ӘЛИХАНТАНУ – НӨМІРЛІК ЕМЕС, ӨМІРЛІК ІС
Редакциядан:
Өткен аптада «Ана тілі» газетінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Мәмбет Қойгелдиевтің шығармашылығы хақында профессор Талас Омарбековтың «Алғашқы әлихантанушы немесе әріптес-дос, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің шығармашылығы хақында» атты мақаласы жарық көрген екен. Ал, бүгін сайт поштасына алаштанушы ғалым, PhD, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлының «Ана тілі» газетіне шыққан Т. Омарбековтің материалында айтылған кейбір ойларға қарсы өз уәжін келтірген материалы келіп түсті. Біз Талас Омарбековтің мақаласын жария еттік. Енді міне, Сұлтан Хан Аққұлының материалында оқырман назарына ұсынып отырмыз!
abai.kz
«Ана тілі» газетінің 15-21 қыркүйек № 37 (1347) санында тарих ғылымдарының докторы Талас мырза Омарбековтың «Алғашқы әлихантанушы немесе әріптес-дос, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің шығармашылығы хақында» атты мақаласы шықты. Дұрыс, мұндай әріптестік мақала өте қажет. Оның үстіне Мәмбет Құлжабайұлы – Алашқа аянбай тер төгіп келе жатқан абыройлы ғалым. Оның Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш автономиясы, Алаш Орда үкіметінің тарихын зерттеуге, оның ішінде әлихантануға қосқан зор үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Мәкеңнің ерен еңбегіне мен де шын көңілмен тәнтімін, ғылыми шығармашылығына бас иемін. Қадірлі ғалым ағамызды айтулы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын, ғылыми ізденістеріне зор табыс пен жетістік тілеймін.
Профессор Т.Омарбековтің мақаласын оқи отырып, «әй, осы біз біреуді мақтай отырып, біреуді түйреп өту әдетін неге қоймаймыз» деген ой санамызда жаңғырды. Мақаладағы «әлихантануда белсенді еңбек етіп», бірақ «кейбірі (!) бұл бағытта алғашқы болуға құмар-ақ» деп жастарға тиісуі автордың осы еңбекті басқа да бір мақсатпен жазғанын аңғартқандай. «Мұндайда біз оларға (яғни жас ғалымдарға. - С.А.) «аталған ағаларымыздың ерен еңбектерін естен шығармағандарыңыз абзал» дер едік», - деп Талас Омарбеков асып-тасыған, «алғашқы болуға құмар» кейбір жасқа қатаң ескерту жасайды. Оның үзілді-кесілді мәлімдеуінше, «бүгінгі қазақ Мәмбет Құлжабайұлына толық мағынада алғашқы әлихантанушы деп бағалауы керек». «Алғашқы әлихантанушы» деп мақаланың аты айқайлап тұрғандай, автордың негізгі көздегені де - Мәмбет ағамызды «алғашқы әлихантанушы» етіп таныту. Ал «әлихантануда белсенді еңбек етіп», «алғашқы болуға құмартып» жүрген жастардың «кейбірі» деп автор мені меңзеп отырғаны еш күмән туғызбайды.
Енді буын арасында әлімсақтан келе жатқан қайшылықты аңғартатын сұрақ туады: осы бір тұлғаны тануда «бірінші» (алғашқы, тұңғыш), «екінші» деп нөмірлеу қайдан шыққан үрдіс? Нақты жағдайда одан әлихантануға қандай үлес қосылады?
Менің білуімше, М.Қойгелдиев әлем тарихында мұндай нөмірлеу болмайтынын жақсы біледі. Ал, енді адам ретінде де, пенде ретінде де мен еш жерде «бірінші әлихантанушымын» деген емеспін. Алайда әлихантануда біраз нәрсе білетінімді тарихи тұлғаның көптомдығын даярлағанымнан жұрт біледі деп ойлаймын. Әрине, адам ретінде біреудің ойы, сөзі біреуге ұнамай жатады. Мысалы, биыл көктемде ҚР Президенті мұрағатында ұйымдастырылған кездесуде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары С.Смағұлованың қойған «лайықты» сұрағына берген жауабында Мәкең өкпесін бүкпей айтқаны бар. Ең қызығы, өз басым қатты сыйлайтын Мәкеңнің маған деген тіпті «қара қазандай өкпесі» болсын делік, ал С.Смағұлова сынды тарихшы ғалымның менен ала алмай жүрген атадан қалған өші өршісе, біріншісі аға ретінде, екіншісі әріптес ретінде бетіме неге айтпайды? Өкпе демекші, Мәмбет ағаның маған емес, менің ол кісіге өкпе айтуыма толық негіз бар-ды. Оған төменірек тоқталармын.
