағылардың әрқайсысы бір-бір концерт екен, қайсысын тамашаларыңды білмейсің. Әне, қорбаңдаған шоңмұрын, жылтыр қара орнынан ұшып тұрып, бұрышқа барып тұра қалды. Көзін төңкеріп, белін бұраңдатып, қыздан бетер қылымсып біраз тұрды да:

   – Сіздердің алдарыңызда СССР халық артисі Күләш Байсейітова ән шырқайды! – деп екі қолын кеудесіне айқастырып, бір тізесін бүге тағзым етті. Дауысы мұндай сүйкімсіз болар ма, Күләш болам деп шырылдағанда, құлағыңа ине сұққылағандай тұла бойың түршігеді. Құлақ біткенді қинап "Гәккуді" аяғына дейін айтып шықты. Ақырында "Гәкку, гәкку, га-га-га-гәк-гәк..." дегенде тынысы жетпей, аузы ашылған күйі, көгеріп-сазарып жерге сылқ етіп отыра кетті.

   Сәт сайын қызықтың неше түрін көре-көре таңырқаудан жалыққандай болдым. Мына бейбақтардың дені өздерінің кім екенін білмейтін сияқты. Аты кім, қайдан келді, бұрын не істеді... – бірі де есінде жоқ. Өздерін ұмытқан, миларының қатпарында қалған әлдебір жаңғырық, елеспен өмір сүретіндей.

   Ымырт түсе бір әредікте қасымызға Роза келді. Маған бұрылмастан басқа жаққа қарап:

   – Жүз он жеті қайсың? – деді. Бәріміз бір-бірімізге қарадық. Сөйтсем, менің кеудешемнің сол жақ төсі мен арқасындағы жазу "117" екен. Бұл жерде менің аты-жөнім жоқ. Ендігі атым да, затым да – 117.

   – Менмін, – дедім.

   – Жүріңіз процедураға!

Роза алдыма түсіп қаздаңдай жөнелді. Кабинет оңаша екен. Ішке кірген соң бетіндегі қатқыл масканы сыпырып тастағандай жүзі жылып, маған жымия бір қарап қойды.

   – Кешіріңіз, аға! Осылай істеуге тура келеді, – деді ешкім жоқ болса да жартылай сыбырлап. – Бағана алғаш көргенде сыр білдіріп қоя ма деп шошығаным-ай, түсіне қойғаныңыз жақсы болды.

Теріс қарап дәрі-дәрмекті дайындаған боп күйбеңдеп жүргенмен аузы сөзде. – Ағатай-ау, мұндай күйге қалай тап боп жүрсіз?

   – Сен сұраман, мен айтпан, қарындасым. Өмір деген үлкен жолдың өр-ылдиы көп қой.

   – Қай жерге келгеніңізді білесіз бе?

   – Білемін. Жындыхана. Бидайдың барар жері диірмен емес пе.

   – Жындыхана деген аты ғана.

   – Маған бәрібір. Далада қаңғып жүргенннен қайта осы жақсы. Қайда түнеймін, не ішіп-жеймін деп уайымдамаймын.

   – Қойыңызшы, аға. Баланың сөзін айтпаңыз. Бұл жер емдемейді, жындылар жасайтын "фабрика"!

   – Мен онсыз да жындымын ғой?

   – Жындысыз ба, жоқ па – өзіңіз білесіз. Бір айдан кейін ана айналаңыздағы адамдардай боласыз! Өздерінің аты-затын да, не істеп-не қойғанын да білмейді. Ес-ақылынан айрылған меңіреулер.

Әлгіде ғана өзім "концертін" тамашалағандарды есіме алғанда зәре-құтым ұшып кетті. Тұйыққа тірелгендей шарасыз халмен үнім шықпай, көзім жыпылықтап отырып қалдым. Мен қиналсам, жаны қосыла үзіліп тұрған Роза:

   – Жарайды, аға, бір амалы табылар, – деді көңілімді беркіндірген болып. – Тек менің айтқанымды бұлжытпай орындаңыз. Мына укол да, таблеткалар да өте күшті психотроптық дәрілер. Жаңадан шығарылған, шеттен әкелінеді. Бір-бір жарым ай ішінде миыңыздағы жадыны көйлектің кіріндей шайып, "Қамажай" деп әндетіп жүретін тәтейге айналып шыға келесіз. Құдай ондайдан сақтасын! Мен бағана сізге глюкоза салдым, дәрінің орнына зиянсыз таблетка бердім. Күнде шамам келгенше сөйтіп отырамын. Тек ем қабылдағандай боп, қасыңыздағы жолдастарыңыз не істесе, сіз де соны істеңіз.

   – Артист бол дейсің ғой?

   – Жәй артист емес, ұлы артистің дарыны керек. Науқастарды мұнда бұрынғыдай айлап-жылдап ұстамайды. Орын жетіспейді. Қосымша аурухана салу үкіметке тиімсіз. Сондықтан осындай күшті дәрілермен бір-екі ай емдеп, науқастың мінез-құлқын "залалсыздандырған" соң шығарып жібереді.

   Бірге келген он бір жігіт бір бұрышта қатар жатамыз. Әзірге жігіміз жазылған жоқ. Менің ендігі жерде бағатыным солардың іс-қимылы. Қалт жібермеймін. Ыңырсыса – ыңырсимын, қиналып дөңбешісе – мен де қосылып беремін. Тепсінгенде темір үзбесе де анау-мынау тайыншаны тепсе омақастыратын атанжілік азаматтар еді. Күн өткен сайын шөжіп, семіп, көз жанары майы таусылған шырақтай өлеусіреп өшіп барады. Ешкім ешкіммен сөйлеспейді, әркім өзімен-өзі. Айналасында біреу бар ма, жоқ па, не боп-не қойып жатыр – ештеңемен шатақтары жоқ. Бастары салбырап, қолдары тізесіне түсіп, мең-зең теңселіп сүлкиді де қалды шеттерінен. Солардың жүріс-тұрысын, жылағанын, күлгенін, ойсыз меңіреу сүлдерін қайталаймын деп бірте-бірте әбден рольге кіріп кеттім. Кейде расы қайсы, ойыным қайсы – өзім де ара-жігін айыра алмай қаламын. Бақылап жүрген Роза риза болса керек, көрген жерде ақырын сыбырлап:

   – Жарайсыз, аға, сізден тамаша актер шығады екен! - деп қояды жымиып.

   Біздің елде не көп – мейрам-той көп қой. Солардың ішіндегі әкім-қара он өліп- жүз тіріліп бар өнерін салатын ең ұлық сереке – сайыпқыран сәруардың туған күні. Сол күннің бізге де шарапаты тиді, күндегідей емес, кеңшілік. Білектерін сыбанып дәлізде ойқастап жүретін бақылаушылар да, сабылысқан дәрігерлер де жоқ. Ем-дом жасайтын бірді-екілі мейірбике ғана қалған. Роза мені оңаша бөлмеге ертіп әкеп ыстық кофе берді, мейрамның дәмі деп алдыма үйден әдейі әкелген жылы-жұмсағын қойды. Ас жегендей аузымның дәмі кіріп қаужаңдап қалдым. Роза күрең кофені ұрттап қойып:

   – Сіз қандай төзімді адамсыз, аға! – деді бетіме тесіле қарап.

   – Басқа түскен соң төзбеске не һайла!

   – Жоқ, оны айтпаймын. Осында келгелі бір рет те Үмітті аузыңызға алған жоқсыз ғой. Әлде ұмыттыңыз ба?

Үміттің атын естігенде көкірегім солқ етіп, астаң-кестең қопарылып кеткендей.

   – Енді одан пайда не дедім? – дедім қинала күрсініп.

   – Екеуіміз "Skype"-пен хабарласып тұрамыз. Ылғи сіз туралы сұрайды.

   – Рахмет. Құдай бағын ашсын!

   – Сіз оған реніштісіз бе?

   – Жоға. Мен – жынды, ол – сау адам. Қандай реніш болуы мүмкін?

   – Қазір Тегеранда тұрады.

   – Естігем. Ол бақытты болуға әбден лайықты. Күйеуі де тамаша жігіт көрінеді. Бағына жақсы адам жолыққан ғой.

   – Иә, Ирандағы ең ықпалды әулеттің мұрагері, астық магнаты екен. Тағдырдың жазуын айтсаңызшы, Алматыдағы халықаралық сауда-саттық көрмесіне келгенде танысыпты. Бірақ әлі күнге өкінем дейді.

   – Несіне өкінеді? Мен оған ондай байлықтың миллионнан бірін сыйлай алмас едім!

   – Бақыт байлықпен өлшенбейді ғой!

   – Ол – риторика. Тойып секіргенде айтылатын құр сөз. Пенде түгілі періштенің өзі алтын көрсе, жолдан таймай ма. Ол үлде мен бүлдеге малынған жақсы өмір, жайлы тұрмысқа ұмтылатын. Ақыры мұратына жетті. Енді не нәрсеге риза емес?

   – Ол: "Менде бәрі-бәрі бар, бірақ ештеңе жоқ. Өйткені жүрегім бос, оны ештеңе толтыра алмайды" дейді.

   – Жүректі қанағат қана толтырады. Бірақ пенде баласы барға шүкіршілік етпей, жоққа ұмтылады. Жоқты іздеп –  барын жоғалтады. Адасу деген сол. Әр адам өз жоғын іздеп, үміт дүниесін кезген жолаушы секілді.

   – "Сол бір шөп күркедегі күндерім қайта айналып келер болса, дүниенің бар байлығын тәрк етер едім!" дейді.

   – Өткеннің бәрі - өкініш. Алданышты алдан ғана іздейміз. Бәлкім өмірдің мәні де, қызығы да сонда шығар. Үміт қуып адасасың, адасып жүріп жол табасың.

   – Айтпақшы, мен сізге бір қызық айтайын. Оның тұңғыш ұлы сізге тартып туыпты!

   – Қой! – дедім тосын сөзден шошынғандай селк етіп. – Ондай қиянатым жоқ сияқты еді ғой?

   – Ол жағын өздеріңіз білесіздер. – Роза көзін төңкеріп, күлімдей қарады. – "Ол менің мұңым мен махаббатымнан жаралған бала. Бойыма біткенде сізді көп ойлап, көп мұңайып едім, содан сізге ұқсаған шығар, – дейді. – Ендігі жұбанышым сол. Сізді аңсағанда, оралмас күндерімді сағынғанда, соны иіскеп мауқымды басам" дейді.

   – Көңілінде жүргеніме көп рахмет!

   – Сіз оны сағынбайсыз ба?

   – Ойлағым келмейді.

   – Неге?

   – Қорқамын!..

Ары қарай сөйлей алмадым. Тереңнен лап етіп лықсыған ыстық толқын кеңірдегіме кептеліп қалғандай. Үн-түнсіз орынымнан созалаңдай тұрдым да есікке беттедім. "Әй, Роза-ай, ескіні еске сап, сыздаған жараның аузын тағы тырнадың-ау!" Мен кімді ұшпаққа жеткізгендей адаммын, шетке кетіп, теңін тауыпты дегенде, аяулымның бал-бұл жанған жүзін елестетіп, "ең болмаса, сен бақытты болшы!" деп, соны көңіліме медет қылушы ем. Сөйтсем ол да өксігіне тұншыққан мұңлық екен ғой!

   Жатсам да, тұрсам да Үміттің кейісті, қасіретті бейнесі көз алдымнан кетпей, апта бойы есеңгіреп жүрдім. Көптен көрінбей кеткен Қара шал елес беріп, құлағыма сыбырлады.

Жегіліп ит тірліктің арбасына,

Жақындап келеміз-ау жар басына.

Өмірдің боқбазарын алданыш қып,

Күндер, күндер сүреңсіз жалғасуда.

 

Ілесіп ескі күннің елесіне,

Жағасына теңіздің келесің бе?

Тулаған толқындардың көз жасынан

Үміттің ақ маржанын тересің бе?

 

Арамыз қол жетпестей жырақталды.

Уақыт бірақ сыбырлап сыр ақтарды:

Қос жүрек қош айтысқан жағалауда

Пәк махаббат бейкүнә жылап қалды.

 

Сезіп ем жететінін бір хабардың,

Кеудемді буындырып шырмаған мұң.

Өксігімді тыңдарсың дауысынан

Ұшып өткен төбеңнен тырналардың...

 

                                               Ит болғым келеді

   Миларға жасалған "күрделі жөндеу" жұмыстары көп өтпей-ақ өз жемісін берді. Бір лекпен келген тағдырластарым бірінен кейін бірі адам танымастай өзгеріп бара жатты. Қауқиған сырты ғана кісі, ішкі мән, ой-сезімді әлдебір қатігез қол сылып алып тастағандай. Әлдекіммен ұрысқандай өзінен-өзі кіжініп, тепсініп күбір-күбір сөйлеп жүрген, ыржалақтап күліп жүрген біреулер. Қарадан-қарап жылай салады. Еденге төртаяқтай кетіп, бала сияқты "дө-дөт" деп "машина" айдап кетеді. Не істеп-не қойғанын білмейтін ақыл-ессіз мақұлқат, меңірейген құр сүлдер. Шошынсам да тесірейген сыншы көзге сыр білдірмеуге тырысам. Мен де осылардың бірі сияқты боп көрінуге тиіспін. Қасымдағылардың қылығын қайталай-қайталай соларға қалай ұқсап кеткенімді өзім де байқамай қалдым.

   Мен ит болғым келді. Еркін жүре алатын, алаңсыз үре алатын ит менен әлдеқайда бақытты еді. Ең болмаса ит сияқты бақытты болғым келді. Бәрібір менде адамдық бақыт жоқ: ойымдағы сөзімді айта алмаймын, жүріс-тұрысым шектеулі, қиялымда да, істеген ісімде де еркіндік жоқ. Өзімше ойлауға, өзімше түйсініп-сезінуге болмайды. Бәрін білетін, ешқашан қателеспейтін көріпкел жалғыз әулиенің сызып берген сара жолынан бұра тартып ауытқымай томпаңдап тура тарта беруді ғана біл. Сонда адаспайсың, нұрлы болашақтың  пейішіне тура барып топ ете қаласың, иәки бәріміз үшін тек пәруардигәрдің айрықша нұры алқаған сол бір адам ғана ойланады, көреді, сезеді... қалған нөлдер тек соның жаңғырығы. Өзімше өмір сүру үшін өтірік күліп, өтірік қуануым керек, өзімді де, өзгені де алдауым керек. Командирім кө... кешіріңіз, жопымнан ыңқита бір теуіп: "Как твоя жизнь, солдафон мамба?" десе, көзімнен жасым бұршақтап тұрып: "Жизнь моя хороша, тәбәріш кәмандир!" деймін. Һәм сондай екеніне бек сенімдімін, өйткені күні менікінен де жаман талайларды көріп жүрмін емес пе. " Ей, мырзалар, адам сияқты өмір сүруге рұхсат етіңдерші!" деп қанша есікті қақтым. Бір есік тырс етіп ашылған жоқ. Ашылғаны тек, міне, Жындыхананың есігі...

   Мен енді жерден бауыр көтермейтін болдым. Еденге етпеттей кетіп төртаяқтап жүремін. Айналама арпылдап үремін, ырылдаймын. Ішімдегі иттік қыжылымды сөйтіп шығарамын. Ешкім үндемейді. "Әй, сен не деп тұрсың-ей?!!" демейді. Рахат. Ит болған расында керемет екен. Адам баласы іштей ниеттеніп, бар ынтасын салса, кез-келген мақұлқатқа ұқсай береді екен-ау. Қоңқайған мұрыным мен иегімді соза, құлағым қалқайып әуп-әуп еткенде, көз қиығыммен көлеңкеме қарасам, шынында да күржиген кәрі төбеттен аумай қалады екенмін. Қайқайған құйрығы жоқ демесең, ызақор, қабаған көкшолақтың өзімін. Бетімнен қақпаған соң еркінсіп алдым. Шәуілдеп, абалап, арпылдап, шабалаңдап... итекемдердің небір сезім иірімдерін бейнелеуге икемді шебер де шешен тілімен ішім босағанша сағаттар бойы үремін. Әсіресе түн баласында көкірегімде қордаланған құса, байланған запыран қозғалып, қозып кетеді. Терезенің торынан сығалаған сынық мүйіз айға тұмсығымды созып ұлығанда, зарлы үнімнен сай-сүйегім сырқырап, екі көзімнен бұршақтаған жас бұлақ боп ағады. Өздерін ұмытып, "әнші", "биші", "артист", "көсем"... боп кеткен қасымдағы бейбақтар, менің зарым әлдебір тұңғиық түбіндегі түйсіктеріне қозғау салғандай жамырай қосылып, олар да ұлиды. Жындыхананың тар бөлмесінде тұншыққан зарлы үннен түнгі аспан күңіреніп тұрды. Ұлыған иттер былқылдақ мамық төсекте тәтті-тәтті түс көріп жатқан әйдік-нәндердің ұйқысын бұзса керек, көп ұзамай білектерін сыбанған бір топ күзетші казармаға кіріп келді де аузымыздан қара қан ағызып, қасқыр тамақтаған  қойдай жусатып салды шетімізден. Сөйтіп менің ит болуыма да тиым салынды. Ит болғым келген кезде, тек ішімнен жасырынып қана ұлитын болдым.

   Жындылар көп, жындыхана тар. Біржарым айға жетер-жетпесте кезекті әкелінетін жындыларға орын босату керек болды ма, милары "өңдеуден " өткен біздерді  тестіден өткізе бастады. Тізім бойынша киіміміздегі номерге қарап кезекші шетімізден әкетіп жатыр. Қайтып келген ешкім жоқ әзірше. Демек, бәрі сынақтан  өтті деген сөз. Кезек маған да келді. "Рольге кіріп" әбден үйренгем. Алдымдағылардың іс-қимыл, бет құбылысын айнытпай қайталаймын. Меңіреу кейіп, жүрісім былқ-сылқ. Сүлеленген көздерім алақ-жұлақ ақиып кеткен. Шайқалақтай басып бас дәрігердің қабылдау бөлмесіне ендім. Кең кабинеттің төрінде бетін көк мауытымен жапқан ұзын үстелді мінбелеп комиссия отыр. Бастарында қақырайған ақ қалпақ, үстерінде ақ халат, кейбірінің қалпақ шетінен дудыраған шаштарына дейін ақ. Жаңа жауған ақша қардан соғылған "снеговик" сияқты шеттерінен, кіршіксіз аппақ. Ойнақшыған көзімнің қиығымен сонау бір шетте Розаның да отырғанын шалып қалдым. Алдындағы әйелдің иығын қалқаланып бұға түсетіндей. Бәрінің жүзінен әлдебір күлкінің ұшқыны өшіп үлгірмепті. Мұрынның ұшы, жиылмаған езулерде жып-жылы шуақ үйездеп тұр. Алдымдағы кірген "артист" қыран-топан қызыққа батырып кетсе керек. Кейбіреуі көз қиығын сүртіп, басын шайқап қояды. Еңгезердей кезекшінің шынтағымнан демеп жетелеуімен үстелдің қарсы алдына барып тоқтадым. "Мынау қандай өнер көрсетер екен" дегендей, үдірейе қараған игі жақсылар өңдеріне қайтадан сұс жиып, сазарып, байсал тарта қалды. Қақ ортада отырған сом иықты, қасқа бас, қоңқақ танау, сары кісі бірден жезқармағын алдыма тастай:

   – Сіз кімсіз? – деді алтын баулы көзілдірігінің үстінен қарап. Итпін десем ұнатпайтынын білемін. Атабаев, Әбіловпын десем пәлеге қалатын шығармын. Іштей иін қандырып қойған үшінші вариантқа көштім:

   – Сіз мені танымадыңыз ба? – дедім дауысымды қызша сызылтып.

   – Жоқ.

