Сын шын болсын, көңілге терең ой салсын...
Редакциядан: Abai.kz ашық әрі еркін ақпарат алаңы. Ой жарыстырып, пікір таластыру оқырман қауымның еншісінде. Мақала авторының пікірі редакция ұстанымын білдірмейді және мақалада есімдері аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап жолдар болса, жариялайтынымызды ескертеміз...
Төлен Әбдік ағамның сынына жауап хат
«Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді»
Абай.
Әлқисса, көрнекті жазушы Төлен Әбдік «Егемен Қазақстан» газетінде (29 қыркүйек, 2026) жәрия етілген мақаласында Сізді қатты сынапты деген жайсыздау хабар жетті маған. Тартымды әрі идея мен дәйекке толы «Дүние де өзі, мал да өзі...» атты мақаланы қызыға оқыдым. Үнсіз қалуыма болмайды екен. Хош, әңгіме төркіні мынадай: Төлен аға Абайдың 180 жылдық тойы қарсаңында шыққан бір зерттеу жазбамды сынай келе, өз ойларын ортаға салыпты (төменде осы тәсілді мен де қолдандым). Ағаның сын тезіне ұшыраған мына үзінді:
«Ұлы Абай қалың елі, қазағын ғылым-білімге шақырудай-ақ шақырған, ғылым деген – шығармашылығын көктей өтетін нәрлі терминнің бірі. Оның дәлеліне «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін атаудың өзі жеткілікті болса керек. «Ғылым немене?». Негізі, бұл – бүкіл адамзаттық мәселе. Оның мәнін дұрыс түсінбеу адасуға бастамақ. Айтайын дегенім, материалдық прогресс өз дегеніне жетті қазір – құдайсыздық (материализм) қайта тірілді, елесі жер бетін кезіп жүр. Дін қадірсіз: сырты бар, іші жоқ. Даналық керексіз: тылсымға «мистика» деп күле қарайтын болдық. Әсіресе, «Ғылым-білім тек қана сыртқы дүниені танып-білу» деген таным-түсініктің салтанат құруын – атеизм де де қой. Хақ жолына, дамудың дұрыс бағытына қадам басуға керегі – толық (бүтін) ғылым! Осы хақиқат сырт қалды: жаһандану, урбанизация, индустриялы қоғам соқыр адамды көзге елестетеді... Қайда барамыз? Мәлімсіз. Өзіндік жолымыз қайсы деп ізденетін, «елдің бәрі сүйтіп-ақ жүр ғой» деген бейқамдықпен Батысқа құр еліктеуден бас тартатын уақыт жетті».
Міне, қарымды қаламгер жіктеп-жіліктеп, сүзгіге салған осы пікірлер. «Белгілі абайтанушы» дегеніңізді қайтейін, мені ғылымға қарсы, оны жоққа шығарушы топқа қосыпсыз. Мақала соңы «ғылымды насихаттап қана қоймай, оны қорғауымыз керек» деп түйінделгені тіпті үрейлі көрінеді екен. Кезінде имамдар ғылым-білімге, жаңа үлгідегі мектептерге қарсы әрекеттер жасағанда Абай оларға аяусыз тойтарыс берген дүр. Сол оқиға еріксіз еске түседі. Әуелде әбіржіп: «Пәлі, ХХІ ғасыр адамының ғылымға қарсы болуы нонсенс қой, мен өзім әдебиетші, жазушы емеспін, тірлігім зерттеушілік, яки ғылым жолында жүрген пақырмын, діни фанатик құсап ғылымды тәркі етуден бір Тәңірім сақтасын!» деп азарда-безер ақталмақ, қорғанбақ болдым. Сабырға салсам, бүйтіп ақталып жату – абыройсыз іс, жеке бастың шаруасы. Ал, Абайдың ғылым туралы танымын дұрыс ұғыну, оған терең бойлау, сөз жоқ, көңілге түрлі ой салатын, берісі елдіктің, әрісі күллі адамзаттың мәселесі. Сенсеңіз, ғылым туралы таным тасасынан, анау-мынау емес, рух пен материя майданы менмұндалап бой көрсетеді.
Бірлік негізі – рух па, әлде материя ма?
Рухпенен материя тайталасы, Абайша махаббатпенен ғадауат майданы ешқашанда бітпеген де бітпейтін мәңгілік күрес. Неге? Оны ұлы ақын: «Тән сүйгенін бермесе, Жан шыдамас жаны ашып, Бере берсең бер десе, Үміт етер таласып» деп түсіндірген. Жанның қасиеті махаббат, ал тәннің табиғаты ашкөз тойымсыздық. Жан лажсыз таласса да, бәлки қояр деп үміт етеді.