Енді нақты мәселеде сөзімді құрметті Талас Омарбековке арнағалы отырмын.
Біріншіден, ғылымның және ғалымның бағасы кімнің 1-ші, кімнің 101-ші әлихантанушы болғанында ма? Одан әлдеқайда маңыздысы - ұлт көсемі, Алты Алаштың басын біріктіріп бүгінгі Қазақ елінің берік іргетасын қалап, оның тұңғыш басшысы болған, қалың ел арасында, оның ішінде ғалымдар арасында «демоктратиялық негізде тұңғыш сайланған Қазақ елі басшысы» деп танылған Әлиханның өмірі мен сан қырлы қызметін терең де жан-жақты зерттеп қана қоймай, қалың елге кімнің қалай таныта алғанында емес пе?
Екіншіден, мен ешбір сөзімде, ешбір мақалада, кітапта «алғашқы» немесе «№ 1 әлихантанушымын» деп айтқан да, жазған да емеспін. Түсіме де кірген емес. Мен үшін ондай «атақ-даңқтың» еш мән-мағынасы, маңызы жоқ. Ғылыми дәрежесіз, ғылыми атақсыз-ақ көзі тірісінде ғұлама ғалым атанған Әлиханның үлгі-өнегесі мен үшін әлдеқайда қымбат. Ондай атаққа, анық байқауымша, өзіңіз сияқты ғалымдардың үлкен буыны әуес.
Ақыры нөмірлеу маңызды болса, «алғашқы әлихантанушы» атағын ХХ ғасырдың 20-30-жылдарынан бері әр қилы деңгейде жазған Мартыненко, Бочагов, Кемеңгерұлы, Сейфуллиндерді айтпағанда, 60-жылдардан бері зерттеу жүргізген, осы бағытта азды-көпті ғылыми еңбек не мақала жазған Кеңес Нұрпейісов, Мұхамбетқали Жақсалиев, Жайық Бектұров, Юрий Поповтарға неге бермеске? Атап айтқанда, марқұм Кеңес ағамыздың Алаш және Алашорда қатысты монографиясы сонау 1968 жылы жарық көрсе, экономист М. Жақсалиев 70-жылдары-ақ Ә. Бөкейханның экономикалық көзқарасын саралап, диссертация қорғады. Ал марқұм Ж. Бектұров Қыр баласы – Елағасы Әлиханның өмірі мен қызметін совет дәуірінде-ақ тереңінен толғатып, 1989 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде «Үш Әлекең» атты мақала жариялады. Осы еңбекті біз абайтанудағы Әлиханның 1905 жылғы «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты азанама-мақаласымен қатар қоюға тиістіміз.
Ұлт көсемі Әлиханның жалғыз «Қазақ» газетіндегі емес, «Дала уалаятының газетіндегі» мақала-жазбаларын көз майын тауысып көшіріп, өңдеп жариялауды 80-ші жылдары-ақ бастап кеткен марқұм Үшкөлтай апай Сұбханбердина, оған қоса Сәрсенбі Дәуітұлы, Ғарифолла Әнес пен Аманқос Мектеп неге аталмаған? Егер сіз, Талас мырза, «қара қылды қақ жарған әділ би» болсаңыз, осы есімдерді неге ұмытасыз? Кеңес Нұрпейсовтің «Алаш һәм Алашорда» атты «салмақты еңбегі» (сіздің сөзіңіз бойынша) М.Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты докторлық монографиясымен қатар шықпағанын, оның ізашары 1968 жылы шыққанын қалайша ұмытып қалдыңыз?
