Мақтаралдықтар келесі жылы биылғыдан да артық мақта жинауға ниеттеніп отыр
Мақтаралдықтар келесі жылы биылғыдан да артық мақта жинауға ниеттеніп отыр, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Ішкі өнімінің басым бөлігін диханшылықтан алатын мақтаралдықтар көкше байлығын қыстың көзі қырауға ұрындырмай, жиып-теріп көңілі жайланды. Ала жаздай тер төгіп, жердің қыртысынан несібе айырғандардың еңбектері еленіп, марапатқа бөленді.
Мақтарал ауданының шаруалары биыл ақ алтын алқаптарын ұлғайтты. Мақта өнімі орта есеппен 27-28 центнердерді құрап, бағасы 160 теңгеден асып түсті. Шаруашылығының басым бөлігін осы дақыл құрайтын шаруалардың биыл айы оңынан туды. Өңірімізде өндірілген мақтаның 80 пайызы мақтаралдықтардың еншісінде.
Шалғай ауданның еңбекқор халқы жеміс-жидек өсіруді де жетік меңгерген. Алма, жүзім шаруашылықтарының да жыл санап, алқабы ұлғаюда.
Аптап ыстықта бақшада жүріп, бейнет етуден қашпайтын мұндағы дихандардың бір-ақ мәселесі бар. Шіліңгір шілдеде кейбір шаруашылықтарға ағын суды жеткізу - қияметтің қайымы. Алайда, алдағы жылдары қосымша каналдар арқылы бұл мәселенің шешімі табылатын сыңайлы. Аудан әкімінің сөзіне сенсек, келер жылы ауданда су тапшылығы болмайтын болды. Ақ алтынға молынан қарық болған диқандар, келесі жылы биылғыдан да артық мақта жинауға ниеттеніп отыр. Себебі өнімді төкпей-шашпай жинау, өсіру тәжірибесі жылдан –жылға артуда.
Абай-ақпарат