Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қылқалам 6050 0 пікір 12 Қазан, 2016 сағат 13:12

СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ. МОЦАРТ ПЕН САЛЬЕРИ

(Осы заманғы  нұсқа) 

 

                                                «Өлімге жан екенсің қия алмайтын, 

                                                  Өлеңнің құшағына сия алмайтын;

                                                «Қазағың - қане?» – десе,

                                                «Мінеки!» – деп,

                                                 Көрсетсе жер жүзіне - ұялмайтын!»

                                                   

                                                                      ( Сырбай Мәуленов)

     

                                             Автордан

 

Моцарт пен Сальери.

Пушкин мен Дантес.

Лермонтов пен Мартынов.

Махамбет пен Баймағанбет.

Есенин мен Троцкий. 

Мандельштам мен Сталин.

Шәһкерім мен Қарасартов.

Пастернак пен Хрущев.   

Бродский мен Брежнев.

Пабло Неруда мен Пиночет.

Дана мен Дарынсыз...

 

Бұл - мәңгілік тақырып. Ол туралы бір кезде Пушкин де қалам тартқан-ды. Адамзат барда дана да, дарынсыз да болады. Сондықтан өз заманының Моцарттары мен Сальерилеріне әр ұрпақтың өкілдері өзінше қарап, өзінше баға беретіні де заңды құбылыс. От ауызды, орақ тілді Бауыржан Момышұлы: «Мен соғыста - қорқақтарды, әдебиетте – дарынсыздарды жек көремін!», - деген еді.

37-ші жылдардың Сальерилері не істемеді? Олардың құрбандары көп қой: Ахмет Байтұрсын, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауыт, Міржақып Дулат, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин...

 

Қасіретті хикая

(1937-38 ж ж.хроникасы )

«Ғабит, Сәбит партиядан шығып қалды. Ғабит Мүсірепов партиядан шыққан күні өзімен өкшелес бір жазушы Құсни келінімізге: «Үйлеріңнің кілтін ешкімге бермеңдер! Басқа біреу кіріп қоймасын! Бұл үйге мен кіретін болдым», - деп телефон соғыпты. Ғабиттің үйіне кірмекші болған әлгі жазушы аяқ астынан өзі қамалып қалыпты. Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Ғаббас ұсталып кеткеннен кейін артта қалған ұсақ-түйектерге атақ беріп, есіртіп жатты. Олар жиналыс кезінде әлденеге келіспей қалғанда: «Әй, сендер шығыңдаршы! Біз өзіміз, орденді жазушылар, оңаша қалып, шешіп алайық» - дейтінді  шығарыпты.

Біреулері Жамбыл ақсақалға үкімет арнайы бөлген машинаға мініп, «Ұзынағашқа кеттік» деп, былай шыққан соң арақ ішіп, ойына келгенін істейді екен. «Бассыз үйдің баласы – бейбастақ», -дегендей, аға жазушылар кетіп, бас көтерер біразы партиядан шығып қалған соң, ұсақ-түйектері сол көкбазарға жиналып алып, кешке дейін арақ-шарап, сыра ішіп, шыбындап жүретін көрінеді. Іздейтіндері – пәле...» (Гүлбаһрам)

 

Төрт тараптан төбелеске шақырып,

Төбемізден қарап тұр бір Мақұлық!

 

О, Гүл-Апа!

Уа, Мұңлық, Жан-ана!

Тарих деген — тап тартысы ғана ма?

Моцарт пенен Сальеридің шайқасы

Жүріп жатыр қалада да,

Далада.

 

Лауреаттар, лауазымдар кім еді —

Қара тас боп қатып қалған жүрегі?!

О, не деген жиркенішті сүреңі:

Көктей солып жатқан кезде гүл-елі,

Көкбазарда шарап ішіп жүреді!

 

О, сұмдық-ай, қалшылдайды бой да әлі,

Гомеріңді олар кім деп ойлады?!

Өлтіріп кеп балаларын Жамбылдың,

Жаназасын қаралы үйде тойлады!

 

О, Гүл-Апа!

Дертің, қайтсем, емделер?

О, Аналар!

Қасиетті жеңгелер!

Отанының қанын ішіп алған соң,

Шарап ішіп жатыр мына пенделер!

 

Ал, ішіңдер, жоқ Алыптар Тобы алда,

Мәз-мейрам боп былшылыңды соқ онда:

Көңілдерің көк базар ғой, - дананы –

Дарынсызға талататын қоғамда!

 

Сұмырайда кім бар саған тең келер,

Қарап тұрсын қаралы анау жеңгелер:

Ілиясы, «Құлагері» болмаса,

Мәстегіне мәз болады пенделер!

 

Ал, ішіңдер,

          Естен танып, мас болып,

Енді қалған мынау елге бас болып!

Сондағы ішкен арақтарың, міне, енді

Көзімізден ағып жатыр жас болып!

 

...О, Гүл-Апа!

Қойшы, айтпашы сол жайды,

Олар сендей қай тереңге бойлайды?

Ошағы мен қу басы үшін - оңбаған

Отанының жаназасын тойлайды!

 

Араны – ашық,

Қан ішсе де тоймайды!

Қу құлқыны бәрін құртпай қоймайды!

 

Күллі әлемнің жендеттері осындай –

Көк базардың даңғойынша ойлайды!

 

Жоқ, Гүл-Апа!

Айта түсші, Жан-Ана!

Тарих деген - тап тартысы ғана ма:

Тасырларға Бериялар жан тартып,

Қасымдар да қалып қойған далада!

Айта берші...

Айта берші, Жан-Ана!

Тарих деген – тап тартысы ғана ма?

 

Жас кезінде өлең жазған налалы –

          Сталиннің ізінен қан тамады.

Таққа мініп, киді-дағы жырдан тәж,

Ақындарды

Абақтыға

Қамады!

 

Өсекке ерсем өткендегі, кешегі,

Маңдайдағы сорым менің бес елі:

Пайғамбардың өзі, тіпті, ақынға

Оң көзімен қарамаған деседі...

 

Шәйір шіркін кеудедегі кептермен,

Көзін жұмып, көкті кезсем деп келген.

Құранды да жазып еді өлеңмен,

Құдай бізді неге осы жек көрген?!

 

Өзегіне өріп өксік келетін, -

 Өркеуде боп барам осы неге тым?

«Ақындарды еркелету керек» - деп,

Маркс айтты десем, кім бар сенетін?!

 

Сенбей ме ешкім?!

           Оған дағы көнем мен,

Көне-көне көнбіс болған төл ем мен.

Әулиенің әулиесі - Яссауи,

Ол да жазған хикметін –

          Өлеңмен!

Өстіп жүріп осы өлеңмен өлем мен!

 

«Алты арыс» деп,

«Қайран бес бәйтерек» – деп,

Егілеміз енді елден ерек кеп;

 ...Маңғаз Маркс кімге сеніп айтты екен -

 «Ақындарды еркелету керек деп?!

 

 

Маркстер жоқ...

Енді кіммен кеңесем?!

Мұқағали – Мұзбалағың ересен, –

Көрінбейді!

Ол да Сәкен еді ғой,

Жер бетінде қабірі бар демесең?!

                  

Гүлбаһрам мен Аян     

                     

 ( Ескерткіштің жобасы)

 

 «Пойыз Көкшетауға келді. Балам қолымда мәңгілікке көз  жұмды... Буынымнан әлі тайса да, Аянымның өлі денесін құшақтап, қалаға тарттым...» 

(Гүлбаһрам)

 

Жүрегін осы ойранды жылдар пышақтап,

Көшеде жүрген аруақтарға ұсап қап,–

Барады әлі бұл әйел талай қалаға,

Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап!

 

Құлар ма екен бір аттап, екі... үш аттап,

Молада жүрген аруақтарға ұсап қап;

Жалақорлардың үйіне кіріп барады ол,

Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап!

 

Молада жүрген аруақтарға ұсап қап,

Жүреді ол өстіп бір аттап... екі... үш аттап...

Кіреді ол өстіп Кагановичтің түсіне,

Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап...

 

Жанары – тұман, көрсоқыр жанға ұсап қап,

Қарады елге бір аттап... екі... үш аттап...

Барады ол өстіп Сталин туған Гориге,

Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап!

 

Өңі емес оның, көз алды – күңгірт түс аппақ,

Құлар ма екен бір аттап... екі... үш... аттап?

...Елу жыл жүрді осы әйел кезіп көшені,

Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап...

 

Заманы құрып ұсақ пендемен – ұсақтап,

Қарады тұрып бір аттап бізге... үш аттап...

Барады кіріп «Тарих» дейтұғын күмбезге,

Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап...

 

Репрессия құрбандарына ескерткіш орнату туралы әңгіме көтерілгенде менің көз алдыма осы көрініс елестеді. Дәл осындай ескерткішті Сталиннен бастап, сол кездегі Политбюродағылардың бәрінің туған жеріне қойып шықса, сауап болар еді. Топырақтан енді қайтып мұндай қанпезерлер тумауы үшін!

 

Күндердің күні мүсіншілер Аян мен Гүлбаһрамға да  ескерткіш қоюды қолға алар... Өйткені, өз шежіресіндегі әрбір тағлымды тарихи оқиғаны төл көркемөнерінде бейнелеу көргенді елдің қасиетті парызы. Алматыда әлі күнге дейін Сәкеннің ескерткіші жоқ! Сәкенге ескерткіш қашан орнатылады? Күтуден өткен азап жоқ екен.

 

Бірақ, мәселе сонда ғана ма?

Әрбір адам үңірейген көшелер мен аңырайған алаңдарға қарап көзін сатпай, өз халқының боздақтарына, ең әуелі, өз жүрегінде өзі ескерткіш тұрғыза алмаса, адам баласының жады мен болмысында, тарихы мен болашағында қандай мән, мағына қалмақ?!

 

Марина Цветаева «Менің Пушкинім» деген.

Абайдың Пушкині одан бөлек еді...