«Ұмытшақтығыңыздың» сырын түсінуге болады: К. Нұрпейісовтің 1968 жылғы еңбегінде Алаш қозғалысы мен оның көсемі Әлихан, советтік сыңаржақ идеологияға сәйкес, «буржуазияшыл ұлтшылдар қозғалысы» және «буржуазиялық ұлтшылдар көсемі» болатын да, ал М. Қойгелдиевтің монографиясымен қатар қайта басылғанда – Алаш та, оның көсемі де «ақ» болып шықты. Басқаша айтқанда, 1991 жылға дейін советтік мифологияның табанды апалогеті әрі адал насихатшысы болып келген тарихшылардың үлкен буыны әп-сәтте тәуелсіздіктің мызғымас тірегіне айналғаны үшін Хан Кене, Ә.Бөкейхан негіздеген елдік рухқа, Тәуелсіздігімізге шексіз риза болуымыз керек шығар... Әйтпесе 1986 жылғы Желтоқсанға тарихшылар қандай баға бергенін ұмыта қойған жоқпыз...
Талас аға, сіз тарихшының әр дерекке жауапты болуын менен артық білесіз. Әріптес-досыңыз М. Қойгелдиевті «алғашқы немесе № 1 әлихантанушы» ретінде таныту үшін оның 1994 жылы басылып шыққан зерттеуін дәлел етесіз. Оған дау бар ма? Бірақ, бірақ..., әділін айтсақ, сіз көп нәрседен бейхабар екенсіз.
Рас, Мәмбет аға құрастырған «Әлихан Бөкейханов. Шығармалар» атты жинақ 1994 жылы, ал мен құрастырған «Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное» жинағы 1995 жылдың қарашасында шықты. Алайда, сіз мына мақалаңызда «Қазақ энциклопедиясынан» шыққан осы жинаққа Рымғали Нұрғалиевті «жетекші» етіп қойыпсыз. Бұл, Әлихан Бөкейханның сөзімен айтқанда, марқұм Рымғали ағамызға жапқан «қып-қызыл жала».
Ақиқаты - Р. Нұрғалиев бастаған «Қазақ энциклопедиясы» ол жинақты басып шығарушы ғана. Оған көз жеткізу үшін жинақтың «титулкасына» бір үңілсеңіз болғаны. Әйтпесе «әлихантанушылықты» Мәкең құрастырған жинақты шығарған «Қазақстан» баспасына және оның директорына да беруге болады.
Ал сіз іздеген әділдікке келсек, Әлихан Бөкейханның тұңғыш таңдамаласының 1992 жылдың қазан айынан 1995 жылдың қарашасына дейін баспадан шыға алмаған «тар жол тайғақ кешу» хикаясы бар. Тұңғыш таңдамалыға «тар жол, тайғақ кешкізген» Рымғали ағамыздың өзі болатын.
Алаш көсемінің қазақ-орыс тілдеріндегі бай мұрасы (таңдамалысы) мәшеңкеге басылып, жүйеленіп, түзетіліп, 1992 жылдың қыркүйегінде марқұм Қалдарбек Найманбаев басқаратын «Жазушы» баспасына 1 том емес, 3 томдық жинақ ретінде тапсырылған-ды. Ол кезде Қ. Найманбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары қызметін қоса атқаратын. Мәшеңкемен терілген 1380 беттен, 100-ден аса тарихи сурет пен мұрағаттық құжаттан тұратын 3 томдық жинақ «Жазушы» баспасының жұмыс жоспарына енгізіліп, 1993 жылдың І тоқсанында жарыққа шығуға тиіс еді. Бірақ жинақтың «Жазушыға» берілгенін әріптесім әрі досым Дихан Қамзабекұлынан есітіп білген Р. Нұрғалиев осы жолдардың авторын «2-3 айда шығарып беремін» деп ант-су ішіп иландырды. Ғалым ағамыздың сөзіне қалай сенбессің! «Жазушыға» бергеніме 1 айда болмаған 1992 жылдың қазан айында (!) 3-томдықты қайтарып алып, «Қазақ энциклопедиясына» тапсырдым. Рекең сөзінде тұрса, Әлихан Бөкейхан мұрасының 3 томдығы 1992 жылдың желтоқсанда жарық көретін еді. Алайда, көп ұзамай сенгіштігіме қатты өкіндім. Рымғали ағамыз «Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное» жинағын «әне-міне шығадымен» 3 жыл 1 ай ұстап, 1995 жылдың қарашасында шығарды. Ол аздай, «қаражат жоқ» деген желеумен 3 томдықты шолтитып 1 томға дейін қысқартты. «Қаражат жоқтың» сырын энциклопедия қызметкерлері ашу-ызамен жыр қылып айтып жүретін. Сіз «жетекшілік етті» дейтін Р. Нұрғалиев энциклопедияның қаражатына қызметтік «Волга» сатып алып, Әлихан Бөкейхан жинағының 3 жыл шықпай жатып қалғаны өз алдына, редакция қызметкерлеріне талай ай бойы еңбекақы «бергізе алмағанына» өзім куә болдым.