   – Пәлі, мені танымасаңыз Айдан түскен шығарсыз! Мен – Халық артисі Бибігүл Төлегеновамын ғой! Сенбей тұрсыз ба, ендеше бір ән айтып берейін! – деп, ұлы әншінің өзім сахнадан көрген бейнесіне барынша ұқсаған боп, қимылын, мимикасын қайталап, "Қараторғайды" сызылта жөнелдім. Қайдағы сызылтқан, дауысым белгілі ғой, ескі тақтайдан тот басқан көр шегені суырғандай шиқылдап-дарылдап, құлақ біткенді жарып жібермесе де жарғағын жыртып жібергендей қылған шығар. Бірақ ішімнен тура Төлегенованың өзі боп тұрдым тұлабойым әннен құйылғандай балқып-шалқып. Сол екеніме ешқандай күмәнім жоқ, әнім де, сәнім де соныкі. Көтеріңкі леппен соңғы нотаны әуелете созып тоқтағанда, әншінің өзіме таныс бейнесін қайталай, көздерім жасаурап, екі қолымды жая қалт тұрып қалдым. Ал, енді Бибігүл екеніме сенбей көр! Тамашашы жұрттың бәрінде де бір-ақ бет – тырсиып күлкіден жарылғалы тұр. Сонда да кішкене баланы алдарқатып қолпаштаған сияқты қолсоқты. Ұрланып Розаға қарап ем, көзі жасаурап ол да қолсоғып отыр екен ынта-шынтасымен. Езуіндегі өрлеп бара жатқан күлкіні көрсеткісі келмегендей көзілдірікті кісі төбесінің тазымен сүзе еңкейіп, алдындағы қағазға әлдене түрткен болды да қайтадан еңсе тіктеді:

   – Дұре-е-ес, Бибігүл ханым. Әніңізді тыңдап, бір жасап қалдық!

 Сөзді маған айтқанмен, әлдебір жұмбағы бар ма, айналасына термелей көз жүгіртіп өтті. Қоқырайған ақ қалпақтар "иә, солай, солай" дегендей үздік-создық шұлғыды.

   – Жарайды, бара беріңіз, – деді ұшында бес тал сары қылшық шашыраған имек иегін есіктің көзіне асып. Кезекші әскеи тәртіппен өкшесінен шыр айналып алдыма түсті. Казармаға апарған жоқ. Корпустің бөлек бір түкрінде ұйлығып отырған үйіріме қайта қосылғанда, қобалжыған көңілім орнына түскендей болды.

                                                      Ыстық нан

   Түскі тамақтан соң бұрынғы өз киімімізді қайта кигізді. Терезесі торлаулы, қос бүйірінде қызыл кресі ырсиған көнетоз көк машинаға бәрімізді тоғытты да әлдібір жаққа ала жөнелді. Қаланың сыртына шыққан екенбіз. Жолсызбен шоқалақтап біршама ұзаған соң әр жерге бір тоқтап, екі-үштен тастап кетіп отырды. Бір бұрылыс сайлауытта екі мүскінмен бірге мені де түсіріп кетті. Айдала. Желмен бірге мүңк етіп борсыған иіс танау қапты. Шоқы-шоқы боп жыпырлаған қоқыс үйінділері. Аспанда қарға-сауысқандармен жарысып целофан пакеттер үйіріліп жүр. Үш жынды үш жаққа қараған күйі аңтарылып ұзақ тұрдық. Екі пақырдың бірі – "Сталин", екіншісі – "Лялечка". Аспандағы жоғары-төмен қалбалақтаған құстар мен пакеттерге қарап Лялечка  мәз боп қолын шапалақтайды. "Самолет, вертолет, возьми меня в полет!.." деп әндетеді. Сталиннің қабағы қатулы. Мұрнының астында қопсыған жирен мұрты болса, жыбырлап тұрар еді. Үйіндінің қалқасынан бір үйір ит сумаң етіп шыға келіп еді, Лялечка: "Мама!" деп баж ете түсті. Сталин селт еткен жоқ, дереу саусақтарын тапанша ғып кезеп: "Пух-пах!"  де

п "атып" тастады бәрін сол жерде. Екеуін екі қолыммен жетелеп, алыстан бұлдыраған Алатаудың сілеміне маңдай түзедім. Көз байланып барады. Аспан қарақұрық. Жел мініп түйдек-түйдек жөңкілген бұлттар төбемізден құйып-құйып өтеді. Үсті-басымыз сығып алғандай, балақ-жеңімізден су сорғалайды. Тырбиған түп-түп жыңғыл, жидеден өзге ықтасын болар ештеңе жоқ. Далбасалап көктемде су жырған құрғақ арнаға түскебіз. Жарқабақтың астында біреулер топырақ алған үлкен үңгір бар екен, сасқанымыздан сонда кіріп кеттік. Дірілдеп-қалшылдап бойымыз жылынар емес. Үңгір аузын кептеген қап-қара түн. Толассыз сытырлаған жаңбыр. Тісіміз сақылдап бір-бірімізге жабыса түсеміз. Түнімен Лялечка. "Мама... Мамочка!.." деп , ұйқысынан оянған сайын жылаумен болды. Таң сыз бере үңгірден шықтық. Жүріс өнсе қане. Жынды мен ғана емес, екеуі менен өткен жарымес. Жетектегенімді қайтейін, екеуі екі жаққа тартады. Бірі жүрсе, бірі отырады. Екі аттап, бір шегінеміз. Қойшы әйтеуір, итырқылжыңмен түске таяна Алматының іргесіндегі мінгесіп-ұшқасқан көп ауылдардың бірінің шетіне аяқ іліктірдік-ау. Ішегім шұрылдап, ішім аш қасқырша ұлиды. Мына айдаладағы еркіндіктен гөрі жындыхана пейіштің төрі екен ғой! Тоңып далада жатпайсың, бүйтіп бұратылып аш жүрмейсің. Екі бейбақтың көздеріне қараған сайын өлемін, жүрегім тілінеді. Қинала-қинала ығыр болдым әбден. Көшенің бір қалтарысында жалт беріп адастырып кеттім екеуін. Бұқпантайлап қаша жөнелдім. Бұрылып қарауға дәтім шыдамады. Ауылдың іші ғой, біреу болмаса біреу қарайласар деп өзімді алдарқатқан боламын.

   Аш құрсақта ақыл жоқ, қиялым әр қиырға бір кетіп тұр. Мына супер маркеттің жалтыраған терезесін таспен бір персем бе екен? Милиция ұстап ап түрмеге салар. Бүйтіп далада қаңғып жүрмеймін. Түрме де болса баспана, тамағы бар... Бірақ ол иттер итше ұрып- тепкілейді ғой! Қолымдағы жұдырықтай тасты жіберер-жібермесімді білмей тұрғанда, лекіген жел қоңырсыған түтінді тұмсығымның астынан желпіп өтті. Тандырдың иісі ішімдегі жыланымды оятып, одан арман есім кетсін. Ауада ирек-ирек шұбатылған түтіннің шудасын қуалаған жанарым анандайдағы биік дуалға барып тірелді. Қалқасында қылтиған мұржадан "келің-келің" дегендей көк түтін қалбақ-қалбақ қалпағын атып тұр. Көзім бұрын жетті ме, өзім бұрын жеттім бе – білмеймін, пештің қатарындағы темір үстелде күнбағыстың қалпағындай дөңгеленіп текшеленген тандыр нанды көргенде, көзім тұнып кеткен шығар, жеткен бойда біреуін іліп әкетіп, уыс толтыра үзіп алдым да аузыма бір-ақ нығарладым. Бөксесі теңкиген, жаурыны дөңкиген, бір көзін шел басқан жуан қара әйел ұмтыла беріп кілт тоқтады. Ақ түскен көзі ақшырайып, сау көзі жыпылықтап, "бұл неғылған бейбастақтық" дегендей бетіме таңырқай қарап тұр. Мен қашқам жоқ. Аузымдағы нанды екі шайнап, бір-ақ қылғыттым да:

   – Кәне, ойбайла, тонады деп айғайла! Милиция шақыр! – дедім, мал иесінен ұрысы күштінің керімен, тап берердей бетпақтанып. Әйел сабырлы, маңғаз кісі екен.

   – Ой, қарағым, не деп тұрсың? Бір жапырақ нанға ырысым ортайып қала ма, жей ғой, ас болсын. Мә, тағы біреуін ала ғой! – деп ып-ыстық тандыр нанды ұстатты. Апығым басылып,  бейшара боп қалдым. "Ой, Алла, осындай да адам болады екен-ау!" Бүйткенше бақырып-шақырып, ана пешке сүйеген көсеумен мына қайда барсам да жолы болмайтын тайқы маңдайымнан тақ еткізіп бір салса жақсы болар еді! Кеудеме басқан нанның ыстығы ма, тұлабойым тершіп кетті. Әйелдің бетіне қарауға жүзім шыдамай жылыстай бердім. Жаңа ғана ішімнің құртын қоздырып, ес-ақылымды алған ыстық нан енді тамағымнан өтер емес. Кейуананың кейісі жоқ сөзінен ұялғаннан ба, өз-өзімнен лықа тойып қалдым. "Ең болмаса соңғы рет жақсылық жасайыншы" деп, Сталин мен Лялечкаға қайта бардым. Екі бейбақ екі жаққа қарап аңырайған күйі сол орнында әлі тұр екен. Тонарды ортасынан бөліп, қолдарына ұстаттым. Көздеріне қараудан қорықтым. Аясам да амал жоқ, келген ізіммен жүгіре басып жылыстай бердім.

                                              Көлеңкелер бәрін айтып тұр

   Алматыға жеткенше қасқарайды. Ұлы шаһар мың-сан көзі жыпылықтап, кешкі апақ-сапақта әбігерге түсіп алқынып жатыр. Күні бойғы сырп-сырп жүрістен қара саным үзіліп, сай-сүйегім сырқырап сенделіп келемін. Бағыт жоқ, құр сандалыс. Қайда барарымды өзім де білмеймін. Жауыннан кейін бусанған ауа кешкі салқында бой шымырлатып, ызғар тартады. Шіркін-ай, тоқымдай құрғақ қуыс табылса, баб тілемей қазір-ақ қылжия кетер едім... Бір қарасам, өз үйімді айналсоқтап жүр екенмін. Ақылға тізгін ұстатпай аяғым жетелеп әкелсе керек. От жаққан ошағым деп үздіккенмен, енді табалдырықтан аттардай мен шіркінде не бет бар? Азаптан басқа не көрсеттім оларға?  Әке боп асырағамын жоқ, жар болып аялағаным жоқ. Қара нан, қатықсыз көжелеріне ортақтасып, артық ауыз болайын ба? Қой, көмектесу қолымнан келмейді екен,  ең болмаса, зиянымды тигізбейін. Барсам, әрине, Жәния байқұстың жүрегі жұмсақ қой, мына түрімді көріп аяушылық білдірер. Қайбір жетісіп отыр дейсің. Сіңірлеріне ілініп әзер жүргенде, көздеріне күйік боп, шырықтарын бұзбайын. "Жақсы ит өлігін көрсетпейді" дейді ғой, ең болмаса жақсы иттей болайын. Кәне, қашпақ болсаң – зымыра, тезірек зытайын! Бірақ байланып қалғандай, кете алсам, кәне. Айналсоқтап жүрдім де қойдым. Бір орамды тұтас алып жатқан тоғыз қабат үйді тоғыз айналып шыққан шығармын. Әбден шаршаған соң көшенің қарсы бетіндегі үлкен үйеңкінің түбіне кеп отырдым. Таныс үйеңкі. Кенжемді мектепке апарғанда осы жолмен жүретінбіз. Әй, ерке еді-ау қара пұшығым! Сол жылдары Алматыда бала біткеннің бәрі асық ойнайтын. Күнде мектептен қайтарда алдынан бір дорба асық алып шығамын. Қызыл-жасыл боялған шүкәйлар. Кіндігінен қорғасын құйылған сақалар шиырып қалсаң, алшысынан дік түседі. Бірге оқитын сепкіл бет, шұнақ сары екеуі шешініп тастап осы үйеңкінің көлеңкесінде асық ойнайтын. Портфелін анау сынық бұтақтың тұқылына іліп қоятынбыз. Ұтылыа бара жатса, қара таңқай мені арқаланып озбырлық жасағысы келеді. Ондайда араға түсіп төреші болам... Тәтті елеске көңілім елжіреп, бәрін ұмытқандай болдым бір сәт. Балалардың жататын бөлменің терезесі бергі жаққа қарайды. Әне шам жанып тұр. Күн түспейтін теріскей бет болғандықтан, перде ілмей, ақ шілтер тағып қоятын. Есік маңдайшасына орнатылған шам жарығында іштегі жүрген-тұрғандардың көлеңкесі қалбаңдап, терезеден мен мұндалап көрініп тұрады. Үш балам да бөлмеде екен. Мына қауға бас Мұраттікі ғой. Шешесіне тартқан, шашы тас бұйра, сәл өссе, дудырап қалпағына сыймайды. Пәлі, аяқ-қолы серейіп қайда барады бұл жаманның! Қара пұшығым да таралып өсіп қалыпты-ау. Қатарласқанда Хамидаға жетеқабыл. Үш бас түйісіп, әлденеге үңілгендей бір пәс қимылсыз қалды да, іле үшеуі үш жаққа серпілді. Сөйтті де үшеуі бірін-бірі қуа жөнелді. Жылтың-жылтың жалтарып қашып жүрген екі ұл. Хамида жуан бір кітапты ала салып, екі жаққа кезек ұмтылған сайын, түбінен түйіп бос жіберген қолаң шашы шыбындаған құлынның құйрығындай шолтаң-шолтаң етеді. Екі қу бірігіп ап Хамиданы мазақтап, жынына тиіп, жыларман қылатын бұрыннан әдеті. Тағы да сол өнерлеріне басқан ғой. Әй, баламысың деген, бойлары өссе де ойындары өспепті-ау, сол баяғы арсы-гүрсі, алыс-жұлыс. Хамида қолындағы кітаппен қара пұшықты жіберіп ұрып еді: «Әй, әй! – деп айғайлап жібердім. – Андағы кірпіштей кітап қырымен жазатайым маңдайдан тисе өлтірмейсің бе! Қызым-ау, есейіп қалсаң да ес жоқ-ау сенде! – деп жаным шығып кете жаздады. Айдалада айғайлап, қарадай күйіп-пісіп тұрмын. Бір жақсысы, ары қарай арпалысқан жоқ. Қайта татуласқандай, ендігі сәтте бірі қолын сермеп, екіншісі шалқалай күліп, әлденеге мәз болысады. Көлеңкелер бәрін айтып тұр. Олар күлсе, мен де жадыраймын. Жүздерін жырақтан көзіммен аймалап, елжіреймін. Жылтырап жанған терезенің алақандай шуағына қалтыраған жүрегімді жылытып тұрмын. Толассыз сіркіреген қара жауын сай-сүйегімнен өтіп, сыртымды тоңдырғанмен іштегі ыстық ұшқынды өшіре алар емес. Терезедегі арлы-берлі теңселген көлеңкелерге қарап еміреніп:

   – Жаным, жарықтарым! – деймін дауысым құмыға. – папаларың кеп тұрғанын сезесіңдер ме? Жаңбырдың астында қалшылдап тұрсам да көкірегім қуаныштан қыз-қыз қайнайды. Өйткені сендерді көріп тұрмын сырттарыңнан болса да. Сендер болмасаңдар, кім мені қуантар еді бұл өмірде? Кім бүйтіп жүрегімді жылытар еді? Мен сендерден безгем жоқ, құлындарым! Тырнақтай пайдам тимеген соң, әзір асқа тік қасық болудан қаштым. Сөзі қисық, ісі қырсық, есуас әкені күнде көріп жандарың жараланғанша, осы жақсы емес пе!..

Жапырақтардан себезгілеген тамшылармен араласып көз жасым бетімді жуып кетті. Сәлден 

cоң шам сөнді. Терезенің суқараңғы көзі қара түнмен астасып, қанша үңілсем де ештеңе көрінбеді. "Ұйықтаңдар, құлындарым. Қазір барсам, мамаларың мені мына суықта дірдектетіп жаңбырдың астында қалдырмайтынын білемін. Ол байқұстың жүрегі жұмсақ қой. Жо-жоқ, сендердің тәтті ұйқыларыңды бұзғым келмейді!.."

   Жел үдеп, дүр сілкінген  жапырақтар мұздай нөсерін үстіме төгіп-төгіп жіберді. Дамылсыз сатырлаған суық тамшы көлшік бетінде дірдек қағады. "Қайда барамын? Не істеу керек?" айналам тұлдыр екен. Таныс-білістің жүзін адақтап, әр есікке бір жаутаңдаған тіміскі ойым адасқан күшіктей айтақырдан із шалар емес. Осындай қысылған сәтте қол ұшын беретіндей мен пақырда шынайы дос та, жанашыр жақын да жоқ болып шықты. Айналып келіп тапқан қазығым – баяғы Тәукебай. Оның өзі де дүдәмал. Жүзіктің көзінен өткен жүліктеу жігіт. Менің "үндеместен" қорқып сақтауға берген қолжазбаларымды пайдаланып, кәдуелгідей романист болып алған жоқ па. Өткенде құрақ ұшып, сыйлаудай-ақ сыйлаған. Бірақ саудалы достыққа сенім бар ма, енді барсам, "мен сені көргем жоқ, сен мені көрген жоқсың, аулақ жүр" деп кеудемнен итермесіне кім кепіл? Не де болса тәуекел. Ат басын тірер басқа жерім кәне?

   Таңғы автобуспен сол көзкөрген Мичуринге жеттім салып-ұрып. Келуін келсем де "Құдай-ай, қара бөшке қатынның қырысқан қабағын тағы көретін болдым-ау!" деп уайымдап біткем. Сәтін салғанда, жуан қарыны  ірік-ірік етіп, Тәукебай аулада денешынықтыру жасап жүрекен. Отыз кісі отыз барабан соққандай, отыз тісім сақылдап дарбазадан кіріп барғанымда, Тәукеңнің қалың қастары қанатын бір-ақ сермеп, тайқы маңдайдың бел ортасына бір барып қайтты. Келесі сәтте ырсиған езу мен керілген құшақ өзіме қарай баяу қалықтап келе жатты. Көп сөзге келместен үстімдегі сығып алғандай лыпамды сыпырғызып, терлеп тұрған моншаның есігінен кіргізіп жіберді. Түн асса да демі басылмай жып-жылы боп тұр екен. Тәукең көмірдің шоғын көсеп, қайың кеспектерін үстемелеп, оттықтың көмейін дүр еткізіп еді, лезде қайнап шыға келді. Бойым шымырлаған сайын тоңып, сүйек қапқан іштегі суық шықпай біразға дейін дірдек қақтым. Бұлаудың ақшырайып қызған тасына анда-санда пар-р еткізіп бір шөміш су шашып қойып, үстіңгі сөреде ұзынымнан сұлаған күйі, әй екі сағаттай жатқан шығармын.

   Сай-сүйегім балқып, жаным кірген сайын жүрегім елжіреді: "Құдайым-ау, осындай азаматты да күстәладым ғой. Қай екі туып, бір қалғаным дәл өстіп өбектеп құрақ ұшады?" Көңілім босағаны сонша, бір-екі рет тіпті өксіп-өксіп жібердім-ау деймін. Жыласам – жылағандай, Тәукең сыйын сыпыра қылып жатыр. Айтпасам да сезді ме, қара бөшке қатынның қыржиған қабағын көрмей-ақ қойсын деген болу керек, үлкен үйге кіргізбей, есік алдындағы жаздық жайға жайғастырды. Ыстық сорпа мен коньякті қатар қойып, асты-үстіме түсіп бәйек. Бірақ мен сорпаны қанша ішсем де терлемедім, коньякті стакандап төңкерсем де масаймадым. Мұндай той күнде болмайтынын ойлап, ертеңіме алаңдап, уайымдап отырмын.

   – Тәуке, – дедім сұп-суық көзімнің сұғын қадап. – Қолың ұзын адамсың ғой, мені түрмеге орналастыр!

Түсінбей қалды ма, көзі жыпылықтап бетіме қарады:

   – Қалай, қызметкер қылып па?

   – Жоқ, қызмет менің не теңім. Қылмыскер, тұтқын ретінде.

   – Қой, қайдағыны айта береді екенсің!

   – Шын айтып тұрмын. Таңертең түрімді көрдің ғой? Мен – солмын! Ең болмаса, жатар орын, жейтін тамағы бар ғой.

   – Ол жағына алаң болма. Үй деген мынау, қанша тұрам десең де тұра бер.

   – Пейіліңе құлдық, жақсылығың Алладан қайтсын! Маған шын жаның ашыса, ешкімге кіріптар болмайтындай бір жұмыс тауып бер. Боқ тазаласам да жиіркенбеймін!..

   – Апырай, қинадың-ау!

Тәукебай желкесін жүре қасып сыртқа шығып кетті. Үлкен үймен арадағы қызыл плитняк төселген ұзын жолды арлы-берлі шиырлап, телефон арқылы әлдекіммен ұзақ сөйлесті.

   Тыңқиып тойып, шыртиып киініп алған мені түс қайта қара "Джипке" мінгізіп алып қалаға тартты. Барахолканың ығы-жығы көп базарының біріне келдік. Доғаша иілген биік аркаға "Байтал" деп жазылыпты. Тәукебай машинадан шықпай телефон шалып еді, ауыз жиғанша төбе шашын "платформа" ғып шырпыған, дембелше сары жігіт ентігіп жетіп келді. Маңдайындағы быршыған терді білегімен жапыра бір сүртіп, бізбен қосқолдай амандасты.

   – Зәкең  збандаған, аға. Тастай қылам.

   – Ендеше мына кісі өзіңе аманат.

Тәукебай маған бұрылып, қолымды қысты:

   – Әзірге осында істей тұр. Кейін ретіне қарай көре жатармыз.

Қайыр-хош айтып қала бердім.

    Сөйтіп базардың пілдей бір күзетшісі боп шыға келдім. Кезек үш күнде бір. Жан қиналатын жұмыс жоқ. Бірақ мен күнде сондамын. Кешке қарай базардың ішін сыпырып, күндіз қақпадан кіріп-шыққан машинанның кішісінен – жүз, үлкенінен екі жүз теңгеден ақша жинаймыз. Менің кезегімде алғашқыда көп ақша жиналып, әкімшіліктен мақтау ести бастадым. Жолдастарым "сен бір пәле болдың ғой" дегендей алакөзденген соң, тым адал болғанды қойып, машиналары ескі, жүдеу өңді шоферларды тегін кіргізе салатын болдым. Енді бастықтарым қабақ астынан қарайды. "Әй, зәлім, сен де аналардан үйреніп, жымқыра бастадың ба!" дейтіндей. Бірақ үндемейді. Тәукебайдай тірегімнің дүмпуінен айбынатын болса керек.

                                                   Геля

   Алматының қысы бір күн – мүйіз, бір күн – киіз. Кеше ғана май тоңғысыз майда шуақ боп тұрған, таңертең тұрсақ айналаны тұсарлықтан қар басып тастапты. Табан астың сықырлап, бет шымшыған аяз бар. Ауланы күреп, ақ тер-көк тер болып жатқам. Кішкентай сары күшік жетектеген бір мосқал еркек қақпа алдында айналсоқтап жүріп алды. Жүзі жабырқау. Ұстара тимеген сақал-мұрты ақшуланып , жарты бетін жауып кеткен. Қолы қалтырап шымши ұстаған темекінің тұқылын сорғыштай береді. Жетегіндегі жерден бауырын жаңа көтерген сары күшік қос уыс шүйкедей ғана, жүні үрпиіп қардың үстінде домалап жүргендей. Ызғарға шыдай алмай, саусақтай-саусақтай ғана шидиген сирақтарын кезек көтеріп, дірдек қағады. Күшікті аяп кеттіп:

   – Оу, туысқан, күшігіңіз тоңып қалды ғой, біреуді тосып тұрсыз ба? – дедім анадай жерден айғайлап.

   – Күшік аласыз ба? – деді жаныма жақындап келіп.

   – Сатасыз ба?

   – Жоқ. Тегін беремін.

Бейтанысты дүңгіршекке шақырдым. Жылы жерге кірген соң күшік онан сайын дірілдеді. Іргедегі жуан жылу құбырының астына кіріп жата кетті. Үрпиген қалың қабағының астынан көздері түймедей жылтырап анда-санда қарап қояды.

   Бейтаныс түрік ағайынымыз екен. Ныспы – Жөнкер. Станбулдан келіпті. Ыстық, қара шайды сораптап қойып, тарыққан жанның шарасыздығымен естір құлаққа мұң шағып, сыр бөліскісі келгендей шет-пұшпақтап әңгімесін суыртпақтады. Әуелі "ой, Аллаһ, шайтан шатастырайын десе, оп-оңай екен ғой!" деп басын шайқап, біраз отырды. Станбулда тон, жарғақ тігетін шағын фабрикасы бар екен. Асып-тасыған байлығы болмаса да өз дәулеті өзіне жетерлік. Төрт жыл бұрын Алматыдан тауар алуға келген Шолпан дейтін саудагер қызбен танысады. Сүп-сүйкімді, алғыр, пысық. Қаршадай болып ап ер-азаматтың қолынан бірде келсе, бірде келмейтін істі дөңгелек айналдырып жүрген жұлымырлығына сүйсінетін. Құрғырдың мөп-мөлдір жанарын төңкеріп қарағанында бір сиқыр бар еді. "Аби, сәл түсіріңізші!" деп қиылып әдемі жымиғанда, өзінің қалай қолқ ете түсетінін білмей қалатын. Көз төңкеру жиілеген сайын, мұның жүрек қағысы да жиілей түседі. Сөйтіп немере сүйген қырқылжың мен уыздай уылжыған бикештің арасында  өрттей ыстық махаббат басталып кетеді. Қып-қызыл отқа күйіп-жанған жүректе ес бола ма, Жөнкер екі баласы мен әйелін тастап, сенің жолыңда жан құрбан деп, сүйіктісінің соңынан ереді. Асық жардан несін аясын, "Гауһартастан" екі бөлмелі үй алып береді, бар байлығы мен білігін салып, саудасын жолға қояды. Жөнкер бақытты еді. "Осы бақытыма көз тиіп кетпесін"  деп күнде Жаратқанға жалбарынып, жұма сайын мүсәпірлерге садақа беретін.

   – Түркияға тауар әкелуге кеткем... – деп Жөнкер ауа жетпегендей қылғынып тоқтап қалды. Әлденені еске алуға жаны қиналатындай жүзі күреңітіп, саусақ арасына қыстырған темекісін сорғыштап ұзақ отырды. – Қоңырау бассам, есік ашпайды. "Е, жоқ екен ғой" деп өз кілтіммен ашып кіргем. Үйде киетін тәпішкемнің бірі анандайда, екіншісі төңкеріліп есік көзінде жатыр. Іші жып-жылы. Денем тітіркеніп кетті. Жатын бөлмеге кіріп барсам, қатын кереуеттің үстінде ашық-шашық жатыр. Мас. Үстелде коньяктің бос шөлмегі, екі рюмка. Қаным басыма шауып, қасына жетіп бардым. Түркияда мұндай қаншықты сол жерде бауыздап тастайды. Буындырып өлтірейін деп төне бердім де өзімді әзер тежедім. Бөтен ел, заңы, салты басқа. Есім ауғандай мелшиіп қанша тұрғанымды білмеймін. Қатын-баламды жылатып тастап кетіп едім, солардың көз жасы жібермеген шығар. Бір қарасам, балағымды тырналап, күшігім шәу-шәу үріп тұр екен. Күшікті ерттім де, үйден шығып жүре бердім.

   – Күшігіңнің аты қалай? – дедім  әңгімені тез басқа жаққа аударғым келіп.

   – Геля. Түрікше атағаным ғой. Қазақша "кел,ә, келе ғой" деген сияқты.

   – Сүйкімді екен.

  Геляны басынан сипап едім, жатырқап іргеге тығыла түсті.

   – Бүгін кеште, Аллаһ қаласа, Станбулға ұшамын. Жақсы біреуге беріп кетейін деп едім.

   – Жақсы кісімін дей алмаймын. Бірақ күшігіңе жақсы қараймын. Ол жағына алаң болмай-ақ қой.

   – Ой, бауырым, рахмет! Далада қалса, қайтем деп қиналып едім!..

   Геля иесі кеткеннен кейін ойбайға басып, есік тырналап көпке дейін қыңсылауын қоймады. Сыртқа шығарып едім, қардың бетінен із шалып, арлы-берлі дызақтап, қайтадан ішке кірді. Әлгінде Жөнкер отырған орындықты шыр айналып иіскелеп жүр. Ақыры шарасыздан отыра қалып, тұмсығын көкке соза ұлуға көшті. Көзі мөлтілдеп жылап отыр.

   Содан Геля бір аптаға дейін иесін іздеп  жүрді. Көңілін аулайын деп сүт берем, аузымнан жырып жылы-жұмсағымды алдына тосамын. Ықылассыз. Тұмсығын бауырына тығып сүле-соқ жатады да қояды домаланып. Анда-санда өксігендей бүйірін соғып қаңқ-қаңқ үріп басын көтеріп алады. Қиығына бұршақтай тамшы іркіліп кіртиген көзін көргенде жүрегім езіледі. "Итті де иесімен қина" дегенді қазаекем бекер айтпаған ғой. Қасыма алып, басынан, жотасынан сипаймын. "Гелечка, қоя ғой, күшігім!" Ыңырсып, өнебойы дірілдеп, пана іздегендей бауырыма тығыла түседі. Адамның мейіріне иіп, жүрегі елжіремейтін жан иесі бар ма? Бірте-бірте маған үйрене бастады. Енді домалаңдап жарты елі қалмайды ізімнен. Қайда барсам, құлағы тікірейіп, кішкентай құйрығын бұлғап, қасымда қалқайып тұрғаны. Арлы-берлі жүргінші көп, біреу қағып кете ме деп кейде байлап қоямын. Сәл көзден таса болсам – азан-қазан. Бір ием тастап кетіп еді, мынадан тағы айрылдым ба деп шоши ма, қаңқылдап, үріп, қайтып келгенімше жағы сембейді. Осы бір сүйкімді жақсы көріп кеттім. Бұрын орыстың қатындары жазда жүнін қырқып, суықта үстеріне киім кигізіп иттерін бала сияқты бауырына басып, құшақтап жүргенде жиіркенішпен қараушы едім. Енді сол кеп өз басыма келді. Екеуміздің дастарханымыз да, төсегіміз де бір. Тамақ ішкенде газет төселген тақтай үстелдің бір шетінде ол да отырады шоқайып. Мен не жесем, ол да соны жейді. Ұғымтал, тұр десең, тұрады, отыр десең отырады. Алдына қойғанға ғана ұмсынады.

   Сыртын жылтыратып сайдингпен қаптағанмен, жықпыл-жапсарынан сыздықтап жел үрлеп тұратын қамсауы жоқ дүңгіршек түнге қарай қаңырап кетеді. Шоқпыт көрпені бүркеніп жантая кетсем, бір шетінен күшік те кіріп алады. Бұйығып бір-бірімізге тығыла түсеміз. Қыстың аяз буған ұзақ түні бітіп берсе кәне. Дүңгіршекті басыма көтере қор-қор етіп бір сәт мызғып алам да оянып кетем. Қайтып көз ілу жоқ, бақырайып жатам да қоямын. Тас қараңғы түн. Тым-тырс. Күндіз әрнеге алаңдаған көз алданышпен уақыттың өткенін білмей қаласың. Түн қиын. Көз алдыңды тұмшалаған бітеу қараңғылық. Енді өзіңді алдай алмайсың, өзіңмен -өзің бетпе-бет келесің. Еске алмайыншы, құрысын деп азар да безер боп қанша жалтарсам да ой деген жәдігөй "ә, түстің бе қолға, бәлем!" деп бассалады. Шеңгелдей қысып, шырылдаған жүрегімді өткір тырнағымен мытып-мытып жібереді. Жалғыздығым, бейшаралығым есіме түседі. "Осыным не тірлік? Мұндай күйге қалай тап болдым? Не жаздым тағдырға?  Бүйтіп сорлы болатындай кімнен кем едім? Кісілігім төмен бе, әлде білік-білімім таяз ба?"

   Құлазыған тасқараңғы, меңіреу түндегі жалғыз алданышым, сырласым да, мұңдасым да сары күшік. Сипалап, содан таяныш іздегендей бауырыма басам. Бойы жылынған соң ары қарай аунап түседі. Пысылдап ұйықтаған сәби секілді. Төртаяғын төрт жаққа тарбита керіліп, ыңырсып қояды. Тәп-тәтті алаңсыз ұйқы құшағында. Ертең не жеймін, күнім не болады деп уайымдамайды. Ойсыз-қамсыз болған қандай рахат. "Сен де менен гөрі бақыттысың-ау, сары күшігім! Менде не өмір бар, ең болмаса сен сияқты өстіп рахаттанып ұйықтай алам ба? Сен еркіңмен жүре аласың, ыза болсаң, ырылдайсың, ішіңдегі құсаңды ақтарып үресің. Ал мен ше? Менде сендегі еркіндіктің бірі де жоқ. Аяқ-қолым, тілім... бәрі буулы. Олар маған ештеңе ойлама, көрме, сөйлеме ... дейді. Құдай маған көретін көз, ойлайтын ми, сезетін жүрек, сөйлейтін тіл берсе, неге мен жақсыны – жақсы, жаманды жаман деп айтпауым керек? Неге ізгілікке сүйініп, зұлымдыққа күйінбеуім керек? Маған ештеңеге селт етпейтін сезімсіз, меңіреу, аты-заты беймәлім мақұлық хайуан бол дейді. Ең болмаса, сен сияқты ит болайыншы, кішкентай күшігім. Ішімдегі кернеген өксік пен запыран-зарды ұлып, үріп  болса да шығарайын!"  Ыза, күйіктен көкірегім қопарылып бара жатқандай, тереңнен өрлей соққан өксіктен ышқынып ұлып-ұлып жібердім. Қойнымдағы күшік атып тұрып, төсектен бір-ақ секірді. Босағаның түбіне барып шоқиып отыра қалды да тұмсығын көкке көтеріп, ол да ұлыды. Ұзақ ұлыдық екеуміз қосылып. Ұлыған деген жақсы екен, сөзбен айта алмайтын, ит еместер түсінбейтін  біраз зарды айтып алғандай ішім босап қалды... Сөйтіп мен күнде  түн ортасында сабан жастықтан басымды көтеріп алып, ұлитын болдым... Өксіп, өкіріп ұзақ ұлимын. Дауысымды естіп, айналадағы ит біткен қосылады. Ұлар-шу. Жүздеген, мыңдаған жаралы жүрек қосыла зарлағанда, азалы үннен түнгі аспан күңіреніп азынап кетеді. Бірақ менің иттік репертуарым ұзаққа созылған жоқ. Батыс елдерінің, әсіресе Американың бұзылған тамағын жеп, зиянды дәрі-дәрмегін еккеннен қандары сұйылып құтырған иттерді түнде ұлып жұртқа ұйқы бермеген соң арнайы жасақ шығып атып жатыр деген суық хабар жеткеннен кейін, бейуақта ұлымас үшін аузымды скочпен шаптап қоятын болдым...

                                            Браво, кемпош!

   Біздің базарымыз – әмбебап. Жоқ емес зат жоқ, құста сүт болса, ол да табылар еді. Жер түбінен ағылған жұрт керегін арқалап, арбалап әкетіп жатады. Базардың түп егесі Шахнияз деген ізгілікті кісі көрінеді. Үш мәрте қажылыққа барған. Өзім жүздескен емеспін. Бізге ондай кісіні көру қайда. Телевизордан көргендер көзі бақырайған, домалақ, сары кісі дейді. Не болса да қолы ашық, жомарт адам. Соңғы үлкен сайлауда үгіт бригадасымен жер-жерді аралап, жоқ-жітік, әл-ауқаты төмен адамдарға тегін киім-кешек, азық-түлік таратып, ана нән кісінің оң көзіне ілігіпті. Содан бері депутат. Бизнесін қызы мен әйелі жүргізеді екен. Базарда ай сайын, не  айтулы мейрамдар қарсаңында қайрымдылық акциясы өтіп тұрады. Газет, телевидение арқылы құлақтанған жұрт қаптап кетеді. Кәрі-құртаң, жоқ-жітіктің небір сортын сол күні көресің.

    Ата-бабасынан қалған мейрамдай Рождество, Жаңа жыл  десе, үш ай бұрын алашапқын қапылатын Қазақстан емес пе. Қараша жаңа түссе де бүгін Жаңа жылға арнап қайрымдылық шарасын өткізгелі жатыр. Қайрымдылық дегенде, тегін үлестірілетін ештеңе жоқ. Өтпей тұрған, мерзімі асып кеткен немесе бұзыла бастаған азық-түлікті арзанға сатады. Ыңыршағы айналған жұрт байқұс соның өзіне шыбындай қаптайды. Бірін-бірі итерген қырғын-талас. Ерте келмесе, жетпей қалуы мүмкін. Арбаларын сүйретіп таң бозынан келе бастайды. Көрпенің астынан мойынын қылтитып күшік шәу-шәу үргенге терезеден қарасам, қақпа алдында бір кемпір тұр. Әлі автобус та жүрмеген елең-алаң. Жақын маңда тұратын біреу-ау шамасы. Дала шыңылтыр аяз. Екі иығы қушиып, басқан ізі сықырлап, арлы-берлі теңселіп жүр. Анда-санда аяқтарын бір-біріне соққылап бүрсең қағады. Аяп кетіп ішке шақырдым. Мұрыны иегіне түсіп, қабақ астынан үңірейе қараған шомбал кемпір түртіп қалсаң, қирап түсер ескі шкафтай сүйек-саяғы сықырлап баспалдақтан әупірімдеп әзер көтерілді. Үстінен махорка иісі мүңк етті. Жеңілтек, қоңыр драп пальтосының шынтағы мен өңірі тықырланып, жылтырап тұр. Қылғына тартқан көкшулан бөкебайдың үстінен милықтатып қызыл берет киіп алыпты. Тоңып қалған екен, босаға жақтағы ызыңдаған тік құбырдың тұқылын құшақтап отыра кетті.

   – Ерте келіпсіз ғой? – дедім кейуанаға аяй қарап.

   – Ой, балам, өткен жолы жетпей қалып, құрқол қайтқам. Ұйқысыз босқа жатқанша ертерек бара берейін деп келгемін. Ой, күн суық екен бүгін.

Шам жаққанға әрі самбырлап сөйлегенімізді жақтырмай, диван үстінде іргеге қарай аунап түскен сменщигім – Өмірзақ қыржиып күңкілдеп жатыр:

   – Суық болса, таңатпай қақшаңдап астынан су шығып па. Шеше қылайын деп пе ең, неменеге шақырдың?

   – Шешем болмаса да біреудің ше

шесі ғой. Жата берші!..

   Тостерді токқа қосып, шай демдедім. Қара шайды ұрттап қойып екеуміз үстел басында күбірлесіп отырмыз. Кемпір жиегі жыбыр-жыбыр будақтаған сынық құлақ көк бокалды қос уысымен қапсыра ұстап, ерін күйдірер ыстық шайды үсті-үстіне сораптайды. Бойы жылынбай қалтырап отыр. Сөзуар ма әлде сөйлесуге кісі таппай жалғыздықтан ішқұста болған жан ба, көк бокалды орталағанша біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Есімі Антонина Сергеевна екен. Баба Тоня. Отыз алты жыл бойы "Қызыл Ту" фабрикасында тігінші болыпты. Пенсиясы – отыз төрт мың. Ішер ас, киер киімнің таршылық-уайымынан гөрі, өткен өмірінің әдемі елесімен көбірек өмір сүретін сияқты.

