Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 13894 0 пікір 21 Желтоқсан, 2016 сағат 09:03

МАНДАТСЫЗ ПРЕЗИДЕНТ

Қырғыздың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері,

Қырғыз Елі Жогорку Кеңешінің депутаты,

«Ата Мекен» партясының лидирі

Өмірбек Серкешұлы Текебаев

туралы жыр


                    

1

Алатаудың ар жағы Қырғыз Елі,

Атамбаев билігін жүргізеді.

Текебаев даусынан сол қырғыздың,

Бізге күнде білініп тұр мінезі.

 

Алатаудың бер жағы Қазақ Елі,

Көктемі де, қысы да, жазы әдемі.

Бір туысқан екі елдің жылдар бойы,

Бодандықтың тартқаны азабы еді.

 

Бұйырған жоқ азаттық кеше тегін,

Қызыл қанның ағыздық неше селін.

Ортамызда асқақтап тұр Алатау,

Екі ұлына пана ғып екі етегін.

 

Екі елдің де суы бал, мекені құт,

Билеп тағы тұрған жоқ бөтен ұлық.

Алатаудың шыңында түйіседі,

Түтініміз боз үйден көтеріліп.

 

Бөлінбейміз анау ел, мынау елге,

Ер саламыз бір сәтте құлагерге.

Бұлбұлымыз сайрайды бір дауыспен,

Ботамыз да боздайды бір әуенде.

 

Жеп-ішеміз жыл бойы қарта, қымыз,

Таудан асқан тағы ортақ әр таңымыз.

Ыстықкөлге қырғыздар шомылады,

Мекендейміз Жетісу, Арқаны біз.

 

Бір болған соң өмірлік өлшемдері,

Құлақ түрем дүбірге көрші елдегі.

Қазақ-қырғыз ежелден батыр халық,

Қылпылдаған қылышы, семсерлері.

 

Тыңдап, көріп әр елдің әр алыбын,

Пайда болады екен бір санаңа ұғым.

Татар әнін тамсанып тыңдаймын да,

Қызықтаймын қырғыздың жаңалығын.

 

Бала кезде ақ таңнан оянып ап,

Мал баққамын атамның таяғын ап.

Көкқамырдың қырында, қой шетінде,

Оқып болғам Шыңғысын баяғыда-ақ.

 

Арман ортақ біздегі, ортақ үміт,

Сол арманға жеттік-ау мол сабылып.

Керек болса, жазамын өзім де өлең,

Емес маған ақындар сонша қызық.

 

Ап қалам деп туырлық, үзікті аман,

Күрестердің уы аз ба біз ұрттаған?!

Бір қауымның жүрген соң жоғын жоқтап,

Серкелердің шайқасы қызық маған.

 

Күндер кешіп тарихта жақсы-жаман,

Жеке-жеке ел болдық бас құраған.

Кетті, міне, келмеске сол бір күндер,

Нұсқау алып тұратын Москвадан.

 

Алаш десе, қырғызым – бір қанатым,

Дүниеге шығарған шындап атын.

Үйренері көп бізден олардың да,

Жеріміз көп біздің де үлгі алатын.

 

2

Елі үшін өлшеусіз есе, еңбегі,

Қырғыздың да көп екен көсемдері.

Білгіштері тағы көп, көп одан да,

Ауыздыға сөз бермес шешендері...

 

Біле ме екен қырғыздар сүйікті ұлын,

Алмайтұғын ұлтым деп күйіп тыным.

Сол көсемнің ішінде Текебаев

Өмірбектің еңсесі биік бүгін!

 

Жігіт екен бақ қонып, құт дарыған,

Биік болсын шыққаны, шықпағынан.

Сол білгіштің ішінде Текебаев

Сөз қозғайды көсіліп тіпті арыдан.

 

Білгіште аға болмайды, көсемде іні,

Елге аманат олардың есендігі.

Сол ділмәрдың ішінде Текебаев

Өмірбектің озып тұр шешендігі!..

