ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ҰЛТ МҮДДЕСІНДЕГІ ҰЛТШЫЛДЫҚ
Еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл, Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толып отыр. Әрине, тарих үшін 25 жыл бір ғана мезет, бірақ аз да емес. Жас елге, жас ұлтқа өзінің тәуелсіз екенін көрсетуге жетерлік уақыт. 25 жыл бір ұрпақтың дүниеге келіп, азат елінің өміріне араласып, азаматтық істер атқарып үлгеретін мезгіл.
....25 жыл тәуелсіз ел атансақ та еліміздің негізі болып отырған, осы елдің діңгегі, мемлекет құраушысы саналатын Қазақ екенін ашық айтуға енді ғана батылымыз жетіп келеді. Бірақ, қазаққа, қазақтың ұлтшылдығына байланысты мәселелерде әлі күнге дейін бұрынғы коммунистік-большевиктік көзқарастан шыға алмай келеміз. Әлі күнге дейін «ұлттық мемлекет» деген сөзден зәреміз қалмай қорқады. Ұлттық саясатымызда «қазақстандық ұлт» дегенді сіңіруге барлық күш салынуда. «Үштілділік» саясаты мемлекеттік тілді аяққа басып зорлап ендірілуде. Тәуелсіздіктің тарихына, ұлт тарихынын шежіресіне қауіп төніп келеді. Ширек ғасыр ғана бұрын болған тарихи деректерді жоққа шығару, бұрмалаушылық әрекеттері жасалынуда. Оның бір көрінісі – тарихымыздың тек 1991 жылдан басталатын кезеңіне ерекше маңыз берілуі, еліміздің кеңестік кезеңдегі тарихының бұрынғы большевиктік-коммунистік сипаттағы басымдықта баяндалуы. Тәуелсіздік қарсаңындағы қоғамдық-саяси ахуал негізінен орыстілді дерек көздеріне сүйеніп жазылуда. Сол кездегі тәуелсіздікке ұмтылыс тек бір адамның тарапынан ғана болған, басқалар бейтарап болған, тәуелсіздік үшін күрескен саяси-қоғамдық ұйымдар болған, бірақ еш әсері болмаған деген ұстаным басымдық танытады.
Бір сөзбен айтқанда, қазір Қазақтың ұлтшылдығына, өз ұлты мен еліне шынайы адал қызмет етемін деген ұлт патриоттарына деген жек көріністі ашық қолдайтын саясаттың жаңа кезеңі басталып келеді... Міне, осылай 70 жыл бойы таяқ жеген қазақтың ұлтшылдығы ел тәуелсіздік алған соң қайта жандануының орнына онымен күрес қайта басталды.
«Қазақ ұлтшылдығымен» күресу сонау Алаш қайраткерлерінен басталып, ұлтымыздың ұлы тұлғалары отызыншы жылдары атылса, оның екінші кезеңі өткен ғасырдың елуінші жылдары жалғасып, Бекмаханов бастаған тарихшы ғалымдар мен әдебиетшілермен күреске созылды. Қазақ ұлтшылдығы 86-ы жылғы Желтоқсан көтерілісімен қайта оянғаны сол еді, сол заматта «қазақ ұлтшылдығымен» күресу жаңа күшпен жалғасып оның түп-тұқиянына дейін құрту мақсаты қайтадан жолға қойылды. Құдайға шүкір, қазақ ұлтшылдығынан ұрпақтар қалған екен, оның жалғасы 90-ы жылғы құрылған «Азат» қозғалысымен қайта оянды.
Әр мемлекеттің тарихы – сол елдің, халықтың тәуелсіздік жолындағы саяси күресінің тарихымен өзектес келеді. Сол күрестің барысы мен нәтижесі, оны басқарғандардың еңбегі мен саяси ұстанымдары, азаматтық іс-әрекеттері, білім деңгейі, қимыл-әрекеттерінің сол кезге сай өміршеңдігіне байланысты.
Осы тұрғыдан елімізде 80-і жылдардың аяғы мен 90-ы жылдардың басында құрылған алғашқы демократиялық қозғалыстар мен ұйымдар – «Қазақ тілі», «Азат», «Желтоқсан», «Алдаспан», Тамшы» сияқты т.б. ұйымдар сол бір өтпелі кезеңде еліміздің болашақ дербес сыртқы және ішкі саясатын айқындауға, оны жүзеге асыруға тікелей араласты.