   – Аай, ай, дүрілдеп тұрған фабрика еді ғой! Бес рет Грамота алғанмын! – деп ұртындағы жалғыз тісі ақсиып жымиғанда, бетіндегі бүкіл әжімі жазылып кеткендей болды.

   – Баларыңыз бар шығар? – дедім сөз арасында.

   – Бар. Лизам Воркутада тұрады. Погналась за длинным рублем. Уже двадцать с лишним лет как след простыл. А Петя жил в Краснодаре, недавно погиб. Сам министр Шайбо что ли, этот чернявый  лично соболезнование прислал!..  Эти хохлы окаянные, смуту затеяли же. Петям кішкентайынан патриот болатын. Хохолдардың орыстарға қысым көрсетіп жатқанын ести сала, ерікті жасақтарға қосылып, Донецкіге барған екен, сол жерде оққа ұшыпты...

Үнінде өкініш не қайғының уытты демі жоқ, қайта әлдебір іштей ризашылықпен мақтанып отырғандай.

   – За русскую землю голову сложил. Вот настоящий русский мужик мой Петька!

   – Қайдағы орыстікі, Украинаның жері емес пе! – дедім алжыған кемпірмен айтысқым келмесе де қызарақтап.

   – Донецкі де, Луганскі де – бәрі орыстың жері. Орыс тұрған жер орыстікі болмағанда кімдікі болады? Вот Путин– красавчик, молодчина! Руси – матушке вот такой царь нужен крепкий, как Петр Великий, Сталин! Выпендрившим хохлам в жопу пестон вставил. Крым у них отобрал. Всех этих чурок...е- а...киргизов, казахов в Союз снова загнал... просто молодец!..

Кемпір кіргеннен қоясы қисық келгендей қитығып аунақшып жатқан Өмірзақ ақыры басын көтеріп алды. Қолын қолтығының астына көсіп жіберіп, тыр-тыр қасынды да:

   – Мына қақпасқа шай бергенше у бермедің бе қата қалатын! – деді кіжініп. – Әй, бабка, вот уж куча народа собралась. А то опять с носом останешься!

   – Ой, да уж, я пойду. Спасибо за чай, детки. Дай Бог вам здоровья...

Аһылап-уһілеп, екі жағына кезек теңселіп есіктен шығып бара жатқан кемпірдің ізінен Өмірзақ көзінің итімен қарады:

   – Сөзін көрдің бе өле алмай жүріп!

Пружиналы есік сарт етіп жабылысымен:

   – Браво, браво, кемпош! – деп қолсоқтым.

   – Әй, неменеңе жетісіп отырсың? Әттең, кемпір... әйтпесе, төбесінен бір қойып, отырған жеріне қазық қып қағып жіберер едім!

Ашу-ызадан ісіп-кепкен Өмірзақ жарты қарыс бойымен Қажымұқан боп күшейіп отыр.

   – Мен апама сүйсініп отырмын, – дедім. Өмірзақ "ой, жарымес әкең..." дегендей ожырая қарады:

   – Апа болмай жопа боп, өмірем қапсын!

   – Сен оған емес, өзіңе кіжін. Ондай адамға қызығу керек. Қайда жүрсе де орыстығын ұмытпайды, аш-жалаңаш болса да орыс мүддесі үшін жан беруге даяр. Неге біз осындай емеспіз? Құсығын ішкен алқаш, өлмелі шал-кемпіріне дейін отаншыл, өзімшіл халық ұлы болмай қайтеді?

   – Қойшы-ей, соларды әспеттей бермей, – деді Өмкең қолын сілтеп. – Шеттерінен империялық амбициямен ауырған!

   – Бізді өсірмей жүрген осы дерт қой, бауырым. Кінәні ылғи да сырттан іздейміз!

   – Мейірбан, бауырмал болсақ та кінәліміз бе?

   – Бауырмалдықтың да мөлшері бар. "Ә" дегенге "Мә!" дейтін мінезі жоқ елдің көретін күні осы. Ешкім оны сыйламайды да, санаспайды да...

Әркім өз дегеніне қарай қисайып, екеуміз біраз егесіп барып, ақыры ұрысқан адамдай тоң-торыс үнсіз қалдық.

   Бүгінгі кезек Өмірзақтікі. Қолым бос, илектеліп жата беретін емес, сыртқа шығып, уақыт өлтіру үшін базар ішін аралап келемін. Шеткі павильонның алды ығы-жығы, "акцияның" дабырасымен жиналған жұртта есеп жоқ. Алты-жеті жерден саудаласа да тарам-тарам ұзын-шұбақ кезектің құйрығы көш-құлаш жерге созылып жатыр. Бұл – азық-түлік павильоны. "Акция" деп арзан бағамен сатылып жатқан заттардың түрі онша көп емес. Мерзімі өтіп кеткен балық консервасы, қалбырланған ет, ит пен мысыққа арналған колбаса, сары май. Ентелеп, бірін-бірі кимелеген елде толас жоқ. Қалталары көтергенше дорбалап, арбалап алып жатыр. "Жеттік-ау, әйтеуір!" деп алдыңғылар қутың қақса, ұзын кезектің аяғындағылардың көзі жаутаң, өңі қуқыл. Кейбіреулері дегбірсізденіп айғай салады:

   – Көптен бергенді доғарыңдар. Әйтпесе бізге жетпей қалады!..

Сол-ақ екен, бірі қостап, бірі қарсы айғайлап у-шу болады да кетеді:

   – Иә, сөйту керек, бір қолға екі-үш килодан артық берілмесін!

   – Ақылыңды ана төбеңнің тазына шайнап жақ! Ол қайдан шыққан заң екен?

   – Ей, ағайын, біз де адам баласымыз ғой, өткенде өстіп дірдектеп тұрып-тұрып құр қайтқанбыз.

   – Талтүске дейін ұйықтамай ерте келу керек еді. Біз, міне алтыдан тұрмыз...

   – Әй, қатындар, шуламай қойыңдаршы! Бәріңе де жетеді.

   – Ой, Алла, ит жемеске таласатын болдық па!..

   Артынып-тартынған екі қарт топтан суырылып шығып, менің қасыма аялдады. Әлгінде ғана кезектің орта тұсынан "жетпей қала ма" деген қорқыныштан түстері қашып, көздері алайып айғай салғандардың бірі осылар еді. Енді, міне, көңілдері орнына түскендей жүздері жайдары, көздері күлмің-күлмің. Бұхардың базарынан қайтқандай байып тұр. Аяқ-қолы серейіп, сәл еңкіш тартқан ұзын бойлысы бусанған бет-аузын орамалымен сүртіп, кеңсірігі айрылардай бір сіңбіріп тастады. Қызыл бет, дембелше шал, бала-шағасынан қалған ескі ме, қолқылдаған кең шалбарының ауы тізесіне түсіп талтайып тұр. Шыны құтыдан алақанына қос шымшымдай насыбай төгіп, сәңірейген танауына кезек-кезек атты да, шоқша сақалын көкке шаншып сілейген күйі тұрып-тұрып, павильонды басына көтере "әтпішулетіп" қос зеңбіректен қатар залп берді. Үшінші зеңбірек те қоса атылып кетті ме, құдай білсін, әйтеуір дауысы қатты шықты.

   – Ой, жан-ай! – деді көзі жасаурап. Содан соң ұзын шалдың аузы-мұрнынан шыққан арбасына қарап күлмің етті:

   – Итттің кәлбасасын үйіп алыпсыз ғой, соғымның қазысындай!

   – Е, күл, күл... Заманың ит қып қойған соң, иттің тамағын жемей қайтеміз!.. Сен құрдас, өйтіп иттікі деп айтпасаңшы, кісінің кеуіліне келеді екен. Не болса да ас қып отырмыз ғой...

   – Біз әлі жеп көрген жоқпыз. Қалай болады екен өзі?

   – Үйреніп кетесің. Біздің бәйбіше әйтеу бабын біледі. Шемішкенің майына қуырып, картобымен қосып әкеп берген соң соғып аламыз.

Қос ала сөмкені сықап алған қызыл бет шалдың да сырбазданатындай шалқып тұрғаны шамалы. Толған тушенка мен балық консервасы. Қалбырдың кейбірі тырсиып ісініп кеткен.

   – Әкей, мынадан уланасыздар ғой! – дедім шыдай алмай сөзге араласып.

   – Ой, шырақ, біздің қарын не көрмеген қарын. Оңайшылықпен улана қоймайды. Ақ үкімет те, қызыл үкімет те бұ қазаққа не жегізген жоқ. Отыз екінші жылы шіріген тышқан жегенде де аман қалған. Осы күйінде бір сағаттай сақылдатып суға қайнатып алсаң, түк те етпейді. Қызын ұрайын, аштан өлгенше, улансақ та, бір  тойып өлейік те!..

   Екі шал ғана емес, дорбасы мен арбасын толтырып қайқайып шығып жатқандардың бәрі мәз-мәйрам. Ешқандай уайымы жоқ, өмірге дән риза жандар ғана дәл осылай жадырап, жайраң қағатын шығар. Мынау көш-құлаш қызыл матаға "Акция" деп ақситып жазып қойған кең залда жалпақ жұртқа оңды-солды бақыт үлестіріп жатқан сияқты. Бәрі мәз, бәрі риза. Әнеукүні ақсарайда бір министр: "Біз бақытты кезеңде өмір сүріп отырмыз!" деп мақтанышпен кеудесін кергенде, анау ең үлкен кісінің өзі сеніңкіремеген еді. Міне, мен енді сендім. Бақытты жүздерді өз көзіммен көріп тұрып қалай сенбеймін. Сол министр мырза не деген көреген десеңші. Немен қуантсаң да қуанта білсең болды, бақыт деген сол емес пе! Біздің еліміз шынымен де бақытты екен-ау. Жынды болған соң бәрін қисайтып, теріс көреді екенмін ғой!..

                                            Өмірзақтың саудасы

 

   Жарты жылда сары күшік жардай төбет болды. Салпы ерін, апай төс. Сирақтары сіңірлі, сом. Тікірейген құлақтарын жымырып, азуын ақсита арс еткенде, небір дүрдиген төбеттерің қайқайған құйрықтарын бұтына қыса  қаңқ етіп қалай безе жөнелгендерін білмей қалады. Базар торуылдаған талай бұралқының мойынын бұрап тастады. Күшік кезінде итаяғына құйылған асты аңдып тұрмасаң, қағып кететін сумақайлардың енді бірі де жақындай алмайды. Бәрі қорқады, тісі батпаса да сұсынан айбынады. Тек тұқымы белгісіз, көзі, аузы жалбыраған жүннен көрінбейтін, бір аяғы молақ , сұр қаншық қана тілін тауып жүр. Құйрығын бұлғаңдатып жақындаса болды, бұл бейшара бар айбатынан айрылып, есі шығып кетеді. Сұр қаншықты қолыма түскен затпен ұрып-жығып, талай рет қаңқылдатып қуғанмын. Ондайда Геля мұның не дегендей маған жаман көзімен қарап қыңсылайды. Қаншық бәрібір баспалап келуін қоймайды. Екеуінің иіскелесіп тұрғанын көргенде: "Әй, аңқауым-ай, ақымақсың-ау, қаптап жүрген қаншықтын тапқаның осы ма?" деп кәдімгідей қапаланып қаламын. Бірақ ит түгілі ақылы бассүйегіне сыймай жүрген еркектердің өзі небір түкке тұрғысыз ұрғашының жез қармағына итшабақтай ілініп қалмай ма.

   Геляның сыртқы сымбатына, сұсы мен айбатына қызығып құда түсушілер көбейді. Базарға келгендер базардағының бәрі сатылады деп ойлайды-ау, сірә, Геляны көре сала "қанша сұрайсың?" деп бірден бәсінен бастайды. Сатпаймын деген сайын жата-жабысады. Ақырында ұрсысып, боқтауға дейін барып әзер құтыламын. Бірде шашын тікірейтіп, төбесіне самолет қонатын аэродромдай етіп  қырыққан тәпелтек, жуан сары есіктің көзін қарынымен сүзіп кіріп, үстелдің үстіне бір уыс көк құлақты сарт еткізіп тастады:

   – Мың доллар! Ат-түйедей қалаймын, бауырым. "Горный Гигантта" особняк соғып жатыр ем. Осындай мықты ит керек.

Бедірейген түрімді көріп, тағы бес жүз қосты. Көнбедім. Ит те болса, жалғыз алданышым. Қалай сатамын. Осы жұрттың соны түсінбейтіні қызық-ей. Ренжіп кетті. Жәй ғана өкпелеген жоқ, жалт етіп қараған көкшіл көзінің қиығында бір суық ұшқын кетті. Түсі бұзылып, теріс қарап тоңқайып жатып алған Өмірзақ та күңкілдеп қояды:

   – Шын жынды екенсің ғой. Қазысы табан шығар ту биенің базардағы бәсін беріп тұрғанда, бұл не кергігенің?

   Арада оншақты күн өтпей Геля жоғалып кетті. Сұр қаншық та көрінбейді. Ылыққан қаншықтың соңынан бір қора ит шұбатылып жүр еді, соларға еріп жігітшілік жасап кетті ме дегенді алданыш қып бір-екі күн онша алаңдағам жоқ. Сұр қаншық қаумалаған қалың күйеужігіттің ортасында құйрығы қайқайып үшінші күні оралды. Геля ұшты-күйлі жоғалды сол күйі. Есіме түскен сайын көңілім құлазиды. Кішкентай күшік күнінде томпайып қойнымда жататынын, еркелеген сәттерін ұмыта алар емеспін. Кейде түні бойы түсімде көріп шығамын. Сондай түс көрген күннің бірінде жүрегім алабұртып сыртқа шықсам, қақпаның алдында Геля жатыр көлденең сұлап. Төрт аяғы төрт жаққа керіліп қимылсыз қалған. Есім шығып құшақтай алдым. Көзімнен жас ыршып кетті. Өліп қалды ма деп қорқып едім, құйрығын сәл бұлғап, қыңсылағандай болды. Құр салдыраған арса-арса қу сүйнегі ғана қалыпты. Өнебойында сау тамтық жоқ, тізелері, тірсегі қанжоса. Қарғыбау қажаған мойнының терісі сыдырылып шиқандай боп тұр. Сүйретілген ұзын шынжырдың ұшындағы тоқпақтай темір қазықты жерден суырып алғанша қанша күн арпалысты екен бейшара.

   Бір апта бойы емдеп-домдағаннан кейін әзер есін жиғандай болоды. Бұрынғыдай емес жасқаншақ. Бөтен біреу көрінсе, дүңгіршектің астындағы қуысқа сып етіп кіріп жата қалады. Өмірзақпен өш, анандайдан айбат шегіп, ырылдап жақындатпайды. Өмекең ондайда:

   – Кет-әй, мынау қайтеді! – деп бір ұрлығы шығып қалғандай қызырақтап қалады.

   Геля енді менен екі елі айрылмайтын болды. Тұрсам – бетіме алақ-жұлақ қарап қасымда шоқиып отырады. Жүрсем – бүлкілдеп соңымнан еріп келе жатқаны дәл бір көлеңкемдей. Менен көз жазса, тағы да біреу алып кете ме деп қорқады-ау шамасы. Түнде де дүңгіршекке кіріп алып, төсегімнің жанында ұзыннан сұлап жатқаны. "Фу, ит сасып... аядай жерде тұншығып өлетін болдық қой!" деп Өмірзақ күңкілдегенмен, мен үндемей теріс қарап жатып аламын. Шыдай алмай "Шық!" десе, Геля ырылдап өзіне тап береді. "Сауап, сол керек өзіңе!" деймін ішімнен.

 

                                                    Бөтен

 