Иә, әркімнің өз Пушкині, өз Сәкені болуға тиіс.

 

                        Менің Сәкенім

 

Тірі жан жоқ мойындайтын кінәні,

Көздерінде күмәнді ойлар тұнады...

 

Өңіңде сен сарбаздарға ілестің.

Көрдің талай теперішін тірестің.

Зілзаламен, қайран ақын, сол кезде,

Түсіңде де келіп кетті күрескің!

 

Тұла бойың –

Тұнып тұрған келісім,

Көргің келмей жетесіздің жеңісін –

Түсіңде де ар-ұят деп, Алаш деп,

Азап шегу – арман еді Сен үшін!

 

Қандай ғана кінәң бар еді, жолдас, ә?

Құдайың да құл-құтанды қолдаса;

Ел-жұртың да еңселі боп тұрған соң,

Тәкаппарлау жүретінің болмаса?

 

Пірің еді –Ленин мен дана Абай.

Дала ұлы едің.

Көңілің де — даладай;

Тап жауына болғаныңмен тәкаппар,

Қайран ақын, баладай ең,

Баладай!

 

Сәби едің,

Көзіңе жас тола ма,

Жатқан жерің бесік емес —

Мола ма?!

Қара нарды қайда салсаң – сонда сал,

Балаларды азаптауға бола ма?!

 

Тұла бойың –

Саф сұлулық, еркелік.

Зұлымдықтан жүрегіңде дерт еніп;

Сұмды көрсең - күкірт тиген ши құсап,

Лап ете қап...

Кетуші едің өртеніп!

 

Советстан сыйып кеткен жырыңа,

Қыран едің, - қанат қаққан шыңыңа.

Сұңқар құсап қарайтының қияға,

Қарғалардың тиді ме екен жынына?

 

Көркіңе егер көзі түссе жан адам –

Иісі еркекті көргендей боп жаңадан –

Адамзаттың Сұлуы Сен екенсің -

Анда-санда туатұғын анадан!

 

Әйелдерге сендей сері жолықсын,

Жолықсын да ләзатқа молықсын:

Әлемдегі еркек біткен – бір төбе,

Сәкен аға,

Сен –

Бір төбе болыпсың!

 

Көкшетаудан бөтен жерді жерсінбей,

Қойғандайсың басқа өлкеге сен сіңбей.

Сені көрсе бұзылыпты бір күнде

Әйелдер де күйеулерін -

Менсінбей!

 

Ақ патшаны тақытынан ұшырып,

Құлдық күйреп,

Күңдік күйреп,

Іші - ұлып, -

Аң-таң болды босағада қалған бас,

Өз үйінде төрдің барын түсініп.

 

Өрге қарай көш түзеді өр елің,

Өңез заттан теріс қарап өренің.

Көрді сонда бас көтерген Төлеңгіт,

Өздеріндей пенде екенін Төренің!

 

– Алла!

 Қара, танисың ба бізді?! – деп,

Сол заманда той-тамаша қызды кеп,

Берді ме екен Бекежандай жау тауып,

Қайда барсаң –

Сонда барған Қыз Жібек?

 

Тап жауына қабағыңды суытып,

Қағып өттің кісі көрмей мұны түк.

Үлестірдің аққуларға жыр-шашу,

Қарқылдаған қарға барын ұмытып!

 

Күл-көмешке тиіп едің бүліктей,

Өр талғамың өңезбенен кірікпей.

Айнакөлде жатып алды мамырлап,

Сен келгенде —

Аққулар да - үрікпей!

 

Сен жаһанның жасыны едің жат үшін,

Бір болса да Шығысың мен Батысың.

Ғаламның бар қарғалары жиналып,

Аңдып жүріп тапты ма екен қапысын?!

 

Сауалым бар Сталинге – Атаңа,

Ел құлағы – елу:

Өсек жата ма;

Қарға біткен қарқылдады екен деп,

Айнакөлдің аққуларын ата ма?!

 

              Тар жол, тайғақ  кешу

 

Тірі жан жоқ мойындайтын кінәні,

Көздерінде күмәнді ойлар тұнады...

 

Сәкен аға!

Сардар аға!

Қыраным!

Жоқтау болып сені іздейді жыр-әнім;

Сейілте алмай қара түннің тұманын,

Боздап тұрып келеді бір жылағым!

 

Жоқ қой жерде сенен қалған мола да!

О, сұмдық-ай, моласыз жан бола ма?!

Егілейін!

Еңірейін, ал, одан

Үңірейген сенің орның тола ма?

 

Бар бауырың көзден моншақ төгеді:

«Бауырым...» - даған жоқтау болып өлеңі.

Көз жасынан жер көгерсе, ендігі

Жерұйықта жүретін кез боп еді...

 

Жала болып жабысарын күнәнің,

Қайдан білем?

 Көздің жасын бұладым;

«Халық жауы!» - деген сөзден, тарс бітіп,

Әлі, міне, шуылдап тұр құлағым!

 

Ғазиз жан!

Қабірің қайда қазылған?!

Өз ұлдарын өзі өлтіріп,  енді кеп –

Өмір бақи жоқтау салу, - еңіреп, –

Адамзаттың маңдайына жазылған!

 

Жоқ қой сенде мола түгіл табыт та.

Рухың – ұшып,

Тәнің ғана қалып па;

Түсінбеймін - халықтың өз баласы

Қалай ғана жау болады халыққа?!

 

Рухың – тірі!

Аспанымда ұшып жүр!

Қас қағымда... көрген дертті түсің - бұл.

Түсіңде не сұмдық көрдің, айтшы, Аға,

Түсіндірші! 

Түсіндірші!  

Түсіндір!

 

Асау Рух –

Арқау асқақ дастанға,

Солқыл болар соңғы толқын - жас жанға.

Айналады адам тәні мәйітке,

Рухы ұшып кеткен кезде —

Аспанға!

 

Таңсық емес жұлдыздардың сөнуі,

Адамдардың ажал сұмға көнуі:

Рухы едің қасиетті халқымның,

Рухтардың мүмкін емес өлуі!

 

Бесік жыры – ол,

Тәрк ететін моланы,

Халықтардың,

Алыптардың сол – әні!

«Аруақ!» деп айқайласа  ата жұрт,

Арқамызға Атой болып қонады!

 

Пенде құсап... суып бозғылт түс-өңі –

Өлген жоқсың.

Затың – Сұңқар құс еді.

Бар болғаны шаршап, ұйықтап ,түс көрдің,

Бірақ, неткен қорқынышты түс еді!

 

Сұңқар-Рухың аспанымда ұшып жүр.

Қас қағымда көрген дертті түсің - бұл.

Түсіңде не сұмдық көрдің ,- жориын,

Түсіндірші!

Түсіндірші!

Түсіндір!

 

Тіл қатпайсың көніп тағдыр тезіне.

Тірі пенде түспеді ме көзіңе?

Мекер елден қайтып әбден меселің,

Менің де енді сенбейсің бе сөзіме?!

 

Неге үнсізсің?!

Тіл қатсаңшы балаңа,

Бауырыңа,

Сарыарқаңа,

Далаңа!

Тәнің өліп кеткенімен,

Санада –

Рухың мәңгі тірі еді ғой,

Жан-аға?!!

 

Міне, менің жан сырым – жыр-өлеңім,

Бар болғаны – Көз Жас едім.

Көл едім...

Қара Дақ жоқ ойымда һәм сөзімде,

Мен жоқ едім ессіздіктің кезінде,

Елуінші жылы туған төл едім.

 

Серік етіп сенің Муза – құсыңды,

Көзімді ашып, көрдім сұлу мүсінді.

Ошағыма,

Отаныма мәңгі ие –

Ұрпақ екем,

Ұрпақ деген – Әулие,

Айтайын ба сонда көрген түсіңді?

 

                              Түс

 

...Тар жол, тайғақ кешулердің ішінде,

Шаршап,

Ұйқтап кетіп едің - қалжыраған пішінде.

1937.

Қорқынышты түс көрдің.

Түсіңде –

Жүр екенсің өршіген өрт-жалында,

Анненковтың азап вагондарында!

 

Ұйқтап жатып өзіңе-өзің таң қалдың.

Сен шамдандың,

Неменеге шамдандың?

Соңыңнан сол шырақ ұстап, қалмай қойған жандардың,

Әбжыланнан аумайтынын аңғардың!

 

Қайран жаның қашан табар миятты,

Кеудеңнен бір күңіренген күй ақты.

1918-дің қасіретін – түсіңде

Қайта көрген сияқты!

 

Тағы келіп тап болдың ба жасынға?

Неше түрлі күдікті ой бар басыңда.

Көзіңді ашсаң,

Көкірегі қайғы-шер

Бейімбет пен Ілияс жүр қасыңда!

 

Көрген сынды адам емес – бүйіні,

Олардың да түсіп кеткен иіні.

Аң-таң қалдың—

Анненковтың үстінде –

Милиция киімі!

 

Тұрып қалдың сонда түкті түсінбей,

Жаны кетіп, тәні қалған мүсіндей.

Түсім дейін десең – өңің сықылды,

Өңім дейін десең —

Тура түсіңдей!

 

Сонда Атаман сөйлеп кетті құтырып:

– 18-де кетіп едің құтылып...

37 ойран болып, сорыңа –

Өзің келіп түстің менің қолыма!

 

Қазына не – ұры-қары үлескен?

Бүкіл тарих өтті теке-тіреспен.

Қол-аяқтан шегенделген Иса да

Қарақұрым халық үшін күрескен...

 

«Бостандық» – деп – түрме болды жеткенің.

Мәңгі бақи тұтқынымсың тек менің!

Адамзатқа азаттықты сағынған,

Сен...

 Немене...

 Иса болам деп пе едің?!.

 

Ал, не шықты пайғамбардың жолынан?

Ол – ессіздік, ол – шер-азап, ол – ылаң!

Енді сенің мен жетермін түбіңе,

Иса да өлген Понти Пилат қолынан!

