CУДЬЯЛАРДЫҢ ЖАҢА ӘДЕП КОДЕКСІ ҚАБЫЛДАНАДЫ
Жоғарғы Сот судьясы Асқар Смайылов Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның сот жүйесiнiң қалыптасуы мен қазiргi таңда осы салада жүзеге асып жатқан реформалар туралы мағлұмат бердi.
- Биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Еліміздің ширек ғасырда құқықтық мемлекет ретiнде дамуына қысқаша шолу жасап өтсеңіз.
- Қазақстан тәуелсіздік алып, өзін біртұтас егемен ел деп жариялағалы бері мемлекет құрылысын жетілдіруге, халықтың тұрмысын, әл-ахуалын жақсартуға, құқықтық сана-сезімін оятуға бағытталған біраз жұмыс атқарды. Елбасы Жолдаулары мен бағдарламалары мемлекет дамуына бағыт-бағдар берiп отырды, қазiр де солай. Мемлекетті басқару жүйесінде сот билігінің орны ерекше. Себебі, заң шығарушылық және атқарушылық биліктермен қатар сот билігі қоғамдағы даулы қарым-қатынасты реттеудің бірден-бір оң құралы болып табылады. Сондықтан да, тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардың ішінде мемлекетіміздің сот жүйесінде, соттардағы дауларды шешуді жеңілдетуге, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған көптеген өзгерістер орын алып отырды. Сот органдары еліміздің конституциялық құрылысын құрайтын органдардың бірі болғандықтан, оның қызметі конституциялық заңмен реттеліп, сот жүйесіндегі өзгерістердің барлығы да Ата заңымызға қарама-қайшы келмеуі керек.
- Қазақстанның тәуелсіз сот жүйесіндегі реформалар қандай жетiстiкке жетті?
- Менiң ойымша, ең басты жетiстiк – ол 1993 жылы қабылданған Ата заңымызда сот билігінің құрамы мен қызметінің негізгі қағидаларының айқындалғандығы. Конституцияға сәйкес, сот жүйесін Конституциялық кеңес, Жоғарғы Сот, Жоғарғы төрелік сот, облыстық және бірінші сатыдағы соттар құрайды. Бұған қоса, судьялардың мәртебесі Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітіліп, сот төрелігін жүргізу кезінде судьялардың іс бойынша ешкімге есеп бермейтіндігі және басқа да қағидалар нақтыланды. Осылайша, Конституциямыз мемлекетіміздің құқықтық жүйесін қалыптастыруға зор ықпал етті. Бұдан кейінгі сот жүйесіндегі айтулы өзгеріс 2000 жылдың 25 желтоқсанына, яғни «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңы қабылданған уақытқа келеді. Сот ісін жүргізуді қайта құру, азаматтық-құқықтық нормаларды және судьялар этикасын жетілдіру, соттарды қаржыландыру, сот төрелігінің сапасын арттыру мақсатында соттарды мамандандыру сияқты реформалар жүзеге асты.
- Соттарды мамандандыру барысына тоқтала кетсеңiз. Мамандандырылған соттар бүгiнгi күнге дейiн жұмыс iстеп келедi емес пе?
- Иә, жұмыс iстейдi. Соттарды мамандандыру барысында облыс орталықтарында экономикалық, әкімшілік, алқа билердің қатысуымен қылмыстық істер бойынша соттар құрылып, ол оң нәтижесін берді. Себебі, біркелкі істердің бір жерге топтасуы, судьялардың бір бағытта мамандануы дауларды тез, әрі сапалы түрде шешуге мүмкіндік беретіндігін көрсетті. Күдiктiге бұлтарпау шарасы ретінде қамауға алуға санкция беру прокурордың құзіретінен алынып, сотқа берілгендігі алдыңғы қатарлы, өркениетті мемлекеттердің ұстанымына сәйкестендірілді, себебі, күдiктi өз құқықтарын ашық сот отырысында бәсекелестік принциптерін пайдалана отырып қорғауға мүмкіндік алды.
- Қазір де мемлекетіміздің құқық жүйесінде ауқымды реформалар жаңа толқынмен жүзеге асуда. Соларға тоқтала кетсеңiз.
