РЕСЕЙ ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫ МӘЖІЛІСІНЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ
Ресейдің Жоғарғы соты қырым сотының қырым татарлары халқының мәжілісіне тыйым салу туралы шешімін заңды деп таныды. Бұл Қырымдағы өзін өзі басқару органы еді.
Мәжіліс мүддесін қорғаған адвокат Кирилл Коротеевтің айтуынша, ол енді Страсбургтегі Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа шағымданатын болады.
26 сәуірде, түбектің Ресеймен аннексияланғанына екі жылдан астам уақыт өткен соң, Қырымның жоғарғы соты мәжілісті экстремистік ұйым деп танып, оның қызметіне тыйым салды. 1999 жылы украиналық үкімет мәжіліске ресми мәртебе берген еді. Татарлар Қырым халқының шамамен 12 пайызын құрайды. Түбекте 2,5 миллион адам тұрады. 2014 жылы ақпанда түбекті ресейлік әскер басып алып, сол жылы наурызда заңсыз аннексияланған соң, тұрғындардың көбі Қырымды тастап кетті.
Қырымда қалған қауымдастық өкілдерінің мәлімдеуінше, жаңа билік оларды қудалап келеді. Халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар және батыс елдері Мәскеуді мұсылман түркі этникалық тобын қудалағаны үшін сынап отыр.
Abai.kz