 

Сүйікті ұлын соққылатқан содырға,

Халық деген кім, ал, сонда?

Тобыр ма!?

– Жап аузыңды!

 Тіл тигізбе халқыма!
Жете алмайсың сен халқымның парқына!

 

– Ессіздердің бәрі де осы - ел десе,
Түс аспаннан!

Сөйлесеңші пендеше!
Надан неме, сүйесің сол тобырды,
Саған неге жала жапты ендеше?!

 

Осыны айтып сақ-сақ күлді Атаман,

Түсіңде де ұйқтатпайды жат адам.

 

Неше түрлі ойлар түйдің ішіңе,

Көз  жеткендей зұлымдықтың күшіне,

Енді, міне... өңіңдегі Әзәзіл

Мазақтайды кіріп алып түсіңе!

 

              Қырандар мен қарғалар

 

...Тірі жан жоқ мойындайтын кінәні,

Көздерінде күмәнді ойлар тұнады...

 

Талақ қылып тарпаң сұмның жырқылын,

Еске алайық сол кезеңнің зіркілін:

Бір жағы – май, бір жағы — у - ұртының –

Пенделердің біледі әлем құлқынын;

Жылан  олар – адамзатты арбаған,

Түбіне де жеткен солар ұлтының!

 

Ізгілікті ішіп-жеген көздері,

Абай айтқан: «шошқа туар сөздері».

Нәсіл де жоқ,

Ұлт,

Халық та жоқ онда,

Өздері бар,

Тек – өздері!

Өздері!

 

Қараң қалсын, қайтеді олар өзгені?

Есіл-дерті – өз қарыны, өз демі.

Құлқыны үшін құлындарын сойып-жеп,

Өңі кіріп жүре бермек - өздері!

 

Жүргенменен Мәңгүрт құсап мәңгіріп,

Жамандықта тіріледі жан кіріп.

Құдайға да сенбейді олар ғұмыры,

Маркске де сенбейді олар мәңгілік!

 

Абайдың да «осалдығын» аңғарып,

Ілиястың шабытына шамданып –

Жаһан жылап жатса дағы – мәз-мейрам,

Жүреді олар тасбақаша жан бағып!

 

Адамзатқа арандарын тұр ашып,

Бәйек болып, жанкүйер боп,жыласып;

30-ыншы жылдардағы белсенді – ол.

Сол -

40-ыншы жылдардағы Власов!

 

Тарих – Ата ол жайлы,

Неше түрлі хикаяны толғайды.

Тоғышардың көзін ашып көргені –

Ошақ қана, -

Отан деген болмайды!

 

Бір жағы – май, бір жағы - у ұрты, әні,

Тақсыретін тартады оның жұрты әлі.

Кезі келсе Мұхтарды да мұқатып,

«Сәтін» тауып Сәкенді де - құртады!..

 

Мінбелерге шығып алып, амалдап,

Сол шешендер қызыл тілі жалаңдап, –

Бет-ауызы шімірікпей жүр әлі ,

Олжасты да жамандап!

 

Күлкілі ғой, күлкілі ғой, күлкілі!

Күлеміз деп жылаймыз-ау бір түбі!

Кім көріпті мұндай сайқал түлкіні:

Есімдерін өзі құртқан ерді айтып,

Естелік те жаза алады бір күні!

 

Кешір, аға,

Кеше гөрші, Ардағым!

Отаны жоқ опасызда бар ма мұң:

Жеңдерімен көзін сүртіп соғып тұр –

«Жеке адамға табынудың зардабын!»

 

Көрген емес тығырыққа тіреліп,

Іштерінен бір тіріліп, бір өліп.

Қабақтарын түйіп алған қарс жауып,

Қасымды да қабылдамай жіберіп!

 

Қашан, бірақ соған іші налыды?

Жасынға кеп жанын қашан жаныды.

«Маскүнем»-ді Мұқағали кеше оған –

Ақын екен...

Енді ғана таныды!

 

Ізгілікті ішіп-жеген көздері,

Абай айтқан: «шошқа туар сөздері».

Нәсіл де жоқ,

Ұлт,

Халық та жоқ онда –

Өздері бар,

Тек – өздері!

Өздері!..

 

Жазушылар Одағында жүр олар,

Айтматов «Боранында» жүр олар.

Тоқсан жолдың торабында жүр олар!

Өздері – аман.

Өзгелер жоқ –

Куәлар!

Қалада да,

Далада да жүр олар;

О, сұмдық-ай,

«Қайта құру»  қақында,

Қалай-қалай қақсайды, ей, мыналар?!

 

Әзәзілдің әлегі енді жетті, Аға!

Кеудем толы кек-нала ғой, кек-нала!

Кеудесінде жүрек те жоқ олардың,-

Шырматылған ішек-қарын бар тек қана!

 

Кел,

Музаңа қанат байлап, самғашы!

Көзіңменен көрмей тұрып, нанбашы:

Дүниенің бетіндегі Қара Дақ –

Сол сұмдардың салып кеткен Таңбасы!

 

Жер түкпірін кезіп соның елесі

Төгілетін қан іздейді келесі;

Боққа толы ішек-қарыннан тұрады –

Ежов пенен Берияның денесі!

 

Зу-зу етіп төбемізден оқ ұшып,

Қайран жерің - қан-майданның қонысы!

Сен жырлаған – Революция,

Жан - аға,

Жүрек пенен Ішек-Қарынның соғысы!!!

 

Жылан болып қастық жасар ұяға,

Қыран болып қарамайтын қияға –

Дүниенің күллі күйкі-көмеші

Айналады Анти-Поэзияға!

 

Өз күнәсін олар қайтып жуады?

Шежіреміз дау мен дамай, шу әлі.

Ауыздарын сүйреңдетіп арам ой,

Анти-елден -

Анти-Сәкен туады!

 

Адастырып алдайтұғын не бізді?

Аңқау көңіл талай таяқ жегізді.

Абдырап қап ішек-қарынға айттық-ау,

Жүрекке арнап айтатұғын лебізді?!

 

Саған мәңгі рақым нұры жауады,

Рухыңменен тазалатып ауаны.

Неге ұлына жала жапты– деген сол –

Түсіңдегі Анненковтың сауалы –

Ізгілікті ішіп-жеген көздер, –

Әзәзілдің шошқа туар сөздері;

Нала жатқан жүрегімді шаншиды.

Жала жапқан –

Сол сұмдардың өздері!

 

Сен көнбейсің жазмышына тағдырдың,

Ата-жауды ақыры естен тандырдың:

Ішек-қарыннан құлан таза құтылып,

Жер бетіне Рухыңды қалдырдың!

 

Бірақ, әлі ішім дертті,

Жан- аға,

Қалай сені құрбан қылдық жалаға?

 

Неткен шерлі қасіретті Отаның!

Орақ-Балға, жүзіменен Соқаның –

Жерге сеуіп ізгіліктің тұқымын,

Құртсам дедің Тоғышарлық Топанын!

 

Одан басқа кінәң бар ма, жазығың,

Қақсам дедің  Қазақстан қазығын!

Көнді ме оған Наданың мен Пасығың,

Абдырап-ақ кеткенің бе, Асылым?

Ордалы бір Одақ қылғың кеп еді--    

Робинзонның Лашығын!

 

Өле-өлгенше Ақиқатқа ділгірсің,

Ұстата ма, бірақ, бізге білгір сұм?

Христосты сатып кеткен Иуда,

Сені- дағы көрсетті ме?

Кім білсін...

 

Сатса - сатар!

Қайтем қуып елесті,

Ер ісіңді екшеп жатыр ел - есті.

Халық сүйген «Сәкен» дейтін өр тұлғаң,

Қазақ дейтін халықтан кем емес-ті!

 

Ескі тарих елесі әлі миымда,

Ессіздікті болмай ма еш тыюға?

Оңымыздан,

Солымыздан бір шығып,

Соңымыздан қалмай қойды-ау, -Иуда?!

 

Тар жол, тайғақ кешулерді не түрлі,

 Кешіп өтіп, керім ұрпақ жетілді.

Адамзаттың азасы - бір, - шаттығы,

Әзәзіл де –

Біреу ғана секілді!

 

Асқақ өмір атпай қоймас таңдай-ды,

Нәсіліңді—

Нәсіліңе жалғайды.

Қыран даусың қайта көктен естілді,

Біз Сен үшін соттамаймыз ешкімді!

Бірақ, ешкім ақтала да алмайды!!!

 

Иса құсап, суып бозғылт түс-өңі

Өлген жоқсың.

Затың – Сұңқар құс еді.

Бар болғаны шаршап, ұйқтап – түс көрдің.

Бірақ, неткен қорқынышты түс еді!

 

...Тірі жан жоқ мойындайтын күнәні,

Көздерінде күдікті ойлар тұнады...

 

Арайланып атты, міне, нұр таңың.

Тұғырыңа қоншы, Қызыл Сұңқарым!

Оян, Аға, оян, қане, ұйқыңнан,

Енді мүндай түс көрмесін ұрпағың!

 

Неге үнсізсің?!

Тіл қатсаңшы балаңа,

Бауырыңа,

Сарыарқаңа

Далаңа!

Тәнің өліп кеткенімен,

Санада –

Рухың мәңгі тірі еді ғой, Жан - аға?!

 

 

Сталинннің балалары

 

Репресиия жылдары Алжирде (Акмолинский Лагерь Жен Изменников Родины) балалар бақшасы да болғаны анықталып отыр. Шешелері белгілі, әкелері  белгісіз тірі жетімдердің басын қосқан осы балалалар бақшасының маңдайында: «Бақытты балалық шағымыз үшін Сталинге рақмет!» - деген  ұран ілулі тұрған! 

 

Қайда екен сол қызыл мата көнерген,

Қайда екен сол ұраншылар өлермен?

...Сталин жоқ!

 Бірақ, күнде көшеден,

Сталиннің балаларын көрем мен!