  Балаларымды көрмегелі қай заман. Жынды болсам да аздап адамдық түйсік бар ғой. Әбден сағындым өздерін. Кейде түсімде көріп, өксіп оянамын. Ондайда жастығым шылқыған су боп қалады. Көпке дейін түсімдегі елестен айыға алмай төсек үстінде меңірейіп отырамын мең-зең. Кішкентай қара пұшығымның кекілінің иісі мұрынымнан кетпей тұрып алады. Күні кешеге дейін қойнымда томпайып жататын тентегім ғой!.. Бұғып жатып аңдаусызда бұрқ етіп атылған жанартаудай көкірегімнен оқыс оянған ұлы аңсар қолды-аяққа тұрғызар емес жүр-жүрлеп. Құдай-ау осы уақытқа дейін қалай шыдап жүргенмін? Дәл қазір құлындарымның маңдайынан иіскеп мауқымды басып, мейірімді қандырмасам, сағыныштан сыздаған жүрегім жарылып кетердей алып- ұштым. Жиған-тергенімді қалтама қаттап, үсті-басымді түзеп, кісі кейпіне келіп дегендей жолға шықтым. Геля екібастан қасымда. Сәске түс еді. Балаларымды көрем деген қуаныш па, бар дүние әдемі боп көрінеді маған. Жаңбырдан кейін жарқырап ашылған Алматы аспаны жуған әйнектей мөлдіреп сыңғыр қаққандай. Алатаудың қар басқан шыңдары бұрынғысынан да зорайып асқақтап кетіпті. Тіл ұшына өз-өзінен үйірілген ылғи бір көңілді, ойнақы әуендерді ыңылдап, салқын аллеямен өрлеп келемін. Өне-бойым алақызып, небір қиял тербейді ойымды. "Әбден сағынған болар-ау қарақтарым. Ескі киімдерімді, кітап сөресінің қуысында тұрған үлкейтілген суретімді көрген сайын көздері жаутаңдап, ет-жүректері елжірейді-ау! Қазір папалап үшеуі үш жағымнан құшақтай алғанда қалай шыдар екем? Әй, сол жерде бор боп езіліп кететін шығармын! Үйге кіргізіп ап, енді жібермейміз десе ше? Шешелері не дер екен? Е, көнбегенде, жүрегі жұмсақ қой ол байқұстың. Бірақ мен не істеуім керек? Еркек деген атым бар емес пе. Бірден сылқ етпей, "алтын басымды күйелеш табамен ұрып қуып шыққансың!" деп біраз бұртиып, бәлсінгенім дұрыс шығар. Қатындарға солай бағаңды арттырып алмасаң болмайды. Ертең тағы бірдеңе болса, "сүйретіліп өзің келгенсің, мен шақырғам жоқ" деп тағы да қуып шығуы мүмкін ғой!.." Өз қиялыма өзім елігіп, үйдің қасына қалай жеткенімді білмей қалыппын. Табаныммен талай тоздырған көше. Әр пұшпақ, әр бұтасына дейін таныс. Бәрі көзіме оттай басылады. Үйге бірден жетіп баруға жүрексініп, көшенің қиылысында іркіліп қалдым. Алақаным суланып, маңдайым тершіп кетті. Ары қарай аттауға батылым жетпей, байқастап осылай біраз тұра тұрғанды жөн көрдім. Үйеңкінің түбінде теңбіл- ала көлеңкесін жамылып темекі тұтаттым. Кенет үйдің бұрышынан қарапұшығым шыға келді бір топ баламен бірге. Жүрегім атқақтап кеудеме сыймай кетті. Өй, жарығым сол! Сорайып өсіп кетіпті-ау өзі. Дудыраған қара шашы сеңсең бөріктей. Кәдімгідей жігіт болып қалыпты таралып. Жүрегім одан ары дүрс-дүрс лүпілдеп алқымыма тығылды. "Қошқарбек!" деп айғайламақ боп едім, дауысым шығар емес. Қаннен-қаперсіз өзара дабырласқан күйі көшені жанай өтіп барады. Жүгіре басып соңдарынан ұмтылдым. "Қо...Қошқаржан!" Қырылдап дыбысым шықпаса да далбасалап қолымды үсті-үстіне бұлғап қоямын. Дауысымды естімесе де жүрегі құрғыр сездірмей қойсын ба, әне өзі де жалт қарады. Әлде маған солай көрінді ме? Жоқ, анық қарады. Әй, жаным сол, қазір өзі де құстай ұшар-ау! «Папа!» деп бассалғанда, әй, қайнаған суға салған мұздай еріп-ақ кететін шығармын!.. Өз қиялыма балдай балқып, тіпті мұрыныма қара пұшығымның желкесінің иісі де келгендей емірене көзімді жұмып, құшақтауға қанатымды жая бергенмін. Кешеуілдегенге көзімді ашсам, қарсы ұшқан Қошқарбегім жоқ, қайта жырақтап барады. «Байқамай қалды ма екен?» деймін жылт еткен жылбысқы күдікті көңіліме қоңсы қондырмай. Жо-жоқ, әне, жалтақ-жалтақ ұрлана қарап қояды. Мен жалбақтап соңынан жүгірер деп жасқана ма, көрмеген сияқтанып, қасындағылардың тасасына бұғына тезірек ұзап кетуге асығатындай. Өз көзіме сенер-сенбесімді білмей меңірейіп қанша тұрғанымды білмеймін. Жүрегім мұздай суынып, тұрған орнымда сылқ етіп жүрелей кеттім. Ішімдегі бір тірек құлап түскендей қирап қалдым. Әлбәттә, қаңғыбас, бомж кімге керек. Үсті-басы алқам-салқам, ит жетелеп тентіреген дәруішті әкем деуге арланады, қорланады. Жолдастары көрсе, мазақ қылмай ма. Дұрыс нәрсені бұрыс деп теріс-қағыс лағып сөйлейтін есуас әпенді, әзір асқа – тікқасық болғаннан басқа соқыр тиын пайдасы жоқ масылды қалай әкем деп еміренсін! Мен енді олар үшін жат, бөтен біреумін. Жүректерінен жұлып тастапты. Шын жалғыз қалғанымды енді түсіндім. Жаным тоналып, жапырағым оталып үскірік өтінде тыржалаңаш қалтырап тұрғандаймын. Лап етіп тереңнен қопарылған ыстық жалын көкірегімді өрлей соғып өртеп барады. Бір қарасам, Геля қып-қызыл тілін жалаңдатып бет-ауызымды сылп-сылп жалап отыр екен. «Не болды саған?» дегендей қыңсылап, құйрығын бұлғаң-бұлғаң еткізеді. «Сенен басқа енді кімім бар!» Сары күшікті мойынынан құшақтап, одан сайын егілдім.                    Сол сәттен бастап дүние маған мәнсіз, сұрқай кеңістікке айналды. Бәрінен жеріп, бәрінен жиіркендім. Ең бастысы – өзімнен безіндім. Осыным не тірлік? Елдің көрмегенін көре қоямын, сезбейтінін сезе қоямын.Соның бәрін өкіртіп жаздым, оқығанның айызы қанардай өлтіріп жаздым. Одан шыққан мүйізім қайсы? Балаға – жат, жақынға – жексұрын, дұшпанға мазақ болдым. Соның бәрі Қара шал қалам ұстатқан күннен бері басталған азап. Құрысын, жынды болудан жалықтым. Басқалар сияқты болғым келеді. Өмірді солар сияқты көріп, солар сияқты күліп-қуанғым келеді. Әнеу күні ит жейтін колбасаны таласып-тармасып алған қаймана жұрт қалай қуанды, жүздері бал-бұл жанып қалай бақытқа бөленді. Мен неге солардай бақытты бола алмаймын? Жоқ, маған да одан артық бақыттың керегі жоқ. Қара көжеге томпиған қарынымды сипап қойып тып-тыныш жүрген алаңсыз көптің бірі едім, мені құртқан Қара шал ғой. Бірде «жазушы болмай жайыма жүрсем, бүйтіп сорламас едім, бәрі сенің кесірің!» деп іштей ренжимін, бірде жаным ышқынып: «Атаеке-ау, қинамашы мені, аяшы!» деп жалбарынамын. Әдеттегідей түн қараңғысында қасыма кеп, құлағыма сыбырлағанда, көрпемді тас бүркеніп жатып аламын, тұлабойым құрысып, алты айрығымнан қара тер шүмектесе де тастай қарысып, қаламға қол созбаймын. Ондайда Қара шал қабағын шытып теріс қарайды. Сонда да өзімді жеңе алар емеспін. Ештеңені көрмейін деп көзімді жұмсам да, естімейін деп құлағымды жапсам да, бәрібір көкірегімдегі шақырайған бір көз бәрін тінтіп, қалт жібермей қадалып тұрады. Ол көзді қалай сөндірсем екен? Одан құтылмай жаныма тыныштық жоқ-ау, сірә...

   Құс келіп-құс қайтқанда ескі дертім қозып, көтеріліп кететін әдетім. Биылғы күз бұрынғыдан да ауыр соқты маған. "Құс қанатының желігі бар" деген рас сөз, тегі. Қайтқан құспен бірге шалығым өршіп, өзімнен-өзім елеуреп жер-көкке сыймай кетемін. Қарадай жұлқынып, қу жанымда тыныштық жоқ. Сылқылдап күліп отырып, ыңырсып жылай салуым да оп-оңай. Өмірзақтың жаны тәтті, аса сақ, пышақ, шанышқыдан бастап қолға ілігер артық-ауыс заттың бәрін қайда зытырғанын білмеймін, көзін құртты. Қасында болсам, жалтақ-жалтақ бетіме қарап, ашық тұрған есікке таман ыңғайланып отырады. Қорқатын жалғыз Өмекең ғана емес, әлдекіммен дауласқандай екі көзім ежірейіп, екі қолымды үсті-үстіне сермей, өзімнен-өзім даурығып  көшеде келе жатқанда, қарсы жолыққандар анандайдан жалт беріп, жарыла қашады. Кейде қала сыртына шығып, шығандап кетемін. Шық қонған шалғын мен бұталарды белуардан кешіп, қырқа-белдерден асамын. Алқынып, өкпем өшіп қиядан-қияға беттеймін. Қайда бара жатқанымды өзім де білмеймін. Жан құлазытқан жалғыздықтан, мәнсіз, сұрқай тірліктен безіп, әлдебір шексіздікке сіңіп жоғалсам деймін.

   Бір күні жоғарғы Қаскелең жолымен жоталарды бөктерлей тағы да қала сыртына шыққанмын. Тыныштыққа бөккен жым-жырт сары дала, мал тұяғы тимей тусырылған қолаттың оты белуардан. Буыны қатып ерте қураған қалың қау тиіп кетсең, күтірлеп қаусап тұр. Арсалаңдап бытқылға қойып кеткен Геляның өзі көрінбегенмен күтір-күтір жапырылған қурайлар "міне-міне" деп айғайлап айтып жатыр. Алдымнан бір сұр көжек атып шығып, зыта жөнеліп еді, ондайды көрмеген қаланың "интеллигент" құтпаны зәресі ұшып бері қарай қашты. "Ой, қояннан қорыққан түрің құрсын!" дедім қасыма кеп тығылған итке күле қарап. Кенет бұлыңғыр аспан сыңсып, сыңғырлап қоя берді. Бір топ тырна тізбектеліп келеді екен көз ұшында. Алдына көсем салып, жебенің ұшындай үшкілденіп созыла ұшады. Жым-жырт даланы жаңғыртып, қанатынан мұң төгіп келеді. Жел ұйтқып, қурай басы сыбызғы шалып, аспандағы тырнаға үн қосқандай дүние күңіреніп кетті. Жүрегім діріл қағып, алқынып алабұртқан бір сезім әлдеқайда ала қашқысы келгендей. Қанаттарымен ауаны сапыра оңды-солды төңкеріліп, төбемнен екпіндей өте шыққанда, тыраулаған үннің алапат жаңғырығы мені де қолтығымнан іліп ала жөнелгендей болды – жердегі ала-шұбар сапырылысқан көлеңкемен араласып қаңғалақтап келемін. "Тырау-тырау тырналар, мені да ала кетші қанатыңа ілестіріп. Сендер қандай бақытты едіңдер, қанаттарың бар, еркін ұшып, еркін қонасыңдар. Бостан өмір. Жеті қат көктің шырқауына дейін сендердің өрістерің. Көксесеңдер жетпейтін қияндарың жоқ, көк теңіздер мен көз жетпес көкжиектерді көктей өтесіңдер. Ей, табиғаттың еркесі – азат құстар, құтқарыңдаршы мені де мына азаптан! Шаң-тозаңнан сілкініп ұшқым келеді сендер сияқты биікте..." Құлағымда тек тырналардың тыраулаған үні жаңғырады. Беткейде аударылып-төңкеріліп жөңки көшкен көлеңкені қуып, үкідей ұшып келемін. Қарсы алдымнан дауыл тұрғандай. Бар түймесі ағытылып қанаттай жайылған көйлегімнің қос етегін жел кеулеп, жерден жеп-жеңіл көтеріліп бара жаттым...

   Көзімді ашсам, құм төбенің бір сайлауытында жатыр екенмін. Алатаудың қырқасынан енді табан үзген күннің қып-қызыл кірпігі жанарымды шағып алды. Еспе құмды тұмсығыммен сүзе құлаппын. Жүгіре-жүгіре өкпем өшіп, жетіп құлаған жерім осы болса керек. Сары алтыннан құйылған ескерткіштей күн нұрымен жарқырап бас жағымда сары төбет отыр шоқайып. Қан тамшылаған алдыңғы аяғын көтеріп, ауырсына жалайды. Ырылдап-арсылдаған арсы-гүрсі дыбыстар миымның әлдебір түкпірінен еміс-еміс жаңғырғанда, орнымнан қалай ұшып тұрғанымды білгемін жоқ. Төбенің теріскейіндегі қураған қалың қау әлдебір түнгі сойқанның куәсіндей боп ойран-асыр жапырылып жатыр. Анандайдағы қурай арасында ағараңдаған не деп жанына барсам, езуі ырсиып арлан қасқыр сілейіп қалыпты. Алды-артыма қарамай еңіске қарай жөнеп бердім. Етекке түсіп ес жиғанда ғана үш аяқтап шоқаңдаған Геля ізімнен әзер ілбіп келе жатқанын көз қиығым шалды.

                                      Жаман жаза алмайтын ақын

   Одақ жаққа ат ізін салмағаныма жарты жылдан асқан шығар. "Жынды-екем-ау, осы уаққа дейін қайда жүрсің?" деп сағынып отырған біреу бардай, салып-ұрып жетсем, көзтаныс қисық мұрын Тілеужан ары-бері өткендерді қайырып әкеп, дарбазадай есікке тықпалап жатыр екен. Мені көріп қуанып кетті. Өткенде желкемнен түйіп қуып шыққаны есімде жоқ:

   – Оу, амансың ба-ей! Жақсы келдің, ішке кір! – жеп қолымды алып, есікке қарай қақпайлдады. Өткендегісі есіме түіп, өкпелейін деп едім, өкпелей алмадым. Бөткемдегі бұлтиып жатқан реніштің көк мұзы жымия ұсынған алақанның жылуынан-ақ еріп кеткендей.

   Той ма, жиын ба – ештеңеден хабарым жоқ, елмен бірге ішке кірдім ентелеп. Абажадай залдың соңғы бес қатарында солдаттар отыр сіресіп. Бергі бес қатарын студенттер мен оқушылар толтырыпты. Алдыңғы жақ шөлейтке біткен селеудей селдір. Бос орынның біріне жалп етіп жанбастай кеттім. Сахна гүлге көміліп қалыпты. Қақ төрде сұйқылтым шашын шалқайта қайырған аққұба, кәртең кісі қарсы қарап қасқайып отыр. Микрофонға барғандардың бәрі "Бәке, Бәке" деп, бірі өлең оқиды, бірі жер-көкке сыйғызбай өлеңге бергісіз асқақ лапылмен мадақ айтады. "Бәкесі кім?" деп мен отырмын. Не боса да бір мықтысың-ау деп қоямын. Сұңқылдап ауыздары жабылмайтын біреулермен қоңсы қонжиған екенмін. Дүрдік ерін, жалпақ сары мен қияқ мұрт, жылтыр қара күңгір-күңгір. Екеуінің жүзі таныс. Баспалар үйінің дәлізінде темекі тартып, от алған трактордай дүрілдеп тұратын. Сол әңгімелерін осында сүйрелеп әкеліп, әлі бітіре алмай отырғандай. Сахнаның қызығы жайына қалды, көзіммен құр тесілгенім болмаса, ештеңе көріп те, ұғып та отырғаным жоқ. Құлағымның тесігі бармақ сыйғандай үңірейіп, су сорған шлангадай қасымдағылардың әңгімесін шырғасын шығармай сіміріп жатыр. Шала-пұшық ұққаным – бұл жиын Бөрібай Қадыржанов деген жазушының жетпіс бес жылдық тойы қарсаңында оқушылармен өткізіп жатқан кездесуі екен.

   – Алла-ай, Әуезов көрмеген сый-құрметті осылар көрген соң, әдебиетте не қадыр-қасиет қалады! – Салпы ауыз сары көзін жұмып, басын шайқады.

   – Иә, несін айтасың, – деді жылтыр қара мұртын сылап. – Кеше "ғасыр халтурщигі" атанып еді, енді лауреат боп Мемсыйлықты қалпақпен қағып алды! "Мықтының арты диірмен тартады" деген осы да.

   – Әй, не дегенмен қасқыр екен өзі де, қоймай жүріп алды ғой, әйтеуір. Алты рет ұсынылды ма?

   – Ит білет... Шөметейдің күші ғой бәрі. Жалғыз ұлы ана дөкейдің қызына үйленген жоқ па!

   – Иә, десеңші,.. жеті байдан шыққан пәле дей ме...

   – Мал құлағы саңырау... институтты жаңа бітірген жап-жас жігіт... әй, бұларда иман жоқ-ау!

   – Бірден үлкен бір мұнай компаниясының президенті бопты ғой!

   – Таңғалатын несі бар. Ерте туған өзіңнен көр, әйтпесе сен де бір мықтының қызын алып, шайқап жүрер ме едің, кім білсін.

   – Әй, құрсыншы! – деді қара мұрт жағын жырта нәумез есінеп. – Айтқандай, дастарханы қайда болады екен?

   – "Қабылдау үйінде".

   – Оһо!

   – Қалай айтсаң да мырзалығында мін жоқ, жөннен жығылмайды.

   – Дастарханмен тұсап алатын пәле ғой!..

Қыза бастаған қысыр әңгімені конференсьенің микрофоннан гүрілдеген дауысы бөліп жіберді:

   – Енді жырға кезек берейік. Той иесіне деген ыстық ықыласын жыр жәуһарымен әдіптеп осында бір топ ақын отыр... – деп төрт-бес адамды атаған. Қасымдағы қара мұрт елден бұрын ұшып тұрды. Қопақардай боп отыр еді, тұрғанда да бойы  содан онша асып жарытпады. Қып-қысқа қотанаяқтары тыпың-тыпың шеңбер сызып, отырған жұрттың арасынан жылтыраған төбесі ғана қалайы табақтай қалықтап барады. Елден бұрын жетіп, микрофонға жармасты:

   – О, Бөр - екем, Бөрі-екем,

      Орының сенің әдебиеттің төрі екен!..

      Тербеген Қызыр баба бесігіңді,

       Ту ұстарым өзіңсің осы күнгі!..

Дауысы екпіндеп, үш парақ қағазды аударып-төңкеріп ұзақ көсілді. Айға да, күнге де теңеп, ентігіп әзер тоқтағанда, көзі жасаураған Бөрі-екең шыдай алмай орнынан тұрып кеп, қолын алып еді, қара мұрт құшақтай алды. Екеуі қыз бен жігіттей қадалып бір-бірінің аузынан сүйді ме-ау. Риясыз ықыласқа тәнті боп жұрт ду қолшапалақтаған. Қара мұрт буы бұрқырап орнына кеп отырды.

   – Әкелші бесті! – деді жалпақ сары қолын ұсынып. – Ең мықты өлең – сенікі!

   – Енді біз жаман жаза алмаймыз ғой!

   – Әлгіндегі әуенің басқаша еді, сахнаға шыққан соң елжіреп, тасып-төгіліп кеттің ғой, жүдә?

   – Жақсы өлең жазу үшін жақсы көру міндет емес! – Орындыққа сыймай шалқып-тасыған қара мұрт ырғатылып мен жаққа бұрылды. – Солай ма, інішек?

Мен үндегем жоқ, жиіркенішімді желкеммен көрсетіп, орнымнан тұрып кеттім.

   – Ой, шешең... мынау кім-ей? – деп ысылдаған ызғарлы дауыс соңымнан қуып жетті.

   – Жындысүрей бір бейшара...қайтесің соны...

 

                                                             Түс

   Соңғы кезде бір шытырман оқиғалар түсімнен шықпайтын болып жүр. Кірпігім ілінсе болды, көз алдымда кино лента сырғып жатқандай бір ғана суретті көремін. Еш өзгеріссіз сол көрініс күн сайын қайталанады. Кейде тіпті күндіз де сол оқиғалардың ортасында жүргендей хал кешемін, бәрі анық, көзбен көріп, қолмен ұстағандай ап-айқын. Бірте-бірте өңім бе, түсім бе – парықтаудан қалып бара жатқандаймын. Осынау диуананың тірлігінен әбден запы боп, безініп біткен екенмін деймін. Шіркін, бұрынғы мұңсыз-қамсыз қарабайыр өмірім қандай керемет еді, сол күніме қайта оралсам ғой. Қатын-балам қасымда, қара суға семірген қайғысыз қайран күндерім-ай! Қай түлен түртті мені, жазушы болам деп тыраштанған не сорым еді. "Бәріне сен кінәлісің!" деп Қара шалға кектенемін. Неге менің ішіме кіріп ап әлек салдың? Басқа адам құрып қалды ма? Жазушы болсам деп армандап жастайынан кітап жастанып жататын қиялилар қаншама. Бақыт құсы болсаң, солардың басына неге қонбайсың? Мені жазушы қыла гөр деп ешкімге жалбарынғам жоқ едім ғой, неге мені азаптайсың? Ішіме бір сиқыр салып, қияли дәлдүріш қып қойдың. Дүниенің бәрін қыңырайтып, қисық көремін. Бәлки, өмір мен ойлағандай әділетсіздік жайлап азып-тозған соншалық қатігез емес шығар? Әйтпесе мына жұрт неге бейғам, неге мәз-мәйрам?

   – Олар – соқыр! – деді Қара шал қабағын шытып. – жүрегінде көз жоқ. Сондықтан сенің көргеніңді көре алмайды, сезгеніңді сезе алмайды.

   – Көріп-сезгеннен шыққан ұшпағым қайсы?

   – Ойланбаса, бұл қалай деп алды-артын барлап алаңдамаса, аузымен отыққан хайуаннан несі артық?

   – Бәрі бір олар менен бақытты! Мені сиқырыңнан босатшы, Атаеке! Сенің кесіріңнен бәрінен айрылдым. Қатын-балаға жат, жұртқа мазақ, ешкімге керексіз диуанаға айналдым.

   – Есесіне алты роман жаздың, және қандай роман! Дүниенің бар байлығын берсең де сатып ала алмайтын бақыт деген сол емес пе.

   – Оларды жазғаннан не жақсылық көрдім? Қудаландым, мазаққа ұшырадым. Азып-тозып, ақыры міне, тентіреп далада қалғаным мынау. Әйтеуір жазушы жасаған соң мені жазғаны бұрқырап шығып жататын, президентке емен-еркін кіріп, қалағанын алатын дөкейлердің бірі қылмадың ба? Өткенде орайы келіп тұрған несібені аузымнан қақтың. Қара суды теріс ағызатын құдіретті мекеменің бір мықтысы: "Диірменмен соғысатын Донкихоттың заманы өткен, уақыттың ығытымен жүр, ана зор кісі туралы жазсаң – үй де сенікі, мемлекеттік сыйлықты қалпақпен қағып аласың, біз өз тарапымыздан бәрін реттейміз!" дегенде, не істедің? Әншейінде түн ортасында табанымнан тік тұрғызып ап, құлағыма сыбырлағанда сондай, теріс қарап мелшиіп тұрып алған жоқсың ба?!!

