Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 6429 0 пікір 17 Қазан, 2016 сағат 11:52

БҮГІНГІ НИГИЛИЗМ ЭКСТРЕМИЗМ ОТЫН ТҰТАТУЫ ӘБДЕН МҮМКІН

Нигилистік көзқарастар әр кезде өзіндік реңктерге ие болып, сол заманның сипатына сай қалыптасып отырды. Орта ғасырларда христиан дініне қарсы еретиктерді нигилистер деп қуғындаса, 18-19 ғасырларда өмір сүріп тұрған қоғамдық жүйені мойындамай, оған қарсы шыққан нигилистер осы бағытта нақты іс-әрекет жасаумен көзге түсті. Тіпті бұл қарсылық түптің түбінде қалыптасқан режимді құлатуға алып келді, айталық, большевиктердің патшалық билікті құлатып, өз үстемдігін орнатуы да сол кезеңде нигилист аталғандардың (халықшылдардың) идеяларынан бастау алған. Бұл ағымдағы нигилистер негізінен басты идеялар ескіріп, жаңасы туа алмай жатқан тұстарда қолдауға ие болып, табысқа жетуі кездейсоқ емес. Бірақ, нигилизм көбінесе бұра тарту, ешкімді де, ештеңені де құрметтемеу, дүниедегінің бәрін мансұқтау, антиәлеуметтік көзқарас іспетті. Бұрынғы қазақ оны бір ауыз сөзбен «қағынан жеріген» деген.

Жалпы, нигилизм дүниеге көзқарас, әлеуметтік мінез-құлықтың бір түрі ретінде жалпыға ортақ мұраттарды, адамгершілік нормаларын, дәстүрді, мәдениет үлгілерін жоққа шығаруы себепті бұл құбылыстың әлеуметтік, адамгершілік, мәдени терең астарлары бар. Бұл өмір сүріп отырған қоғамның, тарихи дәуірдің сипатына байланысты өзіндік ерекшелігі бар құбылыс, әрбір тарихи кезең мен кеңістік халықтық болмысқа, индивидтік қалыпқа ықпал етіп, өз ізін қалдырады, кейде бұл сүйекке сіңіп, мінезден көрініс табады.

Кез-келген құбылыс сияқты нигилизмнің де оң-теріс жақтары бар екенін мойындау керек. Жағымды жағына келгенде, ешқандай бедел мен ережелерге бас ұрмау, өз ұстанымына берік болу, айтқанға көніп, айдағанға жүрмеу, өз пікірін құрметтеу тәрізді дара мінез ерекшелігі тұлға ретінде айшықтай түседі. Және ол субъективті, тәуелсіз, оқшау ойлау көріністерімен астасып жатыр.   

Қазіргі қазақстандық қоғамда бұрынғы кеңестік идеалдар әлі де түбірімен жойылған жоқ (әсіресе, сол кезеңде билікте қызметте болғандар арасында)  батыстық либерализмды жақтаушылар бар, бірақ олар азшылық және кезіндегі батысқа тән нәрсенің бәрін іріп-шіріген, бұзылған деп қабылдау әлі де басым, оған қоса бұл көзқарас қазіргі батыс елдеріндегі адам бостандығына құрметтің шарықтау шегіне жетіп, адамның кез-келген тілегіне қайшы келу оның құқығын таптау деп танылуына байланысты бір жынысты некеге рұқсат беру, азаматтық некенің құпталуы, бала туудың азаюы, - осының бәрі отбасы институтының дағдарысы ретінде қабылдануы одан сайын батысқа деген теріс көзқарасты күшейте түсті. Ал, дәстүрлі қазақи дүниетанымдағы адамдар ХХ ғасырдың 80-жылдарына дейін негізінен ауылда туған ұрпақ арасында сақталуда, міне солар бүгінгі күні барша қазақилық атаулының иесі, ұстанушысы, насихатшысы, жоқтаушысы болып отыр.

Бүгін біздер қазақстандық жас ұрпақтың тұтас бір буынының ұлттық құндылықтарды мойындамауы, жат тілде сөйлеуі, дәстүр-салтты ұстанбауы, ұлттық музыканы (эстрадалық емес) қабылдамауы, өйткені түсінбеуі,  сөйтіп жаһандық стандартталған мәдениет үлгісінің жетегінде кетуі құбылысына тап болдық. Бұлар – ұлттық тәрбиеден тыс қалған ұрпақтың екінші буыны, олардың ата-аналары кеңестік тұста орысша құндылықтармен өсіп, білім алғандар. Бұл жастар қазақтың дәстүрлі құндылықтарын мүлдем түсінбеуі, бала кезінен бойына дарытпауы осыдан. Ал осы жастардың өздерін түсінетіндер бар ма, жоқ па, бұл оларға қызықты емес. Өйткені, оларға тән жастық максимализм мен эгоизм мұны ойлауға мұрша бермейді. Оларда жасандылық жоқ, солай болуы тиіс деп қабылдайды.

Кешегі кеңестік менталитет адамдардың бәріне біркелкі өмір салтын таңды. Ұзақ уақыт бойы осы ұғыммен өмір сүрген адамдар нарықтық қатынастарға әлі де бейімделе алмай келеді. Көпшіліктің адал кәсіппен айналысу, биік мансапқа өз бетімен қол жеткізуден түңіліп, көңілі қалуы негізсіз емес. Кезіндегі әділетсіз жекешелендіру, бизнестегі монополиялар, кірісті салаларды бір қолға шоғырландыруға ұмтылу,  пайда әкеліп тұрған біреудің бизнесін «берсе қолынан, бермесе жолынан» алу адалдық, әділеттілік атаулыдан күдер үзгізді. Тоқсаныншы жылдарда рэкетпен, қарақшылықпен айналысқан біреулердің бүгінгі күні лауазымды орында, депутаттық креслода отыруы байлықтың қандай жолмен келсе де, мойындалатынын көрсетеді. Тағы бір нонсенс – халықтың тең жартысы баспанасыз, ал Швейцариядағы ең қымбат үй қазақтыкі. Бар болғаны 17 миллиондық ішкі нарықты қажетті тауарлармен қамтамасыз ете алмау, тұрғындардың төлем қабілетіне сай келетін өнім өндіруге құлықсыздық бүкіл тауарды шеттен тасуға алып келді, ал шетелдік тауармен қоса олардың мәдени өнімдері сапасы мен қажеттілігіне қарамастан ағылып келіп жатыр.         

Адам – жән мен тәннің иесі. Күнделікті қым-қуыт тіршілік, оқу, жұмыс, қызмет, мансапқа ұмтылу және т.с.с. қажеттіліктерді қанағаттандырудан соң әрбір адам  жан дүниесіндегі бос кеңістікті толтырудың жолдарын іздейді. Ол әр адамның рухани сұранысына, тәрбиесіне, отбасында көрген үлгісіне қарай таңдалатыны аян. Ал енді қазіргі сәнге айналған ойын-сауық, демалыс орындары негізінен баршаға бірдей стандартталған бұқаралық мәдениет үлгілерін ұсынады. Осы іспетті орындарда бос уақытын өткізгеніне мәз болу, жалт-жұлт еткен дүниеге мастану, затшылдық, тұтынушылық эгоизмнің асқынуын бір жағынан, күнделікті тіршілік түйткілдерінен бір сәт арылудың, көңілін басқа жаққа аударудың тәсілі ретінде ақтап алуға қанша тырыссақ та, бұл арада әлеуметтік нигилизмнің исі аңқып тұр. Жалпы адам баласы өз өміріне, қоғамға, айналасына толығымен разы болуы сирек, егер ол қоғамдық жүйе идеалдан әлі де алыста болса, ол ішкі қарсылықты тіпті үдетеді. Өзі өмір сүріп отырған қоғамның кемшіліктерін көп көріп, оның жақсара қоюы екіталай екендігін сезініп, күдерін үзген индивидтің бойында торығу, түңілу, жалпыға бірдей ережелерді мойындамау көріністері қылаң беруі заңдылық. 

Қазіргі уақытта тұлғалық қасиеттердің айрықша дәріптеліп, өзін-өзі тану, үздіксіз жетілдіру, түрлі біліктіліктерге ие болу, кәсіби өсуге ынтаның басымдық алуы кезеңінде тұрмыз. Барлығын бәсекеге қабілеттілік шешетін заман. Бәсекеге жарамайсың ба, шетте қаласың. Бизнес бәсекесі, білім бәсекесі бізге там-тұмдап келіп жатыр. Бірақ осы бәсекенің бәрінің бастауы – біздің қоғамымыз бәсекеге қабілетті ме?

