Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3276 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 07:12

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ. Мұнайлы Қазақстанға биоотын өндіру тиімді ме?

Болашақта Қазақстан биоотын өндірісі және оның айналымын тереңдетуді қолға алмақ. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл дегеніңіз – енді қазақ елі тек мұнайдан ғана өнім өндіріп қоймайды, дәнді дақылдардың, астық өнімдерінің қалдығын да кәдеге жаратып, одан биоотын өндіреді дегенді меңзейді…
Қазірде елімізде осы тәсілдің тамырын тереңдетуге ықыласты екі зауыт бар. Олардың бірі астығы мол Солтүстік Қазақстанда болса, енді бірі Жамбыл облысында орналасқан. Бұл зауыттардың жұмыс істегеніне жылдам астам уақыт болды. Әйтсе де аталмыш зауыттардың шығарған өнімін сыртқа экспорттауға мүмкіндік болмай-ақ тұр. Міне, күні кеше ғана еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осы түйткілдерді Мәжіліс депутаттарының алдына жайып салды. Қазақстанның халықаралық биоотын нарығында екшеленіп көрінуіне мүмкіндіктері мол екенін алға тартқан Күрішбаев мырза «қолда бар мүмкіндіктерді сарқа пайдаланып, осы салаға инвестиция тарту мемлекетімізге ауқымды пайда әкеледі» деді. Ал базбір халық қалаулыларында «мұнай шикізатын ұтымды ұқсата алмай отырып, тамақ шикізатынан, дәнді-дақылдардан биоотын өндіріп, ұпай түгендей аламыз ба?» деген күдік те жоқ емес. Жалпы, мұнайға бай Қазақстан үшін биоотын өндіру тиімді ме, жоқ па? Біз осы сауалды арнайы мамандардың ой таразысына салып електен өткізуді жөн көрдік…

Болашақта Қазақстан биоотын өндірісі және оның айналымын тереңдетуді қолға алмақ. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл дегеніңіз – енді қазақ елі тек мұнайдан ғана өнім өндіріп қоймайды, дәнді дақылдардың, астық өнімдерінің қалдығын да кәдеге жаратып, одан биоотын өндіреді дегенді меңзейді…
Қазірде елімізде осы тәсілдің тамырын тереңдетуге ықыласты екі зауыт бар. Олардың бірі астығы мол Солтүстік Қазақстанда болса, енді бірі Жамбыл облысында орналасқан. Бұл зауыттардың жұмыс істегеніне жылдам астам уақыт болды. Әйтсе де аталмыш зауыттардың шығарған өнімін сыртқа экспорттауға мүмкіндік болмай-ақ тұр. Міне, күні кеше ғана еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осы түйткілдерді Мәжіліс депутаттарының алдына жайып салды. Қазақстанның халықаралық биоотын нарығында екшеленіп көрінуіне мүмкіндіктері мол екенін алға тартқан Күрішбаев мырза «қолда бар мүмкіндіктерді сарқа пайдаланып, осы салаға инвестиция тарту мемлекетімізге ауқымды пайда әкеледі» деді. Ал базбір халық қалаулыларында «мұнай шикізатын ұтымды ұқсата алмай отырып, тамақ шикізатынан, дәнді-дақылдардан биоотын өндіріп, ұпай түгендей аламыз ба?» деген күдік те жоқ емес. Жалпы, мұнайға бай Қазақстан үшін биоотын өндіру тиімді ме, жоқ па? Біз осы сауалды арнайы мамандардың ой таразысына салып електен өткізуді жөн көрдік…

 

Аманкелді САДАНОВ, Биологиялық зерттеулер орталығының бас директоры, профессор:
Иә
– Негізінде, аңғарғанға бұл әдістің пайдасы, тиімділігі өте зор. Қазір бұл тәсілді Германия, Америка тәрізді мемлекеттер оңтайлы жолға қойып алды. Біз биоотын өндіруде көш бастап тұрған осы екі елдің іс-тәжірибесін меңгере алсақ ұтар едік, ұпайымыз түгенделер еді. Бізде қаншама астық дақылдары ысырап болып, қажетке жарамай жатыр. Ал сол астық қалдықтарын, дән сабақтарының тозаңдарын ұқсатсақ, несі өрескел? Біле білсеңіз, мұнай шикізатынан өнім алудан гөрі осындай астық қалдықтарынан биоотын өндіру арзанға түспек. Сондықтан өз басым бұл бастаманы қолдаймын… Әрине, елде биоотын өндірісін өркендету үшін алдымен біз осы іспен айналысамын деген зауыттарды потенциялы мықты технологиямен қамтамасыз ете білгеніміз жөн.
Қазір Қазақстанда биоотын өндіруге ықыласты екі зауыт бар. Алдымен сол зауыттарға тартылатын инвестиция көлемін ұлғайтып, осы зауыттардың жұмысын жолға қойып алғанымыз жөн. Осыдан кейін барып, іс өз нәтижесін берген соң, ірілі-ұсақты биоотын өндіретін зауыттар легін көбейте алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Рас, биоотын өндірісін дамыту бір-екі жылдың еншісіндегі шаруа емес. Бірақ бұл келешегі бар жоба. Оның үстіне қазір әлемдік сарапшылар «енді бір 30-40 жылдан соң әлемдік мұнай қоры азаяды» деген болжамдар жасауда. Осындайда «бармақ тістеп» өкініп қалмау қауіпсіздік шараларын қарастырғанымыз дұрыс. Бүгінде нарықтың қағидасына етене сіңісіп үлгерген елдер жоқтан бар жасап, бір затты екеу етіп ұқсатуға әбден бейімделген. Сондықтан бізге де осындай қасиеттерді бойға сіңіруге ұмтылған жөн. Биоотынның тиімділігін мойындап үлгерген елдер өзінің ішкі нарығына айтарлықтай пайда енгізуде. Мәселен, немістерді алайықшы, олардың қалдық атаулыны кәдеге жаратып отырғанын біз бүгінде аңыздай қылып сөз етеміз. Ал осындай мүмкіндіктерді пайдалану жағын қазақтарға да неге қарастырмасқа? Байыптасақ, соңғы 20 жыл көлемінде әлемдегі биоотын өндірісі 12 есеге дейін артқан. Тағы да сол халықаралық сарапшылар әлемдік мұнайға баға төмендеген кезеңде биоотын нарығындағы бәскелестік екпіндейтінін баса айтып жүр. Міне, осыны ойласақ, биоотын саласын дамытуға қатысты мемлекеттік саясатты бүгіннен бастап қалыптастырып алуымыз қажет.

