Оңтүстік Қазақстанда автожолдарға қызмет ететін 25 техника берілді
Бүгін Оңтүстік Қазақстанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына 25 бірлік арнайы техника табысталды. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев берілген техникалармен аймақтағы автожолдарды күтіп ұстау жұмыстарын дер кезінде орындап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сапасының жақсаратынына сенім білдірді.
Бұл туралы «Abai.kz» порталы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Атап айтқанда, бұл күні 2 бірлік автогрейдер, 1 бірлік «Урал» қар тазалағыш шнекороторы, аспалы қосалқы жабдықтарымен 4 бірлік МТЗ-82 тракторы, 2 бірлік «КамАЗ» жүк көлігі, 13 бірлік «Газель» маркалы жол жөндеу қызметінің жүк көлігі, 1 бірлік Жол таңбалау көлігі (разметочная машина «Газель»), 1 бірлік NISSAN TЕRANO (қызметтік көлік) және 1 бірлік НИВА - 21214 қызметтік көліктері берілді.
Жаңа техникаларды аралап көрген ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев өңіріміздегі барлық аудандарға берілетін техниканы қолдануда, әсіресе, қысқы мерзімде қауіпті саналатын Қазығұрт ауданы, Бәйдібек ауданы, Созақ ауданы, Түлкібас ауданындағы асуларды үнемі назарда ұстап, қардан тазартып отыруды тапсырды.
Абай-ақпарат