Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 3268 0 пікір 8 Желтоқсан, 2016 сағат 13:53

Шымырдың iсi де шымыр

Бүгiнгi заманда әркiмнiң-ақ кәсiпкер болғысы келедi. Өз шаруаңды өзiң дөңгелетiп отырғанға не жетсiн?! Сол кәсiпкерлiкпен менiң де айналысқым бар едi. Алайда, немiстiң атақты экономисi, Гарвард университетiнiң профессоры Иозиф Шумпетердiң «Кәсiпкер болу – басқаның iстегенiн iстемеу» дегенiн оқыған соң ол ойымнан амалсыз айныдым. Демек, кәсiпкерлiк дегенiмiздiң өзi маңайыңдағы iскер адамдардың тiрлiгiне елiктеу емес екен. Бұл – тыңнан түрен салу дегенге саяды.

Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылында қымыз өндiрiсiн өркендетiп, шаруасын ұршықша иiрiп отырған Шымыр Сыдықовты көргенде тағы да екiұдай күйге түстiм. Дана қазақтың «қимылдаған қыр асады» деп текке айтпағаны осындайда көрiнедi. Жалпы, бiз «қолы қимылдағанның аузы қимылдайдыны» да ұмытып кете беремiз. Бұл қазақы жалқаулығымыздан екенi анық.

Бүгiнде шынтақтап жатып қымыз сапыратын Шымырдайын шаруаңыз кәсiпкерлiкке қалай келдi?

– Колхоз кезiнде тапжылмай 14 жыл қой өргiздiм. Кеңес өкiметi тараған соң қамшымды қолыма ұстап қырдан түстiм. Не iстемек керек? Екi ұл мен екi қызға тамақты қайдан тауып беремiн? Осы оймен басым қатып отырғанда шаруаторы атым кiсiнедi. «Мынау не деп тұр?» деймiн iштей. Шөлдеп-ақ қалыппын. Таңдай жiбiтетiн сусын iздедiм. Аңсарым қымыз едi. Сол аңсаған қымызым менi осы деңгейге жеткiздi, – дейдi Шымыр.

«Қызыл таң» колхозы тараған соң Шымырдың да үлесiне 5-10 тоқты тиген. Алайда, онымен жан бағу қиын едi. Содан ғой, олардың жылқы шаруашылығына бет бұрып жүргенi.

– Көкпарда додаға киiп-жарып кiретiн белдi айғырым бар едi. Қыста жылқыға қора керек. Жайылымсыз, қорасыз мемлекет субсидия бермейдi екен. Қанша қимағанмен, сол айғырды саттық. Бие басы баршылық қой, бiр қазанатты дүниеге әкелер деп ойладық, – дейдi «Шымырбай» шаруа қожалығының төрағасы Шымыр Сыдықов.

Қазiр желiге 22 құлын байланады. Демек, осыншама бие сауылады. Алматы қаласына күн сайын 60 литр қымыз жөнелтiп отырады. Мұнда оны үлкен ұлы Болат күтiп алып, кафелерге өткiзедi. Ал, ауылда қалған қымызды той-жиынға, ауызашарға алдын-ала тапсырыс берiп, аттай қалап алдыратындар көп. Ара-арасында қыстық соғымға жылқы байлап, табысын еселейдi. Осылайша ешкiмге алақан жаймай-ақ, шекаралы аймақта шаруасын шалқытып отырған Шымыр шын мәнiнде ауылдағы бай-қуаттылардың бiрi.

Көктөбеде 80 гектар жайылымдық жерi бар. Кiшi ұлы Жәнiбек бойдақ малды осы жерде бағады. Шымырдың жұбайы Қанзира Абай атындағы қыздар педагогикалық институтын бiтiрiп келген қызы Мөлдiрмен бiрге биелердi мезгiлiнде сауып алады.

Шымыр қымыздан түскен қаржыға 12 тонна жем, 40-50 тонна шөп сатып алады екен. Мал азығы жылқыларға қыстай жететiн көрiнедi. Алайда, «Агробизнес–2020» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалынан несие ала алмай жүрген жайы бар болып шықты. Электронды базаға тiркелiп, сол арқылы субсидия алуға әрекет еткенiмен, онысынан ештеңе шығара алмаған. Мемлекеттiк бағдарламаларға енгiзiлген өзгерiстер мен қор алдындағы мақсаттарға байланысты қаржыландыру шарттарына да өзгерiстер енгiзiлген. Мәселен, биыл жылқы, қой шаруашылықтары мен жайылымдарды сумен қамту бағыттарын қаржыландыруға басымдық берiледi. «Құлан» бағдарламасы аясында несие ұйымдары жылқышының бұл тiлегiн қанағаттандырады деген сенiмдемiз.

– Былтыр жоңышқаның тайланған бiр данасын 250-280 теңгеден алдық. Биыл шөп мол. Сондықтан арзанға түсiп отыр. Теңгенiң басы құралса, екiжылдық шөп жинап алу ойымда бар, – дейдi Шымыр.

Әңгiме арасында ол қымыздың шипалық қасиетi туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелдi Шармановтың зерттеулерiн көп оқығанын айтты. Сиыр сүтiнен трансмай қышқылы көп бөлiнедi. Ал, бие сүтi барлық ауруға ем. Т.Шарманов басқаратын Қазақ тағамтану академиясының ғалымдары «Құлыншақ» деген атпен сүзбе йогуртын жасапты. Сондай-ақ, бие сүтiнен жасалған балмұздақтың құрамында қант мүлде болмайды екен.

Бұл – Шымырдайын шаруаның сөзi. Жылқыны – жаным, қымызды – қаным деп бiлетiн ол биелердiң санын таяу келешекте жүзге жеткiзудi армандап жүр.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527