Рәкеңнің «Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное» жинағына жасаған «жетекшілігі» онымен бітпеді. Кітапты баспаға берудің қарсаңында, ол кісі мені кабинетіне шақырып алып: «Қазақша-орысша алғысөзге соавтор болып кірсем қайтеді?» деп сұрады. «Алғысөз телавторының бірі Мүсілім Базарбаев (ол кезде өзімнің ғылыми жетекшім) қарсы болмаса, мен қарсы емеспін» дегенім сол-ақ екен, жаңа басылғалы тұрған кітап нұсқасын оқу үшін келесі жолы энциклопедияға келсем, аты дардай Рәкең аты-жөнін алғысөзге ғана емес, менің орныма құрастырушыға да, ғылыми түсініктерге де, тіпті Әлихан шығармаларының библиографиялық көрсеткішіне де жапсырып үлгеріпті. Мен Ауған соғысын көрген азаматпын, сондықтан арамызда қандай қатты әңгіме болғанын айтпай-ақ қояйын. Энциклопедия басшысы Р.Нұрғалиевтің қулық-сұмдығын естігенде Мүсілім Базарбаев та қатты ашуланды. Дереу телефон соғып, Рәкеңе балаша ұрысқанын көріп, ол кісі үшін жерге кірірдей болып мен ұялдым. Қысқасы, Академиядағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры академик Серік Қирабаев Рымғали Нұрғалиевке үзілді-кесілді хат жазып (хаттың көшірмесі қолда бар), оған кітапқа тек соңғы сөз жазуға ғана рұқсат берді. Бұл хатқа түсініктеме берудің өзі артық.
Рымғали ағамыздың бар «әлихантанушылығы» - баспаға кетіп бара жатқан жинақты 1 ай ұстап, оған кірген материалдар негізінде жазған «Соңғы сөзі» мен оның орысша аудармасы болса керек. Мен сонда «шайнап берген нан – кейбір үлкен ғалым үшін ас бола береді екен-ау!» деген ойға қалдым.
«Алғашқы әлихантанушы» демекші, Талас мырза, Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханның 1937 жылы Бутырка түрмесінде түскен ақырғы суреті қайдан шықты, сіз соны білесіз бе? Білмесеңіз, оның қысқаша тарихы мынадай.
М. Қойгелдиевтің Ә.Н. Бөкейханды ақтау туралы бастама көтеріп хат жазғанына 25 жыл толды деп, оны ерлік етіп көрсетіпсіз. Есіңізде болса, 1991 жылы Совет Одағында, тіпті бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан армандайтын демократия мен еркіндік болатын. Ойлаңызшы, сонда Әлиханды кімнің алдында ақтау керек еді? Әлихан халқының санасында, алаш баласының жадында әрқашанда ақ болып сақталды, мәңгілік ұлт көсемі болып қала береді емес пе?
