Ауыл шаруашылығына қатысты субсидияны алу үшін кеңсе кезіп сандалмайсыз
Оңтүстік Қазақстан облысында Ауыл шаруашылығына қатысты субсидияны алу үшін кеңсе кезіп сандалмайсыз, - деп хабарлайды Абай-ақпарат облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Енді, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау үшін кеңсе кезіп сандалмайсыз. Тек халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтінім толтырсаңыз болғаны. Сала мамандары тек жеке куәлігіңіз арқылы құжаттарыңызды рәсімдеп береді. Бұл туралы мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас маманы мәлімдеді.
Мемлекеттік көмек алу үшін шаруалар 30-ға жуық құжат әзірлейтін. Оның тең жартысы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы бітеді. Ал, қалған тірліктер аудандардағы бөлімшелерде тындырылатын. Енді жаңа жүйе бойынша осы жұмыстың барлығын Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асыруға болады.
Тағы бір айта кетерлігі, аталған қызмет түрінің біразын электронды жүйе арқылы да жүзеге асыруға болады. Бүгінгі басқосуда мамандар осы мәселені де түсіндірді. Мамандар мәліметіне сүйенсек, бұл жүйе шаруаларды құжат бастылықтан құтқарады және құжат әзірлеудің мерзімін қысқартады.
Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерде ескерусіз қалмайды. Жаңа жүйеде аталған азаматтардың да мүдделері қорғалған.
Абай-ақпарат