Берекені жерден тапқан сайрамдықтар биыл да зор жетістікке жетті
Биылғы ел Тәуелсіздігінің 25-жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырған «Алтын күз» мерекесі сайрамдықтардың ілгеріден келе жатқан еңбек дәстүріне адал екендіктерін тағы да бір рет айқындады. Ерте көктемнен қамданған ауданның ауылшаруашылық саласының еңбеккерлері енді міне, сол табанды, жанқиярлық қимылдың жемісін көріп отыр. Жалпы, Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде ауданда көкөніс, картоп, жеміс-жидек өсіру 4 есеге артты, ірі қараның саны 90 мыңға, жылқы 29 мыңға, қой-ешкі 14 мыңға жетті. Соның арқасында ет өндіру 8 мың тоннаға, сүт өндіру 79 мың тоннаға артқанын баса айта кеткен жөн. Диқандар қауымы саланың жұмысын одан әрі ширатып, көздеген межеге қол жеткізді. Тәуелсіздіктің мерейлі белесінде ауданда ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 13,2 есеге өсіп, ол 42,5 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар, биылғы жылғы 10 айда 40 миллиард 426 миллион теңгенің жалпы өнімі өндірілді. Ауыл еңбеккерлері осы мерзімде 291 000 тонна мал азығын жасақтап, 18800 тонна жеміс-жидек, 7600 тонна жүзім, 105000 тонна көкөніс, 54800 тонна картоп дайындады. Бидайдың гектар байлығы орташа есеппен 23,7 центнерден айналып, 37967 тонна астық қамбаға құйылды. Осының барлығы сайып келгенде, диқандардың ертелі-кеш табанды еңбегінің арқасында мүмкін болды.
Сайрамдықтар сондай-ақ, еліміздің азық-түлік қорын байытуға да салмақты үлес қосып келеді. Мәселен, биылғы 10 айда ауданда 16417 тонна ет, 97284,8 тонна сүт өндіріліп, 13 миллион 128 мың дана жұмыртқа алынды. Бұл көрсеткіштердің барлығы өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда анағұрлым артық. Аудан еңбеккерлері мемлекеттің «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары бойынша да өздеріне жүктелген тапсырмаларды еселеп орындады. Соның айғағындай, аудандағы мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 28 мың ірі қара семіртіліп жатыр. Аудан бойынша 10-15 ірі қараны бордақылау және жанұялық сүт аулаларын құру тапсырмалары да жемісті жүзеге асқанын айта кеткен орынды. Әрине, адам ағзасына өте қажет дәрумен болып табылатын көкөніс өсіру де ауданда мықтап қолға алынған. Қазір сайрамдықтар 79 жылыжайда жылдың төрт мезгілінде көкөніс өсіріп, дастархан байлығын молайтуға үлес қосып жүр. 513 гектар жерге тамшылатып суару әдісі ойдағыдай жүзеге асырылды. Аудан аумағындағы жалпы қуаттылығы 11400 тонна болатын 11 көкөніс пен жемісті қайта өңдейтін цех, тәулігіне 35600 тонна сүт өңдейтін 6 кәсіпорын, сондай-ақ, 440 тонна ет өңдейтін 4 кәсіпорын толық қуатында жұмыс атқарып тұр.
Дәстүрлі «Алтын күз» мерекесіне жиналған күллі қауымның алдында ауыл еңбеккерлерін береке мейрамымен құттықтаған аудан әкімі С.Сапарбаев өз сөзінде жоғарыдағы мәселелерді жан-жақты тілге тиек етті, диқандар мен бағбандарды, малшыларды биылғы қол жеткізген еңбек жеңісімен шын жүректен құттықтады. Аудан басшысы С.Сапарбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Ж.Сүлейменов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрайымы М.Қалыбаева ел дәулетін еселеп, аудан экономикасын нығайтуға үлкен үлес қосқан түрлі сала озаттарын бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Abai.kz