 

Көтеріліп Баткен де, Талас... аулы,

Атқа мініп кәрі де, бала атаулы,

Ұмытқан жоқ дүние қырғыздардың,

Теңселткенін екі рет Алатауды!

 

Жұмылдырып қолда бар күш біткенді,

Ұлы ұранға Түндік те, Түстік те ерді.

Ұмытқан жоқ Жер жүзі қырғыздардың,

Толқытқанын екі рет Ыстықкөлді...

 

Жарасады Қаған да, Білге десең,

Туа бермес дәл мұндай күнде көсем!

Қуып салған Асқар мен Құрманбекті,

Сол күрестің басында тұрды Өмекем!

 

Болу үшін жұрт аман, ірге бекем,

Бар қырғызды өзіне бұрды Өмекем.

Бастап берді еліне шырқайтұғын,

«Еркіндік» деп аталған жырды Өмекем.

 

Басын талай қатерге тікті Өмекем,

Жақсылықты ертеңнен күтті Өмекем.

Ежесіне берді де бар билікті,

Білек түріп ортаға шықты Өмекем!

 

Үлгірді елін езілген түлетіп те,

Бірдей болды – кім төрде, кім есікте.

Айдағардай араны ашылғанның,

Екі аяғын тықты әкеп бір етікке!

 

Желбіреді Қырғыздың туы шыңда,

Түрмеледі сатқынын, ұрысын да.

«Ата Заңды» жасады өзі бас боп,

Ұстады елді сол Заңмен уысында.

 

Басылды жұрт даурықпай, дабырамай,

Тыншыды жел аптықпай, аңырамай.

Бес-алты жыл боп қалды содан бері,

Кіл тыныштық орнады мамыра жай.

3

Жырға қостым қырғыздың Өмірбегін,

Ашайын деп түнерген көңіл көгін.

Ізгіліктің жыршысы нағыз ақын,

Адалдықтың жаршысы менің де елім.

 

Жамандайды өз жұртын, кім көкесін,

Жігіт болсаң, еліңмен бірге өтесің.

Кейде еліңнің шебінен аттап өтіп,

Алыстағы бір жанды үлгі етесің.

 

Бүгін қырғыз нысана көп мергенге,

Бағып отыр шыңнан да, бөктерден де.

Жат жұрттағы біреуге сүйінесің,

Арманы мен арманың дөп келгенде!

 

Біліскенге не жетсін, танысқанға,

Сап тұрған жөн ат ізін алыс маңға.

Ағаң құсап кетеді бейтаныс жан,

Айтарың мен айтқаны қабысқанда...

 

Жылдар сені сынады жылжып аққан,

Мергенімсің атқанын шын құлатқан.

Қайтсем ғана түрмеге тоғытам деп,

Күндестерің көп жерден құрды қақпан.

 

Көз алдымда бүгінің, өткен ісің,

Сұмпайлардың сыпырдың бет терісін!

Сол қақпанның біріне бір қылшығын,

Келе жатқан ілдірмей Көк Бөрісің!

 

Естіп келем алыстан даусыңды, Ағам,

Маған шаттық – жүргенің ән күнгі аман!

Күні бойы бір қалмай жүреді еріп,

Журналисттер соңыңда саусылдаған.

 

Тайсалмайсың ешкімнен, бетпе-беттен,

Түлкіден де, арыстан, көк төбеттен.

Өзі таза кісінің – сөзі таза,

Дауысы да шығады өктем-өктем.

 

Арпалыспен көп жылдар сенделді жұрт,

Тумаса екен тағы да елден бүлік!

Тазамын деп айта алдың өзің ғана,

Бүкіл қырғыз алдында кеудеңді ұрып!

 

Саптастарың шықпады күткеніңнен,

Саған қайта қосылды жұрт бөлінген.

«Үлгі етсін деп мені елге Атамбаев!»,

Айттың бүкіл халқыңа нық сеніммен!!

 

Айналысқан басшы көп іргелі іспен,

Соның көбі күйде емес тым келіскен.

Естігем жоқ бұндай сөз өмір бойы,

Бір ағылшын, сенсеңіз, бір немістен!

