Сенбі, 23 Қараша 2024
Ұждан 6638 0 пікір 4 Қараша, 2016 сағат 12:37

ДАУДЫҢ ДАҢҒАЗАСЫЗ ШЕШІЛГЕНІ ДҰРЫС!

Баяғыда бір қаланың тұрғындары әкім сайлау үшін жиналыс жасапты. Көп адамның ішінде ең әділ де, адал азаматты қолдап, енді дауыс берейін деп тұрғанда, мінбеге көтерліген бір адам: «Халайық, кімді әкім қылып сайлайын деп тұрсыңдар? Бұның қызы нағыз жезөкше ғой!» деп айқай салыпты. Жұрт аңтарылып тұрып қалыпты. Сонда сайланайын деп тұрған азамат жаңағы адамға: «Ойбай-ау, мен үйленген де жоқпын, қайдағы қызды айтып тұрсың?» десе, айқайшы адам: «Қызың бар ма, жоқ па, әңгіме онда емес, ең бастысы, мен айтарымды айттым» деп мінбеден түсіп кетіпті...

Интернетке, интернет арқылы дүниеге келген әлеуметтік жүйелерге деген екі түрлі көзқарасымды талай сұхбатымды айттым да, жаздым да. Әрине, оның сан түрлі ақпаратты қас қағым сәтте алу, оны тарату жолындағы қызметін жоққа шығармаймын, бірақ, сонымен қатар, қоғамдық орындағы дәретхана сияқты, кез келген құстың саңғып, кез келген аңның сарып кететін жер екенін де ұмытпталық. Қазақ «сөзде қаңқу жаман» дейді, ал қаңқудың «көкесі» - интернеттегі әлеуметтік жүйелерде жатыр. Интернеттің негативті қызметінің бірі – азаматтардың саяси-қоғамдық белсенділігін (Көшеге шығып, өзіңнің мақсат-мүддең үшін ашық күрескеннен гөрі, тасада (интернетте) отырып, «батыл-батыл сөз айтып», кіжінуден аса алмайтын, және соны өзінше азаматтық белсенділік деп санайтын жандардың көбеюі) төмендетуі болса, екіншісі – белгілі бір адамдарға, топтарға деген қоғамдық көзқарас қалыптастыру. Бұл жерде барлық тәсіл де жарайды...

Соңғы уақытта қазақ еліндегі әлеуметтік желіде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек ініміз бен «Феникс» атты кино түсіруші топтың, оның басшыларының бірі Тұңғышбай ағамыздың арасындағы дау-дамай әлеуметтік желінің тағы бір мүмкіндігі бар екенін көрсетті. Әрине, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екендігін болашақтың еншісіне қалдырайық, бірақ осы даудағы «кенет оянып, кезінде министрдің қырындауынан жапа шеккен» бірнеше қарындасымыз бен алпыстағы әйелдің интернеттегі жанайқайлары – жоспарлы түрде ұйымдастырылған тәсіл сияқты көрінеді. Оған бүгінге дейін айтылмаған «шындықтың» «Феникс» дауына дөп келуінен-ақ сезуге болады. Демек, интернет арқылы қорғану ғана емес, шабуылға көшуге де болады екен. Осы оқиға атақты Марк Твеннің «Мен қалай губернатор болып сайландым?» деген тамаша әңгімесін есіме түсірді. Сайлауға дейін халыққа танымал, ең адал болып келген кейіпкерді бәсекелестері газет беттерінде сан түрлі жала жауып (ұрлықшы, тасжүрек, өтірікші, т.т.), іске алғысыз қылып тастағаны соншалықты, бейшара кандидат үміткерлер қатарынан кетуге мәжбүр болады.  Әрине, біздің министрімізді Марк Твеннің кейіпкерімен салыстырудан аулақпын, алайда, сан жылдар өтсе де, жала жабу, жамандау тәсілі (техникалық өзгешеліктен басқа) сол күйінде қалған сияқты. Өкінішке орай, қоғам – үнсіз. Халық базардағы екі әйелдің ұрысын қызыға тыңдап, айыздары қанып, рахаттанып тұрған жандарға ұқсайды. Біреулері министрді жақтаса, енді бірі оның қарсыластарының уәждерін дұрыс санайды. Біздің үстімізге қоқыс толы жәшікті төңкере салған сияқты – кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтау мүмкін емес. Осының аяғы жақсылыққа алып келмейтіні анық... деп жазып отырғанда, Тұңғышбай ағамыздың тұтқындалғаны туралы хабар келіп түсті. Қоғам болып оны шығарып алдық. Қоғамның талантты құрметейтіндігі, кеңдігі көрініп тұр. Осы жерде министр А. Мұхамедиұлының да азаматтық позициясын айту орынды тәрізді Бұл мәселенің бәрі сот арқылы емес, медиация арқылы (бітімгершілік) шешілгені дұрыс деп білемін. Солай болатын түрі де бар. Жігіттерге айтарым, әркімнің жетегінде кетпеңдер, сөзге ермеңдер!..

Сендерге болашақ ұрпақ қарап отыр.

Дос Көшім, Қоғам қайраткері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371