 

Тоқтамыс МЕҢДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
Жоқ
– Егер есептеп көрсек, еліміздің ішкі нарығын биоотынмен қамтамасыз етуді зерттеу жұмыстарына ғана 300 миллион теңгеге жуық қаражат керек екен. Бұл зерттеу жұмыстарына ғана. Нақ қазіргідей қаржы тапшылығы кезінде бұл әжептәуір сома. Мұны – бір деп қоялық. Екіншіден, қазір біздің елдегі мұнай өндіруші компаниялар өндірілген мұнайдың өзін ұқсата алмай, шикізат күйінде арзан бағамен сыртқа экспорттап жатыр. Мұндайды көзбен көріп, көңілге түйіп отырғаннан кейін бұл бастаманы қолдай қою қисынсыз. Сондықтан әзірге Қазақстанға биоотын өндіру жайын қозғау ерте. Рас, мұндай тәжірибені іске асырып отырған елдер баршылық.
Биоотынға бай ел ретінде Бразилияны айтуға болады. Бірақ сол елдерде мұнай қоры аз екенін біз әсте естен шығармауымыз қажет. Мұнайдан түсетін түсімі аз, мұнай қоры ішкі нарығына жеткіліксіз елдер, әрине биоотынға тәуелді болуға мәжбүр. Ал мұнай қоры ауыз толтырып айтуға тұрарлық біз үшін мұндай жайтқа бас қатыру артық болар. Күні ертең «біз халықаралық стандартқа бейімделуіміз керек немесе өзгелерден қалыспауымыз қажет» деген түсініктермен бұл бастаманы қолданысқа енгізіп жіберсек, тағы сол шалағайлықтың дәмін татамыз. Себебі біздің отандық кәсіпорындар биоотын өндірісін өркендетуге әлі бейімделе қойған жоқ. Оның үстіне біз астық экспортынан көш бастап тұрған елдердің сапындамыз. Сондықтан бұл үрдіс астықтың сапасына да  кері ықпалын тигізуі мүмкін.  Астық нарығы түсетін түсімге байланысты дамиды. Шүкір, қазір астығымыздың, дәнді-дақылдарымыздың шығымы молайып тұр. Дегенмен осыдан бес жылдан кейінгі жағдай қандай болатынын ешкім дөп басып болжай алмайды. Осындайда мұндай тәуекелшілдікке бел байлаудың жөні жоқ деп ойлаймын. Бүгінде көптеген елдер азық-түлік қауіпсіздігін, қаржы үнемдеу жағын, қолда барды ұтымды пайдалану қажеттілігін айқын сезініп отыр. Демек, меніңше, оңды-солды реформалар легін енгізе бермей, белгілі бір істің халықтың пайдасына қарай шешілуін ойластырғанымыз дұрыс. Әрине, жаңашылдық қай қоғамға да керек. Бірақ оның елге пайдасы бар ма, өзіндік нәтижесі қалай болмақ, алдымен осыны електен өткізіп алған жөн. Ал біз сөз етіп отырған биоотын өндіру жайы әзірге асқан зәрулік емес. Бұл әншейін «Өзге елдер де кірісіп кетті ғой, біз де көштен қалмайық» дегеннен туындаған талпыныс. Сондықтан биоотын өндірісін дамытуды он жылдан соң қолға алсақ та ұтылмаймыз.
Ой-түйін
Жалпы, осы былтырғы жылдан бері  биоотын өндіру жайы сөз болған тұста еліміздің  Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары:
– Астығы артылып қалатын және пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері бар Қазақстан үшін таяу уақыттарда әлемдік биоотын нарығында маңызды ойыншыға айналу айрықша маңызды, – дегенді баса айтқан болатын.
Сол-ақ екен, осы саланың жоқ-жітігін жоқтауға бейім тұратындар легі артып-ақ келеді. Ресми деректер бүгінде Қазақстанда биоотын өндіретін шикізаттар легі жеткілікті екенін айқындайды. Ол үшін елде жүгері, бидай, рапс, соя, пальма майы, қант қамысын өндіру технологияларын дамыту қолға алынуда. Бір ескеретіні, бүгінде «2007-2009 жылдарда дүниежүзіндегі биоотын ұсынысы 50 пайызға өседі. Биоотын нарығы 2009-2010 жылдарда тұрақтанады» деп болжам жасаған сарапшылардың жорамалы дөп келгендей… Осындайда «қазаққа да қарап қалмай, мүмкіндігінше қарманып қалуы керек пе?» деп те ойлайсың. Қалай десек те, бүгінде дамуға ұмтылған стратегиялар легі көп. Тек солардың ғұмыры ұзақ және жемісті болсын делік…

 

 

Дайындаған Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
«Алаш айнасы» газеті 29 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404