 

Жүреді олар өз-өзінен күйініп,

Халқын көрсе қамшысын иіріп!

Тастады да сары кителді сыпырып,

Европаша шыға келді киініп...

 

Есіл-дерті – кресло,

Тақ қана.

Жан-жағына көз тастайды сақтана;

Галстугы, ақ көйлегі болғанмен,

Жүректері баяғыдай —

Қап-қара!

 

Бір кездері Бейімбетті қамаған,

Бергольцты іштен теуіп —

Сабаған!

Иесінің айтағымен жүретін,

Ит іздейді ел ішінен —

Қабаған!

 

Сәкендерге: «Түбіңе мен жетем!» - деп -

Жетті ақыры!

Айта алмайсың бекер деп;

Олжастарға тісін қайрап жүр енді,

37 қашан келер екен деп!

 

 

Оған адам – адам емес – тірі өлік,

Бірі неге қалмайды оның, бірі – өліп!

Ақындарын абақтыда ұстайды,

Албастысын бетіменен жіберіп!

 

Керегі оған – керең  ұрпақ,

Жетесіз!

Құл боп көрші –

Майдай жаға кетесіз!

Ананы да абақтыға қамап ап,

Баланы да туғызады—

Некесіз!

 

Қайда екен сол қызыл мата көнерген,

Қайда екен сол ұраншылдар өлермен?!

Сталин жоқ,

Бірақ, күнде көшеден,

Сталиннің балаларын көрем мен...

 

 

           Жылым құрт

 

Бұл құрт — құдай атқан құрт!

Кеудемізде жатқан құрт:

Сұлтанмахмұт арыстың,

Өкпесіне шапқан құрт!

 

Кеудені—

Кеуледі!

Атып шыққан кезде, жыртып жейдені—

Бір Албасты көрдім адам-бейнелі...

 

Күңнің елін іздеп,

Қараң құл елін,

Дүниенің кезіп қара түнегін,--

Сәкендердің миын жеді үңгілеп,

Мажандардың—

Жүрегін!

 

Ғұмырында тойынбаған,

Аш әлі!

Нәжістей—лас!

Һас хайуан!

Мас--әрі.

Елге осындай жұт келгенде құтырып,

Құт келгенде—

Қашады...

 

...Шағар кезін санап бір,

«Қайсы, қане, санатты ұл—деп—қанатты ұл?!»

Екі көзі атыздай боп қазаққа,

Әне, әлі қарап тұр!

 

                             

                     Дауыс

 

Замана көшті  жаңа ғасыр ауысып,

Ғалам –Дауыс,

Далам-Дауыс,

Тау іші.

Шыңғырады жапандағы құдықтан,

Жанталасқан Шәкәрімнің Дауысы!

 

Қара тобыр жек көретін Һас Тұлға,

Сені көрдім – қанды асудан астым да;

Қабірі жоқ Мағжанның –

Дауысы бар--

Қасіретті жеті қат жер астында!

 

Алашымды – «Адай» сынды күйлері,

Неге айдаһар астына сап, иледі?

Елтай екеш – Елтай да елін есіркеп,

Колбин екеш – Колбин бізді биледі!

 

Алашымнан емген уыз

Уылжып терлеп-тепшіп кеп,

Көз алдымда қалай ақты көк сүт боп?

Көк аспанға жетпей қалған дауысым

Өзегімде ұйып қалды өксік боп...

 

Ол- дағы бір сансыратқан сапар-ды,

Алаш дауысы –

Алла сынды қаһарлы!

Өзегімде қалып қойған сол дауыс

Жалт қаратсын енді күллі жаһанды;

 

Көк байрақ-ты –

Сүйінбайлар салған жыр,

Азияңды –

Адамзатқа жалғап жүр.

Шығысымда –

Ысылдаған Айдаһар,

Батысымда – Самұрықтар самғап жүр;

Самұрықтар сайран салған жалған – бұл!

 

 

Алаш-Анам,

Ару Анам,

Арысым!

Қасіреттен қанжылап тұр әлі ішім.

Шалынса екен құлағына Құдайдың,

«Абылай!»-лап жауға шапқан дауысым,

Дауда шапқан дауысым,

Айға шапқан дауысым!

 

 

               Сарай ақындары

 

Ақындарым-ай...

Тоқтады қанша,

Соқпады қанша ел жүрегі?

Мемлекеттік Штыкты қорғап біреуі,--

Біреуі өлді елемей елдің нала... зарын,

Басымен ұрып Мемлекеттің  Барабанын...

 

Біреулер өлді...

Не деген сорлы сүреңі?!

Мемлекеттік Етікті жалап біреуі --

Өліп барады!

Осы ма үлгі, өнеге?

Тағы да біреу  иттей боп өстіп... өле ме?!                     

 

              Бөрілі—ұлттық байрағым

 

Бөрілі–

Ұлттық Байрағым.

Сүйінбайша сайрадым.

Ұлыған сайын байрағым,

Менің де қозар қайдағым…

 

Маза жоқ күндіз,

Түнде – ұйқы.

Ашылып күнде араны, -

Көк итті қуып, күллі итті

Көк Бөрі ұлып барады!

 

Көзінде жасы тұныпты,

Күпті боп шерлі күй-көңіл.

Ит-өмір оны ұлытты,

Бізді де құртты ит-өмір.

 

Жүрегі оның өр, түкті!

Қызарып қызыл көзі ісіп;

Жемейді итше жемтікті,

Өзінің қанын –

Өзі ішіп!

 

Көгіне кегін төккелі,

Талақ қып иттік-құлқынды, -

Ұлыған сайын Көк Бөрі

Уытты не бір ұл туды.

 

Көк Бөрі – жасын от-демі,

Ашқанда аузын сапырды от.

…Келеді қайтып Көк Бөрі –

Батыр боп!

Кейде – Ақын боп!

 

 Бөрілі -

Ұлттық Байрағым.

Сүйінбайша сайрадым.

Ұлыған сайын байрағым,

Менің де қозар қайдағым...

 

                         Айналайын

 

Батпаса егер жаныма жендеттердің тізесі

Жер-көктегі пәктікті түсінер ме ем, ар-ұят?!

Өмір деген жұмбақты түсінбес ек біз осы –

Өлім деген болмаса,

Айналайын, Табиғат!

 

Алмастырсам қашанда алмастырам батыл мен

Жауынгер мен диқанның мылтығы мен күрегін.

Салғастырсам қашанда салғастырам Ақын мен--

Арамзаның жүрегін!

 

Өмірде де, өлеңде күйіндіріп, үркітіп,

Қайшылықтың қырғыны тоқтар емес-- қан ағып.

Дарынсыздың бәрін де кетер ме едік пір тұтып

Егер Данте болмаса,

Айналайын, Даналық!

 

Ата-бабам тарихтың құдығынан сор ішті.

Атар таңға сенген-ді шуағына жылынып.

Кетер ме едік шошынып Пушкасынан орыстың,

Егер Пушкин болмаса,

Айналайын, Сұлулық!

 

Концлагерьлерде біз азап шегіп, қиналып,

Азаттықтың қадірін қапаста қап -түсіндік.

Гитлердің өзіне кетер ме едік иланып –

Егер Гете болмаса,

Айналайын, Шындық!

 

 

                             Поэзия

 

           Өксиді өмір өкіріп тағы,

           Аранын ажал ашқанда.

          «Өлдік-ау!» - дейміз,-

           Өтірік бәрі!

           Кетеміз ұшып - аспанға!

 

 

           Соңымызда қалады біздің

           Өмірге  қамшы-- өрендер.

           Соңымызда қалады біздің

           Өлімге қарсы өлеңдер!

 

                                 Карлаг

 

          Қаракесек, Қуандық, Қаржастың

          Табын-табын жылқысы жайлаған жер еді.

          Оңбағандар ордасы қылды Карлагтың,

Абақты көрмеген Арғынға  обал да болар демеді!..

 

Кәуірдің сасық арағы

Қымыздан тәтті бал сынды.

 Құлындарым – жасаураған жанары,--

Құрауласам, естімейді даусымды!

 

Аяздан шемен-- өңмені,

Алайда-дүлей қар борар;

Көзін ашып елдің көргені –

Жансыз бен түрме,

Жандарал!

 

Осы деп елде Ай маңдайлы ұл,

Күш болса кімнің қолында, –

Жандарал көрмеген жандай бір

 Қазекең – соның соңында.

 

Уәзірге лайық осы деп,

Топырақты ойлап, обалды, –

 Бір шалдың ұлын қосып ек,

 Құлқынның құлы боп алды!

 

Кім туар енді белімнен?

Адам жоқ аузы дуалы.

Алтын айдарлы ұлдар тумаса еліңнен, 

...Құлдар туады!

 

                     Резервация 

 

Көзі көріп, естімейтін құлағы,

Кілең тұғыр,

Жоқ сәйгүлік, пырағы,

Көздерінде күдігі мен сұрағы –

Мына жерде нендей ұлыс тұрады?

 

Көзін арбап күн көрістің зары әлі,

Айдаһардай ашылады араны.

Қатындары еркекке ұқсап қалайша,

Еркектері қатын құсап барады?!

 

Тілінен - бал, зәрін шашып - тісінен,

Кездессе бір кесірлілеу кісімен, -

Қорғалайды қордан туған баладай,

Жорғалайды аяғының ұшымен...

 

«Патшаға -құл, құлға – патша» -

Ұраны,

Түгі шыққан түсі суық, сұр -әрі.

Қалмақтардың хонтайшысы секілді

Атқа мінсе адыраңдап тұрады!

 

Күнде бел мен өрдің шығып тозаңы,

Құлагерден Құламәстек озады

Әкім көрсе құрақ үшып жүгіріп,

Ақын көрсе албастысы қозады!

 

Кілең — тұғыр,

Жоқ сәйгүлік, пырағы.

Абайы жоқ.

Алласы жоқ,

Құраны.

