Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3157 0 пікір 8 Қыркүйек, 2010 сағат 04:50

Тоқтар Есіркепов. ҰСТЫН МЕН ҰСТАНЫМ. ТАБИҒИ БАЙЛЫҚТЫ ИГЕРУДІҢ КЕЛІСІМДЕРІН ҚАЙТА ҚАРАЙТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ

Мұнай мен газ саласы біздің экономикамыздың басым бағыты екені белгілі. Ел бюджетіне түсетін қаржының да негізгі бөлігін осы сектордан түскен табыс құрайды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі экономикалық тоқырауға байланысты мұнай-газ және тау-кен саласына шетелдік инвесторларды шақырып, аталған өндірістің едәуір бөлігін алпауыт компаниялардың игеруіне беруге мәжбүр болдық.

Мұнай мен газ саласы біздің экономикамыздың басым бағыты екені белгілі. Ел бюджетіне түсетін қаржының да негізгі бөлігін осы сектордан түскен табыс құрайды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі экономикалық тоқырауға байланысты мұнай-газ және тау-кен саласына шетелдік инвесторларды шақырып, аталған өндірістің едәуір бөлігін алпауыт компаниялардың игеруіне беруге мәжбүр болдық.

Дегенмен, 2005 жылы арнайы қабылданған заңның негізінде егер еліміздің табиғи байлығын игеріп жатқан шетелдік кәсіпорын өз үлестерін сатуға ниеттенсе, ең алдымен Қазақстан үкіметіне ұсынуға тиіс болды. Осы заң нормасының арқасында біздің үкімет алғаш рет «Қашаған» кенішінің 8,33 пайыздық пакетін сатып алуға қол жеткізді. Бүгінде аталған кеніште біздің үлесіміз 16,81 пайызды құрап отыр. Осы жақында ғана үкіметтің «Қарашығанақ» кен орнының 10 пайыз акциясын иемденуге әрекет жасап жатқаны жарияланды. Әлемде табиғи газдың ең ірі кеніштерінің біріне жататын «Қарашығанақта» шамамен 1,35 трлн. текше метр табиғи газ бар деп болжанған. Сонымен бірге, ол аумақта 1,2 млрд. тонна мұнай да жатқаны белгілі. Бүгінде ондағы итальяндық «Enі» компаниясы және «BG» Британияның мемлекеттік холдингі әрқайсысы кеніштің 32,5 пайыздық үлесін бақылайды. Сонымен қатар, мұнда «Cһevron мен Lukoіl» да үлесші болып кірген. Осыған орай, жоғарыдағы қадам біздің еліміз қол жеткізген үлкен игіліктің бастауы деп білген жөн. Қазір әлемдік нарықта Қытай, Үндістан, Бразилия секілді жаңа ойыншылар пайда бола бастады. Қарап отырсаңыз өзге елдердің табиғи ресурстарын сатып алып жатқан сол елдердің мемлекеттік компаниялары. Ол дегеніңіз, мемлекеттік компания болған соң сол елдің мемлекеттік мүддесі, мүмкіншілігі барлығы іске қосылады деген сөз. Бұл әлемде бар тәжірибе. Сондықтан, еліміздің мемлекеттік үлесті ұлғайтуға бағытталған саясатын қолдап, оны жүйелі түрде жүргізген тиімді. Егер, кен орындарында мемлекеттің үлесі болмаса ол жерде не істеліп жатыр, ондағы жасалып жатқан әрекеттің біздің мүддемізге қаншалықты сай келетінінен хабарсыз болар едік. Жалпы, мемлекеттік үлесті көбейтудің жолдары өте көп. Мәселен, осыдан жиырма жыл бұрын бүкіл дүниежүзі бойынша мұнай-газ секторының 80 пайызы трансұлттық компаниялардың қолында болды. Ал, соңғы жылдары бұл саладағы үлестің 80 пайызын мемлекеттік және ұлттық компаниялар иемденіп отыр. Міне, тенденция қалай өзгеруде? Бұл тәсілді мұнайлы Араб елдері, Латин Америкадағы Венесуэла мемлекеті өте тиімді пайланды. Себебі, ең алдыменен табиғи байлықтар халықтың меншігі. Сол себепті, ол ел игілігіне, мемлекетке қызмет етуі тиіс. Ол үшін жер асты байлығын игеріп жатқан шетелдік компаниялардың еліміздің экологиялық заң талаптарын орындауын қатаң бақылау қажет. Ел үкіметі таяуда ғана 212,4 млрд. теңгенің мұнайын заңсыз алу фактісіне қатысты «Теңізшевройл» компаниясына айыппұл салды. Бас прокуратура мәлімдегендей, ТШО белгіленген 5100 метр тереңдіктен төмен 40-тан астам ұңғыма қазған. Мұндағы басты мәселе шетелдік компаниялардың жұмысының жабық түрде жүргізілуі. Мәселен, жоғарыдағы «Теңізшевройл» компаниясымен біз 1993 жылы келісімшартқа қол қойдық. Осы келісімшарт әлі күнге дейін жарияланған жоқ. Одан кейінгі 1997 жылы жасалған «Қарашығанақ», «Қашаған» секілді үлкен кен орындарын игеру, өнімді бөлісу жөніндегі шарттар да біздің қоғам үшін жабық күйінде келеді. Мемлекеттің меншігі болып табылатын кен орындары жөніндегі шарттар дүниежүзінде ашық жасалады. Мәселен, нарық жағдайына біз секілді өткен Әзірбайжан мемлекетінде келісімшарттар ашылып, халыққа жария болды. Осыған орай, биылғы жылы Елбасы белгілі бір жағдайда келісім-шарттарды біз де ашайық дегендей ұсыныс айтты. Алайда, үкімет тарапынан бұл тұрғыда ешқандай әрекеттер жасалмады. Сонда, ол компания қанша мұнай өндірді, қаншасын сатты, тапқан пайдасы қанша дегенде бұл жерде не жасырын ақпарат болуы мүмкін. Демек, бұл жерде жемқорлық әрекеттер, көлеңкелі табыстар бар деген сөз. Мұндай жағдайда келісімшарттар ашылмайды.