Сол кездегі саяси-қоғамдық ой-пікірдің қозғаушысы болды. Олар осы кезеңнің бірден-бір саяси күштеріне айналды, ондаған саяси қайраткерлерді тәрбиелеп, оларды атақты қоғамдық-саяси қайраткерлер деңгейіне көтеріп, шыңдап өсірді. Атап айтар болсақ, Сәбетқазы Ақатай, Михаил Есенәлиев, Батырхан Дәрімбет, Сайын Шапағатов, Х. Қожахмет және тағы басқалар.
Қазақ ұлтшылдарының соңғы ірі өкілдері – «Азат» қозғалысының азаматтары тәуелсіз еліміздің көптеген саяси-құқықтық, экономикалық және әлеуметтік идеяларының дүниеге келуіне (өзгертілген түрінде болса да), қазіргі Қазақстанның заң шығармашылық және практикалық қызметтерінде көрініс тапты.
Тәуелсіздіктің кепілі тек ұлттық мемлекет құру екендігін «Азат» алғаш болып айтты. «Азат» - «Жаңарған одақ», «Жаңарған федерация» секілді империяны сақтап қалуды көздеген жалған ұрандарға қарсы шықты, 1991 жылғы 17 наурыздағы коммунистер ұйымдастырған «Одақты сақтап қалайық» атты референдумға қарсы үгіт жүргізді.
«Азат» қозғалысының өкілдері тәуелсіздіктің қарсаңында және одан кейін де «Алаш» көсемдері үлгі көрсетіп бастап берген саяси ағартушылық, демократиялық бағыттағы қазақ халқын сауаттандыру жұмыстарын тоқтатпай жалғастыра берді.
Сындарлы сәттерде атқа қонуға да дайын екендігін көрсетті. «Азаттың» тарихта аты қалар бір еңбегі - 1991 жылғы тамыз оқиғасы кезінде, қазақ билігі дағдарып қалған жағдайда Назарбаевты қолдап, оған қуат, жігер беруі. «Азаттың» осы жақсылығын Елбасы неге ұмытады екен? «Азат» тәуекелге бел байлап, ел тәуелсіздігін қолдамаған, қарсы шыққан ішкі және сыртқы қарсыластарына, шовинистік бағыттағы орыс-казак ұйымдарына қарсы өркениетті түрде күрес жүргізе білді.
1991 жылы 13-16 қыркүйекте ел басына қатерлі күн туды. Орал қаласында орыс казактары бүкіл Ресейден жиналып, дөңайбат жасап, Ресей империясының 300 жылдық мерекесін өткізіп арандату жасамақ болғанда, азаттықтар мұндай шектен асқан қорлықты, мазақ етуді ерекше шыдамдылықпен, жұдырығын түйіп, көздерінен жас төгіліп, тілін тістеп, сабырлық көрсетіп қарсылық жасады. Өйтпеген жағдайда, сылтаумен қан төгуге итеріп, әскер кіргізбек болған орыс казактарының империялық пиғылы жүзеге асатын еді. «Азаттықтардың» дәл осындай батыл да, бірақ шыдамды, ақылды әрекеттерінің арқасында екі жендет: Ермак пен Дзержинскийдің ескеркіштері алынды.
