МҮФТИГЕ ХАТ. ХИДЖАПҚА ҚАТЫСТЫ ҚМДБ НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРУІ КЕРЕК
Қазақстан Мұсылмандар діни
басқармасының Бас муфтиі
Ержан Малғажыұлы мырзаға
АШЫҚ ХАТ
Құрметті Ержан Малғажыұлы!
ҚМДБ-ның хиджаб мәселесі туралы мәлімдемесін оқып отырып, соңғы жылдарда өзімді мазалап жүрген мына бір ой туралы Сізге хат жазып, ойымды айтуға бел будым.
Білетінімнен білмейтінім көп болғандықтан Сіз сияқты білімді адамнан ақыл сұрамақпын.
Сізді бас мүфти етіп сайлағанда «жас жігіт екен – мүмкін еліміздің мұсылман қауымы үшін батыл қадамдар жасап, нық саясат жүргізер» деп қуанған едім.
Иә, ҚМДБ тарапынан көптеген жақсы істер істеліп жатқанын жоққа шығармаймын, бірақ қазір бар мұсылман қауымына мемлекет тарапынан сынақ келген сияқты. Бір жағымыздан "қоғамға діни экстремизм келді" деп қорқытса, екінші жағымыздан хиджабты үлкен бір мәселеге айналдырып жіберді. Кейде бұл арнайы саясатпен істеліп отырған істер ме екен деп те ойлаймын. Себебі маған сол экстремистік жолға жастарымызды бұрып жіберіп жатқан да осы мемлекеттің өзі секілді көрінеді. Жұмыс жоқ, (әсіресе ауылда) жастар не істейді? Жастарға жұмыс тауып бере алмай отырған - мемлекет емес пе?. Әлеуметтік қарама-қайшылықты да күшейтіп отырған - мемлекет, енді хиджабты үлкен мәселе етіп отырған да - мемлекет. Жарайды, діни экстремизмнің хаупі бар делік, ал хиджабты (орамалды) тақпа дегені - мұсылман болма дегені деп түсіну керек.
Ал бұған ҚМДБ батыл наразылық айтуы тиіс деп ойлаймын. Әрине, ҚМДБ мұсылман қауымының атынан наразылық айтуы үшін біз мұсылман қауымы петиция түрінде қолтаңба жинап, оны Үкіметке тапсыруымыз керек шығар, осы туралы ойыңызды білсем деген едім. Менің ойымша - мұсылман қауымы, ислам діні - еліміздің тірегі, тыныштықтың негізі, ал мұсылманның негізі тәрбие арқылы қалыптасады десек, хиджаб та осы тәрбиелік мәні бар зат.
Әл-Фараби бабамыз айтқан екен: «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, келешекте оның өміріне хауіп әкеледі» деп, дана адам ғой - дұрыс айтқан шығар, сондықтан мұсылманша киініп, өмір сүргісі келетін қыздарымызға олай киінуге болмайды деу қате. Бұл мәселеде біз христиан мемлекеттері Франция, Ресей сияқты шектеуге барғанымыз қате деп түсінем. Мұсылман болғандықтан біз басшыға қарсы шыға алмаймыз, мұсылман болғандықтан Отанымызды ата-анамыздай сыйлап, құрметтейміз, бірақ Отанымыз да бізді баласындай көруі керек. Тек бір жағдайда ғана баласы ата-анасына қарсы шыға алады екен, Аллам бізді ондай жағдайдан сақтасын...
Маған - «біз зайырлы мемлекет болған соң мектептерде тәртіп біреу болу керек» деп уәж айтуы мүмкін, бірақ Ата заң ең бірінші тұру керек, ал онда 1 бап бәрін айтып тұр.
Маған салса, біз қазақ елінде имани мектептер (рухани семинария түрінде) салуымыз керек. Бұл мектептерде 2-3 жастан қыздар мен ұл балаларды бөліп оқытып, ең бірінші ана тілі мен қасиетті Құранды, одан кейін тек 5 сыныптан бастап басқа тілді үйрету керек. Осындай мектептерден мұсылман әлемінің даналары шықпаса мені атып тастаңыздар. Әрине, мемлекетіміз бұндай мектептер салмайды, сондықтан ҚМДБ бас болса бүкіл мұсылман қауымы осы ұлттық жобаны жүзеге асыра алар едік. Бұл жоба мен оның барлық есептері менде дайын. Бұл жобаны жүзеге асырсақ қазіргі қоғамда орын алып отырған «рухани ашаршылықты» да жоюға болады. Бұл туралы не ойлайсыз ?
P.S. Мен сонау советтік дәуірден өмірді көріп келе жатқан адаммын. Жас кезімде коммунист болдым (онымды ешкімнен жасырмаймын), ол кезде Алланы танымайтын едім, тек «Отан үшін, ел үшін» деп адал жұмыс істедім. Отызға келгенде «орда бұзам» деп Брежневке партиядағы кемшіліктер мен ұлттық саясаттың қателіктерін айтып хат жазып, таяқ жедім. Ақыры отыз жыл мүгедек боп үйде жаттым, тауқыметін өмірдің біраз таттым. Енді түсіндім, Аллам мені сол кезде атылып кетпесін деп сақтап қалған екен, әрі осы сынақ арқылы оны танып, түсінсін дегені екен. Міне, осылайша мен исламды түсініп, қабылдап, оны жүрегіме қондырғалы жиырма жылдай болды. Қазір елімізде бір үлкен имандылық жұмысты бастасақ деп ниеттеніп жүрген жайым бар.
Ізгі ниетпен, Орал Байтүмен ағаңыз
Abai.kz