Көзі көріп, естімейтін құлағы,

Мына жерде нендей ұлыс тұрады?!

 

              ХХ-шы ғасырмен хоштасу

 

Жүрегімнің, немене, аһ ұрғаны,

Нендей дауыл кеудемнен лапылдады?

XX-шы ғасыр да кеткелі тұр –

Қырық жастан аспайтын ақындары...

Жүрегімнің, немене, аһ ұрғаны?

 

Қош, ғасырым!

Музамен тебіреніп,

Мұқағали боп сүйдің - еміреніп.

Тереңіңе күмп етіп түсті-дағы,

Жұмекен де тұншықты –

Сені көріп!

Бір жасадың -- Музамен тебіреніп.

 

Кеңшіліктің кім алды шыбын жанын,

Қайтсем санап тауысам  қырылғанын?!

...Темір ғасыр балқытқан Темірхандар,

Жанаттарым, --төгілген   бұрымдарың,

Сендер аман болыңдар, құлындарым!

 

Сендер аман болыңдар,

Дұшпаның - кіл,--

Сальеридей аяр ғой,

Құшқаны – тұл;

...Ақындарды жалмаған жалмауыздай,

Мынау ғасыр тұғырдан ұшқалы тұр...

 

            Алматы. Коммунистер проспектісі-105

 

                                             - 1-

 

Бесіктен біз де беліміз шықпай батыр ек,

Келемін мұнда керемет азап кешіп мен;

Әлжеке, мені, ғафу ет, бізді ғафу ет!

Біздер де кірдік Сіздер кіретін есіктен.

 

Патшалар осы – түспейтін алтын тақтан да,

Ұлыстарының ұлан да ғайыр көлемі.

Тұрғындар  шулап, өсекке таңып жатқанда,

Туған ел оны жүректеріне бөледі!

 

Қаралы көштей қара бұлт торлап аспанын,

Қасқайып түрды қатал тәңірге қарап паң:

Сталин –

Сәкен, Бейімбет, Ілиястарын

Әдебиеттегі әдеби иттерге талатқан...

 

Күңіреніп талай көз жасын ол да көрді үзіп,

Қасарып бірде,

Жасарып,

Елмен тел өсті.

Ешкім де оны: «Айт!» - десе – қойша өргізіп,

«Шайт!» - десе – қойша жусата алған емес-ті...

 

Келемін мен де бір ойлар жанды мазалап,

Еркелеп шықтым сол үйден-- еңсем түсіп кеп.

Халықтан ғана туады екен Азамат,

Тұрғыннан кілең пенделер ғана күшіктеп...

 

Бесіктен біз де беліміз шықпай ақын ек,

Келемін мұнда керемет азап кешіп мен:

Әлжеке, мені ғафу ет, бізді ғафу ет!

Біздер де кірдік Сіздер кіретін есіктен...

 

Кеткен жоқ әлі,

Кепкен жоқ әлі сор табы.

Елімнің даусы шыңғырып, шықпай жүр менде.

Әлі де қорқам...

Ел-жұртың әлі қорқады--

Әдебиеттегі әдеби иттер үргенде...

 

«Қой!» - деші соған!

Ғарышқа тұрған ұшқалы,

Олжасты көрсек бой да өсіп қалар, ой да өсіп;

Жүр мұнда, міне, Қазақтың Қызғыш Құстары--

Алаштың Асқақ Рухыменен сөйлесіп!

 

                                  -  2-

 

Мына жерде ұлы Мұхаң отырған,

Ана жерде ұлы Ғабең отырған...

 

Мына жерде Олжас отыр қасқайып,

Мен де кірдім айбарынан жасқанып.

Өлген әкем тірілгендей, еміреніп,

Әлжекеңді сүйе бердім бас салып.

 

Қасымымның келсем қасқа жолымен,

Ғафу ағам бата берді, сонымен, --

Мына жерде Жұбан ағам отырған,

Колбиндерді көзге шұқып қолымен.

 

Саф алтындай көкірегі сан ағам,

(Бізді қойшы) , исі қазақ таң оған--

Қадыр ағам отырғанда осында,

Қазақ жыры қайта туған анадан!

 

Шерхан ағам мәңгүрттікпен белдескен,

Соның бәрі неге бүгін келді еске?

...Атой салған Алашымның рухы,

Ол да, әнекей, кетіп барды келмеске...

 

Жасыны ойнап кейде Алматы сенделсе –

Шерленгені...

Жөні бар ғой - шерленсе.

Хош болып тұр, Ренессанс Заманы,

Қазағыма қайта айналып келгенше!

 

                       

                Мағжанға хат

 

 

Зілзалалы ғасыр өтті сонымен.

Оп-оңай-ақ жөнер деп ем соны мен?

Сен аңсаған азаттықты Алашқа,

Алла өзі бере салды қолымен.

 

Құл-құтаннан кіл бекзатым құралып,

Алла жазса ел болармыз бір алып?

Сен түрмеден Түркі Рухын шығарсаң,

 Біз де мәзбіз –

 Ішек-қарынды шығарып...

 

 Ел де-- тыныш:

 Азаттық деп қақсамай,

 Бас – зілмауыр,

 Шаш – бурыл,

 Ақ – самай.

 Итаяқтан сары су ішкен мына жұрт, –

 Хрустальдан шарап ішкен патшадай!

 

Кер заманым кетті алып зықымды.

Бұ заманның дерегі жоқ сықылды,

Бұдан басқа берері жоқ сықылды.

Пушкин – кетті...

Келместей боп кетті ме ол?!

Абайдың да керегі жоқ сықылды...

 

Ғаламдағы ел ме екенбіз ең ұлы,

 Есері де де басқа жұртпен тең, ірі?

 Көрім болды құтылғаным Колбиннен,

 Елде қалған Елтайға жер кеңіді!

.

Муза – мұңды .

Зіл басады денемді.

Мағжан, марқұм, кешіре гөр сен енді:

 Алла қайта қазақ қылып жаратса,

 Дүниеге келмес едім мен енді!

 

Алай-түлей, аласапран  алқымға ап,

Көңіл күпті,--

Көшкен жұрттан халқың ғап.

Азаттықты Алла берді Алашқа.

(Оған ,бірақ, керек екен алтын тақ?!)

 

Рух қайда?!

Тас жүрек пен мес -дене, –

Көретінің бозала таң, кеште де.

Тұран керек.

Құран керек қазаққа.

Абай керек !

Одан басқа –

Ештеңе!!!

 

Жүрегіңде – Көк Бөрі.

Ұлиды кеп Тәңіріне көктегі.

Қайран, жұртың қазағыңа, өйткені,

Мен түгілі, сенің сөзің өтпеді.

 

Көкке қарап әлі ұлып тұр Көк Бөрі.

 

                 

                                Ақын мен тобыр

                     

                       ( Пушкиннің әуенімен. ХХІ ғ.)

 

           Антипоэзия дейтін бір жексұрын бар мына жарық дүниеде. Адамзаттың алғашқы ақыны Гомермен ілесе туған. Атамзаманнан тайраңдап  келеді. Тарихққа қарап отырсаңыз, осы оңбағанның ең тежеусіз, бетімен кетіп,сайран салған кезеңі совет өкіметінің  тұсы екен. Тексіз құл , бетсіз күңмен қоса құтырған пәле! Ленин шала сауатты, дарынсыз Демьян Бедныйды мемлекеттің бас ақыны деп жариялайды. Өзі тұрған Кремльден пәтер береді.Бұл кезде Александр  Блок та, Осип Мандельштам, Анна Ахматова да тірі. Блок аштан өледі.Мандельштам айдалып кетеді. Ахматова өлі- өлгенше үйсіз-күйсіз өтеді.

 

        Ал ,одан кейінгі « ақын өлтіру ойынын» Жұматай Жақыпбаев былайша суреттейді: « Ер білексіз байғұсты, Зеңбірексіз байғұсты, Қу арақ тойда, мұнда да, Қуалап ойға, қарға да, Ойнайды заман сойылы – Ақын өлтіру ойыны! Заңын да салып соңына, Жарын да салып соңына, Қоймайды жанын, үндеме, Ойнайды күндіз, түнде де. Қамшы бас, заман сойылы--Ақын өлтіру ойыны! Көріне даусын жеткізбей, Еліне даусын жеткізбей, Аузы мен мұрнын тығындап, Сыртынан сұмдар сыбырлап; Ойнайды келіп той ұлы,-- Ақын өлтіру ойыны! Жас бала демей қарбытып, Баспана бермей қаңғытып, Тойласын соңғы жеңісін, Солардың жері кеңісін; Өлтірмей құдай жөнімен, Ойнап жүр енді менімен... »

 

         Моцарт пен Сальеридің айқасы –бұл!

         Осындағы бір ғылым докторы  өлең техникасын да меңгермеген  бір дәлдүрішті қазақтың «жаңа Мұқағалиы» деп жар салып жүр  ... Тағы бір ғылым докторы  қазақтың жақсысы мен жайсаңы отырған бір  шаршы топта «бүгінгі қазақ поэзиясы Абайдан да асып кетті, озып кетті!»- деп соқты..

 

Мен-Ұлыған Көк Бөрісі Даланың.

Ұлымауға амалым жоқ, амалым:

Күпті —.

Сайран салған, қайран,көңілім!

Бітті...

Ойран -- заманым!

 

Ақындардың соры -- қалың, бағы -- аз да,

Қара тағдырым –

Қасіретті қағазда.

Іш тартпасын көрдім саппас тобырдың,

Саппастығын сезіп қойған сабазға.

 

Көрдік біздер не бір қара беттерді.

Кеудемізді керемет бір кек керді.

Замандастың бәрі иілді заманға.

Біз тік тұрдық.

(Бізді ол, сонсоң, жек көрді!)

 

Содан кейін сотталғанбыз сан рет.

Соттала сап,

Ақталғанбыз сан рет.

Ақтала сап,

Тағы да бір Сұмменен,

Сұмырайға тап болғанбыз сан рет.