 

Көргім келді қырғызды шын құтайған,

Жетіп оған, сенемін, тұр көш, айлаң...

Естігем жоқ мұндай сөз әлі күнге,

Ел басқарған бір орыс, бір қытайдан!!

 

Уақыт мынау өзендей зырлап аққан,

Қаламыз көп бір кезде құмға батқан.

Шықпасы хақ мүндай сөз ешқашанда,

Жемедім деп бір өзбек, бір қазақтан!!!

 

4

Асты да алтын жеріңнің үсті де алтын,

Қос бүйірден, білемін, қысты нарқың.

Сол алтынның буымен ұран салып,

Атқа мініп сан мәрте шықты халқың.

 

Толқып жатқан Қырғыздың әсем көлі,

Шақырады деп жүрмін қашан мені?

Азайды ма алтының Құмтөрдегі?      

Қырғыздардың екпіні бәсеңдеді.

 

Қалаң тозып тұрғанмен, көшең жүдеп,

Ел еңбекке, білемін, төселді көп.

Өз байлығың өзіңде болмаған соң,

Кетеді екен жұртың да есеңгіреп.

 

Сол Құмтөрге бір амал жоқ па әлемде?!

Қалың қырғыз басқа бір босты-ау елге.

Сеніп қойған серкеңіз соңғы кезде,

Қайта басқан секілді ескі әуенге.

 

Алсын айдай шындықты кім жасыра,

Шайқалып тұр тұғыры, тұлғасы да.

Соны көріп, баяғы Ер Өмекем,

Қайта келіп тағы да мінді атына!

 

5

Беріпті Аллам қырғызға айбатты ерді,

Сол бураға атан да, тайлақ та ерді.

Бір ғасырда береді бір халыққа,

Заман өзі бір ғана қайраткерді.

 

Ұлтым деген шынымен қайраткерге,

Отыратын орын көп жайнап төрде.

Уақыт – төре жазады есіміңді,

«Тарих» атты өзіңе сай дәптерге!

 

Жұтқан кезде дағдарып халық қайғы,

Заман бірден тұлғасын анықтайды.

Қайраткердің бұралаң жолы кейде,

Түзу мәнсап тиіп те жарытпайды.

 

Тарихта көп болған мұндай беттер,

Оңай емес болу да тынбай бапкер.

Мәнсапқа да көбінде пысқырмайды,

Ұлтым деген өмірде шын қайраткер.

 

Қызықпастан ен байлық, ірі баққа,

Ел басқарған тұлға көп тұрып артта.

Мен Дэн Сяопин ағаны жақсы білем,

Билік құрды мандатсыз жүріп-ақ та.

 

Даусың сенің соңғы кез сан естілді,

Аямадың қасқайып және ешкімді.

Мандатсыз-ақ «президент» болып жүріп,

Құрды Арафат ақыры Палестинді.

 

Өмір бойы кешкені шер мен нала,

Жер шары өзі, білесің, берген баға!

Тырп еткізбей ұстады Африканы,

Отырып-ақ түрмеде ер Мандела!

 

Аллам өзі қорғайды сүйікті ұлды,

Сақтықты өмір өзіңе жиі ұқтырды.

Қайраткердің беделі қай елде де,

Ел Басынан екі елі биік тұрды.

 

Тасқын суды тұлпарың кешті қанша,

Білмейді деп ойлама ешкім онша.

Алақанда әлпештеп қайраткерін,

Сосын халқы қолдайды текті болса!

 

Жетті маған талықпай алыстан үн,

Сенсең, тірі қырғызбен таныспадым.

Мүмкін, қырғыз танымай тұрған шығар,

Жүрген бүгін қасында данышпанын.

 

Орта көркем, тұр бүгін маңай жұтап,

Қайткенде де осы шақ – орайлы шақ.

Көрінесің сен маған бейне біздің,

«Мыңмен жалғыз алысқан» Абай құсап.

 

Азаматсың айбарлы, десі басым,

Алпысқа әлі бар екен екі жасың.

Бішкекте айтқан кешегі бір сөзіңмен,

АҚШ-қа да үлгірді жетіп атың!

 

Жақсылыққа бір табан тұрам бейім,

Мақпал айтқан сезініп шын әндейін.

Сені қазақ біледі, білмесе егер,

Тіпті біле түседі бұдан кейін!

 

Білем жақсы бағдарың, бағытыңды,

Көмейден жыр сол үшін ағытылды.

Сені жақсы көргеннің беті жарық,

Саған қарсы болғанның сағы сынды.

 

Құрсадағы жолыңа ел сандап тұзақ,

Саған қарсы көп жерде шаң қапты жақ.

Жөнге салып келесің сен де Еліңді,

Президенттік атақсыз, мандатсыз-ақ!

 

Су секілді боп тұрсың құмға себер,

Қауіпті де сезесің жылда төнер.

Жаман болмас еді-ау шын Қырғыз Елі,

Ақылыңды бір жолға тыңдаса, егер!

 

Ақын қалай жан сырын ірке білсін,

Менен сенің жаныңа жыр себілсін.

Саған тізгін жөн еді ұстатқаны,

Қадырыңды, шіркін-ай, білсе жұртың!

 

Азаттықты бастаған серке қырғыз,

Бір шеңберге симайтын ерке қырғыз,

Еліңді елден белгілі кем қылмасың,

Саған бір сәт билікті берсе қырғыз!

 

6

Саған бүгін арнадым бір таңды, Аға,

Қояр, мүмкін, ойымды жұрт аңғара.

Алты қырдың астынан бірден таныр,

Тұлпарлардың дүбірін тұлпар ғана!

 

Бермеу, мүмкін, ойымды ел тым аңғара,

Ортақ бізге көсілген ұлан дала.

Сол даланың көгінен бірден таныр,

Қырандардың саңқылын қыран ғана!

 

Емес сенің маған да мекенің жат,

Тәлім алдым өзіңнен өте қымбат.

Қазақ болып туыппын, қырғыз болсам,

Саған еріп ойланбай кетерім хақ!

 

Сынап көрдім көбін мен жорықта ердің,

Көрдім бетке шыққанын көбіктердің.

Мен мандатсыз президент бола алмаспын,

Ал, «Мандатсыз депутат» болып көрдім!

 

Түскен емес қолымнан қалам бір күн,

«Қалам ба?!» деп сырттағы алаң жұртым.

Мен мандатсыз президент бола алмаспын,

Ал, «Мандатсыз министр» болам, мүмкін!

 

Бір жақсылық еліңе болар түбі,

Биік болсын құсыңның қонар шыңы.

Ел қырғызды таныса Шыңғыспенен,

Мен қырғызды таныдым сен арқылы!

 

Шықтың, міне, арқалап жолға міндет,

Азаматсың түйгенің, толғамың көп.

Өзің айтып келесің әр сөзіңде,

Бізді, қазақ, көп жерде қорғадың деп.

 

Аңдып тұрған аз ба жау бұл екі елді,

Жіберу де жөн емес тым есеңді.

Қысылғанда қол ұшын бергені үшін,

Тастамайсың аузыңнан Нұрекемді.

 

Тұрсың бүгін үстінде ірі белдің,

Тыңдап, біліп жатырмыз жырын елдің.

Қырғыз аман болса екен деп тілейтін,

Сол қазақтың, Өмеке, бірі менмін.

 

Тиіспесін, тимесін жұртыңа ешкім,

Найзағайын Алатау күркіретсін!

Көрісерміз екеуміз, көріспеспіз,

Астанада бар деп біл бір тілекшім!

 

Туған күннің кәдесі, мұрасымы,

Үшін керек ақыннан жыр асылы.

Ол да сенің оңайдан соқпағаның,

Есіне алса қазақтың бір ақыны.

 

Сен секілді тұрғанда тебінді адам,

Түспеу керек бір мысқал көңілге алаң.

Қырғыз Туы мәңгілік желбіресін,

Елің де аман болсыншы, өзің де аман!!!

 Ауыт Мұқибек

19-20 желтоқсан, 2016 ж.

Астана қаласы.

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566