Енді Төлен аға көтерген полемикаға өтейік. Менің «...жаһандану, урбанизация, индустриялы қоғам соқыр адамды көзге елестетеді... Қайда барамыз? Мәлімсіз» дегеніме Сіздің қарсы уәждеріңіз мынау: «Ал керек болса! Айтылып отырған үш құбылыстың үшеуі де – бүгінгі заманғы ең дамыған озық елдердің басты сипаты. Жаһандану – бүкіл өмір саласын, экономиканы, мәдениетті, саясатты қамтитын әлемдік интеграция. Халықаралық саудасыз, әлемге тарайтын ақпараттық желісіз, технологиялық жетістіктерсіз мына заманда қалай күн көруге болады? Урбанизация – қаланың рөлін көтеру. Онсыз ғылым жоқ. Ауылда ғылымды дамыта алмайсың. Ал индустриализация – технологияға негізделген өндіріс. Онсыз болашақты елестету мүмкін емес».
Бір қарағанда, логика темірдей, уәждер де мықты, шыны керек, бәрекелді деп қолдай кетуге сұранып-ақ тұр. Бірақ, бірақ... айтылмыш үш құбылыс та Рух емес, заттық дамудың, дүниелік ғылымның табыстары. Кешегі кеңестік кезең лексикасымен айтқанда, сананы тұрмыс билеуінің көріністері. Қазіргі адамзат қоғамын соқыр адамға балағанда осы хәлді меңзеген едім. Заман шапшаң өзгерсін, дүние жедел дамысын дейік, бұлар адаспай тура жүрудің кепілі бола ала ма? Әрине, жоқ.
«Хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» деген сөздің бірер мысалы. Мен қазақтың ең ірі өзені – Ертістің жиегінде туып-өстім. Бала кезімізде жүзе жүріп оның суына да қандық. Әже, шешелеріміз құдық суын місе тұтпай, ішер суды әкпішпен Ертістен тасытатын. Жиекте шабақ, алабұға үйір-үйір, ал үлкендер тереңіректен шортан, бекірені аулайтын. Қазір ше? Суын ішу түгіл, ауызды шаюға қорқасың, өзен бойынан қармақ салған кісі көрмейсің, өйткені, балық атаулы жойылып кетті. Қайран Ертіс! Небары жарты ғасырда прогрестің құрбаны болдың! Қырық жыл ядролық бомба сынағы астында қалғанымыз ше? Осындай тірліктер соқырлық емей не? Ғылым мен технология тасқыны осылай жүгенсіз кетсе, табиғат Ана қалай сақталмақ! Келер ұрпаққа не қалмақ?...
«Жаһандану – әлемдік интеграция» дедіңіз, бұл пікіріңіз құптарлық, ал, урбанизацияға күмәнім бар. Ол біздің елге жосықсыздау дүние, тегі. Неге? Өйткені, оның жері аз, халқы құжынаған елдерден шыққаны аян. Ал, кең-байтақ Ұлы Дала қазаққа Алланың берген сыйы, әрі аманаты. Жаһан сүйтті екен деп дүркіретіп шаба берудің несі жақсы. Абайдай ұстазы бар халықпыз, болашақты елестете білсек ше... айтайын дегенім, қаланың емес, ауылдың рөлін көтеру маңыздырақ. Қазағың, әсіресе, жастар, қалаға ағылып, демография күрт құлдыраса, Даланы қайтіп игермекпіз, ағасы? Шіркін, технократ ел болсақ дейтіндер көп. Ал болдық, ұшпаққа шықтық дейік, онан құт-берекеге шаш-етектен малынамыз ба, берер бәһрасы қайсы? Не, жапон азаматы үндіс, ауған я қазақтан, ал жүйрік көлігі, зәулім үйі бар өзге жандардан бақыттырақ па? Жоқ, олай болмаса керек-ті.
Урбанизациясыз ғылым жоқ депсіз. Ғылымға қарсы пәлесің дерсіз, бәлкім, әйтсе де айтайын, қазақ ғылымы кванттық механика, ядролық физика сияқты заманауи ғылымдарға емес, күшті ауылға және ауыл шаруашылығына салсын. Бұл экономика ғана емес, халық рухын да көтеру. Бұл, әрине, менің жеке пікірім. Ауылды көгертсем, дамытсам деген ғалымға ауылда мекендеу шарт емес. Бұл өз-өзінен түсінікті.