Қоғамды дамытатын білім мен ғылым болса, бүгінгі қазақстандық ғылым мен ғалымның беделін шала сауатты, атағына білімі сай келмейтін, аморальды ғалымсымақтар түсіріп болды, білім орындары коррупцияның ошағына айналды. Оны күнде көріп жүрген қатардағы студенттер осы ортаға бейімделуге мәжбүр, ол да өз кезегінде сол үрдісті одан әрі жалғастырады, не болмаса, қолын бір сілтеп, күдерін үзеді де нигилистер қатарына қосылады.        

Осы тәріздес бүкіл теріс құбылыстар қоғамдық құрылымға, ережелерге, қалыптасқан тәртіпке, дәстүрлерге деген  қарсылыққа, түңілуге, немқұрайдылыққа әкелмей қоймайды. Өмір сүріп отырған жүйені, ережелер мен қағидаларды жоққа шығаратын нигилистер бұл құрылымның көзін жоюға ұмтылуы міндетті емес, олар мұндай мақсатты көздемейді. Нигилистер көбінесе дәстүрлі құндылықтардан бас тарта отырып, оны өзгертуге, теріс үрдістерді түзетуге ұмтылмайды. Бірақ осы қарсылық, немқұрайдылық біртіндеп бір ұрпақтың өмір салтына, қағидасына айналып кетуі ықтимал. Адам үшін осы өмірде қымбатты, қимас, құнды нәрсенің болмауы шетін мәселе. Қимайтын ештеңе болмаса, оны тастап кетуге де, сатып кетуге де болады. Кейінгі кезде жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі тегін емес. Бұл жастар арасында әлеуметтік нигилизмнің бар екенінің айғағы.

Демек, әлеуметтік нигилизм құбылысы бірден пайда болған жоқ, ол осы айналамызда жүріп жатқан үдерістердің санадан көрініс табуы, үздіксіз трансформацияланып жатқан қоғамдық құрылымның, жүйенің ішкі бұзылыстарына берілген жауап, өзіндік таңдау, қорғаныш стратегиясы. Қазіргі  нигилизмнің ауқымы кең және ол қоғамның түрлі саласын, жіктерін қамти бастады (саяси, моральдық, философиялық, әлеуметтік нигилизм).

Философиялық нигилизм адам болмысы мен бейболмыстың мәніне үңіліп, бейболмыстың басымдығын мойындап, болмысты жоққа шығарады. Болмыс дегеннің өзі құпия, тылсым, оны толығымен ұғыну мүмкін емес, сөйтіп жүріп дүниенің ұғынуға көнбейтінін терең түсінген кезде жағдаятты өзгертуге болмайтыны туралы ой торығу, күйзеліс туғызады. Осылай бір нәрседен мағына іздеген кезде пайда болатын бұл психикалық ахуал нигилизммен шектесіп жатыр. Осы дүниетанымдық көзқарастың өзінде пессимизм басым: дүниенің жалғандығы, идеялардың иллюзиялығы, барлық нәрсе уақытша, пайда болады – өледі, бейболмыстан келіп, бейболмысқа кетеді. (Осыдан келіп кейбір адамдардың өмір бір-ақ рет беріледі, сондықтан өзіңді еш нәрседен шектемеу керек деген тәрізді еркіндікке, жауапсыздыққа жол беруі де көп кездеседі).  

Бейболмыстың арғы жағындағы белгісіздік – міне, осы қоғамды ұстап тұрған күш, өйткені адам қоғамсыз өмір сүре алмайды, ол – «қоғамдық жануар». Болмысты тұтастай жоққа шығару өзіңнен бас тартумен бірдей, оның салдары адам үшін де, қоғам үшін де қауіпті. Бұл әсіресе, интеллектуалдық қуаты айқын, ақыл-ойы терең, талантты адамдарға тән құбылыс, - өзінің дара қабілеттерімен әлемнің тылсым сырына бой ұру, терең қатпарларына көз жеткізу, өзгенің көрмегенін анық көру, болашақты болжау, осыдан барып айналадағы адамдардың түсінбеушілігі, жаттану - философиялық нигилизмнің көріністері («Моласындай бақсының, жалғыз қалдым - тап шыным»). Бұл кейбір кезде өкінішті жағдайлармен аяқталады.  

