Асқардың алмаларын ауыл болып жинайды
Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Асқар Төлешов алма бағын өсіруді осыдан 13 жыл бұрын қолға алған. Бағбан ең алғашқы мол өнімді бақ отырған соң 10 жылдан кейін алды. Өйткені алма бақтары толыққанды өнім беруі үшін біршама уақыт керек.
Он жыл бойы Асқардың еңбек етуіне мемлекет қолдау білдіріп келді. Бүгінде Асқар Төлешовтың алма бағында 150 мың түп алма бар. Әр түптен бір центнерге дейін жеміс жиналады екен. Осы ағаштардың алмасын күзде бүкіл ауыл болып жинайды. Бұл бағбанның маңдай терімен еткен еңбегінің жемісі. Ол мемлекеттен субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер алып алма бақты осындай дәрежеге жеткізген. «Мемелкеттен әр гектарға 600 мыңдай субсидия алдым. Бұл біздің шығынымыздың 50 пайызын жабады және келесі жылға бақ күтіміне де жеңілдіктер береді», - дейді бағбан.
Осыдан 15 жылдай бұрын Асқар мұндай бақ өсіремін деп ойлмағанда да болатын. Алайда өзіне жеміс сақтайтын қойманы сатып алуға ұсыныс жасалғанда ол бірден келісіп, қойманы сатып алған. Осыдан кейін өзі де алма өсіруді қолға алмақ болады. Таубөктеріндегі жерге алма көшеттерін отырғызды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бағбан қысқа 2000 тоннадай алма сақтайтын, қазір бұл көрсеткіш екі есеге өсті. Болашақта алманы өңдейтін цех ашу да жоспарда бар көрінеді. Онда алма қағы мен шырынын өндірмек. Ауыл тұрғындары Асқардың бағына отбасыларымен келіп алма тереді. Тұрғындардың қанша алма жинағанына қарай ақы төленеді.
Абай-ақпарат