- Әлбетте, бүгiн де көп жұмыс атқарылып жатыр. Бiрiншiден, Президенттiң бастамашылдығымен тың идеялар қолға алынып, «100 нақты қадам» - Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі ұлт жоспары жасалды. Кейінгі бір жылда осы жоспарды орындау қарқынды жүзеге асырылып, бүгінгі күні ол аяқталуға жақын. Аталған жоспардың «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бөлігінде құқықтық жүйені дамытуға бағытталған 19 нақты қадам қарастырылған. Оның ішінде сот жүйесінде жүзеге асуы тиiс шаралар айқын басымдық алады.
Қоғамдағы қатынастар, экономикалық және саяси өмірдегі өзгерістер заң нормаларымен реттеледі. Қоғамдық қатынастарды реттейтін баршаға бірдей нормаларға саналы қоғам мүшесі бағынышты бола білуі керек, ал дауды шешуде сол нормаларды билік жүргізуші сот органы еш ауытқусыз дұрыс қолдануы керек.
- Жаңа реформаларды негізгі екі бағытта жүзеге асыру жоспарланған. Олар - судьяларды іріктеу жүйесін және республиканың сот өндірісін жетілдіру. Осы жайлы толығырақ айтып кетсеңiз.
- Дәлірек айтқанда, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын күшейту. Міндетті түрдегі талап – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл бұрын қолданыста болған заң бойынша екі жылды құраған және ол заң мамандығы бойынша кез келген салада жұмыс істеуі жеткілікті болған. Аталған шаралардың сот жүйесіне кездейсоқ адамдардың келуіне бірден-бір тосқауыл болып табылатындығына көзіміз жетіп отыр. Себебі, бірден судья бола саламын деген ойдағы адам аталған процедураларды өтуді ауырсынып, басқа салаға кетіп жатыр. Ал судьялыққа шындығында пейілі бұрылған азаматтар барлық қиыншылыққа төзіп, көптеген кедергіден өтіп, өз дегеніне жетеді және осындай азаматтар ғана терең ойлы, білімді, қара қылды қақ жарған әділетті судья бола алады.
- Реформаның екінші бағыты азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру екенін білеміз. Ол қалай жүзеге асып жатыр?
- Бұл талпыныстар да сәтті орындалып, республикамыздағы бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшірілді. Яғни, бірінші сатыдағы соттар – аудандық соттар, апелляциялық сатыдағы соттар – облыстық соттар, ал кассациялық сатыдағы сот – Жоғарғы Сот болып белгілендi. Осылайша, 2016 жылдың 1 қаңтарында қолданысқа енген жаңа Азаматтық процестік кодекске сәйкес жыл басынан бері соттар осы режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл шаралардың да оң нәтижесі көрініп, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігі артып, істерді сотта қараудың мерзімдері біршама азайды.
- Судьялардың жаңа әдеп кодексін қабылдау мәселесi Қазақстанның сот жүйесіндегі судьялардың арасында, тіпті заңгер, ғылыми қызметкерлер арасында кеңінен талқыланып жатыр. Кодекс қашан қабылданады?
- Жаңа кодекс осы жылдың соңына белгіленген судьялардың кезектен тыс 7-съезінде қабылданады деп жоспарланып отыр. Және жоспарда барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу, судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігінiң болмауы қарастырылған. Бұл жасалынып жатқан әрекеттердің де қай тарапқа болмасын тигізетін көмегінің аз еместігін, күнделікті тәжiрибе көрсетуде. Сондай-ақ, инвестициялық даулар бойынша жеке сот істері жүргізiлмек. Жоғарғы сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін инвестициялық алқаны ұйымдастыру жоспары да жүзеге асырылды. Тағы бір айта кететін жайт, жасалынып жатқан реформаның бір тармағы татуластыру және дауды сотқа дейін реттеу шарасын қолданудың аясын кеңейту болып табылады. Бұл ретте, барлық сатыдағы соттар тараптарды татуластыруға көп көңіл бөлуде. Осылайша, сот жүйесінде үлкен реформалар іске асырылып жатыр. Бұл реформалардың негізгі мақсаты – елімізді дүниежүзілік стандарттарға сәйкестендіру, халықтың сотқа қолжетімділігiн арттыру.
- Сұхбатыңызға рахмет.