Қазіргі біздің қоғамда құқықтық нигилизм өршіп тұр. Бұл бір жағынан, билік органдарындағы коррупцияға қарсылықтың бір түрі, ал екінші жағынан, құқықтық сананың артта қалғаны, кемістігі. Жүздеген жылдар бойы «Жеті жарғы», «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы»  іспетті ата заңдарымызға бағынып, дала демократиясымен өмір сүрген халықтың жүз жылда құқықтық нигилизмге тап болуы, ең алдымен, отаршылдықтың салдары. А.И. Герцен Ресейде өмір сүре тұрып, заңды бұзбау мүмкін емес деген екен: «Русский, какого бы звания он ни был, обходит или нарушает закон всюду, где это можно сделать безнаказанно; совершенно так же поступает и правительство». Патшалық және большевиктік отарлау заңды айналып өтудің әдіс-тәсілдерін зорлықпен, қулықпен санаға шегелеп, кіргізіп кетті. Бір  кездегі ең  намысты халықтың сүйегіне сіңіп, әлі де құтыла алмай келе жатқан дерті бұл. Қазіргі шенеуніктердің заңды жайына қалдырып, құқықтық ережелерді белден басуы, жеке бас мүддесіне қолдануы, - мемлекеттік биліктегі элитаның  саяси нигилизмі қиратушы күшке ие және оның салдары ауыр.  

Құқықтық нигилизмнің көріністері күнделікті өмірімізде берік орныққаны соншалық, Заңды орындамау әдетке, мінез-құлыққа, өмір салтына айналды. Халық байлығының халыққа қызмет етпеуі, тоналуы, әлеуметтік теңсіздік (мысалы, байлар мен жалпы бұқара халықтың жағдайы арасындағы айырмашылық бізде 30 еседен асады, ал негізінде бұл көрсеткіш 5 еседен аспауы тиіс, мысалы Еуропа елдерінде – 4,8 есені құрайды), тәртіпке бағынбау, ұйымдасуға мойынұсынбау сынды әлеуметтік ауруларға алып келді. Бүкіл халықтың үштен бірін құрайтын, өмір сүру үшін ең маңызды қажетттіліктерін қанағаттандыра алмай отырған, абсолютті кедейлік шегіндегі тұрғындардан қандай рухани-мәдени құндылықтарды талап етуге болады? «Сананы тұрмыс билейді», бізде бүгін жеңілтек ойын-сауық пен эстрадалық шоулардың дәурені жүріп тұр. Қарапайым адамның құқығы кез-келген жерде – жұмысында, мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық орындарда, көшеде тапталып жатыр. Бірақ әзірге өз намысын, адамдық қадір-қасиетін қорғап заңға жүгіну уақиғалары некен-саяқ және оның нәтижесіз аяқталатынын алдын ала білеміз.

Нигилистік әлеуметтік орта мемлекеттік ережелер мен нормаларды елемей, салт-дәстүрден бас тарта отырып, тұлғаның міндеттемелерін де жоққа шығаруға бейіл. Бұл негізінен, адамның өз «менін» жоғалтуы, өзінен өзі қашуы.  Көптеген адамдар өмірде мән-мағына жоқ деп торығады, не үшін өмір сүреміз, не істеу керек, ол істе мағына бар ма, нәтиже шыға ма, өмірде ең бастысы не деген сұрақтарға шектен тыс беріліп, шарасыздыққа тап болады. Бұл белгісіздік алдындағы шарасыздық. Ескіні қабылдағысы келмейді, жаңаны жасауға шамасы жоқ. Осылай нигилист үшін ең жоғары құндылықтардың құнсыздануы оның мінез-құлқын, дүниені сезіну формасын қалыптастырады. Айталық, бүлікшілдік те нигилистік көзқарас.  Кезінде нигилистер дінге қарсы шықты, атеизмді насихаттады, қоғамдық құрылысты өзгерткісі келді. Сол үшін олар қудаланды, отқа жағылды, кейбір кезде мақсаттарына қол жеткізді, бірақ еш уақытта нигилизм оң қабылданған емес және қабылданбайды да.  Өйткені, нигилист үшін кие жоқ. Ешкім оған тұлға емес. Нигилизмнің түбі – тұңғиық, түпсіздік, хаос, бұзылу.  