2002 жылы Оңтүстік Африкада әлемдік саммит өтті. Саммитте сол уақыттағы Ұлыбританияның премьер-министрі Тони Блэр шикізат секторының ашықтығы туралы бастама көтерген болатын. Кейіннен 2005 жылы Алматыда өткен Азиялық Қауымдастықтың саммитінде бұл бастамаға біздің еліміз де қол қойды. Содан бері еліміздегі азаматтық ұйымдардың, қозғалыстардың жұмысының нәтижесінде «Мұнайдан түскен табыстарды қоғамдық бақылау» атты коалиция құрылды. Ең алғашқы 2005 жылғы есепке 39 компания қатысып, салық төлемдері бойынша есеп берген болатын. Екінші есеп 2009 жылы жарияланды. Мұнда 2006 жылғы төленген салықтардың есебі айтылды. Ал, биылғы жылы айтылуға тиіс 2007-2008 жылдарды қамтитын үшінші есепке 122 компания қатысады деп күтілуде. Мұнай және газ министрлігінің мәліметінше мұнайдан түсетін салықтардың 90 пайызы, тау-кен саласынан 60 пайыз осы кәсіпорындардың үлесінде. Алайда, осы жұмыстың бірден бір кемшілігі жалпы түсетін салық төлемдерінің есебін жалпылама береді де, әр компанияның нақты қаншадан төлегені туралы нақты есеп айтылмайды. Неге айтылмайды? Біздіңше осы жерде бір шикілік бар сияқты. Өйткені, бұл компаниялармен жасалған келісімшарт жабық күйінде келеді. Бұл компаниялармен келісімшарттың мерзімі 40 жылға келісілген. Сонда бұл шарттар қашан ашылмақ? Бір ғана мысал айтайын. Өткен жолы еліміздің Бас прокуратурасы «Теңізшевройлды» заңсыз мұнай өндірді деп айыптады. Бірақ, артынша-ақ, Мұнай және Газ министрлігі «Келісімшартта расында да мұнайды қанша метр тереңдікте өндіру туралы нақты бап жоқ екен. Бұл мәселені дұрыстап талқылап, бір тұжырымға келу керек» деп мәлімдеді. Қайсыныкі дұрыс сонда? Егер олармен жасалған келісімшарттар ашық болатын болса нақты шындықты біліп отырар едік қой.

Әдетте, ғылымда «мұнайлы мемлекет» деген ұғымның негативті жағы басымдау. Бұл елдерде саяси жүйе авторитарлық басқаруға негізделеді. Мұнайлы мемлекеттердің көбісінде мұнайдан түскен табыс ат төбеліндей ғана топтың уысында болып, соларға ғана белгілі болады және оның игілігін де солар көреді. Экономика мұнайға тікелей тәуелді болады. Өкінішке орай, осындай элементтер біздің еліміздің жүйесінде де кездесіп отыр. Мұнайлы мемлекетке айналдырмаудың, экономиканы мұнайдан тәуелді етудің бірден бір құралы келісімшарттардың ашық болуы.

