ОҚО-да тоқыма өнеркәсібіне арналған халықаралық көрме өтуде
Шымкент қаласында «Тоқыма өнеркәсібіне арналған тауарлар мен жабдықтар – MACHTEX-2016» II қазақстандық халықаралық көрмесі мен форумы өтуде.
Екі күнге жалғасатын халықаралық көрменің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев «Machtex 2016» көрмесі тоқыма өнеркәсібіне арналған Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған іс-шара болып табылатынын айтты.
Көрмеге Қазақстан, Италия, Қытай, Қырғызстан, Польша, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония елдерінен 50-ден астам компания қатысуда.
«Machtex 2016» көрмесінің қатысушылары тоқыма өнеркәсібіне арналған жабдық, мата мен ұсақ – түйек заттар, өнеркәсіп компанияларына арналған арнайы киім, сервистік қызмет көрсетуге арналған бірыңғай формалар мен мектеп формасын, ұлттық киім, балалар мен үйге арналған тоқыма және кілем өнімдерін, ерлер мен әйелдерге арналған киім кешектер ұсынуда.
Форум аясында Қазақстан Республикасында жеңіл өнеркәсіпті дамытудың болашағы мен дамуы жайы және тоқыма өнеркәсібінің инвестициялық әлеуетін арттыруға арналған тәжірбиелік жұмыстар өткізіледі. Аталған форум жұмысына осы саланың 2 мыңнан астам мамандары қатысады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстанда 2 ірі кілем фабрикасы мен дайын өнім шығарудан шикі мақта өсіруден матаға дейінгі жабық циклін жүзеге асыратын «Азала текстиль» фабрикасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыста шұлық шығаратын және дайын тоқыма бұйымдары мен арнайы киім тігетін фабрикалар іске қосылған.
Шымкенттегі «Оңтүстік» АЭА-та бүгінде құны 27,8 млрд. теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 2 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Ал 2010-2015 жылдар ішінде жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 есеге өсті. Яғни 11,2 млрд.теңгеден 21,7 млрд. теңгеге дейін өскен.
Abai.kz