Әйтсе де, әділдік үшін айта кетейін, Әлихан Бөкейхан - КСРО Жоғарғы Соты пленумының1989 жылғы 16 мамыр қаулысымен, яғни М. Қойгелдиевтің хатынан 2 жыл бұрын толық ақталып қойған-ды. КСРО Жоғарғы Соты Алаш көсемі ісін оның інісі Райымжан Әзіханұлы Бөкейханның 1989 жылдың басында берген өтініші бойынша КСРО Бас прокуроры А.Я. Сухарев Жоғарғы Сот пленумынан істі қайта қарауды талап етіпті (Ресей Федералдық қауіпсіздік комитетінің Орталық мұрағаты: Р-34862 ісі, 229-232 парақтар).
Ал Мәкең ақтау туралы хат жазатын 1991 жылдың тамызында әріптес-досым Дихан Қамзабекұлы екеуіміз ғылыми іссапармен Ленинград пен Мәскеуге барып, кітапхана, мұрағат, мұражайларды 1 ай ақтардық. 2 апта Ленинградта жұмыс істеп, 19 тамызда пойызбен Мәскеуге жеткенімізде, дәл осы күні КСРО-ның бірінші және ақырғы вице-президенті Г. Янаев бастаған «ГКЧП» атты бүлік шыққан еді. 21 тамызда Форостан Мәскеуге оралған бойда М. Горбачев вице-президентке қоса оның сыбайластарын түгел, оның ішінде КГБ төрағасы В. Крючков та бар – бәрін қызметінен босатып, соңғысының орнына осыған дейінгі құрылыс министрі Вадим Бакатинді тағайындаған-ды. Осы жаңалықты ести салысымен, Дихан екеуіміз өзімізді іссапарға жіберген институт директоры Серік Қирабаевтың атынан КСРО-ның № 1 чекисі В. Бакатинге «КГБ мұрағатында жатқан Ә.Н. Бөкейхан ісімен танысуға рұқсат сұраған» хат жазып, оны өзім 22 тамыз күні КГБ-ның қабылдауына тапсырған едім. Бұйырып, жарты сағаттан соң В. Бакатиннің қабылдауына да кіріп шықтым. Ол туралы 18.02.2016 жылы «Алматы ақшамында» естелік те жаздым. Бұл 1991 жылдың 22 тамызы еді. Арада 1,5 ай өткенде КСРО КГБ-сының мұрағатынан 20 құжаттың және Әлиханның тергеу кезінде Бутырка түрмесінде түскен ақырғы суретінің 2 данасы бар үлкен хат келіп түсті. Сурет алғаш рет сол жылдың соңында Шерхан Мұртаза басқаратын «Егеменді Қазақстан» газетінде жарияланды (06.11.1991 ж.). Хаттың ішінде ұлт көсемін тұтқындауға берілген ордер, Әлекеңнің өз қолымен толтырған «тұтқын анкетасы», қайраткерді өлім жазасына кескен сот өкімі, өкімнің орындалғаны туралы анықтама, ақтау туралы КСРО Жоғарғы Сотының қаулысы т.б. көшірмелері шықты. Тың мәлімет қатарында, мысалы, «тұтқын анкетасынан» Әлиханның 1870, 1865 немесе 1869 жылы емес, 1866 жылдың 5 наурызда дүниеге келгені біржола анықталды.
Cуретті берген Сұлтан Хан Аққұлұлы
Міне, биыл КСРО КГБ-сы мұрағатына ең бірінші болып қазақ ғалымдарының жол салғанына 25 жыл толған екен. Осынау айтулы оқиғаны неге атап өтпеске?! Дихан екеуіміздің бұл әрекетімізді қып-қызыл авантюра десе де, ерлік десе де артық болмас. Бірақ сіз үшін 2 жыл бұрын ақталған ұлт көсемін «қайта ақтау туралы» хат жазу зор ерлік көрінеді.