   – Сенің пешенеңе киелі Сөзді ұстау жазылған. Асыл Сөздің тұнығын ондай хараммен ластама!

Қара шал сырт айналып, ұзай берді.

   – Атаеке-ау, тоқташы! – деймін жанұшырып. – Осы шырғалаңға басымды салған өзіңсің. Құтқаршы мені азаптан.

Қара шал бұрылар емес. Кеудесін шалқақ тастап, маң-маң басқан күйі баяу аяңдап барады. Бір қызығы, соңынан ентелеп қанша жүгірсем де, жете алмай қойдым. Селеуі ақ теңіздей шалқыған жапа

н түз. Көз ұшында ұзаған Қара шалдың ақ желбегейінің етегін жел кеулеп, бірте-бірте желбіреген күйі жайыла-жайыла жер мен көктің арасын ақ кіреукедей тұтып алды. Мен боз тұманды кешіп, белгісіз әлемге сүңгіп бара жаттым.

    Біраздан кейін қарсы алдымнан қара-құрым халық көрінді. Әуезов театрының алды екен деймін. Кең алаң кенеріне сыймай асып-төгіліп толқып тұр. Бәрінің қабағы қатулы. Жылап жүр, еңіреп, өксіп жүр. Күңіреніп, күрсінген дауыстан аспан жаңғырығады. "Ойбай-ау, не боп қалды, бұл не жиын?" деймін жақындай беріп. "Бельгер өлді!" "Гер –­­­­ аға енді жоқ!" дейді әлдекімдер өксігіне тұншығып. Қара аспан қақ айырылып, жайрап қалдым... Есімді жисам, үстіне қара пүліш жабылған қызыл табыт театрдың есігінен бері қарай қалықтап келеді екен. Қаптаған халық қақ айырылып ізінен ду қолшапалақтады: " Герольд өлді! Герольд жасасын!" Көшенің қос жиегінде ентелеген жұрт иектері кемсеңдеп, жанары жасқа толып табыттың жолына гүл лақтырып жатыр. Жан-жақтан жауған ақ, сары, қызыл, көк ... гүлдердің арасынан Гер – ағаның мейірімді, мұңлы жүзі "ризамын, хош!" дегендей жымия қарайды. "Япырау, ұлыларға өлудің өзі салтанат екен ғой!" Қаралы шеруге бір бүйірлеп мен де қосылдым. Бас-аяғына көз жетпес ұзын көш Кеңсайға қарай өрледі.

   – Мұсылманша қоя ма екен? – деді қасымда отырғандар күбірлесіп.

   – Кім білсін. "Өмірде қазақпен дәм-тұзым ажырасқан жоқ еді. Өлгенде де қазағыммен бірге жатайын" деп өсиет айтыпты ғой.

   Төбе басына сыймай жыпырлаған жұрт иін тіресе жақындап, кезегімен топырақ салып жатыр. Бір-бірінен сән асыра сап түзеген қалың қабірдің шетін ала шаршап келіп жығылған қара нардай тағы бір төмпешік шөкті. Темір қоршау орнатылды. Веноктар төбе боп үйілді. Сонда да жұрт кетуге асықпай әлденені күткендей айналсоқтай берген. Сол күйді түсінді ме, асатаяқ ұстап, көше-көшенің бұрышына өз атын жазып ұрандатып жүретін есіріктеу "демократ" қажы сол жерде дүрілдетіп құран оқып, Гер – ағаны бірден мұсылман ғып жіберді. "Е, бәсе!" дегендей ала көңілі енді орныққан ел жайлап тарай бастады. "Япырау, шынымен осында қалғаны ма?!!" Көзім бұлдырап төмпешікке қарадым. "Жо-жоқ, Гер – ағаң қара жерге қалай сияды! Осы келген бәріміз оны жүрегімізге салып әкетіп барамыз!"

   Төбе басында қалшиып жападан-жалғыз қанша тұрғанымды білмеймін. Бельгерінен айрылған әлем қаңырап бос қалғандай күңгірт, сұрқай. Аспан аласарып кетіпті.  Алатау басын бұлтқа сүйеп жылап тұр. Тереңнен қопарыла көтерілген ыстық өксік жай оғындай кеудемді осқылап өтті:

                                        Халыққа Абыз боп,

                                        Ой-толғағын айтқан,

                                        Қазаққа Ауыз боп,

                                        Айта алмағанын айтқан

                                        Асыл ойдың қанаты топшысынан қайрылды,

                                        Әділетті Сөз жоқшысынан айрылды.

                                        Алатауым бүгін басына қара салып тұр,

                                        Аспаным мұңайып аласарып тұр...

 

                                        Жапанға біткен жалғыз емен едің,

                                        Ақыл-ойдың байрағы,

                                        Ар-намыстың қайрағы – нағыз кемел едің!

                                        Мыңдардың мұңын жүрегіңде қайнаттың,

                                        Надандықтың көгіне жай оғын ойнаттың...

 

                                        Тек жүрсең бәлкім, тоқ жүрер ме едің,

                                        Домалаңдап жүзге кеп жүрер ме едің?

                                        Тозақты көрдің, мазаққа көндің.

                                        Неміс боп туып, Қазақ боп өлдің!

 

                                        Сәбидей таза, кішпейіл, дана...

                                        Өксікке тұншығып, қош дейім, Аға!..

 

 Қос жанарымнан жосыла парлаған ыстық жас иегімнен жерге мөлт-мөлт тамды.

   – Әкең  өлгенде өстіп жылап па едің? – деді Қара шал имек қасын серпе көтеріп.

   – Жоқ!

   – Шешең өлгенде өстіп жылап па едің?

   – Жоқ!

   – Ең болмаса ол қазақ та емес қой?

   – Ойбай-ау, ол деген... Бельгер ғой! Ол өлгенде жыламаған көзім ағып түссін!

   – Иә, ол – Бельгер!..

   Мені түсінген, жанашыр болған жалғыз Гер – аға еді. Енді, міне, ол да жоқ. Бірақ марқұм о дүниеде жатып та шарапатын тигізіп жатыр маған. Соңғы жолыққанымда: " Мен Әбемен, Нұрпейісовті айтам, қырық жыл ішек-қарынымыз араласқан дос болып едім, – деген. – Бірақ соңғы уақытта арамыздан қара мысық өтіп кетті ме, онша қабағымыз жараспай жүр. Бәрібір қадірлеймін, ұлы суреткер ғой. Әдебиетке адал ондай адам сирек. Анадағы сен туралы мақаламды оқыпты. Сұратқан соң қолжазбаңды беріп жібердім." Бір күні ойламаған жерден Әбе қоңырау шалғаны. Аспаннан Христос тұскендей, өз құлағыма өзім сенбей тұрмын. Көкіректен күмбірлеп шығатын әдемі қоңыр дауыспен :

   – Сен өзің осы неғылған баласың? – деп жөн-жосығыма қанығып алды да, – Ертең сағат екіде кел, – деп адресін тәптіштеп түсіндірді. Ескі көйлек-шалбарымды үтіктеп, сақал-мұртымды алып дегендей өзімше жылтырап, келісілген уақытта алып-ұшып жеткем. Тау жақтағы бұрын саяжай болған үй екен. Екі қабатты демесең көзге қораш, ортақол бизнесменнің коттеджіне сәлем беруге жарамайтындай. "Мә-ә, классик басымен осында тұра ма-ей?" Темір қақпаны жұдырығыммен қаңғыр-күңгір қағып-қағып қалып едім, тайыншадай ақ төбет арс етіп шарбаққа асыла кетті. "Мама!" деп бақырып жібердім де, отырған кісіні ит қаппайды деген есіме түсіп, жерге жүрелей қалдым. Шашын сарыға бояған жас келіншек есіктен жүгіре шығып:

   – Жат-ей, Барсик! - деді де күлімсірей маған қарады. – Қоңырауды баспадыңыз ба?

Жаңа оқыс отыра кеткенде, шалбарымның арты дар ете түсіп еді, шегініп жол берген келіншектің алдына түсуге қымсынып шегіншектей бердім. Атағы жер жарған даңқты жазушының алдын көру қатал сын ғой, жүрегім дүрс-дүрс соғып, тізем қалтырап, табалдырықтан имене аттадым. Әбе үндінің махараджасы сияқты басына бұрап ақ сүлгі орап алыпты. Үстінде етегі жерге сүйретілген сұрғылт пижама.

   – Кел, айналайын! – деп күлімдей қарсы алып, арқамнан қақты. Құдайым-ау бұл кісі туралы сыртынан не естімедім, сыпсыңдаған ауыздар не айтпады? Ал мына қарсы алдымдағы қария мүлдем басқа жан. Жүзі мейірімді, кішіпейіл, қарапайым. Кімсің демейтін риясыз құрмет, ілтифатымен еріксіз баурап алады екен. Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, құлағыңмен естігенге емес, көзіңмен көргенге илан деген осы екен-ау. Бір көрген маған, ең болмаса дені де сау емес, айдаладағы бір қаймана жындыға ықыласы мынау, аңқылдаған осынау ғазиз жан біреуге қысастық қылады дегенге кім сенбек?

   – Піскен астың күйігі жаман. Жүр, – деп жол бастады. – Сыбағасын жеп кетсін деп өзіңе арнайы қазан көтерткем.

   – Ой, аға, маған бола сонша әуреге түсіп... – дедім ыңғайсыздана күмілжіп.

   – Бұл шаңыраққа келгеннің бәрі – менің қадырлы қонағым. Өйтіп өз басыңды кемітпе.

Қол жуып, кең залдағы дастархан басына жайғастық. Сүрінің хош иісі танау жарып, алдымызға үйме табақ ет келді. Бес мешкейдің кекірігін аздыртар төретабақ.

   – Соғымнан қалған сыбаға. Тартынбай турап жей бер көңілің сүйгенін. Маған қарама.

Әбе асқа кірпияз екен.

   – Менің тамағымды әкеп берші! – деп сары келіншекке қолбасындай ғана тауықтың етін алдыртып, соны талшықтап жеп отырды.

   – Мен сияқты тоқсанға келгенше қазы-қартаға тойып-тойып алыңдар. Қартайған соң, міне көретін күнің осы. Гастрит, қасқырит дейсің бе, қаптаған "ит" ішіңе кіріп алады екен! – деп күліп қойды.

   Жоғарғы қабатқа шықтық. Шағын-шағын үш бөлме. Талғаммен жасанған, көзге жылы, жап-жарық. Әлемді аралап кеткен әйгілі "Қан мен тердің" әр тілде жарық көрген бір-бір данасының өзі тұтас бір сөрені алып тұр. Қызыл, қоңыр, қара, сары ... мұқабалар. Шетте тұрған қызыл кітапты алып, әр жерінен парақтап еді, көкала шимай, көп жері сызылған. Қосылған сөздер аз.

   – Қазақша онсегізінші басылымын әзірлеп жатырмын. Артық бояу, іркілдек сөздің бәрін аяусыз сызып тастадым. Шығарма бауырынан жарап, арам етінен арылған жүйрік аттай жұтынып тұрсын. Алланың Сөзі – қасиетті Құран – Кәрим де бір кітап. Абайдың жазғаны да бір кітап қана. Жарты бет болса да ұрпақ тұщынатын Сөз қалдырсам деймін!..

   Екеуміз былғары диванға жайғастық. Әбе шынысы томпайған жуан көзілдірігін журнал үстеліне қойып, көзін жұмды. Шалқалаған күйі қолдарын кеудесіне айқастырып, сөйлеп отыр. Ұзақ өмірінің бұралаң, ұзын сүрлеуін қуалап, елеске айналған ескі күндерге шегініп кетті. Мұқан Иманжанов дос-жараннан жақсылығын аямайтын ізгі жан екен. Соғыстан кейінгі жылдары таршылық көріп қиналған кездерінде көп жәрдемдесіпті. Сол ұлы жүректі досы әбден науқас меңдеп бақұлдасар сәтте өксікке тұншығып басында тұрған бұған қарап, өздеріне ғана мәлім бір қызықты жәйді еске алғандай: "Қарыздың круглыйы жақсы!" деп жымиған күйі қалжыңдап жатып үзіліп кетіпті. Әбенің араларынан қыл өтпей сыйласып өткен адамының бірі – әйгілі Ілияс Омаров екен. Өзінің ізгі қасиетімен мәдениет тарихында аңыз боп қалған биік парасат иесі. Бір жылы жазда демалуға сол кісіні Аралдың бір қиырындағы Беларанға ертіп барады. Ағайын-тума жаны қалмай күтеді. Күнде үш-төрт үй қонақ қып, қойдың басын тартады. Аста-төк ықыластан ығыр болады. Артық исрапшылдық пен даңғазаны жаны сүймейтін Ілекең қажып отырып: "Егер қой бишараларға сана бітсе, қазаққа қарсы көтеріліске шығар еді-ау!" депті... Әбе Аралдың жағасында үш ай бойы "Қан мен тердің" алғашқы тарауларын жазып, Алматыға оралады. Достарына оқытады. Зекең толқып, шалықтап сөйлеп: "Мынауың "Тынық Дон" мен "Абай жолының" қатарынан орын алатын туынды болайын деп тұр екен" деп, көкке көтереді. Тахауи түнеріп, түсі бұзылып үндеместен кетіп қалады. Ертеңінде таңатпай телефон шалып: "Әй, сен ренжіп қалдың ба кеше мен үндемей кетіп қалғанға? – дейді. – Шынымды айтсам, қызғандым. Судыр Ахметті мен де білуші едім. Сенің Судыр Ахметің мүлде басқа, шедевр, керемет шыққан!.."

   –Иә-ә, сол қайран достар қайда бүгін? Сондай адамдар бар ма енді?!!

Әбе өңі қуқыл тартып, бірдем үнсіз қалды. Көзілдірігін киіп, әжім қатпарлаған кең маңдайын арлы-берлі саусақ ұшымен тарақтай сипап тағы біраз отырды да:

   – Бельгер берген дүниеңді оқыдым. Мақтаса мақтарлықтай, – деді басын шұлғып. – Айтары жоқ. Соңғы кезде жербауырлап мешел боп қалған әдебиетіміздің кеудесіне жан бітіргендей жаңа тынысты сезіндім. Қоғамға, әділетсіздікке деген қарсылық жазушының жүрегінде қайнап, қаламының ұшынан у боп тамуы керек. Әлбәттә, ондай шығарманың жолы ауыр, жауы көп. Жарыққа шықса, басың кетуі де мүмкін. Бірақ кеудеңдегі бұрқыраған тасқынның алдын бөгемей жаза бер. Күндердің күнінде бір шығасың жарқ етіп!

   – Жоқ, енді жазбаймын! – дедім сазарып. Әбенің көзілдірігі суық жалт етіп бетіме қарады:

   – Бастамай жатып қойдым дегеніңе жол болсын?

   – Мен – жазушы емеспін, жындымын ғой, аға.

   – Қалам ұстағанның, жалпы, өнерді жағалағанның бәрі белгілі мөлшерде жынды.

   – Жоқ, менікі ондай емес, басқаша жындылық. Ана Қара шал... Абай ішіме кіріп алып, дуалап тастаған мені. Маза бермейді. Өз еркімнен тыс, ақылыма сыймайтын бірдеңелер жазамын.

   – Оның атын талант, шабыт дейді, айналайын. Алланың берген аяны. Бетховен кексе жасында ауырып, саңырау боп қалғанын білесің ғой. Ең күрделі, реформаторлық ғажайып туындыларын сол кезде жазған. Құлағыма өз-өзінен дыбыс кеп, Құдай сыбырлап тұрады дейді екен. Құдай болмаса да Абайдың сыбырлағаны саған аз емес қой!

   – Өмір маған басқаша елестейді. Басқаша жазамын. Сондықтан көпшілік ұқпайды, кейбіреулерге ұнамайды... Жоқ, мен – нағыз жындымын!

   – Бір елге, бір заманға бір жынды керек қой, жүре бер! – деді Әбе әзілге бұра жымиып.

   – Осы жынды болғаным жетеді, аға! – дедім жалбарынғандай екі алақанымды кеудеме басып. – Қарапайым көптің біріндей тып-тыныш өмір сүргім келеді. Солар сияқты қарыны тойып, тыныш ұйықтағанына қуанатын бақытты болсам деймі...

Сол кезде ту сыртымнан Қара шал ақырып қалғандай болды:

    –"Саған ондай бақыттың керегі жоқ!"

   – "Неге керек емес? Маған содан артық ештеңенің қажеті жоқ. Тыңдамаймын енді сені. Жоғал!" деймін тістеніп. Көзім алайып, езуімнен көбік аға бастаса керек, Әбе абыржып орнынан ұшып тұрды:

   – Не болды, қарағым? Түсің бұзылып кетті ғой, дәрігер шақыртайын ба?

   –Жоқ. Ішімдегі Қара шал бүлік салып жатыр. Мені әбден дуалап алған. Дуасын қайтаруға көмектесіңізші маған. Біреулерге айтып, экстросенс, бақсыға қаратсаңыз...

   – Ел сияқты бақытты болсам дейсің бе?

   – Иә.

   – Оның жолы оңай. Экстросенстің де, бақсының да қажеті жоқ. Қазір бейне-аудио терапия деген ғажайып ем бар. Миллиондаған сау адамды делқұлы қылуға да, миллиондаған делқұлыны сауықтыруға да дуасы жетіп артылады. Еліміздегі анау "Ошар" телеарнасы – сондай құдіретті терапияның бірі. Қараған адамның бойына бақыт вирусын егеді. Жындылықтың құрсауынан сытылып, түзу жолға түсіп бақытты болам десең, көз алмай тек соған қара. Басқа ештеңеге қарама. Тіпті айналаға қараған күннің өзінде, көзіңнің көріп, құлағыңның естігеніне сенбе. Тек " Ошарды" тамашала, сондағы өмірге кір. Сонда ештеңеге алаңдамайтын, өміріне дән риза, қайғы-мұңсыз миллиондардың біріне қалай айналып кеткеніңді білмей қаласың!..

Әбе бетіме күле қарап, күрсінді. Неге өйтті – білмедім. Ауыр қозғалып орнынан тұрды. Ары қарай сөзді сабақтап, ішін ашқысы келмеді ме, теріс айналып кетті. Қабағының астына көлеңке ұялап, терезеден алысқа қарады. Әлде аяныш, әлде өкініш, "осыншалық жақсы шығарманы шынымен мына ақымақ жазды ма?" деп дүдәмал көңілмен қоңылтақсып тұрғандай.

   Бірақ мен үлкен кісінің алдынан қуанып, қанаттанып қайттым. Данышпан жазушы білмесе, бұлай тегін ақыл айта ма? Таяу арада жындылықтан ада-күде арылып, кәдімгі дені сау көптің біріне қосылатыныма бек сендім. Қуанғаннан өз үйім-өлең төсегім – дүңгіршекке жеткенше табаным жер иіскемеген шығар. Сол күннен бастап Әбенің ақылын екі етпеуге тырыстым. Базар ішіндегі үш қабатты сауда үйінің маңдайшасына ілінген үлкен айлапат теле-экран бар. Қасбет қабырғаның жартысына жуығын алып жатыр  айдын-көлдей жарқырап. Күні бойы тек "Ошар" арнасын ғана көрсетеді. Ертелі-кеш қолым қалт еткенде содан көз айырмайтын болдым. Алғашқыда бой үйрете алмай біраз тосырқадым. "Тіфу, бәрі өтірік, фальш, өмір мұндай емес!" деп жерге түкіріп, тұрып кететінмін. Әбенің ақылы есіме түсіп: " Сап-сап, шыда! – деймін өзіме. – Дәрінің қайсысы дәмді болушы еді. Ем болсын деп уды да ішесің!" Орындыққа таңып қойғандай, өзімді зорлап қайтадан экранның алдына отырамын. Ішім бұлқынып көнбейді. Сонда да тістеніп, қара терге түссем де қарысып сағаттар бойы көз алмай телміріп  отырып аламын. Қырсыққанда қыр желкемде қылқиып Қара шалдың тұрып алатынын қайтерсің.