Әрі қарай Сіз: «Батыс деп отырғаны Еуропа одағы, оның ішінде ғылымы дамыған 27 мемлекет бар. Батысты жамандау Совет одағының ең басты қағидасы болатын. Өйткені ол демократиядан қорқатын» деген екенсіз.
Сөз жоқ, көркею шарты, оған керегі – ғылым мен демократия. Еуропаны Еуропа қылған әрі ойқастап оздырған осы екеуі. Бізге демократия ауадай қажет дегеніңіз де ондыққа дөп тигендік, аға. Бірақ қазіргі таңда жаңағы 27 мемлекетті озықтар санауға болар ма екен? Неге десеңіз, Еуропа халқы жылма жыл азая түсуде, отбасылық құндылықтар күйреп тынған. Қыруар қаржы, есіл ақыл-ой еңбегі самсаған қару-жарақ жасауға жұмсалуда. Қай соғыс өрті демеңіз, әйтеуір, Батыстан тұтанып-ақ жатады.
Адамзат нәсілі іздеген бақытын озық технология мен жайлы тұрмыстан емес, жан дүние тыныштығынан табады. «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде Абай: «Ел тыныш болса, жақсы сол» деп түйін түйеді. Бұл өзіңізге жақсы мәлім нәрсе. Міне, «Батысқа құр еліктеуден бас тартатын уақыт жетті» дегенімде осы астар бар. Хош, қазақ халқы дамуының өзіндік жолы қайсы? «Әлем елдері қалай дамып жатыр, сол жолға түс!» деу дұрыс па? Бұл, әрине, бөлек әңгіме. Техникалық прогресс адамзатқа ортақ, ал рухани тұрғыдан әр ұлт, ұлыс өз жолын білсін, Құранда осылай көрсетілген. Әзірге осы бір ауыз сөзбен шектелмекпін.
Сонымен, Төлен аға, ғылым мен технологияны насихаттау һәм қорғау жүгін иығыңызға алыпсыз, ол мақалаңыз өзегі. Мен абайтанушы ретінде бұл әрекетіңізді құптай алмадым. Неге десеңіз, мына прогресс қарқыны сұрапыл, бет қаратпай, телегей теңіздей орады әлемді. Оның асау толқыны қайда апарар екен? Беймәлім. Иә, қазір цифрлық технология я жасанды интеллект дәуірі. Мұны кім мойындамасын? Бірақ рухани азып-тозу қайда қалмақ? Бәрі окей деп, оған көз жұма қарауға бола ма? Мысалға айта айта жауыр болған, жемқорлық пен тойымсыз тұтынушылық психология айылын тияр түрі көрінбейді. Қайта өртке тиген дауылдай өрши түскенін күнделікті өмірден әркім өзі көріп біліп отырғаны анық.
Дана Абай ғылым жайлы не дейді?
Ұстаздық қылған шағында Абай өз құралыптастарына «Балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!» десе, жастарға «Оқу-ғылымға, өнерге мойын бұр!» деп қақсап айтқан. Ғылымсыз, өнерсіз, яки кәсіпсіз жұрт азып-тозбақ, қулық-сұмдыққа, өсек-өтірікке үйір болмақ, бұл бесенеден белгілі жәйт.
Сіз, жазушы аға, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» (1885) өлеңінің «Дүние де өзі, мал да өзі» деген жолын мақала тақырыбына алдыңыз. Бұл белсенді ағартушылық жылдардың туындысы. Ұстаз туған халқын дүниелік ғылымдарды меңгер, сол арқылы мал тап дейді. Бодандықтан құтылу да – ғылым-білім арқылы екенін білді. Бұл өз сөзінше «екі жаққа үңілген» ойшыл кезеңі, басқаша айтқанда, кәнігі «оқымысты ғалым» деңгейі еді.
Шыны керек, советтік дәуірде «Ғылым деген – тек дүниені тану» деген стереотип қалыптасты. Абайдың ойшылдық эволюциясының саты-сатылары, сонымен бірге, ғылымның рухани жағы назардан сырт қалды. Сондықтан Абай эволюциясына сәл-пәл аялдай өтпекпін.