1991 жылғы Ленинград пен Мәскеуге барған іссапар нәтижесінде Әлиханның «Сибирские вопросы» журналы, «Известия...» және «Записки Западно-Сибирского отдела ИРГО» басылымдарында, «Сын отечества», «Речь», «Наша жизнь», «Мусульманская газета», «В мире мусульманства», «Особые прибавления к «Акмолинским областным ведомостям», «Дала уалаятының газеті», «Семипалатинские областные ведомости» газеттерінде жарияланған бұрын отандық тарихнамаға беймәлім еңбектерін, зерттеу-мақалаларын тауып алып келдік. Бұл -кез-келген жылғы тігіндісін емін-еркін тапсырыс беріп алуға болатын «Қазақ» газетіндегі мақалаларды көшіріп кітап етіп шығару отандық ғылым үшін жаңалық еді деп айтпас едім. Өйткені, ол газет Пушкин кітапханасында да, Академия кітапханасында да, КазГУ-дің журналистика факультеті зертханасында да ашық тұрды. Тіпті біраз ғалым кеңес заманында «Қазақ» газетіндегі Қыр баласы мұрасын тұспалдап болсын әдебиеттер тізіміне енгізді.
Ұлт көсемінің жоғарыда айтылған 3 томдық таңдамалы жинағы осы Ленинград-Мәскеу сапарының нәтижесінде құрастырылып, 1992 жылдың жазына қарай толық теріліп, қазақша-орысша алғысөзімен, ғылыми түсініктерімен, библиографиялық көрсеткішімен дестеленіп, Орынбор-Омбы ғылыми іссапарының ізінше күзде «Жазушы» баспасына, артынша «Қазақ энциклопедиясына» тапсырылған-ды.
Әлихантанушылар жақсы біледі, 1991 жылғы Ленинград-Мәскеу сапарында «Сибирские вопросы» журналының 1908-1910 жылдардағы сандарына, «В мире мусульманства», «Мусульманская газета», «Сын отечества» газеттеріне шыққан ондаған очеркі, мақаласы, «Къ десятилетію Первой Государственной Думы» жинағында жарық көрген «Выборы в Степном крае» атты естелігі сияқты қаншама тың мұрасы, ал 1992 жылғы Орынбор-Омбы іссапары барысында «Степной пионер», «Степной край», «Семипалатинские областные ведомости», «Семипалатинский листок», «Иртыш» сынды газеттерде жарияланған қаншама туындысымен қоса, қазақтың ірі қара малы мен шаруашылығы, қой тұқымы мен кәсібі туралы теңдессіз 2 монографиясы табылды. Ал «Қазақ» газетінде шыққан Ғалихан, Ғ.Б., Қыр баласы, Қ.Б., Түрік баласы, Арыс ұлы сынды бүркеншік аттарымен шыққан мақалаларын фотокөшірмеге 1991 жылы-ақ түгел түсіріп алған едім.
М.Қойгелдиев шығарған 1994 жылғы «Әлихан Бөкейханов. Шығармалар» жинағының мұқабасына және ішіне үңіліп қарасаңыз, онда Әлиханның 1994 жылға дейін ешқайда жарияланбаған беймәлім суреттерін көресіз. Еңбек кіріспесінде Мәкең осы суреттер үшін Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатоваға тәңірі жарылқасын айтады. Марқұм Гүлнар апай үшін де, Мәмбет аға үшін қолайсыздау болатын мына жайтты еріксіз есіме алып отырмын. Ол туралы жазу ойыма кірген емес-ті. Бірақ оған Талас мырзаның мақаласы мәжбүр етіп отыр.
Қолайсыз дейтінім, әлгі суреттердің бірі де Гүлнар апайдікі емес-ті. Әлиханның 1906 жылдың шілдесінде «Выборг үндеуіне» қол қойған соң, Выборг түбіндегі Териоки мекенінде таратылған Мемлекеттік І Дума депутаттарымен түскен суреті 1991 жылғы Ленинград-Мәскеу сапарынан, ал 1930 жылдары Мәскеуде түскен суретін (кітапта «Әлихан Бөкейханов. 1920-жылдарда» деп қате жазылған), ұлт көсемінің сүйген жары Елена Яковлевнаның бүгінгі күнге жеткен жалғыз суретін, сондай-ақ Смағұл Сәдуақасұлы мен Зейнеп (Елизавета) Әлиханқызының, Елизавета мен перзенті Ескендір Смағұлұлының суретін Дихан Қамзабекұлы екеуіміз 1992 жылғы Омбы сапарынан тапқан едік. Соңғысын Смағұлдың Омбы облысы Любин ауданында тұратын жақын туысы Рақымжан Аронұлы Жусанов деген ақсақалдан сұрап, «жариялайтын болсақ, сізден алғанымызды, сіздің аты-жөніңізді міндетті түрде жазып көрсетеміз» деп сендіріп алып, Омбыдағы бір фотоательеде көбейтіп, түпнұсақасын поштамен кейін салып жіберген едік.
