CӘКЕН - ЖАҢА ДӘУІР ӘДЕБИЕТІНІҢ КӨШІН БАСТАДЫ
15 қазан - С.Сейфуллиннің туған күні. Осыған орай С.Сейфуллин жасаған игі істерге тоқталып кеткенді жөн көрдік. Бала кезінен ерекшеленген Сәкен қазақ елінің қоғамдық өміріне ерте араласты. Ақын, жазушы, қоғам қайраткері, мемлекет қайраткері С.Сейфуллиннің оқу-ағарту саласындағы еңбектері бір төбе. Білім беру саласында салып кеткен сара жолы бар. Қазақ елінің болашағы – білімде деп, жаппай білім алуға шақырды.
Оқу-ағарту ісі С.Сейфуллин үшін өте күрделі мәселелердің бірі болып табылған. Ағартушылық саласына деген көзқарасы, 1917 жылдан кейінгі кезеңде даралана бастады. Іс-әрекеттері нақтыланды. Оған дәлел, 1921-1925 жылдарда жарық көрген мақалаларына шолу жасасақ, «Қазақ арасында сауатсыздықты жою», «Оқушы жастарға үлгі», «Барлық күш оқуға», «Зор міндет», «Екі мың Орынборда», «Әр қазақтың жадында оқу болсын», «Оқудағы жастар арасында» сынды тақырыпта мәселе көтерген. «Оқудағы жастар арасында» мақаласында: «Қазақстанның орталық комитетінің 3- мәжілісінің қараған мәселелерінің ішінде қазақ тілін кеңселерде жүргізу деген мәселенің, әм Қазақстанда әуе кемесін жүргізу деген мәселелердің шешілуі жастарға біртүрлі ұнап, барлығы бірауыздан Қазақстанда мекемелерде кеңсе істерін қазақшаға тез аударуды қуаттап, Қазақстанның барлық қазақ балалары оқитын школа әм мектептерінде қазақ балаларын кеңсе істеріне де таныстыратын болса екен деп, мұны Қазақстан оқу комиссариаты биылғы жылғы сабақ ретінде міндетті қылып кіргізсе екен деп қарар шығарды» (19.09.1923 жыл). (С.Сейфуллин.5 том,193-бет) Түйетініміз, оқудағы жастардың талап-тілектерін, жаңашылдыққа деген ұмтылыстарын танимыз. Тыңнан жол салу оңай емес, дей тұрғанмен, С.Сейфуллин сол жолды салуға күш жұмсап, тер төккен азамат!
«Зор міндет» еңбегінде «Өнер-білім жолында артта қалған біздің қазақ халқына оқу бек қажет. Оқусыз – қазақтың болашақтағы күні қараң. Оқудың қазаққа қандай керек екенін айтпаса да, жұрттың бәрі біледі. Бұл әбден айтылып келе жатқан сөз. Енді бір жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына кіру керек...» деп айтқан.
«Біздің мақсат» мақаласында «Міне бұл қарсаңда, яғни сол Қазақстан үкіметнің құрылған 1920-дан 1922 жылға шейін үкіметтің назарының һәм күшінің көбін бір жағынан сол жаңа құрылған жас үкіметтің мекемелерін жасауға һәм оларды жөндеуге нығайтуға жұмсалды. Қазақстанның үкіметі өзі жас үкімет, бұрын тәжірибе, тәртібі жоқ үкімет болғандықтан және өзі қазынасыз кедей үкімет болғандықтан, істі жөндеп, тура көңілдегідей алып жүрерлік еңбекшіл тапқа шын көңілімен қызмет қылатын адамдар аз болғандықтан, бұл ашаршылықпен күресу майданында айта қалғандай көңілдегідей қайрат көрсетті деуге болмайды.
