ОҚО-да жоғары сапалы «түркістан» мақта сұрыбы шығарылды
Мұндай жаңалық Түркістанда дәстүрлі түрде өтетін «Ақ керуен» мақта терімі шарасы кезінде айтылып, жұртшылыққа таныстырылды. Осылайша, Қарашық ауылдық округіндегі «Тұран» шаруа қожалығында өткен жиынға келген қатысушылар, алдымен, мақта алқаптарын аралаудан бастады.
Биология ғылымдарының докторы A.Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ә.Әлиев сорттардың ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді. Ерекшелігі сол, бұл мақта талшығының ұзындығы кәдімгі сұрыптағы мақтаға қарағанда әлдеқайда жоғары. Яғни, «Түркістан» мақтасының талшығы 4-үлгіге жатады. Мақтаның бұл түрі тоқыма өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылады. Енді түркістандық кәсіпкерлер Оңтүстіктегі тоқыма кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамтуға толық кепілдік бере алады.
Айта кетейік, түркістандық мақташылар биыл 17 мың тонна шитті мақта жинауға ниетті. Қала әкімінің орынбасары Т.Мұсаевтың айтуынша, Түркістанда өткен жылы 3500 гектар жерге мақта егілсе, биыл бұл көрсеткіш 6600 гектарға ұлғайған.
Сонымен қатар, Үкіметтің жергілікті жерлерде агрокешендерді дамыту бағдарламасы аясында өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында жалпы құны 450 миллион теңге, қуаттылығы 10 мың тонна өнім қабылдауға қауқарлы кәсіпорын ашылған-ды. Бұл ауданда жүгері дақылын сонау 1990 жылдардағы көлемге жеткізу және жүгері кластерін дамыту бойынша жұмыстар атқаруға молынан мүмкіндік ашқан болатын. Осы салтанатты жиында аудан әкімі С.Полатов 2020 жылға дейін жүгері алқабын 15 мың гектарға жеткізу жөніндегі іс-шара жоспары бекітілгенін айтқан еді. міне, осы жоспарды іске асыру биылғы жылдан басталып кетті. Осы жылы диқандар аудан брендіне айналған дақыл түрін 7 мың гектарға егіп, гектарынан 120 центнерден өнім алынды. Бұрындары шаруалар жинаған өнімін кептіре алмай, жаздай еткен еңбегі зая кететін. Енді шаруаларға өнімдерін ысырапсыз жинап алуына мүмкіндік туды.
Тың технологиямен жұмыс істейтін кәсіпорында алдымен жүгері дәні собығынан алынып, кептіріледі. Содан кейін қамбаларда сақталады. Кептіретін құрал-жабдықтар Англиядан, сақтау құрылғылары Қытайдан арнайы алдырылған. Кәсіпорында бүгінде 30-ға жуық адам жұмыс істеуде. Олардың күнделікті табыс көлемі орташа 5-8 мың теңгені құрайды екен. Алдағы уақытта өнім өткізу көлемі артатын болса, жұмысшылар саны да көтерілетін болады.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі