Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 3817 0 пікір 22 Желтоқсан, 2016 сағат 10:58

ПОЛИГОН САЛЫНСА, ХАЛЫҚ АУЫЗСУСЫЗ ҚАЛМАЙ МА, САПАРБАЕВ МЫРЗА?

«Керек инфо», «Ақтөбе таймс» газеттерінде  жарияланған №48. 08.12.2016 ж. «Байғанин ауданында мұнай қалдықтарының кесірінен мал қырылып жатыр» мақаласына орай.

Құрметті Б.Машбекұлы! Жақында Сенат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 18 тамыздағы Жарлығын орындау үшін Жер заңнамасына ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады  (Tengrinews.kz.). «Аталған Заң жобасын Елбасының өзі әзірледі», – деді вице-премьер. «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына жарияланған мораторий мерзімін 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылғаны белгілі.

Қазіргі таңда Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалы жағдайы, олардың пайдаланылуы, меншік иелелері мен жер пайдаланушылар туралы мәліметтер базасын құруға бағытталған ревизия және топырақтық, геоботаникалық зерттеу, оның кадастрлық құнын анықтауды қамтитын жұмыстар жүргізу жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, заң жобасы мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беруге байланысты мәселелерді заңнамалық тұрғыда реттеуді қолға алды. Айта кетейік, мораторий нормалары ауыл шаруашылығы мақсатына  берілген жерлердің барлығына да қатысты. Яғни, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер заңда көрсетілгендей полигондарға берілмеуі тиістігі де қаралған.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне араласуына мүмкіндік беріліп отыр. Заңда жергілікті халық тиісті әкімшілік-бөліністің аумағында табыс көзі болып табылатын жердің меншік иесі болып табылатыны, демек тұрғындар өз ауылында, кентінде жоспараланып жатқан кез келген іске араласуы тиіс. Заңда халық экологиялық, демографиялық және өзге де зардаптарға апаруы әбден мүмкін, аумақ халқының мүддесіне қайшы келетін кез-келген кешен құрылысын жүргізу, оның табиғи ресурстарын, табиғатын бүлдіру тек қана халықтың келісімімен ғана шешілетіндігі көрсетілген.

Сөйте тұра, қазіргі кезде «Эко Ойл Трейд» ЖШС-і Ноғайты ауылынан 19 шақырым жердегі «жер асты су қоймасының» территориясынан мұнай қалдықтарын өңдеп және залалсыздандыратын полигон құрылысын жоспарлап жатыр. Полигонның жалпы ауданы – 5 га, жобаланып жатқан жер телімінің жалпы ауданы – 3 га, бұрғылау қалдықтарының фракцияларының сұйық ертінділерін қабылдауға арналған қарта аумағы – 1600 кв. м. Сұйық мұнай қалдықтарын қабылдауға арналған карта ауданы – 400 кв. м. Әрқайсысының сыйымдылығы – 4400 куб.м. Олар халықтың қарсылығына қарамастан осындай полигон құрылысын іске асырмақшы. Ал, бұл территория астында «алып тұщы су қоймасы» орналасқан.

Су қоймасы: «Ноғайты – Жамансор ауыз су тасымалдау өндірістік мекемесіне» қарайды. Ноғайты – Жамансор ауыз су тасымалдау өндірістік мекемесі 1973 жылы іске қосылып, осы кезеңге дейін жұмыс жасап келеді. Мекеме, Батыс Қазақстан темір жолының ВОДЧ-4 бөлімшесі ретінде Ноғайты территроиясындағы «Қырдасын» маңынан шығатын, скважинадағы жер асты тұщы суын пайдаланып келеді. 1994 жылғы мәлімет бойынша су желісінің ұзындығы 168 км. Бүгінгі таңда мекеме тәуілігіне 6 скважина 2000-3000 куб. метр суды Ноғайтыдан көрші Атырау облысының Сағыз, Мұқыр, Жантерек, Жамансор елді-мекендеріне және сол өңірде орналасқан басқа да жеке шаруашылықтарына, сондай-ақ НОД-4; 265; 279; 333; 377 бекеттеріндегі халыққа жеткізіп отыр. Қазіргі кезде бұл су тасымалдау кешені ауылдың инфрақұрылымдарының бірі ретінде оның әлеуметтік өміріне пайдасын тигізіп 10 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған өндірісті мекемеге айналып отыр. 

Ауыл өкілдеріне сөз берелік.

1970 жылдардан бері Ноғайты ауылында тұратын зейнеткер Зәлжан Сүйеуов те экологтардың сөзіне сенбейді. 

- Мұнайдың қалдықтарын өңдейтін полигон салынбақ. Оған мен үзілді-кесілді қарсымын. Өйткені жобалаушылардың айтуынша, жердің бетіне полиэтилен төселеді. Біраз уақыт жерде жатқан мұнай қалдықтары кейін аспанға өздігімен ұшып кетеді екен. Полиэтиленнің орнына темір неге төселмейді? Халыққа өтірік айтып алдайды, - дейді ол. 

40 жыл бойы су бөгетінде жұмыс істеген Зәлжан Сүйеуовтың айтуынша, Ноғайтының астында тұщы судың ірі қоры бар. 

- Ойыл ойпаты 80-90 шақырым аумақты алады. Яғни осы жердің барлығы ірі су қоймасы деген сөз. Ал қазір Ноғайты ауылынан 19 шақырым жерге полигон салайын деп жатыр. Ұңғыма су қоймасынан 7-8 қашық-тықта жатса да, ол тоғанға кері ықпал етеді. Судың құрамын бұзады. Халыққа өтірік айтып алдайды. Бұл бүкіл халыққа жасалып отырған қастандық деп ойлаймын, - дейді ақсақал. 

Су бөгетінің бригадирі Қалжан Бекболат та полигон салуға наразы. Оның айтуынша, қазір су таза. Алайда полигон салынса, тұщы судың ластануы әбден мүмкін. 

- Бұл нысан 1975 жылдан бері су айдап тұр. 10 мың халқы бар Атырау облысының Сағыз ауылын сумен қамтамасыз етіп отыр. Тұшы суды Мұқыр ауылының тұрғындары да ішіп отыр. Бөгеттен Ноғайты ауылының тұрғындары да су алады. Судың тазалығын жұрттың бәрі мақтайды. Полигон салуға үзілді-кесілді қарсымын. Өйткені жердің астынан су алып отырмыз. Лас қалдықтарды жерге төккесін, ол суға барып сіңеді, - дейді маман. 

Ноғайты ауылының тұрғыны әрі кәсіпкері Айқан Борашев та полигонның құрылысына қарсы. Ол полигон туралы хабарды “Керек.INFO” тілшісінен алғаш естіп отырғанын айтты. Яғни тұрғындардың басым бөлігі полигонның салынатындығы туралы мүлдем естімеген. 

- Ауыл тұрғындарының атынан бұған қарсылық білдіреміз. Себебі бұл жерде мал жайылады. Жер астынан шығып жатқан су Атырау облысына дейін таралады. Қазір малдан басқа қолымызда ештеңе жоқ. Мал бағумен күн көріп отырмыз. Полигонға қатысты жиынға мені ешкім шақырған жоқ. Полигон салып, айналамызды улай бере ме? Ақша жинайтын жиналыс болса, біздерді шақырады. Ал осындай маңызды жиналыс туралы хабарламайды, - дейді жергілікті билік өкілдеріне наразы кәсіпкер («Керек инфо» газеті, №48. 08.12.2016 ж). 

Полигон құрылысына қарсылық білдіріп Ноғайты, Ебейті, Айрық, Қопа ауылдары халқы қол жинады. Бұл жерлер өңір халқының «мал жайылымы», жернің асты болса тұтынып отырған «ауыз су» көзі. Өз жерінде жүріп, біреудің отына жылынғандай күй кешіп, құзырлы органдарға ықпал етердей сөзінде де, ісінде де пәрменінің жоқтығы ауыл халқын ашындыруда. Талапқа сәйкес келмейтін «ашық-тесік» қырық жамау полигон құрылысының елді-мекеннен әкетілуін және халық пікірі ескерілмей белден басатын болса, аймақтағы әлеуметтік-қоғамдық ахуалды ушықтырушы басты фактор жобаны іске асырушы болатынын айтып, мұнан туындайтын барлық жауапкершілікті соларға жүктейтінін де ескертуде. Бұған қоса қараусыз қалған ұңғымалардан мұнай қалдығының ағуы да әр жерден орын алып отырғаны жасырын емес. Өз кезегінде – әділет, адалдық, кісілік туралы ұғымдар аяқ-асты етіп, халық сөзін сөйлейді деген жергілікті «өкілетті билік» халықтық мәселеде өздерінің бейжайлығымен сол дерттің «таратушысына», «жебеушісіне»  айналғандарын, осындай заңсыз салынған полигондар есебінен айнала қазақ ауылы тозып, ел иесі, жер иесі жалпы жұрттың тұрмыс-ахуалы күн озған сайын төмендеп, айнала малдарының қырылып жатқанынын да айтуда.

Құрметті Б.Машбекұлы! ҚР Энергетика Министрі бізге берген жауабында: «Облыс көлемінде мұнайқұрамдас қалдықтарды орналастыру мен залалсыздандыру нысандарына жер бөлу қажеттілігі жоқтығын» айтып отыр (Шығыс 01-05-6/1297 К; 15.05.2015). Жерді меншіктеу мәселесі өзекті болып отырған тұста бұл жағдай кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық: «Полигон жобаланған жер асты көзінен суын ішіп отырмыз, бұл жерге біздің малымыз жайылады. Ал мал ауырып қалса немесе уланып өлсе, оған кім жауап береді? Жерді бүлдіріп кеткендер халықты ойламайды, қалтасын ойлайды. Жерімізді ластамақшы «Эко Ойл Трейд» ЖШС–і мекемеcі неге жауапкершілікке тартылмайды?», – дейді жергілікті тұрғындар.  Біздіңше, басым халық қолдамаса бұл жоба тоқтауы тиіс, себебі заң солай дейді. Көпшілік полигон құрылысының жүргізілмейтіне сеніп, өзіңізге үміт артады.

 

Н.Қошаманұлы – дәрігер,

«Ядролық апатқа қарсы Халықаралық

Невада-Семей қозғалысы»-ның эксперттік және

облыстық Жер Кодексіне қатысты құрылған

«Үш жақты» комиссиясының мүшесі.

21.12.2016.

 

*Су қоймасы: «Ноғайты – Жамансор ауыз су тасымалдау өндірістік мекемесіне» қарайды. Ноғайты – Жамансор ауыз су тасымалдау өндірістік мекемесі 1973 жылы іске қосылып, осы кезеңге дейін жұмыс жасап келеді. Мекеме, Батыс Қазақстан темір жолының ВОДЧ-4 бөлімшесі ретінде Ноғайты территроиясындағы «Қырдасын» маңынан шығатын, скважинадағы жер асты тұщы суын пайдаланып келеді. 1994 жылғы мәлімет

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522