   – Қарама. Бұл – сиқыр, арбайды, адастырады! – дейді сыбырлап.

   – Атаеке-ау, аулақ кетші, – деймін айғайлап. ­­– Сенің адастырғаның да жетеді. Қу жаныма тыныштық берші!

Қара шал мұңайып бетіме ұзақ қарады да , жалт бұрылып ұзай берді. Ақ желбегейінің етек-жеңі желбірей жайылып, бірте-бірте ақша бұлтқа айналып кетті. ­

   Қара шалдан құтылған соң алаңсыз қарайтын болдым, сағаттап отырамын тапжылмай. Ішімдегі жын-перім жуасып, көндіге бастағандай. Бұрынғы қарысып, жатырқау жоқ. Көре-көре ертегіге сенген бала сияқты жарқ-жұрқ еткен экрандағы ғажап өмір көзді арбап, еліктіріп, тұңғиығына үйіріп әкетті. Тамсанып қарай бергім келеді. Қара шал айналадағының бәрін қисайтып көргізіп, қаншама қызықтан құр қалғанмын. Түу, біздің ел деген гүл-гүл жайнап тұр екен ғой шешек атып. О дүиенің ұжмағын кім көрген, айналайын Совет үкіметі кезінде санамызға ұялап, қиялымызға орныққан коммунизм дегенің осындай-ақ болатын шығар-ау! Ел емес, тойхана. Мәз-мәйрам масайраған жұрт. Қайғырып, қамыққан біреуді көрмейсің. Күлімдегеннен көздері жұмылып, күлкіден езулері ырсиып кеткен бәрінің. Той тойлап, ән салғаннан басқа уайымы, ермегі жоқ недеген бақытты халық десеңші! Таң атқаннан түн ауғанша ән шырқап, думандатып жатқаны: аңыратып  Қайрат бастайды, сыңғырлатып Алтынай қостайды, Мақпал сызылтады, Роза құйқұлжытады, назданған, асқақтаған, арындаған, аңыраған "Жігіттер", "Мұзарт",  Қарақат, Серік пен Бейбіт, Айгүл мен Әділ... Сарыарқаның селеуінен көп бітіп бермес әншілер бірінен бірі асырып, құлағыңның құрышын қандырады-ай. Ән бітсе, әзіл-оспақ дайын: "Шымкент-шоу", "Алдараспан", "Терісқақпай", "Екі езу"... өңкей бір қатын боп, кемпір боп киініп алған еркек пе, голубойлар ма, ел күлмесе де өздері тарқылдап күліп "ішегіңді қатырады". Күлмегеніңе қоймайды, тіпті болмаса, бұтын көтеріп болса да күлдіреді. Сондай потешный, қызық прямо. Одан қалды, той-томалақ: пәленше ханның пәлен жүз жылдығы, пәленше қаланың мың жылдығы. Батырдың тойы, бидің тойы, ана данышпанның, мына классиктің юбилейі... Шілдехана, бесіктой,  тұсаукесер, сүндет той, тоқалтой... "Үш жас бақытты болсын!"  "Әнші Бақыт екі аптада қалай бес килоға арықтады?" "Нұрланның қуырдағы", "Бауырсақ мейрамы", "Диананың ішкиімі қанша тұрады?.." Бірінен бірі өткен керемет. Бүгін де, ертең де... жүз күннен кейін де осы. Ара-арасында "міне, көріңдер" дегендей әлемнің шартарабын сипай шолып өтеді. Бәрі құрып тұр. Америкаң анау азып-тозған. Бандитінен баласына дейін қару асынып, әне сегізінші сынып оқушысы сегіз адамды қырып салды. Гомосексуалистер мен лесбиянкалар некелесуіміз заңды түрде мойындалсын деп екі күннің бірінде көшеге шығуда. Көне құрлық одан да өткен. Лондонда авиа-диспедчерлер екі күн бойы ереуілдеуде. Франция фермерлері үкіметтің ауылшаруашылығы жөніндегі саясатына наразлық білдіріп, Парижге кіреберіс жолдарды жауып тастады. Полицейлердің қинауына төзбеген Копенгаген тұрғыны түрмеде асылып өлді... Ал бізде ше... ән шырқап, "Қаражорға" билеген халық. Қолдарында көк жалауша желбіреп мәз-мәйрам: "Жаса, жаса! Ура-ура! Бәрі сіздің арқаңыз!.." Бір асқанда тайқазанға бір жарым тонна ет асып, Гиннесстің рекордтар кітабына енген ұлы жетістігімізді әлемнің әр тарабынан келген папарацилар жарқ-жұрқ жарыса суретке тартып жатыр. Сары мейіз боп туырылған табан қазының иісі экранның арғы жағынан-ақ кеңсірік жарғандай сілекейің шұбырады. Неткен алаңсыз шат-шадыман тұрмыс, неткен кенерінен тасып-төгілген береке-ырыс. Аллам-ай, осыны да көрмеген, көргісі келмеген мына сығыр көзімді түбімен ойып алса, обалым жоқ-ау! Бір ай қарадым тапжылмай, екі ай телмірдім үздігіп... Қараған сайын ынтығып, үңілген сайын арбалдым. Бірте-бірте өмір мүлдем той-думан, тамаша болды да кетті. Итке беретін колбасаны қылғына шайнап отырып, экрандағы сары қазының майы езуімнен ағады, аузымды күйдірген қара шайдан "Арабика" кофесінің жұпар дәмі бұрқырайды. Ғажапстан мені әбден сиқырлап алды. Бәрінен безініп сонда кеткім келді. Айтпақшы, кемеңгер жазушы: "бақытты болғың келсе, "Ошар" арнасындағы өмірдің ішіне кір"деп еді ғой. Әрине, бақытты болғым келеді. Сондағы қазыны кертіп жеп, ән шырқап, думандатқан бақытты жұрт сияқты болсам деймін. Ендеше не тұрыс. Ұжмақ деген міне аттам жерде. Қолымды созсам, саусағымның ұшы тиіп тұр. Қош бол, қайыршылық! Енді сені желкемнің шұңқыры көрсін, ит өмір! Бір-ақ аттап кіріп кетпек боп ентіге басып жетіп ем, экранға бойым жетпейді екен. Дүңгіршектің жанында темір саты тұратын, жүгіріп барып соны алып келдім. Міне, қатып кетті. Үстіне шығып, аттай салсам, ана домбырамен  "Еркем-айлатып" ән айтқан негр жігітіне ду қолшапалақтап, таласа-тармаса шашу ғып теңге шашқан ұлан тойдың тап үстіне топ ете түспеймін бе. Баспалдаққа аяғымды сала беріп: "Тоқта! –­­­­­ ­дедім өзіме. – Сопайып жалғыз жетіп барғанша, елді ертіп бармаймын ба, желмаяға мініп жұртын Жиделі-Байсынға бастаған Асан Қайғы атам сияқты. Базар жағалап телмеңдеген жарлы мен зарлы қаншама. Солардың сауабын алайын." Жүгіріп базарға бардым. Қатар-қатар павильондардың ең шеткісі­ – азық-түлік павильоны. Халықтың ең көп баратын жері сол.  Әдеттегідей мейірімді байлардың бірі қайрымдылық акциясын өткізіп, жатып қалған тауарларын арзандатып сатып жатқан. Әр қойманың алды иінтірескен қара-құрым кезек екен: қалтаңдаған кемпір-шал, жүдеу өңді ғаріптер, мүгедектер... Есіктің көзінде тұра қалып, Совет үкіметі кезіндегі ұрандатқан комсорг, парторг... жалынды патриоттар сияқты екі алақаныммен аузымды қалқалап айғай салдым:

   ­– Ей, арба итеріп көтенішегі үзілген бишаралар! Ей, қорланған қариялар! Ей, қорғансыз ғариптер, жолдас бомждар мен қайыршылыр! Көгерген жарма, ит жейтін колбасаға таласып қайтесіңдер. Тастаңдар бәрін! Мен сендерді шылқыған байлықтың ортасына апарамын. Еріңдер соңымнан! – деп, солдаттарын атакаға бастаған командирше қолымды орай сілтеп жүгіре жөнелдім.

   – Мынау не зат дейді?

   – Жындысүрей біреу ме өзі?

   –Тегін бірдеңе таратып жатқан шығар?

   – Жүр, тезірек барайықшы, жетпей қалып жүрер!..

Жарыса тапырлаған аяқтардың дүбірін желкеммен сезіп келемін.­ Тоқтай қалсам, қара толқын таптап өте шығатындай. Екі-ақ аттап сәкінің үстіне секіріп шықтым:

   – Міне, қазір "Жиделі-Байсын" еліне барамыз! Салам-Алейкум, Ғажапстан... жоқ, Тойхана! – дедім "Байтеректің" алдында алтыбақан теуіп, қымыз ішіп жатқан экрандағы шат-шадыман өмірді нұсқап. Анталап жеткен елдің алды аңтарылып қалды.

   ­­– Ой, құдай-ай!

   – Жарымеске еріп жүгірген біз жарымеспіз!

   – Алла жынды ғып қойған соң қайтесің!..

Дірілдеген көк шымылдықты ортасынан қақ жарып, ары қарай аттай салмақ едім,  екпініммен маңдайым тақ етіп шалқамнан түсе жаздадым. Ып-ыстық шыны қозғалатын емес. "Мынау қайтеді-ей! Жүзіміз жадау, киіміміз жамау болған соң кіргізгісі келмей ме? Негр мен қытайға дейін қарық боп жатқан дәулетті бізден қызғана ма, о шешеңді!.." деп теуіп кеп жібергем. Салдыр-күлдір сау етіп төбеме төгілген шынымен бірге шыркөбелек айналып жерге құлап бара жаттым... Көзімді ашсам, күзет формасын киген зіңгіттей екі жігіт екі қолтығымнан сүйреп келеді екен дырылдатып. Келесі сәтте, ай толғанда жалпақ беті жарқ етіп бір көрінетін  хан базардың құдайы жерден шыққаны, көктен  түскені белгісіз, қарсы алдымда құстай ұшып келе жатты. Жай келе жатқан жоқ, әкесінің өлгенін жаңа естігеннен жаман, жоқтау айтып, өкіріп, күңіреніп келеді:

   ­– Ойбой-ой, ойбай, шешеңнің ғана!.. Бәрін құртты-ау, енді не істейін!..

Жеткен бойда үшкір тұмсық бәтіңкесінің табаны жарқ етіп ішімнен бір тепті ыңқита. "Қайраттың" қақпасына кіретін ала доптай аспанда зымырап бара жатқанымды білем. Бажылдаған айғайды о дүниеде естіп жатқандаймын:

   – Әй, жетпіс жеті атаңның көрін... не істегеніңді білесің бе? Бұл деген Сингапурден арнайы заказбен алдыртқан экран болатын. Монтажының өзі бір "Мерседестің" құны! Қап, итттің баласы-ай!.. Сақалды басымен Тәкең өлердегі сөзін айтқан соң а

лып ем, мұндай делқұлы екенін қайдан білейін.

   – Мынау есі ауысқан адам ғой. Елдің ортасында қалай жүр, қауіпті емес пе. Жындыханаға тапсыру керек.

   – Ойбай-ау, малталарыңды езіп неғып тұрсыңдар, милиция шақырыңдар. Бір жарымес жынданып бәрін қиратып жатыр деңдер! Түрмеге қамай ма, жындыханаға әкете ме – құртсын көзін!

   Әншейінде өлдім десең қарасын көрсетпейтін милициясы түскір бүгін қалай желаяқ бола қалғанын кім білсін, қас қаққанша сиренасы боздап жетіп келгені. Басып кетердей тұмсық тірей тоқтаған машинадан екі жігіт жау қайдалап секіріп-секіріп түсті. Сержант келген бойда екі қолымды артқа қайырып, аға лейтенант аузымды иіскеп, көзімді ашып қарап, басын шайқады:

   – Сап-сау ғой?

   – Сау кісі осыны істей ме? Экранның талқанын шығарды! – Шықшыты ойнаған қожайын  соқырдың көзіндей үңірейген рамаға қарай қолын сілтеді.

Мен жайыма тұрмай:

   – Ол – экран емес, Тойханаға кіретін есік. Ашылмаған соң теуіп қалдым...

Қожайын мен лейтенант бір-біріне мәнді көз тастады. Бастықтың көзі: "Міне, көрдің ғой?" деді. Лейтенанттың қабақ астынан үңірейе қараған қысық көзі: "Иә, бәрі түсінікті!" деп тұр. Лейтенант рацияны аузына тақады:

    – "Тоғызыншы", тез жетіңдер!.. Иә, біреу...

   Тоғызыншы көп күттірген жоқ. Лейтенант куәгерлерден жауап алып, хаттама толтырам дегенше, төбесіндегі мигалкасы  жалмауыздың жалғыз көзіндей ойнақшыған  "Жедел жәрдем" азан-қазан аңырап кеп қақпа алдына тоқтады. Терезелері торлаулы, қызыл кресі ырсиған көк машина. Көрген бойда қол-аяғымнан жан кетіп, отыра кеттім. Жындыхананың көзтаныс машинасы! Барар жерім, алдыға тартар сыйтабағы – бәрі белгілі. Кешегі өзім көрген, періште жебеп ғайыптың күшімен әзер құтылған тозақтың төрі. Енді соған қайта бармақпын ба? Жалғыз-ақ сәтте тірі өлікке айналған қорғансыз бейшара жандардың құбыжық бейнесі жан-жақтан анталап жадымда жаңғырыққанда, қорқыныштан шыбын жаным шырқырады. Лялечка, "Сталин", "Путин", "Күләш"... бәрі-бәрі жамырай күліп кел-кел деп қол созады. "Жоқ, онда барып қор болғанша өлгенім артық. О, құдіреті күшті Хақ-Тағала, ең болмаса, азапсыз өліміңді қишы маған. Өзің берген жаныңды өзің қинамай ала гөр. Қимайтындай нем бар менің? Қалжырадым әбден. Құтқаршы мені мына тозақтан!" Екі қолымды көкке жайып еңірегенде ыстық жас омырауымды жуды. Кенет көк аспанның тұңғиығынан суырылып, сауыт-сайманы жалт-жұлт  ақша бұлттың көбесін сөге бір салтатты көрінді. О, құдірет, Махамбет бабамның өзі! Бүтіннің жартысындай жанындағы Исатай баһадүр жоқ. Жалғыз. Бір жұдырықтай ғана кішкентай құс шырылдап барып, жалтылдаған найзасының ұшы мен дулығасының төбесіне кезек-кезек қонады. Өзінің Қызғыш құсы. Өзі ел қорғағанда, ол көл қорып, жалғыздығына дос болған  кішкентай Қызғышы! "Көліңе менің бір тамшы көз жасым да тамған шығар, қорғашы мені, Қызғыш құс!" деймін құмығып. Махамбет бабам қолын сермеп қап еді, найза ұшында қонақтаған Қызғыш пыр етіп көтерілді де, қанаты дірілдеп маған қарай ұшты. "Кел, кел, құтқаршы мені. Қанатыңа мінгізіп, алып кетші мені бұл жерден!" деп құтқарушым келе жатқандай қуанып қолымды соза беріп едім, жанымда шыр айналып жүрген сары төбетім жеңімнен тістеп төмен қарай тартып табандап тұрып алды. Ыза боп ішінен бір теуіп ем, қаңқ етіп анандай жерге барып шоқиып отырды. "Әй, ақымақ ием-ай!" дейтіндей  бетіме мөлие қарайды. Көзкөрімге жеткенде әлгі құс тапаншаға айналып кетті. Зымыраған күйі тақала берді де, көзімнің отын жарқ еткізіп ұңғысынан от құсты. Шілдің құмалағындай ыстық қорғасын жүрегімнен жанымды суырып алған екен деймін. Денем жалп етіп жерге сұлап түсті. Жаным аспанда қалықтай жөнелді. Жеп-жеңіл, рахат. Ажал деген осы ма? Адамдар неге осы өлімнен қорқады екен? Қорқынышты ештеңесі жоқ. Қайта азап, уайымның бәрінен құтыласың. Ештеңе сезбейсің, ештеңе ойламайсың. Бәрінен азатсың... Кенет көкке қарап ұлып отырған Геляны көріп, біртүрлі көңілім босап айғай салдым: "Геля-а-а!.."

... Айғайлаған дауысымнан шошып ояндым. Өнебойым қарасүмек. Ылғи осы. Күнде көретінім бір түс. Екі айдан асты, қайталап көре берем, көре берем. Тіпті күндіз де сол елестің арасында жүргендей боламын. Бұл ненің нышаны екен, түсінбей-ақ қойдым?..

                                           ЭПИЛОГ

                             немесе көшірушінің соңғысөзі

   Қолжазба  осы жерге келіп үзіліпті. Әсерден арыла алмай біраз отырдым мең-зең күй кешіп. Үйеңкінің бағанағы жамбасқа басқан көлдей көлеңкесінен сырғып түсіп қалыппын. Күздің қайраты қайта бастаған шағырмақ күні шеңбірек атып иыққа ауып барады екен. Екі-үш ұмтылып орнымнан әзер көтерілдім, құрысқан денем қу бұтақты сындырғандай омыртқамды өрлей күтір-күтір ете түсті. Күзетші жігіт қасыма келіп:

   – Оу, ағасы, шайға жүріңіз, – деді. Қолжазбадағы Өмірзақ деген осы жігіт екен. Қанын ішіне тартқан, теке көз, сылыңғыр қара.  – Алла сақтасын, жарты күн отырдыңыз ғой тапжылмай. Екі-үш рет шайға шақырып едім естімедіңіз.

   – А, сөйттім бе?

Шай үстінде екеуміз біраз шүйіркелестік. Бірге тұрған адамдар бір-бірінің сырына қанық қой. Көп жайларды біледі екен. Айтып отырса, Тауфихтың түсімде көрдім деп жазғандарының бәрі өңінде айна-қатесіз қайталаныпты. Тек ғайыптан құс боп ұшып келген тапанша от бүрікті дейтіндей, көктен ешкім зауал жібермеген. Жындыхананың машинасы анандайдан көрінген сәтте, теріс қарап тұрған лейтенанттың беліндегі тапаншаны қорабынан суырып алыпты да, самайына тіреп, өзін-өзі атып салыпты.

   – Жұрт шу ете түскенге жүгіріп барсам, етпетінен сұлап жатыр екен! – деді Өмірзақ еске алудан түршіккендей өңі бұзылып, бетін тыржитты. – Миы шашылып қалыпты.

   Жазым болған жерін көрейін деп сауда үйінің алдына бардым. Әлдекім қакбырғаға екі тал қызыл райхан қадап қойыпты. Қанның үстіне шашылған құмның беті әр тұста теңбіл-теңбіл қарайып қабыршықтанып жатыр.

   – Геля деген сары төбеті бар еді ғой, ол қайда?

   – Ой, Алла! – деді Өмірзақ жағасын ұстап. – Ит сезеді деген рас екен ғой. Бір ай бойы ұлып, ұйқы бермей қойып еді. "Ой, қара басыңа көрінгір!" деп ұрып, қусақ та жағы сембейтін. Кеше мәйіт тиеген машинаның соңынан жүгіріп кеткен, қайтып оралған жоқ.

