Астанада ТүркПА-ның ІІІ отрысы өтті
«Құдай қосқанды адам ажырата алмайды». Парламент Мәжілісінің депутаты, ТүркПА делегациясының мүшесі Сауытбек Абдрахманов түбі бір, тілі ұқсас, тілегі ортақ түркі елдерінің ынтымақтастығын осы бір ауыз сөзбен түйіндеді деп жазады "Айқын" газетінің тілшісі.
Бұл байлам кеше Мәжілісте ТүркПА-ға мүше парламенттердің әлеуметтік саясат бойынша бейінді комитеттерінің бірлескен ІІІ отырысы кезінде айтылды.
–Жаңа заман әлем алдына жаңа міндеттер қойған қазіргі кезеңде түркітілдес елдердің ынтымағының маңызы ерекше, – деді Сауытбек Абдрахманұлы. – ТүркПА 2008 жылы Қазақстан Көшбасшысының ұсынысы бойынша құрылды. Отырысы жыл сайын өткізіледі. Қазақта әу баста бірге туған адамдарды «ағайын» дейді. Жүре келе табысқан адамдарды «туысқан» дейді. Біздің бәріміз – ағайынбыз. Сіздер мен біздерді құдай қосқан, демек, бізді саясат уақытша алыстатуы мүмкін, бірақ ажырата алмайды. Кеңес Одағы күйрегеннен кейін басымыз қайта қосылып, ортақ тағдыр, ортақ тарихымызды ары қарай түзіп жатырмыз. Өйткені біздің жырымыз да бір (http://aikyn.kz/ru/news/show/29116-t_rkpa_deputattary_aza_stan_a_zho_ary_ba_a_berd_).
Ал Әзірбайжанның Милли Меджлисінің Ғылым және білім жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Бахтияр Әлиев Қазақ елінің тек түркітілдес жұрттарға ғана емес, сондай-ақ әлемдегі өзге де елдерге үлгі-өнеге екенін және әзірбайжандардың да соған сүйсінетінін білдірді.
–Біздің мәдени ынтымақтастығымыз жақсы дамуда. Түркі академиясы, түркітілдес елдердің қоры құрылып, өзара мәдени байланыстарды арттыру бағытында жұмыс жасауда. Ендігі міндет – инфрақұрылымдық интеграция, бұған Президент Назарбаев та екпін түсірген болатын. Жалпы, біздің ықпалдастығымыз өмірдің барлық салаларын, соның ішінде инновация, білім беру, экономика, экология бағыттарын қамтуы қажет, – деді Б.Әлиев.
Ол отырыста бір қызықты, іргелі ұсыныспен шықты: өз мемлекеттері бар түркітілдес елдер «жаңа геосаяси күш белдеуін» қалыптастырулары керек. «Бұл қазіргі аумалы-төкпелі шақта әлемдегі балансты сақтау, бауырлас елдеріміздің мүдделерін халықаралық аренада біріге қорғау үшін қажет. Өйткені бүгінде дағдарыс тек қаржы мен саясат саласын ғана емес, халықаралық саясат пен құқық салаларын қамтуда» деді Әзірбайжан парламентінің депутаты.
С.Адрахманов отырыс барысында Түркияның 15 шілдеде болған ауыр сынақтан (мемлекеттік төңкерістің алдын алу) абыроймен шыққанына қазақ халқының қуанышты екенін білдірді: «Түрік халқы демократия дәстүрлеріне адал екенін көрсетті. Сын-қатерлерге иммунитеті бар екенін бүкіл әлемге паш етті. Біз әрқашан сіздерге тілектеспіз. Елбасымыз содан кейін туындаған кейбір мәселелерді реттеуге әлемдік деңгейдегі дипломат ретінде үлес қосты».
Түркияның ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты Орхан Аталай осыған алғысын білдіре келе, барша түркі халықтары өздерінің бастауы – Қазақстанда екенін, барлығы осы жерден тарағанын ешқашан ұмытпайтынын айтты.
–Қазақтың Ұлы даласы – біздің ортақ ата-бабамыздың Отаны. Осы қасиетті жерде болу, біздің бабаларымызға қуат-нәр берген оның қастерлі ауасын жұту – біз үшін ұлы құрмет! Мен Астанада болған екі күн бойы осындай эмоция мен әсерлі күйді бастан кешудемін және сол үшін тағдырыма ризамын. Мен Қазақстанға қиын кезеңде, күрделі саяси жағдайларда әрдайым Түркияға көмекке келіп отыратыны үшін алғыс білдіргім келеді. Біздің елдеріміздің дара жолдарынан таюын тілеп, әр қатемізге қуануға даяр тұратын ішкі-сыртқы күштер бар. Олар Түркияны «екінші Сирияға» айналдыра жаздады. Түркия қиналған шақта жоғары мәртебелі Президент Назарбаевтың әлемдік лидерлер арасында бірінші болып, бізге сапармен келуі – бізге қуатты демеу берді. Бұл демеу тас қараңғыда көрінген жарыққа тең еді! – деп жоғары бағалаған түркиялық қалаулы өз елінің де Қазақстанға және түркітілдес елдерге көмекке келуге әзір екенін жеткізді.
Бір айта кетер жайт, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия парламентшілерінің бұл басқосуы Астанада өткен Ғылым, технология және инновация жөніндегі Азиалық парламентаралық форум аясында ұйымдастырылды. Онда түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясы делегацияларының өкілдері әлеуметтік-мәдени мәселелер, сонымен қатар ғылым, инновация және технологияны дамыту бойынша түркітілдес елдердің ынтымақтастығы бойынша пікір алмасты.
Абай-ақпарат