1891 жылдан Абай ағартушылық бағыттан рухани өрісті зерттеуге бет бұрған-дүр. Оған «Заманды түзетпекке» көңілі қалып, «Енді мұнан басқа еш жұмысым жоқ» деп ғақлия сөздерін қолға алғаны айқын дәлел. Сонан кейінгі бес-алты жыл өмірі, «Күні-түні ойымда бір Тәңірі» деп өзі айтқандай, рух өрісі – дүниенің көрінбеген сырына жіті үңілумен өтті. Талмай ізденушілікті, Абай өзі «кәміл мұсылман» деңгейі дейді. 1897-1898 жылдары келесі рухани биікті алған Абай «хакім» атанды. Бұл білімді Алланың қалауымен тылсым (ғайып) арқылы алуменен ерекшеленетін саты (исламда «илхам» делінетін белгілі құбылыс).
Міне, хакім Абайдың аян білімі, осы сатыдағы әрбір сөзі бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар, яғни таза рухани ғылым өнімдері болып табылады.
Құр сөз болмауы үшін «Тасдиқ» трактатынан (қазіргіше 38-қарасөз) ғылым мен технология, яки индустриализация жайынан бір мысал алайын. «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз, – дейді Абай. – Малменен ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан (жақсылық). Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға[1] муафих[2] болсын. Адамға өз хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес».
Ғайыптық тезистен ұғылатыны – малдан (шикізаттан) түскен қаржыға ғылымды дамыту керек, оны кәсіп қылу арқылы алуан өнерді үйренбек керек. Дүниенің ғылымы – жоқшылықтан құтқаратын құдірет, ол – адамзатқа Тәңіріден түскен зор нығмет. Абай: «Бәлки, дүниенің ғылымын білмей қалмақтық - бір үлкен зарарлы надандық, ол Құранда сөгілген» дейді.
Көріп отырмыз, хакімнің білуінде, ғылымды кәсіп қылу – ел көркеюінің кепілі, әрі экономикалық тәуелділіктен құтылудың дара жолы!
Енді өсиеттің екінші бөлігіне жұрт назарын аударсақ. Дүниені танымақ, яки заһири ғылым – қоғамның қозғаушы күші, бірақ онымен іс бітпейді. Ол – көзсіз ғылым. Сол себепті ол ішкі (батини) ғылымға үйлесімді (муафих) болуға тиісті. Міне, кілтипан қайда! Әділетті Хақ жолы һәм пенделіктің кәмәлаты сонда ғана табылмақ. Ал материя күш алған сайын адамзаттың бірін бірі дос көру, сүю мүмкіндігі қар суындай азая түседі. Міне, әлемнің Абайы ғылымды кәсіп қылудың мәнісін осылай үйретеді.
Шарғыға үйлесімді болсын! Сыртқы ғылымға қойылған бұл талап астары терең. Бұл жерде Алланың Ғылым, Махаббат, Ғадаләт деген үш сипаты меңзелген. Абай ілімі бойынша нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат делінетін адами үш қасиет осынау үш ұлы сипаттан тамырын тартады. Шарғы, яки илаһи заңдарсыз адамзат көші қалың тұманға тап болмақ. Менің қазіргі қоғамды соқыр адамға балағаным содан, Төлен аға.
Ғылым туралы таным тереңін түсіну үшін Абайдың 17-сөзіне көз сала кетейін (Сіз де мақалаңызда орын беріпсіз). Қайрат, ақыл, жүрек – үшеуі бір бірімен айтысып, ғылымға келіп жүгінеді емес пе. Неге ғылымға жүгінеді? Өйткені, ғылым – Алланың бәрін білуші сипаты, Оның бір аты. Демек, ғылымға жүгінді деген Құдайға келіп жүгінді деген сөз. Сіз Мүрсейіт қолжазбасында «Ғылым» емес, «Илм» делінген дейсіз. Бұл қателікке жатпайды, өйткені, екі термин мағыналас, жақын туыс. «Тасдиқ» трактатында Абай ақиқатты хақиқат, ақылды ғақыл, әділетті ғадаләт дейді. Неге? Себебі, соңғылар фәнилік емес, Алла арқылы жеткен бақилық, яки илаһи ұғымдар. Міне, ілім мен ғылым жайлы да осыны айтамыз.
Сонымен, Абай тұңғыш рет ғылым терминін кең мағынада ашықтаған, оның толық анықтамасын берген данышпан деймін. Болмыс бірлігін санаға сіңіру және тәнді жанға, тұрмысты санаға билету идеясы тек қана толық ғылым арқылы жүзеге аспақшы. Осыны ұмытпай, ескеру маңызды.