Жалпы нигилизм туа берілмейді, қанмен келмейді, ол ортаға байланысты туады. Нигилизмге итермелейтін жайттар тым көп. Биліктің, мемлекеттік мекемелердің үшкен-кіші деңгейіндегі көзбояушылық, қосып жазу, сөз жүзіндегі транспаренттілік, мемлекеттік машинаның озбырлығы, сыбайлас жемқорлық, билік органдарының құзыретсіздігі, аморальдылығы – ақыр соңында  билікке сенімнің жойылуы,– міне, саяси-әлеуметтік нигилизмнің бастау көздері. Халық мемлекетке сенбейді, мемлекеттік билік өз азаматтарына сенбейді, - өкінішке орай, бұл қоғам үшін қалыпты жағдай. Қазақстандық қоғамдағы мемлекеттік нигилизмнің бір белгісі, біздің Конституцияның өзінде кемшін тұстар бар. Негізгі Заң барлық елде қоғамды, халықты ұйыстырушы, біріктіруші, бір мақсатқа жұмылдырушы басты тетік. Ал бүгінгі қолданыстағы басты заң мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылатын ресми тіл туралы  7-баптың 2-тармағы арқылы мемлекетқұрушы ұлт тілінің қолданысын шектеуге, оны елемеуге жол беріп қойды. Нәтижесі –  бірін-бірі терістейтін, жоққа шығарушы екі әлем, екі орта, екі мүдде. Бұл бір кездегі саяси ахуалға байланысты қабылданды делінсе де, бүгінгі күн талабына, мемлекеттіліктің болашағына қайшы фактор. Осының салдарынан айқын да дәл азаматтық ұстаным, ұлттық біртектілік қалыптаспай отыр, осындай қайшылықтар негізгі заңды өзінше интерпретациялауға, толыққанды орындамауға ықпал етуде.  

Бүгінгі нигилист –  өз ортасының жемісі. Тұрмыстың бүкіл әлем бойынша бір қалыптануы, әлеуметтік ортаның ластануы, ақпараттың, медианың зиянды салдары нигилистердің жаңа легін алып келді. Жаһандану нигилизмнің тамырына су құйып, оны нәрлендіретін қуат беруде. Жаңа нигилизм бұрынғыдан да қауіпті, өйткені ол жойқын күшке ие, - интернет, әлеуметтік желілер, ақпараттың қолжетімділігі оның жылдам таралуына және көпшілікті тартуына ықпал етіп отыр. Ол бұрынғыдан да ауқымын ұлғайтты, кезіндегі санаулы оқшау ойлар, дербес шағын орталар енді жоқ.

Нигилистік көңіл-күй, асқан пессимизмге байланысты сұрақтар, шешілмеген мәселелер көп. Неге бір орыннан жылжымаймыз? Адасып жүрген жоқпыз ба? Дүниедегі ең құдыретті күшке сенімді саяси ойынға араластырудың соңы не болмақ? Прогрестің арғы жағында не бар? Үздіксіз ғылым мен техникалық даму қайда апаруы мүмкін?    

Діни сенім адамның ең қымбат сезімдерінің бірі, ал соңғы кезде адамның осы бір жанды жері саяси текетірестердің ойыншығына айналып, геосаяси мақсаттарға қол жеткізудің тетігі болып кетті. Түрлі діни секталардің көбеюі, олардың саяси ұйымдармен астыртын қаржыландырылуы, халықты соңынан ілестіру үшін түрлі айла-шарғыларға бару дін атаулыға қарсылық туғызып отыр. Діни сенімдердің қадір-қасиеті кемуіне сондай-ақ билік пен парламент дәліздерінде діни ұйымдардың лоббиы кезіп жүруі, осы деңгейде бұрынғы руға, жүзге бөлінушілікке енді діни ағымға қатыстылығы бойынша жіктелу қосылып, дүниедегі ең жоғары құндылықтар аталатынның бәріне күмәнмен қарауға алып келді. Кезінде орта ғасырлық батыста дінді мойындамауға байланысты шыққан нигилизмнің қазіргі заманға тән негізгі белгілері – мәдениеттің құлдырауы немесе оның стандартталған, өзіндік бет-бейнесі жоқ жаһандық бұқаралық мәдениетке трансформациялануы, жалған секуляризация салдарынан дәстүрлі діндердің шынайы мағынасы көмескіленіп, өмірлік қуатынан айрылуы, сөйте тұра саяси мүдделердің құралына айналуы және т.с.с.

«Құдай өлді» (Ницше), - ендеше ойыңа келгенді істеуге болады. Сөйткен  нигилистер кезінде еуропалық мәдениетті дағдарысқа әкеп тірегені мәлім. Егер Құдай өлсе, онда адамзаттың дүниедегі қасиетті, киелі атаулыдан айрылғаны, рухани әлемінің қаңырап бос қалғаны, - ақыр соңында түпсіз терең кеңістікке құлдырауы. Бұл әлемде ешбір нәрсеге Сенім болмаса, бір құдыретке бағыну болмаса, онда адамның өмірінде мән де, мағына да жоқ. Ондай қоғамда тәртіп, ережелер үстемдік құра алмайды.