Рақымжан ақсақал бұл суреттерді, жаңылыспасам, 60-жылдары Мәскеудегі Елизавета Әлиханқызына амандаса барғанда Алаш көсемі қызының өз қолынан алған. Іссапардан оралған соң, суреттердің бір-бір данасын «алтынның сынығы ғой, Әлиханның көзін көрді ғой» деп, мен Гүлнар апайға сыйлап едім. Көп ұзамай суреттер М. Қойгелдиевтің кітабында Рақымжан ақсақалдың емес, Гүлнәр апайдың атынан жарыққа шығып кетті. Мұның мәнісін сұрағанымда, апамыз «жариялана бергені дұрыс қой» деп ақталды. Әрине, бұл қолайсыз жағдайға Мәмбет ағаның ешқандай да кінәсі жоқ. Әйтсе де, осы жағдайды кезінде айтқанымда, Мәкең суретті кімнің қайдан тауып, кімнен алғанын түсіндіріп мақала беремін деп жұбатты. Бірақ ол сөзін әзірше дейін бе, әлі де дейін бе, әйтеуір орындаған жоқ. «Ер мойнында қыл арқан шіріместі» білетін Мәкең оны теріске шығармас. Ал енді кім кімге өкпелеу керек, Талас мырза, әділ төрелігін өзіңіз айтарсыз!
«Әлихантану» - тек кітап, мақала жазу немесе ғылыми-зерттеу жүргізу ғана емес, заман талабына сай теледидар мен радиоэфирге де шығу емес пе! «Қазақ энциклопедиясы» Әлиханның тұңғыш таңдамалысын шығармай, 3 жылдан аса «ақ малтаны езіп отырғанда», 1993-1994 жылдары Алматыда және Әлекең Орман институтын бітірген Ленинградта, ақырғы 15 жыл өмірін өткізіп (Большой Кисловский переулок, 4 үй, 15 пәтер), 2 рет абақтыда отырған (Бутырка түрмесі), ату жазасына кесіліп, сүйегінің күлі жерленген Мәскеуде (Дон зираты) ұлт көсемінің өмірі мен қызметі туралы қазақ тілінде «Қыр баласы» атты 6 сериялы, «Абай және Әлихан» атты 1 сериялы, орыс тілінде 2 сериялы деректі фильм түсіріліп, олар 1993-1994 жылдары орталық телеарнадан (ол кезде күндіз-түні елдің жағдайы туралы ертегі айтатын «Хабар» телеарнасы әлі жоқ) үзбей қайта-қайта көрсетілді. Талас мырза, сіз (Мәмбет аға да) «Қыр баласы» фильмін көрмедім демессіз. Ол фильм қазір Ұлттық телеарнаның «Алтын қорында» сақтаулы.
Қазақ тіліндегі газет-журнал, ғылыми басылымдарды былай қойып, оқырман аудиториясын кеңейту үшін Әлихан туралы тың зерттеулер мен мақалалар 1992-1995 жылдары «Казахстанская правда», «Юридическая газета», «Шахар», «Простор» сияқты газет-журналдарға жарияланды. Бұлар - Мәкеңнің 1994 жылы жарық көрген «Әлихан Бөкейханов. Шығармалар» жинағынан бұрын да, кейін де атқарылған жұмыстар. Бұл істерді мен «алғашқы» немесе «№ 1 әлихантанушы» атану үшін тізбектеп келтіріп отырғаным жоқ. Егер ол атақ Мәмбет аға үшін аса қымбат болса, оны сол кісіге беруді қуана-қуана қолдаймын.
Ал енді өзін «әлихантанушы» санайтын әрбір тарихшы, әдебиетші, қаламгер, мейлі ол «алғашқы» болсын, мейлі 1001-ші болсын, тұлғатануға қосқан үлесіне тоқталсам, өз басым жоқ жерде кішіпейілділік немесе жалған ұялшақтық көрсетіп әуре болмаймын. Барын айтамын. Қате сөйлеп тұрғанның қателігін де көрсетемін.
Биыл ұлт көсемі, ХХ ғасырдағы Қазақстанның берік іргетасын қалап, оның тұңғыш басшысы болған Әлиханның туғанына 150 жыл толуы (Т.Омарбеков ағамыз мақаласында қателесіп жазғандай, 100 емес), өкінішке қарай, ЮНЕСКО Қарарына сәйкес халықаралық деңгейде емес, жетім қыздың тойындай өтіп жатыр. Әйтсе де, 12 жыл сыртта жүріп, елге оралған 2013 жылдан бері Әлиханның 150 жылдық межесін ЮНЕСКО-ның айтулы даталар мен мерейтойлар тізіміне енгізу керектігін ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Қазақстан Ұлттық комиссиясының санасына жеткізіп, оның негіздемесін ағылшын және орыс тілдерінде жазып беріп, ақыр аяғында аталған ұйымның Бас конференциясының 2015 жылы қарашада болып өткен 38-сессиясының күн тәртібіне қоюға кім мұрындық болғанын сіз білесіз бе, Талас мырза? ЮНЕСКО осы басқосуында Ә.Н.Бөкейханды дүниежүзілік деңгейде тұңғыш рет «шынайы әлемдік деңгейдегі даңқты қайраткер» деп мойындады! Бұл тарихи оқиғаны тарихшылармен бірге жалпы жұрттың да біле жүргені жөн. Ал енді, Тәке, жойқын ашаршылық туралы елеулі зерттеу жүргіздіңіз. Ашаршылықтың алдында қазақтың саны ресми «санақ» бойынша 3,9 миллион емес, 7,2 миллион болғанына куә болғанӘ.Бөкейханның мәліметі осы ұлттық геноцид мәселесіне әлем назарын аударуға аянып қалмассыз деп ойлаймын. Әйтпесе, «бәрін зерттеп тастадық» деп, нешінші нөмірлі зерттеуші екенімізді айтып тоқмейілсіп жүре берейік пе?
Биыл Әлиханның 150 жылдығы құрметіне Қазпоштаны арнайы марка шығаруға, Ұлттық банктің 100 теңгелік естелік монетасын әзірлетуге, Мәжіліс пен Сенат депутаттарын сауал жолдатуға кім көндіріп, түрткі болды екен, содан хабардарсыз ба?..
Әлихан Бөкейханның бүгінгі ұрпаққа қалдырған бай әрі теңдессіз мұрасын 25 жылдан астам уақыттан бері тірнектеп жинап, 150 жылдығы құрметіне 15 томдық жинақ етіп баспаға әзірлеп берген кім екен?
Ұлт көсемінің бай мұрасын жинаумен қатар, оның күреске толы бүкіл ғұмырын зерттеп, қазақ және орыс тілдерінде бөлек 2 томдық монография жазып, басып шығарған адамды сіз «әлихантанушылар» санатына жатқызасыз ба, жоқ па? Айта кетейін, бұл монографияның шамалы қысқартылған нұсқасы қазір түрік, украин, ағылшын тілдеріне аударылып жатыр. Ол Алаш автономиясының 100 жылдығы құрметіне 2017 жылы Анкарада, Киевте, Астанада үш тілде басылып шықпақшы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Талас мырза, жастарды «алғашқы болуға құмар-ақ» деп сынап, «ағаларыңыздың ерен еңбектерін естен шығармағандарыңыз абзал» деп ескерткеніңізде, аға жасына жетіп қалған «сол жастардың» қол қусырып отырмай, өзіне дейінгі буын өкілдерінен артық болмаса, кем істемегенін ойыңызда ұстағаныңыз абзал-ау!..
Ал, дерек бұрмаланса, тарих ғылымның докторы түгіл қарапайым студент, оқушы да немқұрайлы қарамайтынын оқырман жақсы түсінеді ғой деп ойлаймын.
Сұлтан Хан Аққұлы
Астана, 21.09.2016
abai.kz