Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Мәйекті 6133 0 пікір 7 Қазан, 2016 сағат 11:02

УАҒЫЗШЫЛАРДЫҢ ӘЙЕЛ ЕТЕГІНЕН БАСҚА АЙТАРЫ ЖОҚ ПА?

Жасыратыны жоқ, қазақ қоғамында қазақ әйелінің жағдайы оңып тұрған жоқ. Әлбетте оның оңбай тұрғанын елдің тағдарына тікелей ықпал ететін ер азаматтардың интелектуалдық деңгейінен іздейміз. Жағдайы жақсы әйелдер мен отбасына жауапты ері бар бірлі-жарым жанұяларды былай ысыра тұрыңыз. Айтайын дегенім – өзекті, әрі әлеуметтік ауқымды алып бара жатқан жауапсыз ер азаматтардың етек алып бара жатқандығы. Кешегі күндері көршілер арасындағы күңкіл болған бұл әңгіме ендігі ел арасындағы шешуі қиын күрделі жайт болып отыр. Отбасындағы жауапсыз әкелер салдарынан әрі бала туып бағатын, әрі ақша табатын әйелдердің тауқыметі зорайып тұр. Олардың сырын тыңдай қалсаң төбе құйқаң шымырлайды.

«Күйеуім ұрып-соғады. Одан қорқамын». «Ақша тапса, міндет қылады. Таппаса, шалқайып жатады». «Тапқанын ішеді, таппаса үйдегіні сатып ішеді, балаларды қайтіп бағатынымды ойламайды да». «Өтірік сөзі көп, қай сөзіне сенерімді білмеймін». Тізе берсек, жағымсыз сипаттамалары өте көп. Әйелдер өз күйеулерін бір тірлік істеуге міндеттемек түгілі, бір артық сөз айтуға жасқанып тұрады. Артық сөздің артынан жалған намысын қамшылап, не қолын ала жүгірмек, не үйінен безіп дала кезбекке дайын тұрғаны. Бұл ер азаматтарымыздың сана сезімі қандай деңгейде екенін көрсетіп тұр. Және бұл «сана сезім» қайдан ғана қалыптасып жатыр деген сауалға жауап іздеу керек сияқты. Азамат деген елге қорған бола алатындай ақылды, жігерлі, табыскер, еңбекқор, ел-жұртына қамқор болмай ма екен дейміз-ау. Бұны оларға кім ұқтырмақ? Мектеп пе, мешіт пе? Көше ме, үй ме? «Баланы туасың, мінезін тумайсың» деген халық нақылы бар. Қалт айтылмаған. Баланың мінез-құлқын, сана-сезімін қалыптастыратын – орта. Бүгінде шариғатты айтып, уағыз оқитындар көбейіп келеді. Кейбірі ақылға қонса дағы, кейбірі теріс екендігі анық байқалады. Олардың арасында «әйелдерді ұрып-соғып тәрбиелеу, әйелдің парызы, әйелдің таққан орамалы мен етегінің ұзын-қысқалығы» сияқты тақырыптарға жиі тоқталатыны бар. Япыр-ау, соншама әйелдің етегінен аса алмайтындай басқа маңызды азаматтық тақырыптарды неге уағыздамайды?! Қоғамды жайлап бара жатқан жемқорлық, жауапсыз орындалған әлеуметтік жұмыстар мен ел арасындағы келеңсіздіктер, қылмыстың өршуі сияқты күрделі сауалдар бар емес пе?! Ол тым биік деңгей болса, өз отбасының жағдайын жақсартуға деген жауапкершілікті ең алдыңғы қатарға қою керектігін айтатын адам бар ма?. Яғни, азаматтық міндеттерді дұрыс түсіндіре алатын орта болмай тұрған сияқты.

Жасыратыны жоқ, қазақта сүйекке сіңген «қатынға қотыр қожайындық» қылатын әдет бар. Және мұны дұрыс көретіндердің қатарында интелектуалды деңгейі жоғары деген азаматтардың бары таң қалдырады. Әйеліне өктем сөйлейтін қайсыбір әкімдер онысын қалың көпшіліктен жасырған жоқ. Дегенмен осы әдеттің астарында даяшы қызды теуіп құлатқан Тұрагелдиев синдромы, әйелін жұдырықтайтын Есентаев синдромы, көлденең етекті жібермейтін Жамалиевтың синдромы тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Осы синдромдармен күресуге қазақ қоғамында дәрмен болуға тиіс. Қатын ұрып батыр болуды тіптен жақтауға болмайды және болмайды. Мұндайларға қоғамда оң көзқарас таныту үлкен қателік. Шешесін  әкесі ұрып тәрбиелейтінін көрген ұл ертеңгі күні бұл амалды өз отбасында қайталайды. Сондықтан баланың  тұрмыстық зорлық зомбылықты мейлінше көрмей өскені, көре қалса дұрыс ой түйіп, санасын сілкіп алуы өте қажет. Балалық шақтан қалған психологиялық күйзелістер адам баласын өмірінің соңына дейін өкшелеп жүретіні әлдеқашан дәлелденген жайт. Бала болсын, әйел, не ер болсын адамның аты – адам. Ол - жеке тұлға. Оның азаматтық құқықтары мен ар-намысы қорлануға тиіс емес. Кімде кім осы қағидадан аттап кетер болса, өзінің азаматтығына үлкен сын алмақ. Тым тереңдеп білімнің теңізіне бойлай алмасақ та, өзімізді Бұқар жырау айтқан 11 тілектің біріншісінен –ақ тәлім алып көрейікші.

Бірінші тілек тілеңіз

Бір Аллаға жазбасқа... –деген ді.

Ағайынымыз адамнан ұялып, Алладан қорықса екен деп тілеймін. Адамның иығында отыратын екі періште жасаған барлық жақсылықтарымыз бен жамандықтарымызды жазып отыратыны рас болса және жасаған күнәміз үшін жаратқаннан кешірім сұрай тұрып тағы да әдейі қайталайтын болсақ, онда алдыңғы күнәлармен қосылып екі еселене түседі деседі.

Ақыретте Аллаға жазған күнәларымыз алдымыздан шығатыны ақиқат. Сондықтан, адамгершілік деген ұлы қасиетті аттап кетпей, әр адаммен сыйласа білуге, өзімізді сыйлата білуге ынталы болсақ. Ол үшін білектің күшіне емес, білімнің күшіне сүйенсек. Білекке сүйенсек қадір қасиетіміз кетеді, білімге сүйенсек мерейіміз өсетіні хақ.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1505
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3278
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5752