   Кешке үйге келген соң бірер сағат көз шырымын алдым да, түні бойы қолжазбаны қайталап оқыдым. Аманаттап тапсырмаса да іздеушісі жоқ мұраның обалын ойладым. Жоғалып, жойылып кетпей менің қолыма түсуінің өзі де өлі аруақтың мойыныма жүктеген парызы болар? Компьютерге тергізіп, редакциялардың біріне ұсынбақ ниетпен пысықтап, мұқият қарадым. Қолын тану біраз қиындыққа соқты. Түйдегімен лекітіп келген ойды қағазға түсіріп үлгірсем дей ме, сүйкектетіп асығыс жазады екен. Басқы әріп пен аяққы әріптің арасын жалғастырған ирек сызықтардан кроссворд шешіп, миың ботқа болып отырғаның. Оның үстіне әртүрлі сиямен, тіпті кейбір тұсы қарындашпен жазылған. Сия шала түсіп, өшіп қалған жерлері де бар. Тасқындап келген ағыл-тегіл ойға қалам ілесе алмайтын болу керек, кейде сөзбен сөздің арасы қиыспай, "е, былай деген шығар" деп ойжотамен долбарлайсың. Емлелік, пунктуациялық қателіктен аяқ алып жүргісіз. Қайталап қарамай, бір жазып тастай бергені көрініп тұр. Әйткенмен бастан-аяқ түзетіп, ойға ой қосып , бояуын үстеп жұтындырып жібердік деген күпірліктен аулақпыз. Шынтуайтында, біздікі – жәй корректорлық жұмыстың ар жақ-бер жағы ғана: әріп, емле қателерін түзеп, түсіп қалған сөздерді қалпына келтірумен шектелдік. Шығармаға "Мен – жындымын", "Жындының жазбалары" деп екі түрлі ат қойған екен, екіншісі Гогольдің көпке мәшһүр повесімен үндес болған соң, алғашқы атауы көңілге қонымдылау көрінді. Рас, шығарма мінсіз дей алмаймын. Қаламымыз барып-қайтып, барып-қайтып талай рет қырнап-сырнап жіберуге оқталған кезіміз болды. Меніңше, тікенек сөйлем, құлаққа тосын естілер оғаш ойлар баршылық. Мистикаға тым әуестенушілік байқалады. (Бәлкім ол өзінің дүниені қабылдау ерекшелігі ме екен?) Әсіресе шуаққа ұмтылудан гөрі қыжыртпа, кіжіну көп, өмір шындығын суреттегенде, қара бояуды тым баттастырып жіберетін сияқты ма? Бірақ бұл менің көзім, менің ойым ғой. Әлбәттә, автордың өзінше көріп, өзіндік түйсікпен пайымдауға хақысы бар. Оқыған әрбір адам өзінше пікір түюі, бірі кемшілік дегенді екіншісі мүлде басқаша қабылдап, әрқилы сезімге бөленуі әбден ықтимал. Сондықтан тым шұқшиып, шұқылағанды қиянат көріп, ештеңесін өзгертпей бас-аяғы бүтін қалпында оқырманға ұсынғанды жөн деп таптым. Ол тіпті менің өзімді де оңдырмапты. "Тәукебай", "Т.С" деп әдіптегені – мен. Әлбәттә, өзім туралы ондай пікірде емеспін. Кім не айтса да мейлі, әркімнің өз түсінігі бар, жамандады екен деп кінәламаймын. Оның үстіне, ол шалығы бар былай... жынды ғой, жынды адам не демейді. Сіздер де солай ойлайды ғой деп үміттенемін. Басқа жеріне тиіспеген соң, оны да сызып тастауға қолым батпады.

   Тауфихпен сонау абитуриент кезімізде, өзі "Нархоз" деп жазып отырған Халық шаруашылығы институтының жатақханасында танысып едім. Ол кезде бұл институт екінің бірінің қолы жете бермейтін аса беделді оқу орындарының бірі болатын. Әсіресе электронды есептеу техникасы факультетіне түсу үшін бір орынға сегіз-он адамға дейін таласатын. Үміткерлердің көбі – медалистер. Осы мамандық бойынша төрт-ақ қазақ оқыдық. Қалғандары – еврей, орыс, корейлер. Тауфих алғашқы күннен-ақ алғырлығымен көзге түсті. Математика, физикадан алдына жан салмайтын. Қияндағы қазақ ауылында оқып, осынша тиянақты білім алғанына мүғалімдер де таңғалатын. Бір қызығы, біз сияқты өліп-өшіп кітапқа қадалып, конспекті жазып жатпайды, сонда да бәрін біледі, сайрап тұрғаны. Қай уақытта бәрін миына құйып ала қойғанын білмейсің. Екі жыл бойы бір бөлмеде жаттық. Мінезі алақұйындау, ұрыншақ, елтең-селтеңге бейім. Орайы келсе, жүз грамдатып жіберуден де  тартынбайтын. Әйтеуір, осынау қоңқақ танау, қоңырқай өңді, қауғабас бозбалаға сауықшыл қыз-жігітер тым үйірсек еді. Бір жолы көшеде  орыстармен төбелесіп, институттан шығып кете жаздағанда, факультет деканы Сатыбалдиев ара түсіп алып қалған. Аңқылдақ, адуынды кісі еді, кабинетіне кіргізіп алып: "Әй, ит-ай, боқ басында қор боласың ғой, қойдың құмалағынан көп орыстың қайсы бірін ұрып - жығып  бітірем деп жүрсің, оларды жеңетін мына сенің алтын басың. Тыныш жүр қағынбай!" депті.

   Өзі де қалжыңға сүйеп жазбасында тиіп-қашты айтыпты ғой, оның арғы аталары қазаққа сіңген татар көрінеді. Патша заманында әскерге алынғандар жиырма бес жыл қызмет ететін болған ғой. Ауыл, түтінбасынан тізімге ілінген бұратаналарды көбінесе сол кездегі қылышынан қан тамшылап арпалысып жатқан асау Кавказдағы соғысқа салады екен. Көрінеу ажалға кім басын байлағысы келсін, ауқаттылары пара беріп, еті тірілері басқа жолын тауып жалтарып кетуге тырысатын. Мешіт төңіректеген қазандық діндіәр абзыйдың баласы – Шеғир Яруллин де бұла басын тар нақтаға тыққысы келмей бұлқынғандардың бірі еді. Қаршадайынан орыс помещигіне жалданып, тесік өкпе боп өседі. Кәмілетке толысымен бай өз баласының орнына рекрут қып жазып, әне-міне Кавказға жөнелтеді деп отырғанда, бір түнде зым-зия ізін суытады. Сол зытқаннан мол зытып, қазақ даласына шығандап кетеді. Саудагерлердің керуеніне ілесіп Тобылға жетіп, одан ары Ертіс бойлап кіре тартқан кірешілерге жалданады. Бір жолы өкпесіне суық тиіп қатты ауырып, кемешілер оны жағадағы ауылға тастап кетеді. Жаңа сойылған қара қойдың терісіне орап, қысырақтың қымызымен емдеп, жазылған соң Ақнайман – Байсары – Көбестің биі Қазанғап деген кісі асықжілік ұстатып бала ғып алыпты. Басына отау тігіп, алдына мал салады. Соның баурынан өрбіген ұрпақ бір қауым ел болыпты қазір. Араптың "шеғир" (өлең-жыр) деген сөзін қазекем "шегір" деп түсінсе керек, осы уақытқа дейін Көбестің келіндері "шегір" десек, атамыздың аты кетіп қалады деп, "шегірдің" орнына "көк көз" деп атайды екен. Бұл әңгімені жәй ата-бабасын таратқанда шежіре ретінде айтқаны болмаса, көңілінде қазаққа деген қылаудай бөтендігі болмайтын. Қазағым деп өліп-өшетін. "Ғазиз аналарымыздың бәрі – қазақтың асыл қызы, төрт атадан бері қаңғып келген жаман татардың несі қалды дейсің, бір кісі қазақ болса, мендей-ақ болсын!" деп күлетін.

   Шынымды айтсам, бұл мамандыққа мен кездейсоқ келген адам едім. Кішкентайымнан ақын, жазушы болсам деп армандайтынмын. "Ұстазыма", "Тоғызыншы Май", "Көктем", "Қыс" деп жазған шатпырақтарым әуелі мектептің қабырға газетіне, одан кейін аудандық газетке, кейіндері тіпті   "Қазақстан пионеріне"  жарияланып, ол аз десеңіз дәніге-дәніге "Лениншіл жасқа" жіберген өлеңдеріме атағы жер жарып тұрған Сегізбаев пен Бөкеевтен "... талабың оң екен, бірақ көркемдік жағы  әлі де  кемшін соғып жатыр... үлкен ақындардың өлеңін көбірек оқып, іздене түс..." деп сенім артқан хатын алып, аядай ауылға "бала ақын" деген атым дүрілдеп шыға келген. Ақын деп ат қойып берсе, енді өлең жазбай, шошқа тағалаймын ба? Аудандық газетке номер сайын тақпақты бұрқыратам да жатамын. Тарих тақтасына есімімді Тұманбай, Қадырлармен қатар жазып, "мәселені" шешіп қойғанда, әкем оңашалап қасына шақырды. Қабағымен ықтыратын сұсты кісі еді:

   – Қызыл өгізшені сатып, жолыңа дайындап отырмын, – деді қабақ астынан алая қарап. – Әйтеуір, бағыңды сынаған соң, ел сияқты дұрыс оқуға бар.

Қазандық жақта қалбаңдап жүрген шешей ерінін сылп еткізді:

   – Осы кісі қызық, үкіметтің теріс оқуы болушы ма еді? Бала өзі білет те.

Шал жиегі жемтіріле бастаған қоңыр тақиясын желкесіне қарай ысырып, әжім тілгілеген биік маңдайын буындары шорланған жуан саусақтарымен мыти ұстап, арлы-берлі тарақтады:

   – Осы шіркіннің бірдеңе білетініне көзім жетпей отыр-ау. Қызыл өгізшем итжемеске рәсуа боп, мөңіреп кете ме деп қорқамын!

Шешей күйгелектеніп қазандықтың көмейін көсеумен көсіп-көсіп жіберді:

   – О несі екен, ақ тілеудің үстінде отырып? Өгізше, өгізше деп қалыпты ғой, көріне бірге алып кететіндей. Талаптанып алысқа бара жатқанда, жолына садақа демейсің бе!

   – Тарылып отырған мен жоқ. Былжырап, боққа жарамайтын бірдеңені оқып, ертең жанын баға алмай жүрмесін деймін де   !

   – Көке, – дедім күмілжіп. – Мұғалімдер де, редакциядағы ағайлар да ақын боласың, соның оқуына түс дейді. Ақын-жазушылардың көбі журфак пен филфакті бітіріпті...

"Айттым ғой!" дегендей шал алайып кемпіріне бір қарады да, маған тіктелді:

   – Әй, балам, сөз қуған – өнер емес. Тақпақ шығарғанның не оқуы бар? Жамбыл атаң оқымай-ақ ақын болды емес пе. Содан әулие болам деймісің. Ішіңе сыймай бара жатса, өзі-ақ тесіп шығар бір жерден. Сөзді қойып, заттеқник не енженердің оқуын тауыс. Үкімет сондайларды көтереді. Деректір, райкомдар солардан шығып жатқан жоқ па. Ақ батамызды алғың келсе, айтарымыз осы! – деді айттым - бітті, кестім – үзілді үкіммен. Қызыл өгізін сатып, қып-қызыл ақшасын қалтама салып берген қызыл көз шалдың сөзінен аттап кетуге әддім қайда. Амалсыз осы оқуға түскенмін. Түсуін түскенмен ойым басқада. Көңілі қаламаған қызбен еріксіз бас қосқан мұңлықтай басқа жаққа қарап мөңіреймін. Қолым қалт босаса, КазГУ – ге қарай жүгіремін. Өмір деп міне соны айт. Мен аңсаған муза, жастық романтикасы – бәрі осында. Апта сайын атақты ақын-жазушылармен кездесу, поэзия кештері... Мінберге кезек-кезек шығып, көздері ұшқын ата, қолдарын сермей, жалындап, арындап жыр оқыған студент – ақындар. Қандай асқақтық, жаныңды арбаған неткен құдірет! Осынау бір ғана сәт үшін-ақ өміріңді қиюға болады-ау. Әр қайсысы бір-бір Пушкиндей ауыздарынан шумақ-шумақ жыр бұрқырап, кеу-кеу дабырласып тарап бара жатқан жұрттың соңынан қызыға қарап, күрсініп қала беремін. Үйірінен адасқан жетім құлындай шұрқыраған жүрегім құлазып, мең-зең күйде қанша тұратыным белгісіз, бір уақытта жым-жырт, жаңағы думанның жаңғырығы да жоқ өлі көшемен жатақханаға қарай ілби басып келе жатқанымды білемін. Оқулықтың бетін ашқым келмейді. Қаламсапты қажалап, терезеден үңілген күзгі аспанның төсіндегі ақша бұлт, қиқулаған құстарға қиялыммен ілесіп, жыр әлемінде қалықтап жүремін. Ақыры "Лениншіл жаста" жарқ етіп бір топ өлеңім шыққан күні: "Бітті, Түймеш, ақын болдың деген осы!" деп, белортасынан ашылған "Капиталдың" бетін сарт еткізіп жаптым.Тіпті қызыл көз шалдың сұсы да бетімнен қайтара алмады бұл жолы. Сөйтіп екінші курсті тәмәмдасымен журфакқа қайтадан емтихан тапсырғанмын. Бірақ Тауфихпен одан кейін де ара-қатынасымыз үзілген жоқ, жиі кездесіп тұрдық. Қаншама аралас-құралас жүрсек те оның қаламға әуестігін байқаған емеспін. Аяқастынан қалай «жорға» шыққанын өзі тәптіштеп жазыпты ғой. Біреу айтса, сенбейтін оқиға, бірақ нақ солай болғаны рас. Аз жылдың ішінде өндіртіп көп дүние жазды. Ойы батыл, көзі көреген. Заманынан озып туған Сөздің жолы ауыр, тосқауылы көп, әлбәттә. Басы сергелдеңге түсіп, ақыры осындай күйге ұшырағаны өкінішті-ақ. Кезінде қырағы мекемелерден тықыр таянғанда, жоғалып кетпесін деген сақтықпен алты романның бір-бір данасын маған табыстап еді. Пендешілікпен қызығып кетіп, бір романының желісі бойынша өзімше түрлендіріп шығарма жазғанымды да жасырмай айта кетейін. Ол үшін екеуміздің түс шайысқан кезіміз де болды. Қалай болғанда да ол дүниелерді реті келгенде бас-көз боп жарияға шығаруды мойындағы міндет санаймын.

                                            ххх

   Ертеңінде жерлеу бюросына барып, қай зиратқа қойылғанын анықтап білдім. Боралдай жақтағы артында іздеушісі жоқ не аты-жөні белгісіз мәйіттерді қоятын жалпылама молаға жерленіпті. Еріні көгістенген, арық, қара-шұбар әйел тілдей қағазға «Х – 729» деп жазып, қолыма ұстатты:

   – Осы номермен жерленген.

   Көп іздеп әуреленгем жоқ. Тез тауып алдым. Қалалық зираттың теріскейіндегі ұзын қыраттың бір беткейі түгелдей тікенек сыммен қоршалыпты. Қатар түзеп жыпырлаған қалың төмпешік. Ескілерінің топырағы шөгіп, шөп өсіп, басына шаншылған тақтайшадағы жазулар өшіп кеткен. Дарбазадан кірген соң, көше-көше боп оңды-солды андыздаған жолдардың қайсысына түсерімді білмей бөгеле бергем. Кенет әлдеқайдан ішін тартып ит ұлығанда, селк етіп іші-бауырым қалтырап кеткендей болды. Өксіп жылаған адамдай зарлы үн. Ара-арасында үзіліп кетіп, қайтадан тұншыға өксиді. Номер бойынша қабірлерді қуалай ішкерлеген сайын ұлыған дауыс айқындала түсті. Шеткі қатардағы төмпешіктердің бірінің үстінде етпеттеген сары итті тани кеттім. Геля! Күтпеген көріністен жүрегім солқ етіп ары қарай аттай алмай тұрып қалдым. Алдыңғы екі сирағы жайыла тарбиып, топырағы тобарси бастаған қабірді құшақтап жатыр. Көзі жұмулы. Анда-санда тұмсығын көтеріп, жарасы жанына батып шыдатпай бара жатқандай қаңқ-қаңқ етіп аласұра ұлиды. Мен Тауфихтың өлгенін шын жүрегіммен енді түсінгендей, көкірегім астан-кестен аударылып түсті. Таяп келіп:

   – Геля... Геля! – дедім дауысым қалтырап. Геля көзін ашып маған қарады. Қарағанмен көрмей ме, әлде сен кімсің деп тұр ма, селт етпей меңірейген көздер. Көз емес, жарыса мөлтілдеп, үздіксіз тамшылап жатқан қос қайнар секілді. Мен иттің жылағанын бірінші рет көрдім. Көңілім толқып, қосыла жылағым келді. Мойнынан құшақтап, басынан сипадым. Шағынғандай зарлы өксікпен ышқынып одан сайын ұлыды. Марқұмның артындағы бала-шаға, жақын туыстары да дәл осылай жүрегі езіліп зарламаған шығар-ау! Орыстың: «Верный как собака» деген сөзінің мәнін енді түсінгендей болдым. Орыс та ұлы жұрт қой, бірдеңені білген соң айтады да. Күн аңқа кептірген ыстық. Геляны шындап аядым. Бұлай жата берсе, шөлдеп өледі ғой. Бірақ қанша әуреленсем де соңымнан ермей қойды. Шақырғанға ермеген соң, мойнына белбеуімді сап жетелеп ем, шегіншектеп тұрып алды. Амалсыз қоя бердім. Тәлтіректеп барып орнына қайта жатты. Амалым таусылған соң машинамен барып, тасжол бойындағы көп дүңгіршек-дүкендердің бірінен екі кило шұжық, бір тауық,  бес литрлік «Тассайдың» екі құмырасын алдым. Геля тамаққа қарамады. Пластик құмыраның бүйірін тұмсығы сиятындай дөңгелетіп тесіп, алдына қойып едім, бүйірі қабысып әбден шөлдеген екен, тілімен сылпылдатып біраз ішті. Мөлиіп бетіме қарады. Үнсіз алғысын айтып тұрғандай. Қайтадан орнына жатып, алға созған аяқтарының үстіне басын салды. Тағы да ере ме деген дәмемен: «Жүре ғой, күшігім... Кә, кә, Геля!» деп қанша шақырсам да селт етпеді.

   Ертең келіп, бір амалын тауып алып кетермін деп ойлағанмын. Бірақ ертеңінде қолым тимеді. Бір күн жиналыс деп, бір күн машинаның майы ағып, күйбің тірліктің бітпейтін сарсаңымен жүріп, үшінші күні келгенмін. Бейіт басы жым-жырт. Ұлыған дыбыс естілмейді. Бір жаққа кетіп қалды ма екен, әлде ұлуға шамасы келмей әбден әлсіреп үнсіз жатыр ма?  Иә, күн жарықтық та  апта бойы көк жүзін кір шалмай шақырайып шыжып тұр-ау! Көңіліме алаң еніп, асығыс басып таныс жерге жақындай бергенде кілт тоқтадым. Төмпешіктің үстінде сары құйрық шаншылып тұр. Геля қабірдің бүйірін үңгіп, бүкіл денесімен кіріп кетіпті.

   – Геля, Геля! – дедім дыбыстап. – Бері шық!

Геля қозғалмады. Құйрығынан қос қолдап ұстап тартып қалып едім, қыл түбінен үзіліп кетті етімен қоса сыдырылып. Күлімсі, шірінді иіс мүңк етіп қолқа қапты. «Е, итті де иесімен қина деген осы екен-ау!» Көңілім толқып, үнсіз құмығып тұрып қалдым. Біраздан соң қабірдің етегіндегі шашылған топырақты уысыммен күреп, Геляның денесін жаптым. «Иеңмен бірге жат, Сырттаным!..»

Айналадағы тырбиып өскен қарағаштардың бірінен ұшып, біріне қонып,  топ қарға қанаттары жалпылдап үйіріліп жүр...

Әмин.  Алматы. 27. 02. 2016ж.

(соңы)

Abai.kz

 

 

 ­­

 

 

 

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434