Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 7717 0 пікір 1 Қазан, 2016 сағат 12:31

АЛАШ АРДАГЕРІ - ЗУҚА БАТЫР

Ыстабұл, 1905 жыл.

Отаршыл Қытай әкімшілігінің бодандық езгісіндегі кең байтақ Қазақ елінің шығысы, Түркі әлемінің Алтын бесігі, құтты Атамекен Алтайдың азаттығы үшін соңғы деміне дейін аянбай соғысып, басын беріп, шаһид болған, көзінің тірісінде аты аңызға айналған қаһарман бабамыз Алаш ардагері Зуқа батыр Сәбитұлының туылғанына биыл 150 жыл толып отыр.

1866 жылы Зайсанның Кендірлік өңірінде білімді отбасында дүниеге келген Зуқа батырдың әкесі Шығыс Қазақстанда аса танымал болған Сәбит Дамолла еді. Арғы атасы да атақты Нұрмұхаммет абыз. Бала кезінен бастап өжеттілігімен, өткір ойларымен, әділеттілігімен көзге түскен Зуқа батыр, жас кезінде жетім қалса да, әкесінен алған, әсіресе діни саладағы білімімен ерте қоғамдық өмірге араласа бастайды. Кейіннен жат жұрттық әкімшіліктің еліне, жұртына көрсеткен зорлық-зомбылығына төзе алмай, қалған өмірін ұлт азаттығы үшін жұмсайды. Екінші жақтан ұлтына және дініне қарамастан мыңдаған жетім-жесірге, кедей-кепшікке, әділетсіздікке  ұшыраған қорғансыз жандарға пана болады. Пайғамбар жасына келген шағында діні үшін, елі үшін, отаны үшін үздіксіз күрескен Қазақтың Халық Қаһарманы, аяулы Алаш ардагері Зуқа батыр, отаршыл Қытай әкімшілігінің әдейі дайындалған жендеттерінің қолынан 1929 жылы Желтоқсанда Алтайдың Көктоғайында басы алынып, шаһит болады.

Зуқа батырдың 150 жылдық Халықаралық Мерей тойы, Қазақстанның Венадағы елшілігінде ресми түрде басталды.

Қазақтың әйгілі қаһарманы Оспан батыр өзіне бала кезде ақыл кеңесін айтып, батасын берген әке жолдас Зуқа батырды пірім деп атап өткен.

Атақты ақын, діни ғұлама Ақыт қажы «Е, Алла бізге Зуқа сияқты бір пендені бағыштағаның үшін саған сансыз шүкіршілік етем» деген.

Ұлтының намысын қорғаймын дегені үшін, қазақ ұлтшылы деген кінәләумен 86 жылдық өмірінің 44 жылын қытай түрмелерінде өткізген әлемге танымал жазушы Қажығұмар Шабданұлы, Зуқа батырдың ұлттық мүдде үшін жүргізген күресіне сүйсініп, түрмеде Зуқа батыр туралы «Пана» романын жазды.

Соңғы жылдары, әсіресе Қазақстанда жарық көрген мәліметтер арқылы Зуқа батырдың кім екенін жақсы түсінген Қазақ елінің алдыңғы қатарлы ғалымдары мен тарихшылары, Зуқа батыр өз заманының Кеңесарысы, Қазақтың азаттығы үшін басын берген нағыз Алаш ардагері деп бағалауда.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі, қарулы күштерінің әскери тарихи музейінің есігін айқара ашып, елін, жұртын қорғаған Зуқа батырдың өміріне тіке қатысты жәдігерлермен, әртүрлі ақпараттық материалдарға төрінен орын берді.

Жоғарыда келтірілген бірнеше дәйекттің өзі Зуқа батырдың қандай тұлға болғанын айшықтайды.

Тәуелсіздік жолында шаһид болған, Қазақ елінің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келген, Зуқа батыр бабамыздың 150 жылдық мерейтойы да оннан астам мемлекетте Халықаралық деңгейде, 30 дан астам іс-шарамен аталып өтуде.

«Ата - біздікі, батыр - халықтікі» деп Зуқа батырды еске алудағы негізгі мақсатымыз, атамыздың ұлт мүддесіне арналған күрес жолын келесі ұрпақтарға жеткізу болмақ. Осы бір мақсат орындалып жатса 25 жыл толып отырған Атамекен тәуелсіздігінің мәңгілік боларына  өзімізше үлес қосқан болар едік деген сенімдеміз.

Өмірхан Алтын

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333