Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қылмыс 2846 0 пікір 14 Желтоқсан, 2016 сағат 10:41

ТYРМЕ РЕФОРМАСЫ МҰҚИЯТТЫЛЫҚТЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Парламент Мәжілісі осының алдында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Конституциясының 61-бабының 1-тармағына сәйкес ұсынған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы ары қарай Сенатта қабылданған соң ҚР Президентінің қол қоюына жіберіледі. Заң күшіне енген бойда 28 мыңға жуық адамға рақымшылық жасалады деп күтілуде. Осы орайда елімізде тәуелсіздік жылдарынан бері жасалған амнистиялар тарихына көз жүгіртіп, жалпы түрме реформасының жай-жапсарына үңілуді, одан төнуі бек-мүмкін қауіп-қатерді бағамдауды жөн көрдік.

ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, 28 мыңға жуық жазасын өтеушіге рақымшылық жасалып, оның ішінде түзеу колонияларында жазасын өтеп жүрген 1500 адам бостандыққа шықпақ. Рақымшылық шарасына абақтыда отырғандардан бөлек айыппұл шарасына, шартты жазаға кесілгендер, күдіктілер, айыпталушылар, қоғамдық жұмыстарға және басқа да ауыр емес жазаға тартылғандар қамтылады. Рақымшылық жасөспірімдер, жүкті және кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар және қоғамдық қауіптілігі жоқ қылмыстармен бойынша жазасын өтеушілерге жасалмақ. Лаңкестік, экстремистік әрекеті үшін сотталғандар, бірнеше рет істі болғандар, педофилизм бабымен темір торға тоғытылғандар, сондай-ақ кісіні азаптау, жемқорлық деректері, ұйымдасқан қылмыстық топ құру секілді ауыр заң бұзушылық жасағандарға амнистия қарастырылмаған.

Ел тарихында бұған дейін рақымшылық шарасы 8 рет қолданылған болатын. Алғашқы рақымшылық 1991 жылы «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңы аясында жүзеге асты. Келесі ізгілік шарасы 1994 жылы «Халықаралық отбасы жылына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңы бойынша қолданылды. Сол жолғы амнистияға маскүнемдік, нашақорлық және жыныстық қатынастан жұғатын аурулар бойынша толық емдік курстан өтпеген жазасын өтеушілер енбеді. Ел тарихындағы үшінші амнистия 1996 жылы «Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының бір жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңы арқылы іске асты. Артынша 1999 жылы «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты рақымшылық жасау туралы», 2011 жылы «Қазақстан Республикасы азаматтарының ақшаны жария етуіне байланысты оларға рақымшылық жасау туралы», 2002 жылы «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің он жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы», 2006 жылы «Заңсыз еңбек мигранттарын заңдастыруға байланысты рақымшылық жасау туралы», 2011 жылы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы», заң жобалары бойынша рақымшылық шаралары жүргізілді.

Ширек ғасырдың ішінде 8 рақымшылық жасау шарасын жүргізудегі басты мақсат – темір тордағы азаматтардың санын азайту. Өйткені Қазақстан 2002 жылға дейін әр жүз мың адамға шаққандағы сотталған адам саны жағынан әлемде АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орында болып келді. Бүгінде қылмыстық заң барынша ізгілендірілді, оның ішінде Қылмыстық кодекстің бірқатар баптары жұмсартылды және шартты түрде мерзімнен бұрын босату мерзімдерінің басталу уақыты қысқарды. Сонымен қатар бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаның балама түрлерін қолдану аясы кеңейтілді. Жазаны анағұрлым жұмсақ жазаға ауыстыру туралы ережелерді қолдану ережелері жеңілдетілді. Нәтижесінде еліміз әр жүз мың адамға шаққандағы сотталған адам саны жөнінен 61 сатыға дейін сырғыды. Қазір түзеу мекемелеріндегі азаматтардың саны 39 мыңнан сәл асады. Бұл 18 млн халқы бар Қазақстан үшін әлі де жоғары көрсеткіш.

Соңғы жылдары прокуратура органы тарапынан пенитенциарлық жүйені оңтайландыруға бағытталған ауқым­ды жұмыстар жүргізілуде. 2013 жылы «Түрме реформасы» аясында «Түрме халқын» азайту жөніндегі 10 шара» жобасын жүзеге асырудың жайын талқыға салған алғашқы форум өтті. Екінші форум колониялардағы жұмысбастылықты талқыға салса, былтыр өткен үшінші форумның күн тәртібіне сотталушылардың қайта әлеуметтенуі мәселесі қойылды. Атқарылған жұмыстардың алғашқы оң нәтижелері де жоқ емес. Айта­лық, 3 жылдың ішінде темір торда отырғандар саны 50 мың­нан 39 мыңға дейін қысқарды.

Ресми ақпар бойынша колониялардағы жағдай да жақсарып келеді. Жаңа қылмыстық заңнама қолданыла бастағалы түзеу мекемелерінен жыл сайын 9 мыңнан 11 мыңға дейін адам бостандыққа шығуға мүмкіндік алған. Соңғы бес жылда жалпы қылмыс 45 пайызға, ауыр қылмыстар 42 пайызға, өз-өзіне қол жұмсау деректері 25 пайызға төмендеп, сотталушылардың әкімшілік мекемелерге шағымдануы 7 есеге азайған. «Түрме халқы» санының азаюынан, ондағы материалдық-тұрмыстық деңгейі жақсарған.