Қолынан келгенін үкімет аянған жоқ, бірақ артық қайрат көрсете алмаған себебі – сол жоғарғы айтылған кемшілік болды. Міне, былай болған соң, ... өзі тағы қазақ тәрізді халықта ең керекті: 1. Оқу. 2. Халық шаруашылығын оңдау. 3. Халықтың денсаулығын қорғау һәм үкімет мекемелерінің түрлі істерін басқаратын адам даярлау тәрізді істердің бәрі де артта қалды».
«...біздің Қазақстан үкіметінің бір зор істеген ісі – оқу ісін алға бастырды. Патшалардың заманында мектеп, медресе көрмеген, школалардың маңайына келе алмаған қазақ еңбекшілерінің балалары қазір Қазақстанның әрбір қаласында – ақ мектептерде һәм школалардың маңайына келе алмаған қазақ еңбекшілерінің балалары қазір Қазақстанның әрбір қаласында – ақ мектептерде һәм школаларда толған және Қазақстаннан тыс шет қалалары да қазақ жастарынан құр емес. Біздің енді ілгергі істеріміздің бағдары қандай? – деп С.Сейфуллин сұрақ қойып, өзі былай жауп береді:
«Тез арада Қазақстан халқын жалпы отырықшы қылу, сөйтіп, өнер-білім істеріне жалпы қалың еңбекші халықты жұмыла кіргізу. Оқу істерін нығайтып, көркейте беру, сөйтіп тез қызметкерлер даярлау.
Қазіргі алдымызда тұрған зор іс-қағазы көп жерлерде мекемелерде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу» (С.С. 5 том. 194-196 бет). 04.10.1923 жыл.
«Күншығыс университетінде оқушы қазақ, қырғыз жастарының арасында» атты мақаласында «Қазақстанның жалпы халімен таныстырып өту үшін 1924 жылы 5- ақпанда жолдас Сейфуллин Сәкен Күншығыс ортақшыл университетінде оқушы қазақ, қырғыз жастарының арасына келіп баяндама істеді. Әр ұлт мәдениетсіз алға баспақ емес, өз тілі, әдебиет болмаса кері кетпек». 1925-37 жылдары С.Сейфуллин республикалық жоғары оқу орындарында жұмыс істей жүріп, жоғары дәрежедегі мұғалімдер мен журналистер дайындауға зор үлес қосқан. С.Сейфуллиннің құрастыруымен және редакциясымен шыққан оқулықтар мен ғылыми еңбектер:
- «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» 1- ші жинақ. С.Сейфуллин. Алматы. 1931 жыл.
- «Қазақ әдебиеті» 1-ші кітап. Билер дәуірінің әдебиеті. Қазақстан баспасы. Алматы,1932 ж.
- Көркем әдебиет. С.Сейфуллин, Ө.Тұрманжанов. Алматы, 1933 ж- С.Сейфдемалыссыз жұмысқа жегумен болды.
Қоғамдық-саяси басшылық қызметтерден гөрі шығармашылық жұмыспен айналысуға ұмтылған Сәкен Сейфуллиннің өтінішін қарап, БК(б)П Қазөлкеком бюросы 1925 жылы 7 сәуірде: “Идя навстречу необходимости предоставления широкой возможности заняться литературно-творческой работой, направить тов. Сакен Сейфуллина в распоряжение Наркомпроса, рекомендовав для работы в качестве председателя научной комиссии НКПроса” деп қаулы шығарып, Сәкенді әдеби шығармашылық жұмысын ғылыми-ұйымдастырушылық қызметпен қоса атқаруды міндеттеді. Ұлттық шығармашылық интеллигенция қазақ мектептеріне ауадай қажет болған оқулықтарға деген сұранысты өтеуге кірісті. Әуелде орыс тіліндегі оқулықтарды қазақ ұғымына лайықтап “Арифметиканы” – “Есеп-қисап”, “Геометрияны” – “Кескіндеме” деп аударумен айналысқан Елдос Омаров (1892-1938) кейін төл оқулықтар жазуға кірісті. Ғалым-лингвист ретінде ол ана тілінің тазалығы үшін аянбай күресті. Бұл іске Ахмет Байтұрсынов бастаушы болып Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Т.