Нигилизм – үздіксіз жүре беретін үдеріс, себебі адамдар әлсін-әлі ең жоғары құндылықтарды қайта қарауға, кейде қайтып оралуға немесе түбірімен өзгертуге құштар. Осылай үнемі жаңарту әрі қайтадан құнсыздану адамның табиғатына тән болса керек. Тарихи түрдегі нигилизм құндылықтық бағдарларды, этикалық нормалар мен принциптерді, заңдар мен дәстүрлерді, қысқасын айтқанда, кез-келген әлеуметтік-мәдени құрылыстың негіздерін жоққа шығарудан тұрады. Осындай нигилистік көзқарастағы батыс мәдениетінің дағдарысы ХХ ғасыр басында  әлемдік апаттарға алып келді, олар: фашизм, коммунизм, либерализм, технократтық ойлау. Бұлардың салдары жекелеген халықтарға ғана емес, барша адамзатқа ортақ қатерлерге ұласты.

Жаһандану жағдайында қалыптасып отырған қазіргі қазақ нигилизмі рухани-мәдени құндылық, кие, ұлтқа тұғыр тұлғалар, қазақи ережелер мен тыйымдар атаулының барлығын жоққа шығаруға құрылған. Жаңа нигилизм бұрынғы үйреншікті нигилизмнен мүлде бөлек және мұның заманауи коммуникациялық мүмкіндіктерге сүйенуі себепті ықпал ету ауқымы да, салдары да (діни экстремизм, терроризм, космополитизм,  ұлтсыздық, агрессия және т.с.с.) аса қауіпті. Оған қоса, нарықтық экономикалық қатынастар нигилистік үрдістерді одан әрі күшейте түсуде. Кейбір адамдардың мақсатына жету үшін кез-келген құралдан тартынбауы, жамандық жасауға бейілділігі, жауапкершілік сезімінің жойылуы, қалайда табысқа жетуге ұмтылу, пайдакүнемдік, шектен шыққан рационалдылық дәстүрлі құндылықтар мен ережелердің шайқалуынан келген дерт. Осының бәрі жинала келе қоғамның, ұлттың негізін бұзатын, тамырын жалаңаштайтын, оның дамуын тоқтататын жағдайға жеткізеді.

Алайда, көпшілік үшін нигилизм әдеттегі, күнделікті тұрмыстық мінез-құлыққа айналуы себепті оның қиратушы қуатын, астарын, зиянының дәрежесін аңғара алмай отырмыз. Бұл біртұтас деструктивті құбылыс біртіндеп қоғамды тұрақсыздыққа әкеп соғуы, экстремизмге дем беруі әбден мүмкін. Оған тарихта дәлел көп. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр тоғысындағы орыстың саяси нигилизмі өздері өмір сүріп отырған режимді құлатып тынды, билікке большевиктерді алып келді. Сөйтіп, Ресей мен оның отар елдері дамудан кемінде бір ғасыр артта қалды. Сол тұстағы революционерлердің бәрі нигилистер қатарынан болатын. Саяси нигилистер өмір сүріп тұрған режимді жоққа шығару, мойындамау арқылы қиратуды жасампаздықтың бір түрі деп есептейді және бір нәрсені орнату үшін оған алдымен орын тазалап алу керектігін айтады.  Қазіргі нигилизмнің қауіптілігі большевиктік қатерден кем емес, өйткені біз – қазақстандық қоғам экономикалық дербестікке толығымен қол жеткізбей тұрып, ұлттық мемлекеттілікті мызғымастай берік нығайтып алмастан, бұқаралық нигилистік көңіл-күйдің ауанымен космополиттік белгісіздікке тап болудың алдында тұрмыз.

Жаңа мыңжылдық тоғысында күшейе түскен технократтық өркениет адамды зат деңгейіне түсірді. Бұл құлдық сана тұтынушылық қоғам ұсынған нәрсенің бәрінен бас тарта алмай, талғамсыз жұтып жатыр. Өзінің бұл халіне титтей де күмәні болмауы, сын көзбен қарай алмауы себепті ол осы өмір салтын өзгертуге деген қажеттілікті тіпті де сезінбейді. Тұтынушылық қоғам билеген жүйенің мықтылығы соншалық, адамдар өздерінің құлдық жағдайын аңғаруға, саналы таңдау жасауға қабілетсіз болып барады. Бұл арада табиғи «Менді» басып тұрған тұтынушылық мәдениеттен арылып, тәуелсіздікті сақтап қалу жөнінде сөз қозғау оңай емес.  

