ПРОРЕКТОР ТАРИХ ШЫНДЫҒЫНА НЕГЕ ЦЕНЗУРА ҚОЯДЫ?
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бірінші проректоры Алиев Баходир Азимджонович мырза (ғылым саласына басшылық жасайды екен) өзі физика саласының маманы, ғылыми дәрежесі ғылым кандидаты бола тұра, проректорлық лауазым-билігін асыра пайдаланып, Қазақ тарихында «нені жазу, нені жазбау керек» дегенге цензура орнатып, (ҚР Конституциясының 20-бабы цензураға тиым салынған) өзінше білгішсініп нұсқау беріп, қоғамға қажетті ғылыми дәлелденген тарихи шындықты (төменде көрсетілген екі абзацты) қарашаның 16 жұлдызында берген менің мақаламнан алып тастауды бұйырыпты. Проректор айтты деген ақпаратты ғылыми конференцияны өткізуге жауапты Ердәулет Берлібаев деген осы университеттің тарихшысы айтты.
Бірінші проректор мырза ондай ақиқатқа қарсы нұсқауды қандай мақсатпен берді екен. Бұл нұсқауымен ол Елбасының тарих ғылымы туралы айтқан мына пікіріне қарсы шығып өзінің саяси сауатсыздығын көрсетіп отырған жоқ па?
Бүгінде өз тарихымызды жан-жақты білу және зерделеу, тәлімінен үйрену, одан сабақ алудың келешек үшін маңызы зор болып отыр. Осы өткен тарихи оқиғалардың маңыздылығы туралы өзінің "Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын" деген еңбегінде Елбасы Н.Назарбаев: "Яғни өткенімізді тұтас күйінде, ешқандай боямасыз, қоспасыз, қаз-қалпында қабылдағанымыз ләзім. Ал өткен жылдар шежіресін үнемі әрі бұрмалаусыз зерделеп отырудың жөні бөлек. Мұның өзі өткендегі тәжірибенің жақсысынан үйрену үшін, ескі қателіктерді қаулата бермес үшін, жаманнан жирену үшін қажет" деп баға берген болатын. Ал бірінші проректор лауазымын пайдаланып, тарихи шындықты айтқызбай, оған тиым салып отыр. Әлде кеңес заманындағы қазақ тарихын қалай жазу керектігіне арнайы нұсқау беріп, шындықты айтқызбай, жазғызбай тарихтағы «ақтаңдақтарды» қаптатқан «дәстүрді» бірінші проректордың жалғастыруы қалай? Әлде өзін лауазым иесі еткен қазақтардың жері үшін күресіне қарсы ма?
Аталған мақалада Жер киелі ұғым екендігі. Ұлттың – ұлт, мемлекеттің тәуелсіз болуының өзі олардың өздері мекендеген жеріне, онда жасалатын игіліктерге байланысты екендігі мұрағат деректеріне сілтеме жасалып жазылған (барлығы 7- бет).
Тарих дегеніміз – халықтың зердесі. Ол болып өткен, оны түзете алмайсың және оның бір түсін екіншісімен ауыстырып, алмастырып жаңадан жаза алмайсың. Біз оны бүкіл қайшылықтарымен және қайғылы беттерімен қоса, ол қандай болса нақ сондай, бүкіл алуан түрлі, тұтас күйінде қабылдауға тиіспіз.
Бірінші проректор мырза! Тарих ғылымы қасиетті – ғылым. Ол бұра тартуды да, әсіресе бояуды да , "ақсақты тыңдай, өтірікті шындай" еткенді де көтермейді. Оның өлшемі – шындық, ақиқатқа жету. Сондықтан сіздің жандайшаптықпен айтқан жағымпаздықтан туындағын нұсқауыңызды орындай алмаймын. Мақаланы толық шығармасаңыз тарих алдында жауап бересіз.
Қазақстан тарихының "ақтаңдақ" беттері аз болмаған, ол туралы қызыл идеологияның дәурені жүріп, дәуірлеп тұрған кезінде ашық айтылмады, бәрі де бүркемеленіп көрсетілді. Айтуға, жазуға талпынғандар жазаланды. Кеңестер дәуіріндегі әкімшіл-әміршіл жүйенің билігі кезінде тарихи оқиғаларға, қоғамға, сол кездегі тіршілікке, басшы қызметкерлердің іс-әрекеттеріне, кісілікке, көсемдікке, әділдік пен зорлыққа берілетін баға кесіліп-пішіліп, өңі айналдырылып, өзгертіліп берілгендігі бүгінде ешкімге құпия емес-ті. Осы шырылдаған шындықты халқымыз тек тәуелсіздігін алған сәттен бастап қана оқып, білуге мүмкіншілік алды.
Міне, мына екі абзац мақаланың басы, бірінші проректорға ұнамай онндағы сөздерден шошып алып тастауға нұсқау берген тұсы.
Киелі жер – ата-мекен тәуелсіздік кепілі.
Халықтың келісімінсіз лауазымдарын пайдаланып зорлық жасау арқылы жерге заңсыз иелік етіп, оны сату жөніндегі опасыз шешімі билік тарапынан екінші рет қайталанып отыр. Олар жердің иесі – халықпен санаспай олардың сыртынан кеңсе жағдайында қабылдаған осынау жерді сату жөніндегі әміршіл-әкімшіл әдіске салған зорлық шешімінің өмір шындығымен сәйкес келмеуі, қазақ халқының объективті, субъективті қажеттіліктерінің ескерілмеуі, олардың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеп соғып отыр.
Бүгінде билік басындағылар мемлекеттің саяси тәуелсіздігін баянды етіп, қазақ ұлтының дүниежүзілік адамзат санатындағы халықтар мен ұлттардың қатарында терезесі тең өмір сүруі үшін, ауадай қажетті төмендегідей екі белгісіне ерекше мән беріп, оларды көздің қарашығындай қорғаулары тиіс. Ол қазақты тұтас ұлт етіп отырған оның АНА ТІЛІ мен, ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан ата мекені – ЖЕРІ».
«Қырағылығың кем деген айыптауға ұшырап, мансабымнан айрылып қалармын» деп сақтанғандарының түрі осы ма? Атақ, мансап үшін неден болса да тартынбай, тарихи шындықты айтқызбау амалы ма? Осы «еңбектері» арқасында мансаптан айрылмау, жеке бастың мүддесін күйттеуден аса алмау әрекеті қоғамға демократиялық қадамдарға кедергі, зиян екенін білуге тиіс қой!
Тәуелсіз елімізде әлі де «қызыл идеология» тәрбиесінен әбден сусындаған моральдық жағынан азғындаған, кісілік қасиеттерен жұрдай, ар-ождандарына қаяу түскен адамгершілік құндылықты айра алмайтын адамдар әлі де бар екен- ау.
Есенғазы Қуандық, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz