Ақшеңгелділіктер диқаншылықты қолға алды
Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Ақшеңгелді ауылы малшылықпен пен диқаншылықты қатар игеріп келе жатқан берекелі ауыл. Әсіресе, ауыл диқандары өнімнің барлық түрін егумен айналысып, нәпақасын Жер-анадан айырып келеді. Биыл шаруа қожалықтары Тәуелсіздіктің 25 жылдығына ауыл шаруашылығы өнімдерінің 25 түрін шығарып, көрмеге ұсынды.
«Рахым» шаруа қожалығының төрайымы Аманкүл Найманбай интенсивті бақ ретінде отырғызған алмасы мен айвасын әкелген екен. Бағбан келіншек: «5 гектар алқапқа жеміс ағаштарын отырғызған едік, енді өнімін алып жатырмыз. Жаз бойы алма өнімдерін ауыл арасына қолжетімді бағамен өткіздік. Алмамыз әлі жас, алдағы уақытта өнім көлемі арта түседі деп отырмыз. Өнімді өткізуде ешқандай проблема жоқ, халық тәтті алманы жақсы алып жатыр, - дейді.
Ауыл халқы да «Бұл жақсы болып қалды. Өзімізде өндірілген, қоспасыз, таза алманы той-томалаққа ешқайда сабылмай-ақ ауылдан алып жатырмыз» деп ризашылықтарын білдіреді. Осы ауданға қарасты «Алтынбек» қожалығының алмасы, «Тәжіхан» шаруашылығының қырықпа қауыны, «Салықбай» шаруашылығы өндірген жүзім, жержаңғақ дақылдары, «Орал» шаруашылығының қара дарбызы, «Бейбіт» шаруашылығының сәбіз, маш, пісте, пияз өнімдері, «Жандос» шаруа қожалығының қызынақ, қияр, болгар бұрышы көкөністері, «Шапағат» шаруашылығы өндірген бидай мен жүгерісі жергілікті халықтың мақтауына, аудан басшылығының марапатына ие. Берекелі аудан құнарлы жерінің өнімімен алдағы уақытта өңір халқын ғана емес көрші басқа да облыстарды қамтамасыз етуді ойластырып отыр.
Abai.kz