Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Билік 3196 0 пікір 9 Қазан, 2016 сағат 16:05

ЭТНОСАРАЛЫҚ ҮЙЛЕСІМДІЛІКТІ ДАМЫТУ - ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Бүгінгі таңда этносаралық үйлесім мен дінаралық татулықты дамыту мен тереңдету күллі әлемдік қоғамдастықтың ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Бұл тұрғыдан келгенде, планета бетіндегі Орталық Азияның географиялық орны бұл геосаяси аймаққа әлемдегі ең ұлы өркениеттердің ықпалдасуы мен құндылықтар алмасуына ғасырлар бойы септігін тигізуге теңдесі жоқ мүмкіндіктер сыйлаған. Сосын, мыңдаған жылдар бойы Ұлы Жібек жолы үздіксіз көктей өткен Орталық Азияның  шексіз кеңістігі әртүрлі көшпелі және отырықшы мәдениеттердің де үнқатысуына өлшеусіз ықпал еткен.

Бүгінгі Орталық Азияның тарихына тереңірек үңілсек, ұлан-ғайыр бұл өлкеде кезінде түркілер, ирандықтар, арабтар, моңғолдар, үнділер, қытайлар және славяндар секілді түрлі этностар ғана емес, сонымен қатар, зороастризм, буддизм, иудаизм, ислам, христиан сынды әлемдік конфессиялар мен дәстүрлі діндер де бейбіт қатар өмір сүрген. Сондықтан да құт дарыған Орталық Азияның Ұлы Даласын мекендейтін халықтар, оның ішінде 150-ге тарта этностық топтар мен ұлыстар  –  тарих қойнауынан бермен қарай жалғасып келе жатқан саналуан мәдениеттер мен салт-дәстүрлердің мұрагерлері.

Содан соң, өз тарихының әртүрлі кезеңдерінде Орталық Азия оннан аса полиэтносты әрі поликонфессиялы іргелі құрылымдардың: Ахменид мемлекетінің, Грек-Македон патшалығының, Кушан империясының, Түркі қағанатының, Араб халифатының, Саманид, Қарахан, Қарақытай, Шыңғыс хан, Әмір Темір және Темуридтер мемлекетінің, сондай-ақ, кешегі Ресей Империясы мен Кеңес Одағының да құрамында болды. Демек, Орталық Азияның тарихи-мәдени мозаикасында азиялық ою-өрнектермен қатар, еуропалық бояу палитрасы да  қатар жүр. Сосын, бұл ерекшеліктер мен құндылықтар халқының құрамы 130 этностық құрамнан тұратын, бірлігі мен ынтымағы жарасқан бүгінгі өз елімізге де тән.

Дәл осы тұста, осы тақырыпқа орайлас, және бір ақпаратқа сілтеме жасаудың реті келіп тұр. 2009-2013 жылдар арасында, ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының мұсылмандарды кемсіту-шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі бола жүріп, этносаралық келісім мен сыйластық­тың қазақстандық үлгісін АҚШ Конгресінің аясындағы Хельсинки Комиссиясының мін­берінен де баяндаған болатынмын. Құрамы әйгілі 18 америкалық сенатор мен 3 өкімет мүшелерінен тұратын әлгі беделді Комиссияның қос төрағасының бірі Бенджиамин Карден мырза Қазақстанның аталған үлгісі өзге мемлекеттерге де бағдаршам болуға лайық деген нық сенім білдірген еді. Дәл осыған ұқсас пікірді кезінде БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан мен Ватикан басшысы Иоан Павел ІІ де бөліскен болатын.

Содан соң, халықаралық терроризм, экстремизм және фундаментализм секілді қатерлі сын-қатерлер мен адамзат тарихында орын алған сан­ алуан қақтығыстардың, түптеп келгенде, өзге этнос өкілдерін кемсіту-шеттетуден немесе олардың нәсілі мен түр-сипатына жирене я жиіркене қараудан, сондай-ақ, өзге діндерді төмен санап, менсінбеушіліктен немесе өзгелердің пікірін құлаққа ілмеу сияқты дөрекілік пен келеңсіз менмендіктен туындайтыны еш күмән тудырмайды және мұның айқын белгілері ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерде  дәл бүгінгі кезде де анық байқалуда. Әсіресе, бұл теріс құбылыстар тыныштығы кеткен бүгінгі дүрбелең заманда шектен шығып, мүлде ушығып барады.

Ал Таяу Шығыс елдерінде, соңғы жылдары Сирияда орын алып отырған сорақы қақтығыстар мен лаңкестік қантөгістердің салдарынан Еуропаға ағылған миллиондаған босқын сол құрлықтағы этносаралық және дінаралық қарым-қатынастардың бұзылуына және ксенофобиялық, антимиграциялық, афро­фобиялық, антисемиттік, исламофобиялық және антиромалық қылмыстардың да белең алуы­на түрткі  болды.

Ашық ақпарат көздерінен байқалып отырғандай, мұндай қылмыстардың басым көпшілігі, әсіресе, кезінде мультикультурализмге басымдық бере бастаған, бірақ соңыра, оңшыл партиялардың саяси күш ала бастауымен байланысты әлгі құндылықты тым әлсіретіп алған Батыс Еуропаның ең дамыған елдерінде тіркелсе, бірен-сараны шығыс Еуропа елдерінде белең алуда.

Қорыта айтқанда, бұл сын-қатерлермен күллі әлем жұмыла күреспесе, жекелеген мемлекеттердің шамасы бұған жете қоюы өте күмәнді.

Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1504
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3278
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5745