Абай ашқан зор жаңалық жайында
Алаштың көзі тірі абызы Төлен ағамыз кіріспе сөзінде: «Бүгінгі Абай мұрасын зерттеушілердің көбінде, ғылыми ұстаным негізінде талдаудан гөрі, «Абай – бүкіл адамзаттың рухани ұстазы» деген секілді мадақ жанрында әспеттеу басым болып келеді» деген екен. Десе дегендей, «Абай – бүкіл адамзаттың ұстазы» деуден кенделік жоқ, ал оның ғылыми негізі кәне. Көп жылдар бас қатырған осы мәселенің жауабын тапқан сияқтандым. Абай хакімнің терең ойлар көмбесі, квинтэссенциялық қорытынды еңбегі – «Тасдиқ» трактаты (қазіргіше 38-ші қарасөз). Оны танып-білудің кілті – үш танымақ (Алланы, өзін һәм дүниені тану). Үш танымақ ілімі бойынша болмыс (ғалам) бүтін және бір, Абай: «Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде» дейді. Қысқасы, трактатта ғаламның бірлігі мен бүтіндігі алғаш рет ғылыми негізде дәйектелген. Бұл – шын мәніндегі әлемдік жаңалық! Осы айтылғандар биылғы жылы жарық көрген «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу» атты зерттеу кітабымда (Алматы қаласы, «ADAL KITAP» баспасы, - 78 бет) жүйелі түрде талданған, тексерілген еді.
Полемикамызға қайтып оралайын. Дүниені тану, яғни дүниелік ғылымдар толық ғылымның бір бөлшегі ғана, мен емес, Абай солай дейді. Өкініштісі, Төлен ағам дүниенің көрінген сыры мен жаратылыс танудан өзгені ғылым деп санамайтын Еуропа философтары етегіне жармасқан. Мәселен: «Ғылым – адами ақыл-ойдың жемісі» дей келе, бұдан әрі қарай: «Ғылым – фактілерден, логикадан, дәлелдемелерден, эксперименттерден тұрады. Бүгінгі ғылымның мақсаты – Алланы тану емес, табиғатты, жаратылысты, өмірді тану» деп діттей түседі. Ал керек болса! Тоқтай қалыңыз, апыр-ай, бұл Абай іліміне қарсы, кешегі советтік атеистік ұстаным емес пе...
Көрінбеген, өлшенбеген дүние сырлары тек мистика (қиял, ертегі) ме? Әсілі,бұлай санау Шығыстық менталитетке жат. Мәселен, Абай, Шәкәрімде ақирет, жан әлемі (аруақтар әлемі) екінші анық. Ал, не нәрсе анық, яки бар болса, сол ғылым нысаны екені хақ (білімді ілім я ғылым санаудан өткен әуре жоқ). Анығы, ғылым – абсолюттік ұғым, онан тыс ештеңе де жоқ. Соның бір мысалы: «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» дейді Абай. Тоқ етері, әлемдегі барлық нәрседе сияқты ғылымда да батини және заһири жақтар, яғни сыр мен сымбат бар. Мұны мойындамау – батыстық көзқарас я болмаса кешегі авторитарлы советтік идеологияның сарқыншағы боп табылады, Төке.
Сөйтіп, Абай ілімінде бүтін (толық) ғылым-білім деген – үш танымақты танып-білу. «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» дегенде Абай осы үш танымақты айтқан. Осы үшеуін «бала үйренсе, білсе, ең болмаса шала» деп арман қылады ғұлама. Үш танымақ, яки толық ғылым ұғымын қалыптастырған Абай, тағы айтайын, әлемдік теология атасының бірі. Осы деңгейде дәріптелсе, кәне.
Атеизм хақында бірер сөз
Төлен ағама менің: «Әсіресе, «Ғылым-білім тек қана сыртқы дүниені танып-білу» деген таным-түсініктің салтанат құруын – атеизм де де қой» деген пікірім ұнамай, сын найзасын тіктепті. Атеизм, әрине, айналып өтуге көнбейтін зор мәселе. Тағы Абай: «Құдай тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан» десе, шәкірті Шәкәрім: «Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние» өлеңінде: «Керексіз жаралған бір тозаңы жоқ, Тәртібі таңғаларлық зор мәшине» деп үн қосады. Кәне, қазіргі оқулықтар, мейлі, әдебиеттерде дейік, осы доктрина бар ма? Қайдағы? Амал қанша, бастан аяқ дүние, тіршілік өздігінен пайда болған деген идея көктей өтеді. Совет дәуірінде басылғандар мен қазіргі Батыстан келіп жатқан әдебиеттер үндесе кетеді. Қысқасы, атеизм басымдығы дәлел өтінбейтін ақиқат.
