Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 5131 0 пікір 13 Қазан, 2016 сағат 19:43

ФРАНЦИЯ ПУТИНДІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СОТҚА БЕРМЕК

Франция В.Путин мен Б.Асадты Сириядағы әскери операцияларға (қылмысты оқиғаларға) қатысты Халықаралық сотқа бермек. Бұл туралы Францияның Сыртқы істер министрі  (СІМ) Жан-Марк Эйро мәлімдеді.

Франция президенті Француа Олландтың пікірінше, Ресей Президентінің Сирия аумағында жүргізген әскери операцияларын қайта тексеру керек.

ОЛЛАНД ПУТИНМЕН КЕЗДЕСУДЕН БАС ТАРТПАҚ

(Франсуа Олланд)

«Біз Ресейдің жүргізіп отырған саясатымен келіспейміз. Алеппо қаласын әуеден бомбалау – қылмыс. Франция Алеппо тұрғындарын сақтап қалуды ғана ойлайды. Бейбіт адамдардың Ресей бомбаларынан өлуіне жол бермейді. Президент Француа Олланд 19 қазанда Парижде Владимир Путинмен кездесуі тиіс болған. Қазір бұл ойынан бас тартып отыр», - дейді Францияның Сыртқы істер министрі (France Inter Radio-ға берген сұхбатында).

Ал 9-қазан күні Франция президенті Парижде Владимир Путинді қабылдағысы келмейтінін мәлімдеген болатын. Бұған қатысты Кремльдің өз уәжі бар екен.

«Франция Президенті кездесуден бас тарту жөнінде  ресми түрде ескерту жасаған жоқ. Сондықтан бұл провокация болуы мүмкін», - дейді РФ СІМ.

ЖОН КЕРРИ: РЕСЕЙ СИРИЯНЫ ӘЛІ КҮНГЕ БОМБАЛАП ЖАТЫР

Айта кетейік, Ресейдің Сирия аумағында жүргізген әскери операцияларына қатысты Еуроодақ елдері В.Путин мен Башар Асадты Халықаралық сотқа беруді қолдап отыр.

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Жон Керри: «Сирия аумағында әскери операция жүргізген Ресейдің әрекетін әскери қылмыс ретінде қарастыру керек. Владимир Путин мен Башар Асад құрған жүйе әлем халқы, Сирияның бейбіт халқы алдында жауап беруі тиіс. Әскери операциялар тоқтатылғанымен РФ әскерилері әлі күнге қаланы бомбалауды доғарған жоқ. Қаншама бейкүнә жандер: әйелдер мен балалар қаза болды?! Бұл - әскери қылмыс!», - деді.

ПУТИН: СИРИЯ ЖӨНІНДЕ РЕСЕЙГЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫП - «САЯСИ РИТОРИКА» 

РФ президенті Владимир Путин Ресей Сирияның Алеппо қаласында үкіметтің әскеріне қолдау білдіріп, әскери қылмыс жасап жатыр деген айыпты «саяси риторика» деп атады.

Сәрсенбі күні, 12 қазанда ол бұл мәлімдемелер «шын мәнінде Сирияда не болып жатқанын есепке алмайды» деді ол. Путин TF1 француз телеканалының журналисіне:«Сириядағы жағдайға ең бірінші Батыстағы әріптестеріміз, оның ішінде бірінші Құрама Штаттар жауапты екеніне сенімдімін» деді.

Ресей лидері сонымен бірге Мәскеу Сирияда Алеппода бейбіт азаматтар ретінде тығылып жүрген «террористермен» күрес жүргізіп жатқанын айтты.

БРИТАНИЯ: БҰҰ-НЫҢ ГУМАНИТАРЛЫҚ КЕРУЕНІН РЕСЕЙ БОМБАЛАДЫ

Британияның Сыртқы істер министрі Борис Жонсон да Алепподағы операцияларға жауапты Путин мен Асад екенін айтып отыр.

«Ресей өзінің бұл басқыншылығын «терроризммен күресу» деп отыр. Бұл ақталу ғана. РФ ресми мәлімдемелеріне қарасаңыз, «Әл-Каиданың» Сириядағы филиалы деген «Әл-Нусра» немесе «Фатих әл-Шам» деген ұйымдармен күресіп жатқан көрінеді. Мүмкін олар террористер шығар. Бірақ, онда 275 мың бейбіт тұрғын бар. Солардың қаншаcы қаза болды?! Бұл сылтау Ресей әскері мен Асад режімін ақтамайды. Сондықтан Сирия президенті Башар Асад пен Ресей президенті Владимир Путинге қарсы санкцияларды күшейтуіміз керек. 19 қыркүйек күні Алеппо маңында БҰҰ гуманитарлық көмек керуені бомбаланды. Спутниктік суреттерге қарасаңыз, керуен әуеден бомбаланды және қас қарағай шақта. Ресей Үкіметінің өзі айтып отырғандай, Сирияда қараңғы уақытта соққы жасайтын әскери техника жоқ. Сондай-ақ, РФ Қарулы күштерінің өзі мәлімдегендей, олардың арнайы аппараттары сол маңда болған. Демек, барлық дәлелдер Ресейге қарсы болып тұр. Сондықтан, мен Халықаралық сотқа беруді қолдаймын», - деді Британия СІМ министрі (The Cuardian басылымына берген сұхбатында).

Еуроодақ елдері мен АҚШ Ресейге қарсы экономикалық әм саяси санкцияларды күшейтуды қолдауда. Тіпті, Британия мен Франция басшылары басқыншылық жасады деген айыппен Ресейді БҰҰ-ның Гаага сотына салатынын да ашық мәлімдеді.

2014 жылдан бергі ЕО мен АҚШ-тың Ресейге салған экономикалық санкцияларының салқыны Қазақстанға да тигені белгілі. Геосаяси жағдайда Ресейдің стратегиялық серіктесі – Қазақстан. Ал, осы жолы да Ресейге салынатын санкцияның соққысы оңай болмайтыны түсінікті. Осы тұста қос бірдей одаққа (Кедендік одақ пен ЕАЭО) мүшелік етіп отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік саясаты қаншалық рөл ойнайды?  Путин Гаага сотына түсе қалған жағдайда Назарбаев араша бола ма? Осы мәселеге қатысты саясаткер Әміржан Қосанов «Abai.kz» порталына пікір білдірген болатын.

Әміржан Қосанов: «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық!»

Ресей секілді шамадан тыс геосаяси амбициясы бар көптеген параметрі жағынан он есе үлкен мемлекетпен бір одақта болудың кез келген ел үшін халықаралық саясаттағы салдары болатыны туралы біз о баста айтқанбыз. Біз тек қана бір ЕАЭО құрамында емеспіз, біздің екеуара қол қойылған келісіміміз бар. Онда тайға таңба басқандай етіп «келісілген сыртқы саясат жүргізу» туралы жазылған. Бұл туралы көп айтыла бермейді, бірақ Батыс елдерінің Ресейге жариялаған санкциялары ЕАЭО аясында экономикасы Ресеймен бірте-бірте жақындай түскен Қазақстанға да, біздің отандық бизнес құрылымдарына әсер етуі әбден мүмкін екенін тәуелсіз сарапшылар осы күннің өзінде айтып жатыр. Мәселен, ол біріккен кәсіпорындарға тікелей әсер етуі ықтимал. Ал Сириядағы аса шиеленіскен жағдай біріккен халықаралық қауымдастықтың антиресейлік коалициясының одан сайын күшеюінің катализаторы боп отыр. Бірақ Олландтың «Ресей мен ресми Сирияны Халықаралық қылмыстық сотқа беру» туралы ұсынысының болашағы жоқ сияқты, өйткені бұл екі мемлекет ол соттың мүшесі емес. Десек те имидждік тұрғыдан алғанда, мұндай қатқыл бастама екі елге де жақсылық әпермесі анық. Оның үстіне халықаралық заңнаманы орындамаған елдерге қолданылатын жазалардың басқа да түрлері бар емес пе? Париж прокуратурасы Алеппоның шығыс бөлігін бомбалауды тергеп, зерттеуді қолға алатынын осы күннің өзінде айтып жатыр. Бұл дегеніңіз – халықаралық қауымдастықтың Ресей мен Сирияға қатысты бастамаларының басқа да формаға ұласатынының бір дәлелі. Өйткені бұдан сәл уақыт бұрын АҚШ та осы іспеттес бастама көтерген болатын. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон одан да қатты кетті: «Егер де Ресей өз бетінен қайтпаса, бұл ел өркениетті қауымдастықтан «аластатылған» елге айналады» дегенді ол ашық айтты. Ресейдің сыртқы саясатының салдары тек қана Еуропа қауымдастығымен қатынасқа салқынын тигізіп жатқан жоқ. Қараңыз, Нью-Йорктегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі секілді әлемдік деңгейдегі ең беделді әрі өкілетті органның өзі Ресей ветосы кесірінен бір жақты шешімге қол жеткізе алмай жатыр. Екі түйе сүйкенсе, шыбын өледі. Сондықтан да қазір әлемде қалыптасып қалған екі полюс – Батыс елдері мен Ресей (және оның қасында көп жағдайда амалсыздан жүруге мәжбүр елдер) арасындағы ғаламдық теке-тіресте Қазақстан өзінің осы күнге дейін жеткен көптеген халықаралық жеңістері мен табыстарынан бір күнде айырылып қалуы әбден мүмкін! Бұл тығырықтан әп-сәтте шығу қиын, ол үшін біраз уақыт керек. Оның үстіне сыртқы саясаттың да жеке басшыларға тәуелділігі тағы бар. Сөз жоқ, Ресейдің Қазақстанға қатысты геосаяси ықпалын ескермеу тарихи қателік болар еді. Ортақ 7,5 мың шекарамыз бар. Экономикалық мүдделер тағы бар дегендей. Этностық тұрғыдан алғанда да екі елге ғана тән ерекшеліктер бар, мәселен, Ресейде біздің миллионға тарта қандасымыз тұрады. Сондықтан негізгі формула мынаған саю керек: Ресеймен ұрысып-керісудің керегі жоқ, көршілік, әріптестік қарым-қатынасты дамыта беру қажет. Бірақ ЕАЭО-ға қатысты алған міндеттемелерде қайта қарау қажет: ортақ өгізден оңаша бұзау артық! Екі ел арасындағы «келісілген сыртқы саясат» секілді формуладан біртіндеп бас тарту керек. Дамыған Батыс елдерімен байланысты күшейте түсуге тиіспіз.

Нұргелді Әбдіғаниұлының сараптамасы

Abai.kz

0 пікір