Шонанов, М.Жолдыбаев, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, А.Әлібаев, Ж.Күдерин белсене араласты. Кеңес дәуірінде ана тілімізде тұңғыш шыққан журнал “Қызыл Қазақстан” (Орынбор, 1922 ж. қазан) – “Қазақ баспасөзі майталмандарының ғажайып мектебі” (М.Қ. Қозыбаев) болды. Академик М.Қ.Қозыбаев “Қызыл Қазақстан” журналы кейін “Ауыл коммунисі” мен “Қазақстан коммунисіне” айналғанына дейін тарихи принципті жоғары ұстаған, аты “қызыл” болғанымен әсіре қызыл тапшылдыққа ілеспеген басылым болғандығын ерекше атап көрсетті. Бұл журналдың бастауында А.Асылбеков, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Еркеғали Алдоңғаров, Смағұл Сәдуақасов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Әбдірахман Байділдин, Нәзипа Құлжанова, Ғаббас Тоғжанов сынды шығармашылық интеллигенцияның көрнекті өкілдері тұрды. Қазақ зиялыларын ашық түрде қуғынға салу, идеологиялық сипаттағы жаппай айыптау саясаты Сәкен Сейфуллинді “Еңбекші қазақ” газеті мен “Қызыл Қазақстан” журналына “Менің қаталарым туралы” атты ашық хат жазуға мәжбүр етті.
Әдебиеттің өткендегісі мен келешегін ойлау, бүгінгісін жат ықпалдан қорғау – жауынгер жазушыға тән сипат. Жаңа әдебиеттің туып, өркендеу процесіне жетекші бола білген революционер ақын Сәкен өзінің құнарлы сын ой-пікірлерін ең қажетті, беленді кезеңдерге түйіндей, қорытындылай айтып, жауынгер жанрдың қалыптасып, өркен жаюына үлкен көмек көрсетті. Сонымен қатар, ол әдебиет тарихын зерттеу, оның таңдаулы үлгілерін жариялау ісімен де көп шұғылданды . « Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларын» (1931) , «Батырлар жырын» (1933 жылы) , Ыбырай Алтынсарин, Ақан Сері, Ақмолла тағы басқа шығармаларын жинап (1935 жылы), бастырып шығарды. Қазақ әдебиеттану ғылымында Сәкен жазған «Қазақ әдебиеті» атты зерттеу еңбектің мәні зор. Бұл кітап – жоғары оқу орнына арналған оқу құралы болуының үстіне дәуір таңбасын берік сақтаған, қазақ кеңес әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының өркендеу процесінің көптеген шындығын айқын көрсететін туынды. Сәкен осы еңбегінде қазақтың ауыз әдебиетін ғылыми жүйемен талдады, дұрыс қорытындылар жасады. Ауыз әдебиетінің жанрларын саралып, батырлар жырының туу, өркендеу барысын халық тарихымен сабақтастыра зерттеді. Бұл туынды – күні бүгінге дейін өзінің ғылыми да практикалық мәнін жоймаған, қазақ фольклористикасының негізіне қаланған шығарма және қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу процесіне Сәкеннің қосқан үлесінің зор екендігін танытатын зерттеу еңбек. Қазақ кеңес публицистикасын өркендетуге де Сәкен белсене қатысты. Қазақ кеңес әдебиетінің туын көтеріп, негізін салған, идеялық жағынан берік қалыптасуына еңбек сіңірген қайреткер, ақын, жазушы, сыншы, ғалым Сәкен «қазақ әдебиетіндегі жаңа дәуірдің көш бастары» (Сәбит Мұқанов) болды. Қазіргі уақытта оның кейбір шығармалары Кеңес Одағы халықтарының бірқатар тілдеріне аударылып басылды. Гүлназия Болатқызы Ибраева, С.Сейфуллин музейінің ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі Abai.kz
|