Сондықтан Сіздің: «Бүгінгі атеистер – ғылымға сенетін, конституцияны қолдайтын, зайырлы өмір салтын да ұстанатын топтар. Көбі – ғалымдар...» деген пікіріңіз шындық. Бірақ құдайсыз ой-сананы ақтап, жақтауды Сізден күтпеген едік, Төке. Бұл – Абайға құлақ аспау, ашығын айтсақ, қарсылық.
Жала жабу болып көрінбеуі үшін атеизм төркініне ой жүгіртейін.
Екіжақтылық (дуализм) табиғат заңы. Ол, қазақ «Құдайдан өзгенің бәрі жұпты» демекші, ыстық пен суық, күн мен түн, ізгілік пен зұлымдық, махаббат пен ғадауат болып шексіз жалғаса береді. Демек, идеалистік және материалистік көзқарастар айқасы да мәңгілік. Шәкәрім бұл екеуін: «Тіршілік туралы екі түрлі жол» дейді. Бірақ айырмасы жер мен көктей. Материализм – бөліністерге бастаушы дүлей күш. Тізгіндемесе, өте қауіпті – дүние ойран болмақ. Кәрі тарих мысалға толы. Өзгені қоя тұр, қай дінді алмайық, ағым, бөліністерге діннің сыртқы формасын ұстану, яки материалистік сана-сезім кінәлі. Бай-кедей деп бөлінгеннен халқымыз көрешекті көрді өткен ғасырда. Қазіргі бөліністер жер-жаһанды тітіренткен қанды соғыстар мен қақтығыстар әкеліп, ядролық соғыс қаупі төнуде...
Материализмді тәубеге келтіріп, жарық сәуле қараңғыны қуатыны сияқты, оны әлсіз ететін нәрсе – идеализм. Ол – дүние, тіршілікке махаббат көзімен қарауды үйрететін күрделі ілім жүйесі. Рухқа биігіне өрлеген сайын қоғамда бөлініс азаймақ, тек сүйіспеншілік қалмақ. Адамзаттың бәрін сүю – илаһи қағида. Неге? Себебі, бәрі бауыр және Хақ жолы осы. Абай жарықтық идеализм табиғатын, мінеки, осылайша ұқтырған. Дәйім өмір жарқылына алданып, ғапыл қалмауға шақырған. Сөзімізге: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес», «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі, Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі» (жүректің көзі деген – алтыншы сезім, түйсік, ол әркімде бар, бірақ ашылуы тым сирек сыбаға), «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?!» (діни таным, діни сенімнен өз ақылыңмен Алланы тану, Оның хикметін сезу өзгерек), «Хақиқат та, дін-дағы тереңінде», «Мүмин болсаң, әуелі иманды бол» деген секілді ұлағаттары дәлел. Тере берсек, ұлттық идеология іргесіне сұранып тұрған даналықтар қаншама десеңізші.
Жасалған шағын шолудан шығар қорытынды: Абай ілімі атеизм іліміне антипод. Ол бойынша өмірдің мағыналы болуы һәм бірлікте сүрудің негізі – Рухта, яғни Алланы тануда және бүтін ғылымсыз толық адам жоқ. Ал, таңғажайып ғылыми жетістік атаулы даналықтан аулақ. Даналық деген – дүниенің көрінбеген сырын танып-білу арқылы оны ойран болудан сақтаушы рухани күш. Ол күллі береке-бірлік пен тыныштық кепілі.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, классик қаламгер Төлен Әбдік ағама әзірлеген жауабым осымен тәмам. Оған Абайдың ғылым туралы танымы түбіне жетсем деген таза ниетпен кірістім, кей-кейде артық кетсем, ол үшін кешірім өтінемін. Сіздің қазақ әдебиетіне мол олжа салғаныңызды исі қазақ біледі. Ұлт жанашыры ретінде де қадірлісіз, аға, не жайлы қалам тербесеңіз де ұлт мүддесін көздейсіз. Ел болу мәселесі көтерілген, тілге тиек етілген мақалаңыз соның тамшыдай дәлелі. Ондағы маған қарата азды-көпті айтқан сыныңызға еш өкпе-назым жоқ. Мұхаң (М.Әуезов) айтқандай, «Сын шын болсын, шын сын болсын» дегендік қана менікі.
* Шарғы (арабша) – илаһи заң.
* Муафих (арабша) – үйлесімді, сәйкес.
Құрметпенен ініңіз Асан Омаров
Abai.kz