Жоғарыда, табиғат байлығын игеріп жатқан шетелдік компаниялардың әрқайсысы мемелекетке қанша салық пен төлемдер төлейтіні әлі жарияланбай келе жатырғанын айтып едік. Үкіметіміздің шамасы келмей жатқан бұл іске АҚШ Президенті көмекке келетін болды. Б. Обама биылғы 21 шілдеде Уолл-стритті және тұтынушыларды қорғауды реформалау туралы Додда-Фрэнк актысына қол қойды. Бұл акты бойынша, АҚШ-тың құнды қағаздар және биржалар комиссиясына тіркелген шикізат өндіретін компаниялар АҚШ-та және басқа елдерің территориясында жұмыс істесе, мысалы Қазақстанда,сол елдерге төлейтін барлық салықтары мен басқа да төлемдерін жариялауға міндетті болды. Бұл акт 2012 жылдан бастап іске асады. Яғни, біздің елімізде істейтін АҚШ-тың компанияларының төлейтін салықтары мен төлемдерін сонда ғана білетін боламыз. Ол басқа елдердің шикізат өндіретін компаниялары осы бастамаға қосылар деп үміт етеміз. Үкімет те қарап қалмайтын шығар.

Екінші бір мәселе біздегі даму институттарына байланысты. Елбасы таяуда Есеп комитетіне ұлттық қорлардың жұмысын тексеруді жүктеді. Оның бір себебі, олар бюджеттен алған ақшаны банктерге депозитке салып қояды. Қазір еліміздің коммерциялық банктерінде 12 млрд. доллардан астам қаржы жатыр. Ал, нақты секторда ақша жетіспеуде. Бұл банктер ел экономикасының мойнында қашанғы масыл болып отыра бермек? Олардың барлық қаржыларының 20 пайызын ұлттық компаниялар салған депозиттер құрауда. Екінші деңгейлі банктердің жұмысының қаншалықты «ашықтығын» дағдарыс көрсеткені белгілі. Еліміздің заңдарында банк секторы және басқа да қаржылық институттардың жұмысы ашық болу керек деп жазылған. Алайда, біздің қаржылық сектордағы ең осал, әлеуеті әлі ашылмаған сала қор нарығы. Елімізде 4 мыңнан астам акционерлік қоғамның 102-і ғана қор нарығында жұмыс істейді. Оның өзінде де акцияларын емес, облигация немесе басқа да құралдарын ғана шығарады. Сондай-ақ, банктердің дивиденттік саясаты да жұмбақ. Қор нарығында банктердің қанша табысын дивидентке жіберетіні туралы нақты мәлімет мүлдем жоқ. Банк басшылары алып жатқан әртүрлі бонус, сыйақылар жұртшылыққа жария болмаса банкке деген сенім қайдан болмақ? Біздің елімізде жұмыс істейтін акционерлік компаниялардың 35 пайызының ғана меншік иесі белгілі, ал қалған 65 пайызының иесі кім екенін ешкім білмейді. Не олар офшорда тұр, не бұл жерде белгілі бір топтардың мүддесі жатыр деген сөз.

Қоғам дамыған сайын ашықтықты талап етеді. Дәл қазір жариялықты қажет етіп отырған мәселенің бірі жерді пайдалану мәселесі. 2003 жылы «Жер Кодексі» шыққанда жерді пайдалану құқығын алып жүргендер түгелдей меншіктеп алды. Бүгінде осының нақты есебі жоқ. Жердің иесі кім екенін жергілікті халық біле алмай отыр. Мысалы, еліміздің астық өндірісіндегі компаниялардың қанша жерлері туралы ақпарат та жабық. Осыны мемлекеттік ұйымдар неге жарияламайды? Бұл мемлекеттік ашықтығы үшін қажет дүние. 2008 жылы біздің Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі көлеңкелі бизнес жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын құрайды деп мәлімдеген болатын. Алайда, таяуда Дүнижүзілік банк бұл мәліметті 45,2 пайыз деп жариялады. Айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан, мемлекеттік ұйымдар мен елімізде жұмыс істеп жатқан компаниялардың ашықтығы туралы заң қабылдануы қажет.

 

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

"Дала мен қала" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5388