«Азаттың» тағы бір айтулы еңбегі – «Азат» қазақ жұртшылығына демократиялық дәстүрлерді елімізде еш айқай-шусыз, сыпайы, өркениетті түрде таралуының қарлығашы, үйретушісі болғандығы. Алғашқы қадамдарын көше демократиясынан (аштық жариялау, пикет, митинг, жол жабу т.б.) бастаған азаттықтар «жабайы демократия» үрдістерінен тез бас тартып, аз ғана уақыттан кейін өркениетті, сыпайы, сауатты наразылықтар мен бейбіт шерулерді қолға алып, оны тез меңгеріп, халыққа үйрете бастады. Осы жерде айта кетуге тиіспіз, билік шенеуніктері 25 жыл бойы қарапайым халықты демократия ауылынан алыс ұстауға, демократияны құбыжық қылып көрсетуге бар күшін салып келді және осы ұстанымнан жаңылмай келеді. Міне осындай қарсы әрекеттерге қарамастан «Азаттың» ағартушылары ширек ғасыр бойы қазақ жұртшылығына азаматтық саяси дәстүрлер мен үрдістерді үйретуге, тәрбиелеуге талмай жұмыс атқарып келеді. Осы тақырыпта ондаған кітаптар мен оқулықтар шығарды, ондаған дөңгелек үстелдер мен семинарлар ұйымдастырды, қазақ ауылдарын аралап, ондаған «ликбездік» кездесулер өткізді. Атап айтар болсақ, «Демократияны қазақ тілінде үйрету орталығын» құрған Дос Көшімнің «Демократия негіздеріне кіріспе», «Демократия жайлы 100 сұраққа 100 жауап», С. Жүсіптің «Демократияның 25 сабағы» деген кітаптары бүгіндері бестселлерге айналды. «Демократия бұрышы», «Демократия кітапханасы» атты сериялармен жарық көрген «Демократия дегеніміз не?», «Саяси партиялар дегеніміз не?, «Қоғамдық ұйымдар дегеніміз не?, «Ерікті сайлау дегеніміз не?» т.с.с. брошюралар мен кітапшалар халық арасына, кітапханаларға тегін таратылды.
Алайда билік шенеуніктері аталған ұйымдар мен оның жетекшілеріне, олардың жоғарыда аталған істеріне қарсы күресін ешқашан тоқтатқан емес. Ең өкініштісі, орыстілді қазақ билігі қазақ ұлтшылдарымен әлі жауласып келеді. Біз – қазақ ұлтшылдары, өз халқына шынайы адал қызмет істегеніміз үшін билік тарапынан дұшпандық көзқарасқа түсіп отырмыз деуге болады. Қазақ ұлтшылдығы туралы Елбасымыз жақында былай деді: «Өзінде мақтан тұтарлық ештеңесі жоқтар ғана ұлтшылмын деп мақтанады». Біз, қазақ ұлтшылдары бұл сөзге Әлихан Бөкейхановтың сөзімен – «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын», - деп жауап береміз.
Біз үшін Ұлтшылдық – жаңадан тәуелсіздік алған елдің дамуына, оның экономикасының өсуіне көмектесетін бірден-бір құрал болып табылады деп санаймыз. Егер қазақ ұлтшылдығы әу бастан, тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ билігі тарапынан қолдау тапқан болса, бүгінгі жетістіктеріміз еселеп артқан болар еді. 25 жылда халқымыздың саны 2-3 миллионға ғана емес өзбектер сияқты 10-15 миллионға өскен болар еді.
Еліміздің тәуелсіздігі мен қазақ ұлтшылдығы – бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Қазақтың ұлтшылдығы - өз ұлтшылдығын ешқашан саяси ұранға айналдырмаған ұлтшылдық. Қазақтың қас жауы болған Голощекин: «Қазақ ұлтшылдығында басқаны бодандықта ұстау сипаты жоқ. Қазақтың бойында біреуден басым болу немесе бәз-біреулерді өзіне бағындыру деген ой мүлде жоқ. Ол бар болғаны өзін қорғағысы келеді, өзін аман сақтап қалғысы келеді. Қолынан келсе, мүмкіндігі болса, теңдікке қолын жеткізгісі келеді» деп айтуының өзі көп нәрсені аңғартпай ма..
P.S. «Ұлтшылдық дегеніміз – саясаттың құрамындағы идеология мен бағыттың бір түрі. Бұл идеология мен бағыттың негізгі принципі – ұлттың құндылықтары қоғамдық ауызбірліктің ең жоғарғы түрі болғандығында, ұлтшылдықтың – мемлекетті қалыптастыру процесінің ең алғашқы кірпіші болуында. Ұлтшылдық мәселесінің түрлі бағыттары көп және олар кей жағдайда бір-бірімен қайшы келеді.
Саяси қозғалыс ретінде ұлтшылдық мемлекеттік билікпен қарым-қатынаста белгілі бір ұлттық қауымдастықтың мүддесін қорғайды». (Википедия).
С. Жүсіп,
«Азат» қозғалысының ардагері
Abai.kz