Иә, адамзат қоғамының дамуы білім мен ғылымға қарыздар. Бірақ әр нәрсенің екінші жағы бар. Өркениеттің қозғаушы күші бола отырып, ғылыми-техникалық прогресс биліктің құралына айналды, оның қоғамды тұрақтандырушы қызметі билікке оңтайлы, өйткені алуан түрлі технологиялық жетістіктермен, қажетті-қажетсіз заттармен халықтың басын айналдыру арқылы басқа түйткілді проблемаларды жылы жауып қою оңай. Ал, жүйемен күресуші жекелеген күштерді жуасытудың өз тәсілдері бар. Осылайша тұтынушылық қоғам саясатқа қызмет етіп жатыр. Біркелкі қоғам, біркелкі ойлау, біркелкі заттарды тұтыну саяси және рухани біркелкіленуге ұласты.   Жалған қажеттіліктердің, заттардың құлы болған адамдар өзін заттары арқылы ұсынатын болды, - дүние-мүлік, бренд киім, ең соңғы шыққан гаджеттерге қарай бағаланатын адам осы заттар орнатқан заңдылықтарға бағынып, мойын шұлғиды. Мұндай біркелкі ойлау  саясаткерлерге өте тиімді және ол БАҚ арқылы арнайы насихатталады (шоу-бизнес, ойын-сауық мәдениеті және т.б.). 

Міне, осылай қоғамның іші де, сырты да қауіпке толған дағдарысты кезеңге тап болдық. Өз тарапымыздан еш әрекет жасамай-ақ, құр даңғазамен дамыған қоғамға айналудың елесіне алданып, уақыт берген мүмкіндіктен айрылып қалу орны толмас зардаптарға әкелетінін тұтынушылық, құлдық сана ырқындағы нигилистік көңіл-күй билеген қоғам мойындар емес. Қоғамның ішін әлеуметтік-саяси, құқықтық нигилизм меңдесе, қоғамның сырты алпауыт геосаяси амбициялар тоғысында тұр. Бұдан былай технологиялық табыстардың ойыншығына айналған адамдар, олардан құралған мемлекеттер ойын ережесіне өзгерту енгізе алмайды. Қазіргі қазақ қоғамындағы нигилизм осындай «өз қолымыздан енді өз ырқымыз кетер» тұста қалың әлеуметті жайлап барады.

Кейбір жағдайларда билікке оппозициядағы тұлғаларды нигилистер қатарына жатқызады, бірақ бұл өз мағынасындағы нигилизм емес, өйткені оппозиция барлық кезде дәстүр мен құндылықтарды жоққа шығара бермейді, керісінше оның жоқтаушысы, іздеушісі, жаңғыртушысы рөлін атқарады. Мысалы, қазіргі қазақ ұлтшылдарының негізгі ұстанымы – демократия және либералдық құндылықтар негізінде ұлттық мемлекеттілікті орнату, мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне ие болуы, халық байлығының дұрыс пайдаланылуы және т.б. талаптарынан байқалады.  Жалпы бұл дүниетанымдық концепция емес, ол саяси ұстаным, қоғамдық өмірдегі түрлі құбылыстарға жауап берудің тәсілі, әрине, ол кейде үзілді-кесілді талаптармен шектесіп жатады – үстем режимді түбірімен терістеу, жақсы жақтарын көрмеу, сынау, басқа балама ұсыну және т.б. Дегенмен, олар компромисске де қарсы емес, өйткені ұлт мүддесі үшін тиімді, пайдалы болса, бас тартудың жөні жоқ.  

Міне, осылай әр заманның өзіне тән нигилистері болған, бар, бола да береді, саяси нигилизм түрлі қоғамдық қозғалыстар мен ой-пікірлерден көрініс табуы да заңды. Дегенмен, Қазақстанда қазіргі уақытта шектен тыс оң немесе сол радикалды бағыттар жоқ деуге болады, саяси нигилизм көбінесе шығармашылық элитаның, интеллигенция өкілдерінің сөздері мен шығармаларындағы уәждерден бастау алып, көпшіліктің қолдауына ие болып жатады. Мысалы, ХХ ғасырдың басында көрнекті ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Ақ болсын, қызыл болсын, маған бәрібір. Мен қазақ мүддесін көздейтін үкіметті ғана жақтаймын» деген сөзінде қазақтың саяси нигилистік этикасының басты ережесі тұжырымдалған. Ол осы күні де өз бағытынан тайған жоқ, оны жалғастырушылар баршылық.