 

Енді ақындар жекпе-жекке қатысып,

Мерт болмайды атысып!

Сотталмайды соры қайнап бостан-бос,

Ақталмайды қара бет боп,

Шатысып...

 

Көзге ешкімді ілмей,

Қырт —

Жердің бетін жаулап алған пілдей құрт, --

Ақындарды ұстайды енді өзіндей--

Өлімтікпен -- бірдей ғып!!!

 

Мен--

Ұлыған Көк Бөрісі Даланың.

Ұлымауға амалым жоқ, амалым.

Құлдар сүйді --

Құл иелену заманын!

Сұмдар сүйді --

Сұм иелену заманын!

 

Қайтем енді құлға кеткен есемді,

Қайтем енді сұмға кеткен есемді?!

Бітті менің заманым!

Хош, енді...

 

Қызыларай-Қарқаралы-Қарағанды-Ақмола--Дубовка-Долинка-Қарабас-Сұлу Мәдина-Шерубай-Нұра-Ақой-Батық-Бидайық- Жаңаарқа- Қарағанды.

1987—2014 ж ж.

 

 

Серік ҚИРАБАЕВ

 

СҮЮ МЕН ЖЕК КӨРУШІЛІК СЕЗІМІ 

 

Абайдың бір жұмбағы бар еді:

Алла мықты жаратқан сегіз батыр,

Баяғыдан соғысып келе жатыр.

Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып,

Кім жығары белгісіз түбінде ақыр.

 

Жұмбақтың шешімін де ақынның өзі берген.

 

Мұны тапсам ойланып, ақын деңіз.

Таба алмасам, ақылды болар неміз?

Қыс пенен жаз, күн мен түн, тақ пенен жұп,

Жақсылық пен жамандық – болды сегіз.

 

Абай табиғат құбылыстарының алмасуы («кезек-кезек жығысып») негізінде өмірдің бір қалыпта тұрмайтынын (диалектикалық дамуының сырын) айта отырып, оны адамның іс-әрекеті арқылы көрінетін қайшылықтарға (жақсылық пен жамандықтың таласына) апарып тірейді. Бұл – өмірдің заңды даму жолы жайлы пайымдау екенін түсінесің.

Адам қолымен жасалатын жақсылық пен жамандық (адалдық пен қараулық, махаббат пен зұлымдық, данышпандық пен оны көреалмаушылық, қызғаныштан туатын қара ниетті ой – бәрі осы ұғымдарға кіреді) – әдебиеттің мәңгілік тақырыбы. Әлем әдебиеті тарихында данышпандар мен жағымды кейіпкерлердің қаншама бейнелері жасалса, соған қарсы тұрған залымдар тобы тағы бар. Оларды ұлы Пушкин Моцарт пен Сальери арқылы нақтылы әдеби бейнеге айналдырды.

Моцарттар мен Сальерилер – бір туып қана өтетін өткінші бейнелер емес. Адамзат бастан кешкен өмірдің әр кезеңінің өзіндік Моцарты мен Сальерилері болған. Жауыздық үнемі бірден ашыла бермейді, оның жарқ етер бір тұсы, ашық қимылдайтын кезеңдері болады. Сондай жағдайды Сальерилер тез байқап, асығыс, ойындағысын іске асырады. Өткен ғасырдағы төңкерістер мен «1937 жыл», «1951 жыл» сияқты науқанды жылдар зұлымдықты сахнаға осылай шығарды, олар батыл қимылдарымен өзінің қара пейілін танытып қалуға тырысты. Сол кездердің бәрінде де жаңа Сальерилер туды. Олар данышпандар мен ұлы таланттарды құрбандыққа шалып жіберді. Және Сальерилер сырттан келген жау емес, ұлылардың қасында жүрген, оның сыры мен құнын жақсы білетін доста­ры арасынан шықты. Моцартты Пушкин данышпандығына қоса қарапайым, аңғал, талант етіп суреттеп, қасындағы Сальериді та­лантты, бірақ қызғаншақ, іші тар, қарапейіл етіп бейнелеуінің де өзіндік мағынасы бар. Кезеңі келген кезде Сальеридің өзі сыйлай­тын, бірақ қызғанышпен, көреалмаушылықпен қарайтын Моцартын өлімге қия салатыны да сондықтан. «Данышпандық пен талант бір жерге сыймайды» – Пушкиннің жасайтын қорытындысы – осы.

Біздің дәуіріміздің Моцарттары әдебиетте көрінгенмен, Сальерилері әлі халыққа таныс емес. Социалистік реализм жаңа заманның жарқын жақтарын суреттеуді мақсат етіп ұстанды да, халқымыз бастан кешкен ауыртпашылық пен қайғылы тұстарды жазуға мүмкіндік бермеді. Тек тәуелсіздік алғаннан бері ғана қазақ ауылын кеңес жолына түсіру тұсындағы аштық пен зорлық, халықты тоздырып жіберген қайғылы оқиғалар, «халық жауы» мен «ұлтшылдықты» әшкерелеу науқандары туралы шет пұшпақтап жазыла бастады. Моцарттарымызға жоқтау, Сальерилерді айыптау жырлары әлі туған жоқ.

Осы саладағы жаңа ізденістердің бірін мен Серік Ақсұңқарұлының «Моцарт пен Сальери (осы заманғы нұсқа)» атты шығармасынан («Егемен Қазақстан». 16 шілде. 2014) көргендеймін. Талантты ақын ой батылдығына қоса, бейнелі суреттермен заман мен адам өмірі туралы танымын паш еткен. Бұрыннан өзіме таныс тақырыптың сырына, қайғылы оқиғалар легі мен әрқилы тағдырлар бастан кешкен өмір шындығына қайта бір көз жіберіп, ойланып қалдым. Жақсы жыр оқығанда, қашан да осылай. Тоқтайсың. Ойланасың. Оған парасатты поэзия биігінен қарайсың. Серік ақынның болмыс- бітімі бөлек өлең үлгісіне сүйенген, ойы да батыл, ашық, бояуы да айшықты жырына сүйсіндім. Оның жақсылық пен жамандықты тең ұстап, жарқын сурет пен қара бояуды өз шындығына сай талдап, аша білгеніне қуандым.

Шығарма тақырыбы – баршаға мәлім Сәкен Сейфуллиннің тағдыры мен Сальерилердің қолымен оған жасалған қастандық та­рихы. «1937 жыл» аталған қара дауыл қазақтың азаттық жолындағы күресінің символы болған жауынгер ақынды – бәйтеректі құлатып, оның артын да тазартуға дейін арсыздықпен барғаны белгілі. Ақындық алымдылығы бұрыннан да оқырманын баурап жүрген Серік ақын бұл жолы сол заманның қайшылықты шындығы жай­лы үлкен толғанысқа барыпты. Ең алдымен, маған оның заманның жарқын суретін күн көзін жапқандай бүркемелеп, қараңғылық құшағына кіргізген Сальерилердің жаңа бейнесін ашуға ұмтылысы ұнады.

«Автордан» атты шығарманың кіріспесінде ақын тақырыбымен таныстырып, Сәкен және онымен бірге заман құрбандығына шалынған адамдарды еске алады. Олардың түбіне жеткен Салье­рилер жайлы сөздің әлі де жабық жатқанына назар аударады. Ол «Қасіретті хикая» атты толғаныспен жалғасады. Өз заманының басты қаһарманы бола жүріп, жауыздықты іске асырған, қаншама ұлыларды құрбандыққа шалған Сальерилердің ол жаңа бейнесін таниды. Өлеңді Сәкеннің жары Гүлбаһраммен (Гүл-апа) сырласуға құра отырып, сол заманның бірталай шындығын еске түсіреді. Жаңа заманның Сальерилерін ол Моцарттармен бірге жүрген, ұлылармен бірге бірталай лауазым иеленген адамдар арасынан іздейді. Солардың Моцартты өлтіріп, оның артын қалай тойлағанын суреттейді.

Өлеңді оқу үстінде менің есіме кезінде кедей-батырақтардың ішінен өлең жазып шығып, Сәкеннің қолдауына ие болған (Сәкен кедейдің ішінен ақын шықты деп қуанған, оның шығармашылығының он жылдығын тойлатқан, өзі мақала жазған), кейін Сәкен ұсталғанда, оның бала-шағасын шығарып тастап, баса-көктеп үйіне кірген, кішкентай Аянның өзі қатарлас баланы көріп, ойнағысы келіп таянғанда, оны итеріп жіберіп, «халық жауының баласымен ойнама» деп, баласын алып кеткен бір адам түсті. Ол елуінші жылда­ры да белсенділік көрсеткен. «Халық жаулары» ақталып жатқанда, Алматыдан үн-түн жоқ көшіп, еліне кетіп, сонда өлген еді. Елге қарар беті болмаған соң солай еткен болар.

 

Лауреаттар, лауазымдар кім еді?

Қаратас боп қатып қалған жүрегі.

О, не деген жиіркенішті сүреңі.

Көктей солып жатқан кезде гүл елі,

Көкбазарда шарап ішіп жүреді.

 

...Өлтіріп кеп балаларын Жамбылдың,

Жаназасын қаралы үйде тойлады.

 

...Отанының қанын ішіп алған соң.

Шарап ішіп жатыр мына пенделер.

 

Мұнда нақты бейнеленген адам жоқ, бірақ олардың ісі, оның нәтижесі тудырған заман шындығы бар. Ақын жалпы шындықтан жалқы, яғни нақты бейне сомдайды. Ол – істеліп жатқан зұлымдықтың иесі. Негізгі тұрағы – көк базар. Ойларын іске асырғаннан кейін сонда барып тойлайды. Ұсқындары да ұнамсыз. Өмірдің толқыны айдап жағаға шығып қалған салындыдай жиіркенішті. Солардың қолымен жүзеге асқан істің нәтижесі де көңіл қобалжытады. Жаңа көктеп келе жатқан гүл-елі қайта солып жатқанын көресің. Ақынның «отанының қанын ішкен» дейтін де себебі – осы.