ҚР ІІМ-де Skype бейнебайланысы арқылы қамаудағыларды жақындарымен сөйлестіру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл сотталушылардың жақындарының жол шығындарын қысқартып, сотталушыға барлық жанұя мүшелерімен сөйлесуге мүмкіндік бермек.

Бас бостандығынан айыру – әлі күнге дейін Қазақстандағы негізгі жаза түрі болып саналады. Елде әрбір үшінші сотталушыға осындай үкім кесілген. Қазақстандағы орташа жаза мерзімі 8 жарым жыл. Penal Reform International келтірген дерекке сай, қоғамдық өмірлік дағдыларды ұмытуға 5 жыл темір торда тоғытылудың өзі жетіп артылады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей бірыңғай жазалау жүйесі қылмыскерді қоғамнан оқшаулап, көбінесе оны тәртіпке салудың орнына, қылмыс жасауға бейіл етеді. Статистика деректері бір рет түзу жолдан тайқыған адамның, қайта оң жолға түсуі қиын екендігін көрсетуде. Сотталушылардың 49 пайызы бұрын істі болғандар. Ал 63 пайызы бас бостандығынан айыру мекемелерінде жазасын өтеген. Бір сөзбен айтқанда түзеу мекемелері адамды түзейді деу – утопия.

Түрмелерді адамдармен толтыра беру – экономикалық тұрғыдан да тиімсіз. Қазақстанда жазасын өтеушілердің әрқайсысының күтіміне жылына 776 мың теңге қаражат жұмсалады. Бұл сомаға тамақтану, түзеу мекемелері қызметкерлерінің жалақысы, коммуналдық қызметтер кіреді. Соңғы 4 жылда аталған салаға бөлінген қаржы 54 пайызға өскен. Судья тағайындаған материалдық зиянды өтеуден тұратын «түрме экономикасы» шығынның жартысына жуығын ғана жабады. Осы орайда мерзімін өтеп жүргендерді қоғамдық жұмыстарға тарту мәселесінің өзектілігі артады. Бұл жүйе елімізде кенжелеп тұрғаны жасырын емес. Бүгінде «түрме реформасы» аясында мемлекет тарапынан сотталушыларды жұмыспен қамтуда кәсіпкерлерді тарту қолға алынуда. Тәжірибе ретінде Ақмола, Жамбыл облыстары мен Астана қаласы маңындағы кәсіпкерлерге 92 түзеу мекемесі жалға беріліп, 32 колония сенімді басқаруға тапсырылған. Сол арқылы 2 мыңнан астам жазасын өтеуші жұмыспен қамтылмақ. Олар тігін бұйымдарын жасау, жиһаз бен метал, халықтық тұтыну тауарларын өндіру, макарон өнімдері саласы мен құрылыс материалдарын жасауға жұмылдырылмақ. Кәсіпкерлер оларға қарапайым қызметкерлерден екі есе аз жалақы төлесе болғаны. Осы арқылы кәсіпкерлер төменгі мөлшердегі жалақы мен салыққа аз қаражат жұмсап, өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтиды.

Түрме реформасында көзделген «түрме халқының» санын азайту, сол арқылы шығындарды оңтайландыруда ұсынылған жаңашылдықтың бірі – электронды білезіктерді енгізу. Бұл жүйе жеңіл қылмысы үшін абақтыға тоғытылған азаматтарды бақылауда ұстап, қоғамдық өмірге араласуға мүмкіндік береді. Жазасын өтеуші төрт қабырғада құр бос отырмай, бостандықта қоғамдық жұмыспен айналысып, өзі үшін де, мемлекет дамуы үшін де пайдалы іс істемек. Мерзімін қолайлы шарттар бойынша өтеу – қай тарап үшін де игі іс болмақ. Кейде қолданыстағы заңнаманың қолайсыз тұстары кездесіп жатады. Айталық бірнеше жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысында көршісінің 10 мың теңге тұратын затын ұрлаған әйел 3 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекет сол 3 жылда оны асырауға 1 миллион 700 мың теңге қаражат жұмсаған. Бұндай қос тарапқа да ыңғайсыз деректер аз емес. Осындайда электронды білезіктерді енгізу тиімді. Оның құны сотталушыны асырауға кететін жылдық шығыннан 4 есеге арзан, яғни 200 мың теңге. Жазасын өтеушіні жерсеріктік жүйе арқылы бақылап отыратын жоба бірнеше жыл бұрын енуі тиіс болатын. Алайда ол тек 2017 жылдан бастап қана жасақталмақ. Бүгінде 60-тан астам ел қолданып үлгерген жүйені бізде де ендіру – уақыт талабы.

Дей тұрғанмен, түрме реформасында көзделген кейбір жайттардың аса нәзіктігіне назар аударған жөн. Мәселен, электронды білезікті ауыр қылмыспен жазасын өтеушілердің пара беру арқылы имеуденуіне тосқауыл қою шаралары қатаң жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ қандықол қылмыскерлердің кезекті атаулы датаны күтіп, рақымшылықпен бостандық алып, қайтадан жазықсыз жан­дардың өліміне себепші болуына әсте жол беруге болмайды. Сондықтан түрме реформасын жүргізуде қырағы көзқарас, жан-жақты мұқияттылық керек.

Меліс Сейдахметов

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5646