Материалдық құндылықтар бүгінгі кезде асқан жылдамдықпен ескіріп, күн сайын жаңарып, өзгеріп, түрленіп жатыр. Иә, әр заманда ескілік жоққа шығарылып, оның орнына бүтіндей жаңа келеді. Бұл – заңдылық. Бұл үрдіске ешкім қарсы тұра алмайды. Адамзаттың тұрмысы мен өмірін түбегейлі өзгерткен ғылым мен техника жаңалықтары да ескі мен жаңаның күресі. Ескі, кертартпа идеяларға қарсы шығып, жаңалықтың жаршысы болған озық ойлы тұлғалар да кезінде қабылданбаған, мойындалмаған. Бірақ адамзат баласын алғашқы қауымдық құрылыстан бүгінгі күнге жеткізген, алға жетелеген дәл сол елден ерек тұлғалар, жаңашылдар, бүгінгі тілмен айтқанда, инноваторлар, креативті адамдар. Алайда, ештеңені мойындамай, барша ережелер мен нормаларды қабылдамайтын нигилист пен ескіні жоққа шығара отырып, жаңаны ұсынушы жасампаз – екі бөлек дүние. Жасампазды қолдау керек. Ал нигилист дүниеде әу бастан жамандықтың басым болуын бетке ұстап, жалпыға қарсы шығам деп, өзін де жарға жығады. Өйткені, оның түп-тамыры жоқ, жасанды, өмірге құштарсыз. Орыс нигилизмінің көрнекті өкілдерінің мінез-құлқын суреттеп берген жазушы И.С.Тургеневтің Базаровы да ақыр соңында өмірін еш нәтижесіз аяқтағаны жазушының жай ғана көркем шешімі емес.

Жалпы нигилизмге қарсы тұру, оны жою қажет пе? Қажет – егер де бұл көзқарастар қоғам үшін, мемлекет үшін зиянды болса. Бірақ мұнда біртұтас майдан жариялаудың, науқаншылдықтың пайдасы шамалы. Бұл құбылыстың көп қырлы және күрделілігіне байланысты осы сипаттағы көңіл күйдің одан әрі тереңдеуіне қарсы шаралар жүргізу үшін оған негіз беретін үрдістерден тазару, арылу керек, дегенмен оны тұтас сылып алып тастайтын керемет рецепт, әрине, жоқ.  Қоғамды сынау, терістеу, «өмірде шындық жоқ, адамгершілік, әділеттілік жоқ» деген сарындағы көзқарастар әрдайым өмір сүреді. Мұнда ескеретін нәрсе, нигилистер қоғамдағы құндылықтарды жоққа шығара отырып, оған мұқтаж, – нигилист өзінің айналасындағы әлемнен, қоғамнан мүлдем ажырай алмайды, ол тек өзімен өзі еркін болғысы келеді. Яғни, оның негізінде дәстүрлі ережелер мен құндылықтардан бас тартып, өз еркімен, өз ережелерімен өмір сүруге ұмтылыс жатыр. Нигилист айналадағы адамдарға, өз отбасына қатысты кез-келген міндеттемеден бас тартуы да мүмкін, өйткені оның өз әлемі, өз ырқынан туған құндылықтары бар. Бұл үшін, мысалы, ғылымда «терістеуді терістеу» заңы, яғни нигилистік ұстанымдарға себеп туғызған «барлық құндылықтарды қайта бағалау» жобасын іске асыру, мұнда құндылықтарды ауыстыру міндетті емес, тек оларды бағалаудың тәсілін өзгерту, жаңа қағидалармен ұштастыру, үйлестіру әдістері тиімді сияқты. Құндылықтарды қайта бағалау өміріміздегі барлық нәрселерді ұғынуға және оларға құрметпен қарауға жәрдемдеседі. Әр адам өзіне берілген өмірді сүруі –парыз, ал болмыс – оның бірден бір негізі, арманың да, мұраттарың да, жеткен жетістігің де – болмыстан, ендеше оны жоққа шығару бекер. Осылайша, бұрыннан бар, уақыт сынынан өткен ережелер мен құндылықтарды қайта қарау, жаңғырту бар нәрсені жаратудың, пайдаланудың, жарамды етудің тәсілі. Қоғамның одан әрі қарай дәйектілікпен, сабақтастықпен, үздіксіз дамуына қызмет ететін де осы құндылықтар болмақ.    

Дина Имамбаева

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588