Жалпы, көпке таныс зұлымдықтың бір көрінісі ретінде алынған жаңа заманның Сальериін Серік күллі әлемнің жендеттерімен салыстыра қарайды.

 

Араны – ашық,

Қан ішсе де тоймайды!

Қу құлқыны бәрін құртпай қоймайды.

Күллі әлемнің жендеттері осындай –

Көкбазардың даңғойынша ойлайды.

 

Осы негізде ақын Қазақстанда Кеңес өкіметі жүргізген тап тартысы тарихына жаңа түсінікпен қарайды. Бұл – тап тартысы ғана емес, белгілі дәрежеде халыққа қарсы жасалған геноцид.

 

Жоқ, Гүл-Ана!

Айта түсші, Жан-Ана!

Тарих деген тап тартысы ғана ма?

Ғасырларға Бериялар жан тартып,

Қасымдары қалып қойған далада!

 

...Жас кезінде өлең жазған налалы,

Сталиннің ізінен қан тамады.

Таққа мініп, киді-дағы жырдан тәж,

Ақындарды

Абақтыға

қамады!

 

Осы саясат «кеудесінен ұшқан кептер көк кезген» ақындардың басты-бастыларын іріктеп, қолдан өлтіруге жеткізді. «Ақын еркелетуді сүйеді» деген Маркс сөзі іске аспай қалды. «Алты арыс», «Бес бәйтеректер» өмірден озды. «Құранды өлеңмен жазған» ақындық та, «Әулиенің әулиесі» Иассауидің «Хикметі» де далада жыртылып, желге ұшырылды.

Осылардың бәрі ақын толғауында суретке түсіп, адам тағдырын ойыншық еткен дәуірдің «қайраткерлерін» көз алдыңа әкеледі. «Құлагері» құлап, мәстегіне мәз болған пенделер» мен «да­наларын дарынсызға талататын қоғам» жайлы ойлантады. «Төрт тараптан төбелеске шақырып, төбеден қарап тұрған мақұлық» елесі жан түршіктірердей.

Зұлымдықтың тағы бір суреті «Гүлбаһрам мен Аян» деген өлеңде айқын көрінеді. Сәкен ұсталғаннан кейін «Алжирге» (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) жер аударылып бара жатқан Гүлбаһрамның баласы Аян өліп, Көкшетауда поездан түсіріліп кету оқиғасы туралы бұл өлең өмірде болған жайдан алынған. Поезд үстінде өлген баланы білдірмей орап, қолына ұстап отырғанын вагон қызметкерлері байқап қалып, басшыларына айтып, «өлі баламен жүруге болмайды» деп поездан түсіріп кетеді. Гүлбаһрам Сәкенді білетін бір қазақтарды тауып, баласын жерлеп, Ақмолаға жөнелтіледі. Өлең өлі баланы құшақтап көшеде келе жатқан әйел суретіне құрылған. Ол тірі жан емес, өлі аруақ сияқты. Көше бойлап аяңдап кетпейді, бір басып, екі басып, тоқтап, әлемге өзін танытып келе жатқандай елестейді. Кейде ол «Жанары – тұман, көр соқыр жанға» ұқсайды. «Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап, бір ат­тап... екі... үш аттап» құлайтындай көрінсе, енді бірде Кагановичтің түсіне кіреді, өзін таныту үшін Сталиннің туған жері Гориге кіріп бара жатқандай әсер қалдырады. Ақын осы екі тармақ өлең жолы бейнелеп тұрған суретті қайталау арқылы әйелдің қайғылы күйін анық жеткізеді.

 

Өңі емес оның, көз алды күңгірт, түсі аппақ,

Құлар ма екен бір аттап, екі... үш аттап.  

Елу жыл жүрді осы әйел кешіп көшені,

Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап.

 

Заманы құрып ұсақ пендемен ұсақтап,

Қарады тұрып бір аттап бізге, ...үш аттап,

Барады кіріп «тарих» дейтұғын күмбезге,

Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап.

 

Өлең осылай түйінделеді. Онда Азаматтарын аластап, Ана­ларын зарлатқан, балаларын өлтірген қоғам трагедиясы әдемі ашылған. Гүлбаһрам мен Аян суреті сол бір кездегі бүкіл қазақ қоғамы қайғысын батылдықпен өткір бейнелейді.

Әдебиетте ұлы адамдарды өзінің танымы тұрғысынан су­реттеу үшін меншіктеп сөйлеу орын алған. «Менің Пушкинім», «Менің Абайым», «Менің Әуезовім» деген ұғымдар осылай туған. Сәкенді де әрқилы тану бар. Соның бірі болып Серік те «Менің Сәкенім» дейді. Осы және «Тар жол, тайғақ кешу», «Түс», т.б. өлеңдерде Сәкен өмірінің кезеңді тұстарын еске түсіре отырып, күрес жолындағы сол бір өткелдерде халқы сүйіп таныған Сәкеннің образын толықтырады. Өлеңді оқи бастасаң, Сәкен бейнесін тануға бұрынғы айтылғандарды қайталамайтын көптеген жаңа сөз орам­дарын, теңеулер мен метафораларды, ұғым-түсініктерді байқаймыз. «Сарбаздарға ілесіп, жаңа жолға аттану, күрестің талай теперішімен тіресе білу», «зілзаламен түсіңде де күресетін едің» деген ойлар жа­уынгер ақынның табанды қайраткерлігін аша түсері даусыз. Ар-ұят үшін, Алаш үшін күресіп, азап шегуді ол арман тұтады. Оны Серік Сәкенге кінә етіп тақпайды. «Қандай ғана кінәң бар еді, жолдас, ә? Құдайың да құл-құтанды қолдаса. Ел-жұртың да еңселі боп тұрған соң, тәкаппарлау жүретінің болмаса». Оның Ленин мен Абайды пір тұтуы – сүйген ұлты тағдырын жаңа жолмен байланыстыра алғанының белгісі. «Дала ұлы едің, көңілің де даладай, тап жауына болғаныңмен тәкаппар, қайран ақын баладай ең, баладай». «Тұла бойың – саф сұлулық, еркелік, зұлымдықтан жүрегіңе дерт еніп: сұмды көрсең – күкірт тиген ши құсап, лап ете қап... кетуші едің өртеніп», «Көркіңе егер көзі түссе жан адам – иісі еркекті көргендей боп жаңадан, Адамзаттың сұлуы сен екенсің – анда-санда туатұғын анадан», «Әйелдерге сендей сері жолықсын, жолықсын да ләззатқа молықсын. Әлемдегі еркек біткен – бір төбе, Сәкен аға, сен – бір төбе болыпсың» – бұлар Сәкенді танудағы жаңа сөз.

Серік осы азаматтық биіктікті Сәкеннің қайраткерлік, ақындық бейнесімен толықтыра суреттейді. Оның жаңа әдебиеттің басында болуы жағдайларын түсінеді. Жоғарыда келтірілген Ленинді пір тұту, «Құдайың да құл-құтанды қолдаса» деген тармақтардағы ой­ларды «Советстан кіріп кеткен жырыңа, қыран едің қанат қаққан шыңына»,«Сұңқар құсап қарайтының қияға, қарғалардың тиді ме екен жынына?». «Ақпатшаны тақытынан ұшырып, құлдық күйреп, күңдік күйреп, іші ұлып», «Өрге қарай көш түзеді өр елің» – деген жолдар нақтылай түседі. Дүниені, жаңарған әлемді қиялымен шар­лап, терең иірімдерін алдыңа жайып салған Сәкен ақынның сөзін қадыр тұтады.

Соңғы тармақтарда Сәкеннің сол кездегі биік тұлғасын көре алмай, оған қызғанышпен қараушыларды тұспалдау байқалады. Бұл ойды «Берді ме екен Бекежандай жау тауып, қайда барсаң – сонда барған Қыз Жібек», «Тап жауына қабағыңды суытып, қағып өттің кісі көрмей мұны түк, үлестірдің аққуларға жыр-шашу, қарқылдаған қарға барып ұмытып», «Сен жаһанның жасыны едің жат үшін, Бір болса да шығысың мен батысың, Ғаламның бар қарғалары жина­лып, Аңдап жүріп тапты ма екен қапысын!» – деген жолдар осыны меңзейді.

Сөйтіп, Серік жыры көп жылдардан соң Сәкен жайлы орныққан пікірлерді бұзып-жарып кіруге ұмтылған көзқарастарға жаңа баға ұсынады. «Сәкен аға, Сардар аға, қыраным!» – деп жоқтау жырын жазады. «Түсінбеймін – халықтың өз баласы, қалай ғана жау бо­лады халыққа?!», – дейді. Аспанда ұшып жүрген Сәкеннің асқақ рухын көреді. Оның бейнесінен халықтың өлмес рухын таниды. Сәкеннің соңғы өмірін көрген түс деп таниды. «Түс» өлеңінде жа­уынгер ақынның атаман Анненковтың азап вагонындағы өмірін Сәкен соңынан қалмаған көлеңкенің бейнесінде ұғады. «Соңыңнан сол шырақ ұстап қалмай қойған жандардың әбжыланнан аумайтынын аңғардың», – дейді. Бейімбетпен, Ілияспен бірге жүрген күндерін тұмандатып, милиция киімін киген Анненков қайтып ора­лады. Моцарттарды өлтірген Сальерилер, қырандарды құлатқан қарғалар, Күн сәулесін жапқан көлеңкелер, поэзия мен антипоэзия – Серік өлеңдерінде жарқын шындықпен қатар жүріп, онымен астыртын күрескен қараңғылықтың бейнесінде елестейді. Ақынның өткір сөзі, уытты қаламы соларды әшкерелеуге, оны образдық дәрежеге көтеріп, әлемге жар салуға арналады. Бұл идея бүкіл топ­тама жырлардың бәріне ортақ. Әсіресе, «Қырандар мен қарғалар» өлеңінде айқынырақ көрінеді.

 

Бір жағы – май, бір жағы – у ұртының,

Пенделердің біледі әлем құлқынын.

Жылан олар – адамзатты арбаған,

Түбіне де жеткен солар ұлтының.

 

Ізгілікті ішіп-жеген көздері

Абай айтқан: «Шошқа туар сөздері».

Нәсіл де жоқ,

Ұлт,

Халық та жоқ онда,

Өздері бар,

Тек өздері,

Өздері!  

 

Жауыздыққа тән іштарлық, қараулық, ұлтсыздық, парықсыздық, үндемей жорғалап, адамзатты арбаған жылан, Абай айтқан «шошқа туар сөз» – бәрі де осы жолдарға сыйған. Олардың эгоизмі «өздері бар, тек өздері, өздері» деген тармақта молынан ашылып тұр. Олар Құдайға да, Маркске де сенбейді, «Жаһан жы­лап жатса да, тасбақаша жан бағып, мәз-мейрам боп өмір сүреді». Онда ошақ, Отан деген болмайды. «Мұқтарды да мұқатқан», «Сәтін тауып Сәкенді де құртқан», «Қасымды да қабылдамай жіберген», «Мұқағалиды маскүнем деп таныған» – солар.

 

Жазушылар арасында жүр олар,

Айтматов «Боранында» жүр олар.

Тоқсан жолдың торабында жүр олар!

Өздері – аман,

Өзгелер – жоқ –

Куәлар.

 

...Дүниенің бетіндегі қара дақ,

Сол сұмдардың салып кеткен таңбасы.

 

Осы қарау бейнеге Серік Сәкенін қарсы қояды. Онымен қайта оралып, тұлғасының биіктеген тұсында табысады.

 

Құса жұтып, суып бозғылт түс-өңі,

Өлген жоқсың Затың – сұңқар құс еді.

Бар болғаны шаршап, ұйықтап, түс көрдің,

Бірақ неткен қорқынышты түс еді.

 

Арайланып атты, міне, нұр таңың,

Тұғырыңа қоншы, қыран-сұңқарым!

Оян, Аға, оян, кәне ұйқыңнан,

Енді мұндай түс көрмесін ұрпағың.

 

Мұндағы жиі кездесіп отыратын қайталаулар ақынның об­разды ашу жолындағы айла-амалының бірі екенін, олардың көп мағынаға ие болып, ойды түюге, оқырман санасына әсер етуге жұмсалатынын аңғару қиын емес.

Қарғалар ғана емес, солардың іс-әрекетінің нәтижесіндей көрінген лагерьлер өмірі де ақын жанын қинайды, жәбірлейді. Лагерь тұрған жер, орта түгелдей сол қиянатшылардың ырқына көшіп, жас ұрпақ ол жерде жауыз болып тәрбиеленеді. «Сталиннің балалары», «Карлаг» өлеңдері көзіңізді осы шындыққа жеткізеді. Алғашқы өлеңнің тууына белгілі бір шындық ой салғанға ұқсайды. Ақмоладағы лагерь жанында бұрын балалар бақшасы тұрыпты. Онда тұтқын әйелдердің әкесіз тапқан балалары тәрбиеленіпті. Бақшаның маңдайшасында «Бақытты балалық шағымыз үшін Сталинге рах­мет!» деген ұран ілулі тұрыпты. Өлең осы дерек әсерімен жазылған.

Ақын осыларды «Сталиннің балалары» деп атайды. Сұр кительді тастап, европаша киініп, халқына қамшы үйірген жас ұрпақты осы балалар ішінен көреді. Есіл-дерті бақ, дәреже, көйлектері ақ, жүректері қап-қара олар бір кезде «Сәкеннің түбіне жеткен, Бейімбетті қамаған, Берггольцті іштен теуіп сабағандар» қатарынан табылады. Өлең «Ақындарын абақтыға ұстап, Албастысын бетіменен жіберген» қоғам осылай некесіз бала туғызғанын айыптайды. «Кар­лаг» өлеңі де осы ойдан өрбиді. Қарағанды лагерінің орны бір кезде Қаракесек, Қуандық, Қаржастың табын-табын жылқысы жайлаған жер екен. Өлең осы жерде өмір өзгеріп кеткенін аянышпен сурет­теген. Құраулаған дауысты естімейтін құлын, кәуірдің сасық арағы қымыздан тәтті көрінген ұрпақ осы жерде өседі. Осы елде туған ұл да құлға айналады. Олардың «көзін ашып көргені – жансыз бен түрме, жандарал» болады. Сталиндік қуғын мен режим қазақтың жерлерін бөлшектеп, лагерь орнатып, онда жауыздықты жүргізіп, жастарды жаңаша тәрбиелеп жатқанын ақын қинала бейнелейді. «Кім туар енді белімнен, Адам жоқ аузы дуалы. Алтын айдарлы ұлдар тумаса еліңнен, құлдар туады» дейді.

Серік ақын қазақ тағдырына аяусыздық пен зұлымдық көрсеткен жат пиғылдардың бәрінің ізіне түсетіндей. Бір мезгіл оның көзі Жазушылар одағына «Алматы, Коммунистік проспект, 105» түседі. Осында Сәкен, Бейімбет, Ілиястарды әдебиеттің иттері талағанын еске алады. Сол үйге «жанын бір ойлар мазалап, еңсесі түсіп кеп, еркелеп шығады». «Қазақтың қызғыш құстарын» көріп, «Алаштың асқақ рухымен сөйлесіп» қайтады. «Ғарышқа ұшқалы тұрған ақындық ой» оның санасын есейтіп, бойы мен ойын өсіріп, сабасына түсіріп қайтарады.

Алаштың азаттығы, түркі рухының биіктігі – Серік ақын арманының өлшемі. Оның өлеңдерінің бәрі осылардың беріктігі үшін күресті бейнелейді. Сәкенін де осы биіктен көруге тырысады, Сальерилердің жауыздығын да осы рухты әлсіретуге бағытталған іс-әрекетінен таниды. «Мағжанға хат» өлеңі осы тұрғыдағы аға ақынмен тілдесуі, сырласуы сияқты. Ол «Түрмеден түркі рухын шығарған» Мағжанына бүгінгі Қазақ елінің азат өмірі туралы сыр шертеді. «Кер заманның» кеткенін баяндайды. Бүгінгі қазақ өмірін «итаяқтан сары су ішкен мына жұрт, хрустальдан шарап ішіп жатқандай» көреді.

 

Рух қайда?

Тас жүрек пен мес дене –

Көретінің бозала таң кеште де.

Тұран керек,

Құран керек қазаққа.

Абай керек!

Одан басқа Ештеңе!

 

Жүрегінде – Көк Бөрі

Ұлиды кеп Тәңіріне көктегі.

Қайран жұртың қазағыңа, өйткені

Мен түгілі сенің сөзің өтпеді.

Көкке қарап әлі ұлып тұр Көк Бөрі.

 

Ақынның соңғы сөзі «Ақын мен тобыр» деп аталады. Мұнда жақсылық пен жамандықтың күресін тобырдың «Ақын өлтіру ойынымен» аяқтайды. Кезінде қазақтың үлкен ақыны Жұматай Жақыпбаев ақындық тағдырды ойыншыққа айналдырған қоғам жайлы ойын осындай өлеңмен білдірген-ді.

 

Ер білексіз байғұсты,

Зеңбірексіз байғұсты,

Қу арақ тойда, мұнда да,

Қуалап ойға, қырға да,

Ойнайды заман сойылы –

Ақын өлтіру ойыны.

Заңын да салып соңына,

Жарын да салып соңына.

Қоймайды жанын, үндеме,

Ойнайды күндіз, түнде де.

Қамшы бас заман сойылы –

Ақын өлтіру ойыны.

 

Көріне даусын жеткізбей,

Еліне даусын жеткізбей,

Аузы мен мұрнын тығындап,

Сыртынан сұмдар сыбырлап.

Ойнайды келіп той ұлы –

Ақын өлтіру ойыны.

 

Жас бала демей қарбытып,

Баспана бермей қаңғытып.

Тойласын соңғы жеңісін,

Солардың жері кеңісін.

Өлтірмей Құдай жөнімен,

Ойнап жүр енді менімен.

 

Ұлы таланттарды бағалай, қолдай білмеген қоғамдарда әр түрлі жолдармен «ақын өлтіру ойынын» ойнаған замандар мен дәуірлер туралы ойын Серік Жұматай ағасымен қосылып осылай түйеді. Мемлекеттер мен режимдер де бір-біріне ұқсас. Өмір қайталанып жатады. Даланың Көк Бөрісінің «ұлымауға амалым жоқ» деп дейтіні де осыдан. Серік ойынша, ендігі ақындар жекпе-жекте мерт бол­майды, жаламен сотталып атылмайды, «Ақындарды ұстайды енді өзіндей – өлімтікпен бірдей ғып» дейді. «Сұм иелену заманынан» сақтандырады. Елді жарқын күнге жеткізу – Асылды ардақтай білуден туады.

Серік туындысы осындай жарқын ойлармен аяқталады. Ол – қазақ өлеңінің батыл ойлар мен шындықтың сырына толы жаңа табысы. Ақын тақырыбын толық игерген. Ой мен сезім ұштасып, бәрін де көз алдыңнан өткізеді. Көресің, сенесің. Ақынға да сенімің артады. Өлеңдерінде бейнелеу құралдары да, астарлы ой да мол. Сәкенге деген сүйіспеншілік, оны тануға ұмтылыс ақын сезімімен нұрландырып жаныңа жайлылық дарытады. Мөлдіреп тұрған таза лирика, публицистикалық қуат та жеткілікті. Ең бастысы – онда Серік сүйген Моцарт та, ол жек көрген Сальери де бар. Сүйгенін де, жеккөрінішті сезімін де ақын төге білген...

Abai.kz


0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5652